Сырттан келетін көліктердің Алматы қаласына кіруіне шектеу қою керек деген ұсынысты қолдайсыз ба?
Мамандар Алматы қаласындағы көлік кептелісі мен экологиялық мәселесін шешу мақсатында сырттан келетін көліктерді Алматы қаласына кіргізбеу жайлы ұсыныс айтуда. Тіпті бұл ұсынысты Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтының мамандары жоба ретінде жасап, қалалық әкімдіктің қарауына ұсынып қойды. Жобада қала ішіне кіргізілмейтін көліктердің қай жерлерде аялдайтыны да көрініс тапқан. Ресми мәліметтерге жүгінсек, сырттан келетін көліктердің мәселесі 26 желтоқсан күні шешілуі тиіс. Және Жаңа жылдың табалдырығымыздан аттауымен қатар, қала ішіндегі қоғамдық көліктердің қозғалысына да өзгеріс енгізілетіні белгілі болуда. Әйтсе де бұл мәселе қазірдің өзінде көпшілік арасында қайшы пікір тудырып отыр. Осы орайда сырттан келетін көліктерді Алматы қаласына кіргізбеу осы мәселелерді шеше ала ма? Екі тараптың ойлары мен ұстанымдарын ортаға салып көрген едік.
Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, Орталық Азия университеті машина жасау және көлік институтының директоры, техника ғылымының докторы, профессор:
Иә
– Меніңше, бұл – дұрыс. Өйткені қалада онсыз да көлік өте көп. Сырттан келген көлік иелерінің көбі жүргізуші мәдениеті мен жол ережесін сақтамайды. Адам тасып ақша табуды кәсіп еткен сырттан келетін жүргізушілер жолаушыға таласып, жол ережесін өрескел бұзады. Соның салдарынан көлік апаты да жиі тіркеледі. Көліктің көптігі қаладағы тұрғындарға кері әсер етеді. Қаланың экологиялық ауыр жағдайы да бүгінде көз алдымызда. Ауаның ластығынан қала тұрғындарының түрлі ауруларға жиі шалдығуын дәрігерлер де жиі айтуда. Осының бәрін көре отырып, мәселеге көз жұма қарау дұрыс емес.
Көлікте бір литр жанармайдың жануы ауаға айтарлықтай зиянды газдарды бөліп шығарады. Дәл қазіргі таңда Алматы қаласындағы көлік санының артуы тұрғындардың денсаулығына айтарлықтай зиян тигізіп отыр. Мүмкін, алдағы уақытта бұл мәселелерді шешудің басқа да жолдары қарастырылар, ал дәл қазіргі таңда тұрғындардың денсаулығын сақтау үшін қолдан келер шараларды ойластыра берудің артықтығы жоқ. Қалада көлік кіретін бірнеше ғана жол бар. Қала шетінен көлік қоятын арнайы автотұрақтар салсақ, одан түскен ақшаны нақты қаланың экологиясы мен тығын мәселесін шешуге жұмсауға болады.
Алайда сырттан келген көліктердің Алматы қаласына кіруіне шектеу қою туралы ұсынысқа шоши қараудың қажеті жоқ. Бұл – әлем елдерінде бар тәжірибе. Мәселен, Германияның үлкен қалаларына сырттан келетін қонақтар бұған үйренген. Қаланың сыртына дейін көлігін айдап келіп, автотұраққа қалдырып, шаруасын бітірген соң қала сыртынан қайта айдап кетіп жатады. Өзіне де, қала тұрғындарына да тиімді. Сондықтан бұл ұсыныс қолданысқа енген кезде бәріміз мұның артықшылығына көз жеткізетін боламыз.
Абылайхан САМАТДИНОВ, Алматы қалалық мәслихатының депутаты:
Жоқ
– Бұл ұсыныс көпшіліктің қарсылығын тудыруы әбден мүмкін. Өйткені Алматы қаласына сырттан келіп жұмыс істейтіндер жетерлік. Оларға көлігіңді қаланың сыртына қалдырып, таксимен кел деу дұрыс бола ма? Сондықтан бәрін алдын ала ойластырып, қаланың сыртындағы автотұрақтарды алдын ала дайындап алуымыз керек. Ертең қала таксистері осы сәтті пайдаланып, бағаны көтеріп жібермесіне кім кепіл?! Ал жұмысқа асыққан адам таксимен жүруге мәжбүр болады. Шыны керек, Мәскеу секілді үлкен қалалармен салыстырғанда, біздегі көлік тығынын сөз етуге тұрмайды. Сондықтан біз халыққа тиімді жағдай жасай отырып, мәселені шешудің басқа да жолдарын қарастыруымыз керек.
Осы орайда мен сырттан келетін көліктердің Алматы қаласына кіріп-шығуына шектеу жасаудан гөрі мәселені шешудің басқа да жолдарын қарастыруды қолдар едім. Стамбул, Сан-Франциско, Шанхай секілді қалаларға жолым түскенде көзім жеткені – сырттан келетін көліктерді Алматыдағы шығыс айналма жолы секілді қаланы айналып өтетін жолдармен ғана жүргізеді екен. Бүгінде әлемнің ірі қалалары саналатын бұл қалалардан үлгі алып, бізде халыққа тиімді жағдай жасай отырып, қаладағы қиындық тудырып отырған мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын қарастыруымыз керек. Сырттан келетін көліктердің қала ішіне кіруіне шектеу қоюдан гөрі, бір реттік төлем төлейтіндей жағдай жасап, одан түскен ақшаға қаладағы көлік кептелісін шешуге бағытталған жұмыстар атқарсақ, дұрыс болар еді. Қала экологиясы тек қана көліктерге тіреліп тұрған жоқ. Қаладағы ауаның нашар болуының басты себебі – көліктердің көптігінен емес, қаланың қалпақша тәрізді таудың ортасында орналасуынан. Қаланың экологиясын түбегейлі шешеміз десек, тауды тесу арқылы қаланың ауасын тазартып тұруға болатындай жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ қаланың экологиялық ахуалын жақсарту үшін қоғамдық және муниципиалды көліктерді газға көшіріп, электротранспорттар санын арттырсақ дұрыс болар еді. Алматыдай үлкен қалада келешекте адам саны тіпті ұлғаюы мүмкін. Ал мәселенің бәрін тыйым салу арқылы шеше алмасымыз белгілі. Сондықтан көлік кептелісін қаланың о шеті мен бұл шетіне бірнеше қабатты жолдар салу арқылы, жылдам жүретін электровоз жолдары арқылы шешуімізге болар еді. Мегаполистің мүмкіндігін шектемей, халыққа жағдай жасай отырып, мүмкіндікті молайтумен айналысуымыз керек.
Біз тез арада метроны халық көп қоныстанған жерлерге дейін жеткізуді ойластыруымыз керек. Өйткені метроның тиімділігін арттырсақ, кептелісте тұрмас үшін халық метроға жүгініп, көлікке отырудан өздері-ақ бас тартар еді. Сондықтан біз мәселені тыйым салу арқылы емес, тиімді әрекеттер жасау арқылы шешуіміз керек.
Бейтарап пікір
Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:
– Бұл – бұрыннан тәжірибеде бар әдіс. Кезінде мәскеуліктер қаладағы тығын мәселесін шешу үшін осындай әрекетке барған еді. Біз қаланы дамыту барысында бізге дейінгі үлкен қалалардың қала мәселесін шешу бағытында жасаған әрекеттерін тәжірибе ретінде қолданып көргеніміз дұрыс. Сонда ғана қаланы сақтап қала аламыз. Әйтсе де тек қана бір қағидаға сүйенбей, қаланың экологиясын жақсартып, көлік тығыны мәселесін шешудің басқа да тиімді жолдарын қарастырғанымыз жөн.