Тәуелсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін факторлардан арылдық дей аламыз ба?
Қазақ елінің ең басты құндылығы – Тәуелсіздік. Ол – егемендігімізді қасық қаны қалғанша қорғаған ата-бабалар аманаты, ұлт болашағы үшін жанпидаға барған Алаш қайраткерлерінің алдындағы борышымыз екені даусыз. Сондықтан қасиетті де қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау – әрбір азаматтың парызы. Дегенмен Тәуелсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін факторлардан арылдық па? Бүгінгі пікірталасымыз осы төңіректе өрбімек.
Әбділдабек САЛЫҚБАЙ, жазушы, «Қазақ тарихы» журналының бас редакторы:
Иә
– Қасым хан кезінде 500 мың әскер шығарыпты, егер шындаса, 1 миллионға дейін сарбаздар санын арттыра алады екен. Сөйткен Қасым хан туралы қазақтың тарихи жадында жөнді дерек сақталмапты. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген сөз бар. Айтқандай, Қазақ хандығының ең құлдыраған кезіндегі Абылай хан жайлы тарих жадында деректер мол ұшырасады. Ал Абылай ханның болса, 50 мың ғана әскер шығаруға мүмкіндігі болыпты. Мемлекетке қауіп-қатер қашан да болып тұрады. Алайда бүгінгі таңдағы жетістіктерімізді – Тәуелсіздігіміздің баяндылығының көрсеткіші деп есептеймін.
Жемқорлық, терроризм, жаһандану деген проблемалар әлемнің барлық елін қамтып отыр. Қазақстан да – сол әлемнің бір бөлшегі. Жемқорлық, терроризм әлемдік алпауыт елдердің өзінде орын алған. Мұны Тәуелсіздікке қауіп төндіретін фактор ретінде қарауға болмайды. Өз басым Қазақстанның баянды Тәуелсіздігіне қатты сенім артамын. Осы алғашқы 20 жылдықтың өзінде шекарамызды шегендедік. Экономикамыз да күннен-күнге көш түзеп келеді. Ақтауда компьютер құрастыру зауыты ашылды. Тікұшақ пен ұшақтар жасалып жатыр. Отандық жүрдек пойыздар іске қосылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» деп аталатын ауқымды жоба жүзеге асуда. Жаһан алдында да Қазақстан өз беделін қалыптастырып үлгерді. Мысалы, көлікпен Қырғызстан мен Қазақстан аралығында жүріп өткенде еліміздегі жолдың қаншалықты сапалы екеніне көзім анық жетті. Бұл да экономикамыздың дұрысталғанының көрінісі емес пе? Ынтымақ-берекеміз артқан сайын Тәуелсіздігіміз де тұғырын бекіте түседі.
Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
Жоқ
– Тәуелсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін факторлар әлі бар, мысалы, ең бірінші жемқорлықты атар едім. Жемқорлық – мемлекетті іштей құлдырататын негізгі дерт. Араб елдеріндегі әртүрлі дүмпулер мен толқулардың себебі осы жемқорлыққа келіп тіреледі. Парақорлықтың кесірінен әлеуметтік теңсіздіктер орын алды. Онда қоғамның бақылауынан тыс әлеуметтік, экономикалық шешімдер қабылданды. Нәтижесінде мұндай жағдай ондағы ел Тәуелсіздігіне қатер төндірді. Бұл – ішкі фактор болса, сыртқы фактор ретінде Қазақстанның геосаяси жағдайын айтуға болады. Қалай болғанда да біз – Ресей мен Қытай тәрізді алып державалардың ортасында орналасқан елміз.
Кез келген мемлекет өзіне тиімді саясат ұстанады. Біздің шикізатымызды иемденіп, өз халқының бір бөлігін жерімізге қоныстандыру тағы басқа сол сияқты саяси-экономикалық шешімдерді Қытай мүддесіне сай жүргізетіні бесенеден белгілі. НАТО-мен қырғиқабақ Ресей территориялық жақын елдердің басын біріктіріп, өз қарамағына шоғырландырып, әлеуетін күшейтуді көздейді. Тәуелсіздік деген тек қана Ту, Әнұран, Елтаңба сияқты рәміздер емес, бұл – өзіміздің ішкі құрылымымыз. Егер діни сепаратизм, жікшілдік, идеологиялық арандатушылық тәрізді мәселелерге дер кезінде тосқауыл қойып отырсақ, терроризм де болмайды. Жастар танымында ұлттық құндылықтар жойылып, соның кесірінен кейбіреулері тіпті террористік топтардың жетегінде кетуде. Кез келген мәселенің салдарымен емес, себептерімен күресуіміз керек. Қазақстан бай мемлекет болса да, жемқорлық салдары басып кетіп жатады.
Бейтарап пікір
Ким СЕРІКБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, полковник, профессор:
– Адалдық, әділеттілік болмаса, Тәуелсіздікке залал тигізіп алуымыз мүмкін. Әрбір азамат қазіргі еліміздің жүргізіп отырған саясатын қорғап, қолдап отыруы керек. Біз тек әскермен ғана емес, экономика, руханият салаларын жетілдіру арқылы да халыққа қорған бола аламыз. Соңғы кездегі лаңкестік оқиғалар ел қауіпсіздігін нығайта түсу қажеттігін сездірді.
Данияр ЫСҚАҚОВ, заң ғылымының кандидаты:
– Мемлекетіміздің сыртқы және ішкі функцияларын жүзеге асыратын органдар қызметі күшейтіле түсуі тиіс. Мысалы, шекара әскері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бар болуының өзі ел тұтастығына қауіп төндіруші әртүрлі факторлардың алдын алады. Бүкіл жұртшылықты алаңдатып отырған проблеманың бірі – терроризм. Қазақстанның батыс өнірлерінен бастап, Тараз, Алматы қалаларында орын алуы үрей тудырады. Мұның бәрі ел ынтымағын ұйытып, береке-бірлікті арттыру жолында жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді.