Тауарларды сертификаттау құқығын Сауда-өнеркәсіп палатасының құзырына берген дұрыс па?
Парламент Мәжілісінде өткен кезекті жалпы отырыста депутаттар алдына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы түсті. Заң жобасының негізгі мақсаты – тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру функцияларын уәкілетті мемлекеттік органнан алып, Сауда-өнеркәсіп палатасына беру. Бірақ бұл бастама кейбір депутаттардың қарсылығына ұшырады. Көптеген депутаттар «жөн екен» деп, бас шұлғыды.
Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
— Біз Сауда-өнеркәсіп палатасына байланысты заңды үшінші шақырылымда қабылдағанбыз. Ондағы мақсат – шетелмен арадағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Ал қазіргі заң жобасына сай тауарларға сертификат беру құқығын Сауда-өнеркәсіп палатасына берілгелі отыр. Бұл дүниежүзілік тәжірибеде де бар. Еуроодақ пен Америкада Сауда-өнеркәсіп палатасы осы мәселені өз құзырына алған. Енді «мұның тиімділігі неде?» деген сұрақ туады. Егер бұл қадам жүзеге асса, еліміздегі тауар өндірісімен айналысып жатқан кәсіпорындардың жұмысы жеңілдейді. Оларға сертификат беру кезіндегі әкімшілік кедергілер азаяды. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында жақсы тәжірибе бар. Оларда сертификатты, тіпті тауарды шетке жіберетін құрылымдардың өздері-ақ бере алады.
Себебі олардың Сауда-өнеркәсіп немесе Сауда палатасымен арнаулы келісімшарты бар. Бәрі келісімге сай жеңілдетілген. Ол жерде уақыт өткізудің де қажеті болмайды. Сондықтан бұл мәселенің барлығы – нарықтық экономикамызға қызмет жасайтын қадам және өте дұрыс бастама. Біздің шеттен алатын және шетке шығаратын тауарларымыздың барлығы да Еуропа елдерімен тығыз қатысты ғой. Яғни сауда жүйеміз алдыңғы қатарлы дамыған елдермен байланысты болғаннан кейін, олардың тәжірибесін пайдаланғаннан ұтылмаймыз. Ал енді олардың монополиске айналып кетпеуін қадағалайтын агенттік бар. Шындап келгенде, өкілеттік әлі берілген жоқ. Кейін заң күшіне еніп, нақты іс басталған кезде бәрі тәжірибе барысында ақырын реттеледі. Жалпы, Сауда-өнеркәсіп палатасы – дұрыс құрылым. Оның қолында билік те, белгілі бір ықпал да болу керек. Сосын сертификат беру құқығын шашыратып, әрбір қоғамдық ұйымдардың қолына таратуға да болмайды. Мұның астарынан бөтен ой іздеудің қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар мұндай құзыретті жекеменшік ұйымдардың қолына бергісі келмейді. Бәрін бақылауда ұстасам дейді. Мұның бәрі – әуелден белгілі жағдайлар ғой. Егер мемлекеттік емес ұйымдар бұл істі өз қолына алса, жеңілдік болар еді, бюрократиялық тосқауылдардан арылар едік. Ал тауарларға сараптама жасайтын әр өңірдегі 40-тан астам ұйымның қызметі нарықтық қатынастар деңгейінде қалады.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты:
Жоқ
– Бұл мәселе Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың (ЕуроАзЭҚ) талаптарына қайшы келеді. Қауымдастықтың ережелері бойынша тауарларға сертификатты мемлекеттік орган беруі керек. Егер бұл құзыретті Сауда-өнеркәсіп палатасы қолға алып, белгілі бір қателіктер жіберетін болса, оған мемлекет жауап береді. Осындай дағдарыс кезінде оның не керегі бар? Әрине, керегі жоқ. Өйткені біздің тауар өндірушілерімізге қосымша ауыртпалық түсейін деп тұр. Оларға ақша төлеу керек болады. Сауда-өнеркәсіп палатасының әр облыста 28 аймақтық органы бар. Енді тауарларға сараптаманы солар жасайтын болса, басқалардың аузын жабады ғой. Өйткені елде осы іспен айналысып отырған олардан басқа да 47 ұйым бар. Сонда осынша ұйым не істеуі керек? Палата өзі ақша табу үшін оларды жауып тастайды.
Сондықтан менің айтпағым, бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың төбесі қылтиып тұр. Бұл заң жобасының өзі соған рұқсат берейін деп тұр. Міне, сол үшін бұл құқықты қайтадан мемлекетке қайтару керек. Болмаса олармен бірге басқа да мемлекеттік емес ұйымдар жұмыс істеуі қажет. Әйтпесе үлкен монополист жасап аламыз. Негізі, тауарларға сертификатты он жыл бойы мемлекет беріп келе жатыр. Қоғам және басқалар тарапынан ешқандай жағымсыз пікір туған емес. Сараптама жасау ісі бәсекелестік ортаға міндеттеліп, жекеменшік ұйымдарға жүктелген. Енді Сауда-өнеркәсіп палатасы бәрін өз қолына шоғырландырып, басқаларды ығыстырып шығармақшы. Сондықтан бұл құқықты бірден мемлекеттік уәкілетті органнан алып, бір ғана ұйымның қолына ұстата салу – үлкен қателік. Мысалға, «Атамекен» одағы ұлттық экономикалық палатасы бар, басқа да мемлекеттік органдар бар, соларға да тең бөліп берсін. Онда жағдай басқа болмақ. Тауар иелері кімді қалайды, соған барады. Ал бұлар бәрінің жолын жауып тастамақ. Заң жобасын жасаушылар мұны Сауда-өнеркәсіп палатасына берсін дегенмен, оның ар жағында лоббистік әрекет жатыр. Мұны елдің бәрі түсініп отыр. Бұл мәселені жекеменшікке бергісі келіп отырудағы бір себеп, Сауда-өнеркәсіп палатасы бұрыннан осының артынан жүрген болатын. Бастықтары он жыл бойы осыны алуға ниеттенген еді, бүгін, міне, соған жетіп отыр. «Бұл құзыретті мемлекеттен алудың себебі не?» дегенге ешкім жауап бермейді. Бұдан тауар өндірушілер де жапа шеккен жоқ еді. Сертификатты тегін алатын. Ал бұлар да тегін береміз дейді. Бірақ қазір ондай жағдай жоқ. Әсіресе, мемлекеттік емес ұйым болғасын, ол бәрібір ақша табудың көзін іздейді. Сондықтан мен мұның тауар өндірушілердің қанын соратын заң болғалы тұрғанын ашық айтамын. Еуропа елдері, керісінше, сертификат беруді мемлекеттік орындарға берген дұрыс деп санайды.
Түйін
Заң жобасын жасаушы Индустрия және сауда министрлігі мен оны қолдаған депутаттар сертификат беру құқығын Сауда-өнеркәсіп палатасы алатын болса, ұлттық сыртқы сауда заңнамасын дүниежүзілік сауда тәжірибесімен үйлестіру үшін қажетті жағдайлар жасалады деп отыр. Сонымен бірге ұлттық бизнесті халықаралық нарықпен интеграциялауға да жол ашылмақ. Ал мемлекеттік орган болса тиісінше халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормаларына сәйкес, өз міндетін атқарады. Яғни жалпыға ортақ преференция жүйесінің қолданылуына және тауардың шығарылуы туралы сертификаттарды беруге қатысты бөлігінде Сауда-өнеркәсіп палатасының қызметіне бақылау жасауды жүзеге асырады. Заң жобасына сай, сертификат беру құқығын алған Сауда-өнеркәсіп палатасына да қойылатын міндеттер баршылық. Олар сертификатты тегін беруі және біліктілік аттестаттары бар тәуелсіз сарапшы аудиторлардың тауар шығарылатын елді айқындау сараптамасын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүргізуге міндетті. Сонымен бірге сарапшы-аудиторлардың бәсекелестік ортада қызмет ете алатын мүмкіндігі де ескеріледі. Ал мемлекеттік орган Сауда-өнеркәсіп палатасына бәрін қос қолдап ұстата салмайтын сыңайлы. Оның құзырында сарапшы мамандарға аттестат беру, тауардың шығарылуы туралы айқындау тәртібі, сертификат бланкілерінің нысандарын бекіту, сарапшы-аудиторларды даярлау және аттестаттау кезіндегі бақылау міндеттері қала бермек. Десе де, заң жобасының өміршеңдігі нағыз өмірде, нарықтық қатынаста сыналатын болады.