Саяси карикатураның жоқтығына бір себеп қазақи менталитетте жатқан жоқ па?

Саяси карикатураның жоқтығына бір себеп қазақи менталитетте жатқан жоқ па?

 

Саяси карикатура – қолынан келгенді қонышынан басқан шенеуніктің әрекетін әшкерелейтұғын, мүлгіп кеткен қоғамды ояту үшін аса қажет өнер. Қылқалам шеберлерінің туындылары қоғамға, кейіпкерлерге үлкен ой салады. Саяси мәдениеті өркендеген Батыста бұл өнер жақсы дамыған. Демократиялық елміз дегенімізбен, осы өнер бізге әлі де болса сіңбей келеді. Оған, мүмкін, біздің ұлттық менталитетіміз кедергі шығар? Жоқ. Ежелден еркін өскен француз қоғамының өзі саяси карикатураны дұрыс қабылдамайды екен. Реформаторлығымен елінің есінде қалған Шарль де Голль де кезінде өзі бейнеленген карикатуралар үшін ашуға булыққан деседі. Демек, біз еркін деп түсінетін Батыста да бұл өнерге кедергі бар. Сонда бұл саланың біздің қоғамда дамымай отырғандығының басты себебі не? Бұл сұрақты мамандарға да қойған едік.

bekbolat-tleuxan10

Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:

Иә
– Әрине, бұл жанр біздің ұлттық менталитетімізде болмаған. Жат өнер. Халық өкпе-назы болса, хан демей, қара демей бетке айтқан ғой. Бұрындары бізде сурет салу да болмаған. Жалпы, адамдардың өзгені әжуаламас бұрын, келеке етпес бұрын сол кейіпкер адамның орнына өзін қойып көргені дұрыс. Жаратылысынан жетіспей тұрған бет-әлпеті бар адамды мазақ етіп суретке түсіру кімге болса да ауыр тиетінін ұмытпағанымыз жөн. Бұл сұрақ төңірегінде пікірлердің әртүрлі шығуы заңды. Саяси карикатураны қорғап, қоғам алдында демократияшыл болып көрінетіндер де кездеседі. «Ұзын арқан, кең тұсауға салып», осылай деп жауап беретіндерге айтайын, адамды ғайбаттау ұлттық таным мен діни танымымызға қайшы келетін дүние. Саяси карикатура біреуді жерден алып, жерге салып, абыройын төккеннен басқа ештеңе әкелмейді.

Сондықтан мұндай ешкімге абырой әпермейтін жат қылықты өз басым жақтырмаймын. Онсыз да батысшыл субмәдениеттің ықпалында, жат менталитеттің құрсауында қалып отырмыз ғой. Сурет арқылы саяси қайраткерлерді әжуалау бізге де келер, асықпайық. Қазақтың ұғымында, қазақтың дүниетанымында «патша – Алланың жердегі көлеңкесі» деген түсінік қалыптасқан. Сонымен қатар ауылдың басшысын, ауылдың ақсақалын жамандағаның сол ауылды масқаралағанмен бірдей. Дәл сол сияқты атқамінерлерін әжуа суретке кейіпкер еткені ұлттың өзін жамандағанмен бірдей. Ұлтымыз ежелден басшысының жаманын жасырып, жақсысын асыруды мұрат тұтқан халық. Ата-бабамыздың мұра боп қалған осындай аманаттарына салғырт қарап келеміз. Менің бұл пікіріммен қазір көпшілік келіспеуі мүмкін. Бірақ келіспейді екен деп, өз ойымды ішімде сақтап қалғым келмейді. Батыста саяси карикатураларды демократияның бір көрінісі деп түсінеді. Бірақ ақыл, ар, ұят, парасат деген құндылықтарды бірінші кезекке қоятын біздің ұлтымыз үшін бұлар жат қылықтар боп есептеледі. Демократияны ту етіп, елдің ішкі бірлігіне нұқсан келтіретін сөздер, ұрандар айтылып жатады. Ұлтымыздың құндылықтарының тамырына балта шабатын әрекеттерді қолдайтын демократияны мен қолдамаймын, тіпті түсінгім де келмейді. Менің осындай ұстанымымды қазіргі қоғам дұрыс қабылдамайды. Сондықтан да мен ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан карикатуралардың жарық көруіне қарсымын. Демократияны сыныққа сылтау етіп келеміз, асылында, демократия шексіз еркіндікті қамтиды деген сөз емес. Тәртіп пен бірлік, ұлттық құндылықтар сақталған жағдайда ғана шынайы демократия орнайды. Сондықтан «Саяси карикатура жанрының дамымай отырғанының бір себебі ұлттық менталитетімізде жатқан жоқ па?» деген сұрағыңызға, «иә» деп нақты жауап бере аламын.

dsc_35011

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

Жоқ
– Бізде саяси карикатура өнерінің дамымай отырғандығының басты себебі – қоғамда саяси мәдениеттің қалыптаспай отырғандығынан. Шенеуніктер арасында бірін-бірі сынайтын, кемшіліктерін ашып айту дәстүрі жоқтың қасы. Жалпы, саяси карикатураның дамуы демократияның бір көрінісі екені даусыз. Мысалы, бұл дәстүр Батыста жақсы қалыптасқан. Белгілі саясаткерлердің қабылдаған шешімдері дұрыс болмаса, лезде саяси суреттер арқылы жеткізіп, кемшіліктерін айтып отырады. Ал біздің қоғамды Батыстың өркениетті елдерімен салыстыруға болмайды. Себебі бізде әлі де болса тоталитарлық сана жойылмаған. Бізде суретшілер жоқ емес, тіпті Еуропадан жүлдемен оралған қылқалам шеберлері бар. Алайда аталған себепке байланысты олар да құлашын кеңінен сермей алмайды.

Бірақ бізде саяси карикатура мүлде жоқ деп айта алмаймын. Кейінгі кездері біздегі бірді-екілі суретшілер өздерінің стильдерін тауып, өз туындыларын халықтың назарына ұсынып келеді. Біздің дәстүрімізде мұндай өнер болмаған дегенмен мен келіспеймін, себебі бізде ертеректе сурет салу болмаса да, айтыс өнері болған. «Дат!» деген ұсыныс та бар. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қазақ қоғамында әрқашан дала демократиясы орнаған. Әрине, әр нәрсенің шегі болады. Шектен шықпай, белгілі бір саяси мәдениет аясында саяси карикатура жанрын дамыта беруге болады. Бұл өз кезегінде қызметін асыра пайдаланып, пара алып, басқа да келеңсіз әрекеттерге барып жатқан шенеуніктердің кім екенін халық білуі керек. Ал саяси карикатуралар соның ең тиімді жолы деп ойлаймын. Біреуге болмаса, біреуге ой салатын өнер үшін шығармашылық адамдарының саф өнерін тұншықтырмау керек. Қазіргі қоғамда саяси карикатуралардың кейіпкерлігіне сұранып тұрған оқиғалар жеткілікті. Бюрократия дендеген әкімшіліктердегі жағдайларды, шолақ белсенділерді неге күлкілі сурет етіп көрсетпеске? Менің ойымша, онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл – таза өнер. Сондықтан қазақтың менталитетінде жоқ екен деп, тиімді әрі шенеуніктерге қамшы салатын шымшыма өнерге тұсау салмауымыз керек. Бұл тирандар немесе диктаторлар басқарған елдерде ғана болмаған. Ал демократиялық құндылықтарды жоғары бағалайтын саяси мәдениеті жоғары мемлекеттерде саяси карикатура өнеріне қырын қарамайды.

Бейтарап пікір

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:
– Қазақстанда саяси карикатура өнері Батыстағыдай дамып кетпеген. Оның бір себебі қазақылығымызда шығар деп ойлаймын. Қанша айтқанмен, ханды, төрелерді сыйлап үйренген халықпыз ғой. Жалпы, бұл – керек дүние. Саяси карикатура мемлекеттің басшылығында жүрген азаматтарды ғана әжуалау деп түсінбеуіміз керек. Қоғамда жұмыс істемей жүрген қаншама саяси партиялар бар. Міне, солар нағыз сайқымазақ суреттерге сұранып тұр ғой. Әкімшіліктегі бюрократиялық әдіс-тәсілдерді сын садағына іле білсе, ол суретшілердің тапқырлығы болар еді. Жемқорлықпен күрес басталғалы қаншама мемлекеттік қызметкерлер, тіпті министрге дейін құрыққа түсті. Осындай оқиғалар жиынтығын бір ғана шымшыма сурет арқылы беріп отырса, қандай керемет! Бізде бұл өнердің кенжелеп қалуын уақытша құбылыс деп түсінемін. Билік басындағылардың кейбір әрекеттері карикатураның дамуына өздері сұранып тұрса, неге қағаз бетіне түсірмеске?

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста