Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айыру керек пе?

Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айыру керек пе?

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі азаматтардың пікірімен саралайтын «Ой-көкпар» айдары бүгінде СТВ арнасымен бірге телевизиялық жобаға айналып, бағдарламаның жазбаша нұсқасы апта сайын «Алаш айнасы» газетінде жариялануда. Бағдарламаның кезекті көрсетілімі «Шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды Қазақстан азаматтығынан айыру керек пе?» деген тақырыпқа арналып отыр. Премьер-министрдің жеке блогіне дейін көтерілген бұл мәселе біздің де бағдарламамызға арқау болды. Өйткені елімізде 2010 жылы қиылған 144 мың некенің 8300-і аралас неке болған. Ал аралас некенің ішінде шетелдік күйеу балалар санының айтарлықтай өсе түскені байқалады. Осы орайда қоғамымызда «азаматтығымызды иеленудің оңай жолы күйеу бала атану деп ұққан шетелдік азаматтардың ниеті мүлдем басқа» деген пікір де бар. Ендеше, шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздарды еліміздің азаматтығынан айыру керек пе? Тақырыпты мамандар талқысына салып көрген едік.


Кәрібай Тасшабанов, заңгер:
иә
– Иә, шетелдіктерге тұрмысқа шық­қан қыздарды Қазақстан аза­мат­тығынан айыру керек. Бұл қай жа­ғынан болсын тиімді шешім бол­мақ. Өзге елдің азаматтары түр­лі жол­дар­мен елімізге келіп, азаматтық иеленуге ұмтылуда. Әсіресе олар қазақстандық бой­жет­кендермен некеге тұру аза­мат­тық алудың ең оңай әдісі екенін біл­гендіктен, күйеу бала болуға ұм­ты­лу­да. Қазіргі таңда Алматы қа­ласы бойынша мыңдаған ше­тел­дік азамат осындай жолмен аза­маттығымызды иеленіп отыр. Сон­дықтан шетелдікке тұр­мысқа шық­қан қазақстандық бой­жет­­кен­дер­ді азаматтығынан айыру керек. Сон­да күйеу балалық жол­мен еліміздің азаматтығын иеленгісі кел­ген шетелдіктердің де жымысқы әрекетіне тосқауыл қоямыз.
Бұл мәселенің Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің жеке блогына дейін көтеріліп, талқыға түсуі тақырыптың маңыздылығынан болса керек. Сондықтан қыздарымыздың бо­йын­дағы патриоттықты күшейте отырып, шетелдіктерге тұрмысқа шығудан сақ­тан­дыру керек. Бұл – әрбір қазақ от­ба­сынан, мектептен бастау алатын тәр­бие. 2011 жылы 26 желтоқ­санда «Не­ке және отбасы туралы» Заң қайта қа­был­данды. Онда азаматша­лары­мыз­дың шетелдіктерге тұрмысқа шыққан жағдай­дағы құқық­тары толық көр­сетілген. Дегенмен қыз­да­ры­мыз шетелдіктерге тұрмыс­қа шы­ғып, ел аума­ғынан кеткен жағ­дайда немесе шетелдік күйеу балалар қыз­дары­мыз арқылы азамат­ты­ғы­мызды ие­ленген жағ­дайда олар­дың мәсе­леле­ріне жеке-жеке тоқ­та­ла отырып, талқыға салу аса қажет секілді.


Расул Жұмалы, саясаттанушы
жоқ
– Шетелдікке тұрмысқа шық­қан қыздарды Қазақстан аза­мат­тығынан айырудың қажеті жоқ. Мұның көптеген дәйектемесі бар. Мен 15 жылдай Сыртқы істер ми­нистр­лігінде қызмет істедім. Соның ішінде жеті-сегіз жылдай Араб Әмірлігінде консулдық істермен айналыстым. Сол ке­зең­дерде жиі ұшырасқан мә­се­ле­лердің бірі – қазақтың қыз-ке­лін­шектерінің сол елдегі жағдайы. Олар жастықпен шетел­дікке тұр­мысқа шығып, артынан опық жеп жатады. Шетел­діктерге тұрмысқа шық­қан қыз-келін­шек­теріміздің ондай қиын кезде жал­ғыз көмек сұ­райтын жері – Қазақ­станның ел­ші­ліктері. Егер аза­маттығы болмаса, олар мұндай жағ­дайда кімнен пана сұ­рай алады? 
Сондықтан шетелден бағын іздеген азамат­шаларымызды азаматтығынан айы­ру адами тұрғыдан да, заңды тұр­ғыдан да дұрыс емес деп ойлаймын. Екіншіден, мемлекет өзінің әрбір азаматына ерекше көңіл бөлуі керек. Мейлі, ол шетелге тұрмысқа шықса да, оқуға барса да, бәрібір мемлекет әрбір азаматының тағдырын бақы­лауда ұстауы тиіс. Себебі мемлекеттің басты байлығы – адам. Үшіншіден, халқымыздың саны онсыз да өте аз. Елімізде демография мәселе­сі бар. Осы орайда онсыз да аз хал­қы­мызды азаматтығынан айырып, бөле-жарудың қа­же­ті жоқ секілді. Сондық­тан қан­дай жағдай болсын, азамат­тықтан айыру дегенді мүл­дем қолдамаймын.

«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы

«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы.

тартыс бөлімі                                                                                                                                       
Жүргізуші:
– Қонақтарымыздың пікірі айқындалды. Енді бағдар­ла­ма­мыз­дың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқа­тып айтсақ. Расул мырза, басқа елдердің тәжірибе­сіне қарасақ, қыздарының шетелдіктерге шығуына не түбе­гейлі тыйым салады, не шетелдік күйеу балаға айыппұл салады екен. Бізге де осындай қадамдар қажет емес пе?
Расул Жұмалы:
– Бұл жерде мәселенің екі жағы бар. Ата Заңымыз бойын­ша, азаматтарымыздың қалаған жерде тұруға, тұрмыс­қа шығуына, шетелге баруына немесе басқа елде жұмыс істеуіне еш тыйым салынбаған. Бұған, шын мәнін­де, ешкім де тосқауыл қоя алмайды. Тосқауыл қойып, азаматтығынан айыруға ешкімнің де қақысы жоқ. Екіншіден, қыз-келіншектеріміз шетелдіктерге тұрмысқа шы­ғып жатса, жетіскеннен шығып жатқан жоқ. Бұл – қазіргі заманның ақиқаты. Елімізден өздеріне сыңар таппаса, амалының жоқтығынан шекара асып, өз жартысын тауып жатса, біз оларға үкім кесіп, азаматтығынан айырудан бұрын түсіністікпен қарауға тырысуымыз қажет. Мейлі, жастықпен шалыс басып, шетелдікке тұрмысқа шыққан күннің өзінде мемлекет одан сырт айналмай, қолдау білдіруі қажет. Мәселенің екінші жағын қарар бол­сақ, шетелдік күйеу баланың айыппұл ретінде мемлекетке қаржы құюын қолдаймын. Мәселен, түрікмендер­де шетелдік күйеу бала қыздарын алғаны үшін ел қазы­на­сына қаржы құяды. Өйткені мемлекет ол қызды оқытты, білім берді, өсірді. Ендеше, қазақ қызын аларда шетелдік күйеу бала да осыны ойлауы керек. Мен мұны қолдай­мын. Егер некенің шынымен күйеу баланың азаматтық алуы үшін құрылып жатқаны бай­қал­са, заңды тұрғыдан оған жол бермеуіміз керек. Ал, жалпы, шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздардың бәрін бірдей азаматтықтан айыру дұрыс емес.
Жүргізуші:
– Кәрібай мырза, егер шетелдіктерге тұрмысқа шық­қан қыздарды азаматтықтан айырмасақ, азаматтық сауда­ға түскен жалған некелерге қалай тосқауыл қоюға болады?
Кәрібай Тасшабаев:
– Егер біз әр нәрсені сылтауратып, қыздарымыз арқы­лы азаматтығымызды таратып отыра берер болсақ, ұлт­тық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреміз. Осы тұрғыдан кел­­генде, азаматтықтан айыру шетелдікке тұрмысқа шық­қы­сы келетін қыздарымызға ой салатындай жазаның үлкені болар еді. Біз дәл қазіргі таң­да қызымызды шетелдікке тұрмысқа бергенімізбен қой­май, азаматтығымызды да сыйлап отырмыз. Мұн­шалық­ты жалпақшешей болу­дың қажеті қанша?!
Жүргізуші:
– Жазаның үлкені деп жатырсыз ғой, бәлкім, шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды еліміздің азаматты­ғы­нан айыруды уақытша эксперимент ретінде енгізу керек шығар? Өйткені көршіміз Қытайда «бір үйге – бір бала» саясаты жүріп жатыр. Артында ұрпақ қалдырғысы келетін қытайлықтар мейлінше өмірге ұл бала әкелуге тырысуда. Ал бізде керісінше, қыз-келіншектердің саны көп. Сондықтан жеріміздің кеңдігіне қызығып, азаматтық алу үшін жалған неке құрып жатқан қытайлықтарға уақытша эксперимент ретінде енгізуге бола ма?
Расул Жұмалы:
– Рас, бұл жерде үлкен бір саясат жатыр. Сондықтан біз жалған некелерден абай болуымыз керек. Әсіресе қытайлық күйеу балалардың азаматтық иеленбеуін, үйленген соң елімізде тұрмауын қадағалауымыз қажет. Дегенмен өз қызымызды азаматтығынан айыруға біздің қақымыз жоқ. Тіпті оны эксперимент ретінде де енгізбеуіміз керек. Бұл – Ата Заңымызда кепілденген әрқайсы­мыздың азаматтық құқымыз. Егер еліміздің азаматы өз еркімен азаматтығынан бас тартып жатса, ештеңе емес. Ал мемлекеттің азаматтықтан айыруға құқы жоқ.
Жүргізуші:
– Өткен жылы шетелге оқуға кеткен қыздарымыздың бірі шетелдік күйеу баланың қолынан қаза тауып, тіпті артында қалған баласын елге қайтарудың өзі үлкен қиындық тудырды. Мұндай қиын жағдайда қалатын қыздарымыз жетерлік. Ендеше, кез келген сәтте өз елінің қолдауына зәру болып қалуы мүмкін қыздарымызды азаматтықтан айыру тым қатал шешім емес пе?
Кәрібай Тасшабаев:
– Біз шетелдіктермен неке қидырушылардың жауапкершілігін күшейтуіміз керек. Әйтпесе дәл қазіргі таңда мәселе ушығып барады. Жыл сайын осы қарқын­мен шетелдіктермен некеге отырушылардың саны арта беретін болса, қаншама қызымыздан тірідей айырылып, қаншама шетелдікке азаматтығымызды үлестіріп отырға­ны­мызды бағамдай беруге болады. Қай жағынан болсын, қызды да беріп, азаматтықты қоса сыйлап, біз ұты­лып отырмыз. Біз ғана емес, қазіргі таңда көптеген ел аралас некеге қатысты тыйымдар енгізуде. Олар осылайша қыздарын шетелдіктерден сақтандыруда. Шыны керек, елімізде қыз­дар­дың саны көбірек десек те, сүр бойдақ жігіттердің саны да жетерлік. Ендеше, шетелдіктерге қазақ қызына қоса, Қазақстан азаматты­ғын да жөнсіз сыйлай беруді тоқ­тату қажет.
Жүргізуші:
– Америкада көші-қонға жауапты орган аралас некелерді зерттеп, егер оның жалған неке екенін анықтаса, ажыратып жібереді екен. Бәлкім, бізге де осындай бақылаушы органның жұмысы қажет шығар?
Расул Жұмалы:
– Біз әрқашан өз азаматтарымыздың заңды құқықтарын жоғары қоюға тиіспіз. Ал шетелдік азамат еліміздің азаматтығына қол жеткізу үшін жалған некеге ұмтылды екен деп өз азаматшаларымызды азаматтығынан айыру мүлдем дұрыс емес. Өз басым шетелдіктердің қыздарымыз арқылы еліміздің азаматтығына ұмтылуы жалпылама сипат алып бара жатыр деп те айта алмаймын. Ал бірен-саран мысал үшін жалпыға ортақ тыйым салу дұрыс емес. Ертеңгі күні олар ажырасып кетіп жатса да, бұл әрекет қызымызды сыртқа теуіп, отқа тастағанымызбен бірдей болады.
сайыс бөлімі                                                                                                                                        
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп атала­ды. Осы тақырып бойынша студия қонақтары өз­ара сұрақ-жауап алмасады. Ендеше, Расул мырза, қарсы­ла­сыңызға көкейіңізге ұялаған сұрағыңызды қойсаңыз...
Расул Жұмалы:
– Мен, қалай болғанда да, бұл ұсынысқа түбегейлі қар­сы шығып отырмын. Ал сіз шетелдікке тұрмысқа шық­қан қыздарымызды азаматтығынан айыруды қолдап отыр­сыз. Осы орайда, мәселен, өз қызыңыз шетелдікке тұр­мысқа шығатын болса, азаматтығынан айыруға келісер ме едіңіз?
Кәрібай Тасшабаев:
– Жоқ, келіспеймін. Бірақ, айта кетер жайт, мен мұн­дай жағдайдың алдын алуға тырысар едім. Осылайша, қы­зым­ның шетелдіктің етегінен ұстауына жол бермес едім. Өйткені бұл мәселе отбасы, ошақ қасында алған тәрбиеге тікелей байланысты. Тәрбиесі мықты қазақ қы­зы мұндай жағдайдың орын алуына жол бермейді. Ал қарсыласыма қояр сұрағым: өзіңіз біраз жыл бойы елшілікте жұмыс істедіңіз. Сонда шетел азаматына тұр­мыс­қа шығып алып, артынан елге қайтқысы келіп елшіліктен көмек сұрап келетін қыз-келіншектер көп болды ма?
Расул Жұмалы:
– Рас, ондай азаматшалар болды. Оларға қолымыз­дан келгенше көмек жасадық. Әсіресе балаларын ше­телдік әкесінен тартып алу кезінде құжат жағынан көптеген қиындыққа кездестік. Бірақ жастықпен аяғын шалыс басқан қыздарымыз көбінесе кейін қателігін түсініп, елге қайтуға асығады. Міне, шетелдікке тұрмысқа шыққан соң осындай қиын жағдайда қалатын қыздарымызды азаматтығынан айыру мүлдем дұрыс емес. Азаматтығы болмаса, олар еліне кері қайту кезінде көптеген қиындыққа кездеседі. Біз осыны ойлауымыз керек. Олардың тағдырына біздің мемлекетіміз алаңдамаса, олар мүлдем қорғансыз қалады.
ойтүйін                                                                                                                                                       
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың соңғы бөлімі «Ойтүйін» деп аталады. Бағдарламада көтерілген тақырыптан не түйдіңіздер, қандай ұсыныстарыңыз бар?
Кәрібай Тасшабаев:
– Ойды ой қозғайды. Елімізде адам құқы жөніндегі арнайы бюро бар. Алдағы уақытта шетелдіктердің жалған неке туралы арам пиғылдарын жүзеге асырмауына осындай органдар ықпал етсе, дұрыс болар еді.
Расул Жұмалы:
– 2004 жылы Израиль елі Ливанға ашық соғыс жариялады. Бұл соғыстың бірден-бір себебі ливандық ұйымның Израиль армиясының бір жауынгерін тұтқынға алуы еді. Нәтижесінде Израиль бір адамы үшін Ливанға соғыс ашты. Мемлекет үшін бір адамынан асқан байлық, құндылық болмауы тиіс. Өзін өркениетті санайтын, намысы бар мемлекет әрбір азаматының құқы үшін қолдан келгенін аямауы керек. Азаматтарға шет мемлекетте жүргенде де көмектесетін ең алдымен өз мемлекеті болуы керек. Осы орайда мен еліміздің бір азаматы үшін соғыс жағдайына дейін баратындай мемлекет болға­нын қалаймын.
Жүргізуші:
– Бүгінгі бағдарламамыз да өз мәресіне жетті. Қоғам­дық мәселелерді көтеріп, оларды халық арасында ашық талқылау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру – біз­дің міндет, ал шешім қабылдау – ресми органдардың еншісінде.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста