Шараналарды көшеде қалдырып кетпеу үшін тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар ашу керек пе?
Қазір шараналарды далаға тастап кету фактілері жиілеп барады. Осыдан біраз бұрын Қарағандыда бір келіншек көшеде босанып, шарананы күл-қоқыс жинайтын жәшікке тастап кеткен. Абырой болғанда, нәресте денсаулығында сыр білінгенімен, ол аман-есен дәрігерлер қолына тапсырылды. Санамалайтын болсақ, мұндай фактілер бізде көбейіп барады. Көрші Ресейде бұл алаңдатарлық жағдай туғызып, ондағы кейбір мамандар «Шараналарды көшеде қалдырып кетпеу үшін тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар ашу керек» деп мәселе көтерді. Ресей шенеуніктері қазір осы ұсынысты қабыл алып, тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орындар ашуда. Бізге де осындай орталықтар керек пе? Бүгінгі ой-көкпарымыз осы негізде болмақ.
Бақыт ТҮМЕНОВА, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі:
иә
– Егер бізде мұндай келеңсіз оқиғалар жиілеп жатса, онда амалсыздан нәрестені аман алып қалу үшін тастанды сәбилерді қабылдайтын арнайы орындар ашуымыз керек. Мұндай орынды перзентханадан және балалар үйінен ашқанымыз жөн. Бірақ бұл тығырықтан шығудың жолы емес. Мұның алдын алу үшін жастар арасында көптеген үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміз керек. Некесіз қосылған жағдайда бала көтеріп қалмау үшін не істеу керек, одан сақтанудың жолдары қандай, осы төңіректе жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізгеніміз жөн. Әйтпесе қазір үлкен қалаларда оқып жүрген ауыл қыздары алданып қалып, не істерін білмей, өмірден түңіліп жатады.
Үйіне қайтайын десе, ата-анасынан қорқады, сосын амалсыздан шарананы далаға тастап кетеді. Тастанды нәрестелерді қабылдайтын арнайы орын ашу шетелдік тәжірибеде бар нәрсе. Олардың перзентханаларында арнайы нәресте сыятын етіп терезе ашылып қойылған. Ол жерге баланы салғанда, автоматты түрде дыбыс шығып, іштегі дәрігерлерге естіледі. Осылайша дәрігерлер сәбиді қабылдайды. Енді нәрестені аман сақтап қалу үшін осы жүйені қалыптастыруға мәжбүр болуымыз керек. Себебі бізге ең бірінші әрбір нәрестенің аман-есен, дені сау болғаны жөн.
Ал мұндай сұмдықтың алдын алу үшін ұлттық тәрбиені көтеруіміз керек. Өйткені бұл біздің рухани байлықтан ажырап бара жатқандығымыздың бірден-бір көрінісі. Жастар арасында ағарту және насихат жұмыстарын көбірек жүргізіп, тіпті қыздарымыз алданып қалып бала көтерсе де, жалғызбасты аналарға мемлекет тарапынан көбірек жәрдем беруіміз керек. Жаңа босанған анаға берілетін бір реттік жәрдемақыны мейлінше көтеріп, олардың жүріп-тұруына, еркін өмір сүруіне жететіндей қаражат қарастырғанымыз жөн. Ай сайынғы берілетін жәрдемақыны да жалғызбасты аналарға бөлек есептеуіміз қажет. Бұл жерде ондай орындар ашатын болсақ, елімізде тастанды балалар саны өсіп кетеді деп үркудің керегі жоқ. Өйткені бала өмірі мен оның денсаулығы біз үшін өте маңызды. Конституциямызда да «ең басты қымбат қазына – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. Сондықтан мұны бір жақты ойламай, мәселені жан-жақты зерттеп, кешенді түрде шешкеніміз дұрыс.
Зейнеп АХМЕТОВА, Батыр Баукеңнің келіні:
жоқ
– Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Егер біз осындай орталықтар ашатын болсақ, онда елімізде тастанды балалар саны екі-үш есеге дейін көбейіп кетуі мүмкін. «Е, мынадай орталықтар ашылған, егер көтеріп қалсақ, осында өткізе саламыз» дейтіндер шығады. Сондықтан мұндай бастаманы қолдауға болмайды. Одан да мәселенің салдарымен емес, оның себебімен, түбірімен күресейік. Мұндай мәселе бізде қайдан туындады? Қазақ ешқашан жетімін тентіретіп, жесірін жылатпаған халық еді ғой. Қазақтың тарихында тастанды бала деген болмаған. Енді неге көбейіп отыр? Мұның барлығы ата-ананың қыз балаға кішкентайынан, жөргегінен бастап беруі тиіс тәрбиені босаңсытып алғандығынан болып отыр.
Қазір бізде ұлттық тәрбие құрдымға кетіп бара жатыр. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара күңнен тыю» деген мақал ұмытылып барады. Бұрындары қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы емес, бүкіл ауыл, бүкіл ру жауапты болып отырған. Ал қазір ше? Қазір бізді батыс түгел жалаңаштады, арсыздыққа, тексіздікке, бетсіздікке үйретті. Сондықтан бұл жерде, ең бастысы, ұлттық дүниелерге басымдық беруіміз қажет. Тіпті білім ошақтарында ұлттық дәстүрді насихаттайтын, ұлттық тіл, дін, діл деген секілді асыл қасиеттерімізді жастардың бойына сіңіретін арнайы пән енгізсек те, артықтық етпейді. Әрбір аурудың өзінің емі болатыны секілді осындай келеңсіздіктерге ұлттық өнегемізбен, қазақи болмысымызбен қарсы тұруымыз керек. Әйтпесе жаһандану деп жанұшырған заманда ұрпақ тазалығынан айрылып қалуымыз ғажап емес.
Қазақтың «іштен қисық туғанды, тезге салсаң түзелмес» деген әдемі аталы сөзі бар. Ал қазіргі жылдан-жылға көбейіп келе жатқан тастанды балалар ертеңгі күні қалай өсіп-жетіледі? Ондағылардың көбі қоғамға сіңісіп кете ала ма, әлде өскен соң, теріс жолға түсіп, адасып кете ме? Балалар үйінде өскен тастанды бала өзінің осындай күйге түскеніне ең бірінші қоғамды кінәлайды. Олар өздерінің ішкі көңілдерінде өшпенділікпен, қатыгездікпен өседі. Өйткені олар ананың сүтін ембеген, ананың мейірімін көрмеген. Сондықтан халқымыздың тектілігін, намыстылығын, парасаттылығын сақтап қаламыз десек, тастанды нәрестелерді қабылдайтын орталықтар ашып, ұрпақ тазалығын бұзбай, жастарымызға ұлттық тәрбиені, ұлттық үлгі-өнегені жаңғыртатын кез әлдеқашан жетті.
Бейтарап пікір
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Бұл – адамның жүрегін ауыртатын өте сұмдық мәселе. Бұл жерде қыздарды кінәлай берудің қажеті жоқ. Мәселенің барлығы соларға дұрыс тәрбие бере алмаған, дұрыс жол көрсете алмаған өзімізден болып отыр. Сондықтан мұның алдын алу үшін болашақ аналар мен әкелердің жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Бұрынғы ата-әжелер мектебін қайта жаңғыртып, ұлттық тәрбие төңірегінде ғылыми-зерттеу орталықтарын ашуымыз керек.