Шетел азаматтарының балаларымызды асырап алуы үшін арнайы агенттік құру дұрыс па?
Көршіміз Ресей шетелдіктердің бала асырап алуына мораторий жариялағанда қызыға да қызғана қараған едік. Тосынсыйы көп мына заманда әр нәрсеге таңырқай бермейтін қоғам елең етіп, жақсы жаңалықты жылы қабылдаған-ды. Ресейден үлгі алуға үндеген пікірге үзеңгілестер көп саналды. Ал «шетелдік азаматтардың бала асырап алуы үшін арнайы агенттік құру керек» дегенді естігенде, шыны керек, жұртшылық абдырап қалды. Әлбетте, құзырлы министрлік халыққа агенттіктің не үшін керек екендігін түсіндіріп-ақ жатыр. Алайда ондай агенттік құруға үзілді-кесілді қарсы жақтың да өз уәжі бар.
Раиса Шер, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы:
иә
– Соңғы 13 жылда шетелдік азаматтар 8000-нан астам қазақстандық баланы асырап алған-ды. Бір байқағанымыз, мұндай үдеріс жылдан-жылға төмендеп барады. Егер 2010 жылы олар 506 баланы асырап алған болса, бұл көрсеткіш өткен жылы 376 балаға азайған.
Бала асырап алуға ниет білдірген азаматтарды есепке алудың анық бекітілген жүйесін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жаңа нормативтік-құқықтық құжат дайындалғанын да айта кеткен жөн. Бүгінде бала асырап алғысы келген азаматтарды есепке қою үшін қажетті құжаттар тізбесі, сондай-ақ бала асырап алуға үміткер болу мүмкіндігі туралы қорытындылар дайындау мерзімдері айқындалды. Маңызды жаңалықтардың бірі бала асырап алу жөніндегі агенттіктерді аккредиттеу рәсімін енгізу болып табылады.
Шетелдік азаматтардың балаларымызды асырап алуы үшін арнайы агенттік құру керек. Бұл заман талабы әрі халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар. Бұдан былай шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың өмір сүруі, тәрбиеленуі, денсаулық жағдайы туралы есептерді уақтылы ұсыну бойынша аккредиттелген агенттіктердің жауапкершілігін заңды түрде анықтау мүмкін болады.
Бала асырап алу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында агенттіктерді аккредиттеудің арнайы қағидалары қабылданды. Агенттік сондай-ақ баланы өз беттерінше асырап алуды жоюға әрі сыбайлас жемқорлықты болдырмауға және балалар саудасымен күресті нығайтуға, былайша айтқанда, мүлде жаңа жүйе құруға мүмкіндік бермек.
Қазақстанда аккредиттелген агенттіктер филиалдарының қызметіне бақылау жасауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер, Білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ тиісті құқық қорғау органдары айналысатын болады.
Қандай да бір заңбұзушылықтар анықталған жағдайда филиалдың Қазақстан Республикасындағы қызметі тоқтатылады.
Тағы да бір айта кетерлігі, жергілікті әкімдіктер қаулысымен аймақтарда ведомствоаралық комиссиялар құрылады. Олар балалардың қандай санаты асырап алуға жататынын, асырап алудың бала мүддесіне сай келетіні не келмейтіні туралы дәлелді қорытынды дайындаумен айналысады.
Бала асырап алу процесіндегі ең бір маңызды тұсы – ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды есепке алудың иерархиясын белгілеу. Агенттіктің атынан атша үрку орынсыз дер едім. Қандай агенттік болсын мейлі, ол мемлекеттің, яғни құзырлы министрліктің қатаң бақылауында болады. Іріктеу мен талап та дәл солай күшті болмақ.
Сейдахмет Құттықадам, қоғам қайраткері:
жоқ
– Мен мұны тым шектен шыққандық дер едім. Тіптен ақылға қонымсыз нәрсе. Бұл маған құдды бір балаларымызды шетелге жіберуге бел шеше кіріскендей әсер қалдырды. Керісінше, бұл үдеріске қарсы болуымыз керек емес пе еді? Қалай тоқтатамыз деп отырғанда арнайы агенттік құру деген ұлтжанды әрбір адамның ашуын келтірмей қоймас. Иә, біздің елде емдеуге келмейтін дерті бар балалар жіберіліп жатса, оған еш қарсылығым жоқ. Оның өзінде Қазақстанның тарапынан қатаң бақылауда болуы тиіс.
Қазір бала асырап алғандардың арасында түрлі заңсыз әрекеттерге барып қатыгездік танытып жатқандар аз емес. Америкалық әйел асырап алған 21 жастағы Мақсат Айтбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы неге сабақ болмайды бізге? Естуімізше, ол құса болып өлген.
Көзін жәудіретіп елден алыстап кете барған баланың болашағын кім ойлайды сонда? Есі кіріп, ержеткен олардың кейін атажұртын жек көріп кетпесіне кім кепіл?
«Табиғи байлығымыз жеткілікті, экономикамыз тұрақтанды» деп бар жетістігімізді тізгенде алдымызға жан салмай жатамыз, ондай болса, жетімдерімізді өздеріміз жеткізе алмаймыз ба? Дереккөздерге қарағанда, қазір еліміздегі ата-анасының қамқорынсыз қалғандар саны 50 мыңға жуық. 16 миллион халқы бар мемлекетке 50 мың баланы асырау қиын болып тұр ма? Бұл – елдігімізге сын.
Өзіміздің қандай атаның ұрпақтары екенімізді ұмытып кететініміз өкінішті. Қазақ еш уақытта жетімін өзекке теппеген. Ағайын болып, ру болып қараусыз қалған баланы қамқорымызға алғанбыз. Тіпті тұл жетім деп «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» мәпелеп өсіргенімізді жатжұрттықтар үлгі тұтқан-ды. Енді күлкі болмақпыз. Өзін рухы биік, еңселі ел санайтындар жетімін еш уақытта саудаға салмайды. Сауда емей, немене? Балаларымызды тауарға айналдырып жатырмыз.
Діні мен ділі бөтендердің бала асырап алуы үшін арнайы агенттік құрып, оны жаңалық ашқандай жария етіп жатырмыз. Агенттік құру деген сөз – бізден бала асырап алғысы келетіндердің назарын аударып, оларға жағдай жасаймыз деген ишараттың белгісі. Демек, бала асырап алу үдерісі қарқын алады.
Құзырлы министрлік «бала асырап аламын деушілерді арнайы агенттік құру арқылы бақылап отырамыз» дегенді алға тартады. Бізге бала асырап алу барысында орын алып жатқан заңға қайшы әрекеттердің алдын алуды емес, қасіретті қалай тоқтатудың жолдарын қарастыру керек.
Бейтарап пікір
Совет-Хан Ғаббасов, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Шетелдіктердің бала асырап алуы, турасын айтқанда, бала сатып алды деген сөз. Демек, біз шетелдіктерге бала сату агенттігін құрып жатырмыз. Ресейлік ғалымдар К.Петров пен В.Ефимовтардың тізбектелген лекцияларында былай делінген: «Концептуалдық басқару бағдарламасы жоқ елде орны толмас қателіктерге жол берілмек. Мұндай елде ең алдымен жер, содан кейін адам сатылады». Бұрынғы КСРО елдері ішінде жетімдерін шетелдіктерге беріп жатқан тек біз ғана. Бұл ұлт үшін ұят құбылыс. Тіл-көзден сақтасын, ұлан-асыр жеріміз бар, байлықтан кенде емеспіз. Сөйте тұрып жетімдерімізді тентіретіп жібергеніміз қалай болмақ? Ойланайық, ағайын, агенттік құрғанымыз жөн емес. Қайта сыртқа бала беруді тоқтатуымыз керек қой.