Туған баласынан ресми түрде бас тартқандарға қатаң жаза қолдану керек пе?
«Тастанды балалар саны көбейіп барады». Осылай деп дабыл қағып жүрген сарапшы-мамандар қоғамға «жағдайды қайтсек түзейміз» деп те сауал тастап жүр. Осы орайда өз ойларымен бөлісіп жүргендер аз емес. Солардың бірі «көкек аналарды» жазалау керек» деген ұсыныс жасайды. Ескерте кетейік, біздің елдің заңдарында егер әйел баласын тиісті орындарға өз қолымен табыстап, бас тартатындығын қолхат арқылы жазып берсе, онда ол әйелге ешқандай да шара қолданбайды. Ал осы дұрыс па, жоқ па, шынымен де, ойланатын нәрсе екен.
Айгүл Шөпшекбаева, Алматы қалалық ІІД-нің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:
Иә
– Егер баланың өміріне ешқандай қауіп төнбесе, біздің елдің Қылмыстық кодексінде «көкек аналарды» жауапқа тарту көзделмеген. Бұл жағы кімге болса да белгілі. Ал менің бұған айтар қарсы уәжім бар. Әрине, заң бәрімізге ортақ. Оны орындауға тиіспіз. Алайда заң шығаратындар адамдардың өздері. Олай болса, о баста «көкек аналарды» жауаптан босатып қойғанымыз қалай болды екен? Анасының баладан бас тартқаны ешқандай ақылға сыймайды. Біз, әсіресе, баласы дегенде өзегін үзіп беруге бар атаның ұрпағы екенімізді ұмытпайық.
Тарихты қозғайтын болсақ, бізде жетім атымен болмаған. Жалғыз қалған баланы туған-туысы бауырына басып, ауыл болып қамқорына алған. Қазір ше, ағайын тұрмақ, баласынан әке-шешелерінің өздері безіп кетіп жатыр.
Заңға сәйкес, егер ата-ана баласын қараусыз қалдырып, оның өміріне қауіп төндірсе, заң алдында жауапты. «Көкек аналар да» бір оймен айтсақ, өзегін жарып шыққан сәбиін тастап кету арқылы оны бағып-қағудан, тәрбиелеуден бас тартып, ауыртпалықтан қашып тұрған жоқ па? Ондай болса, тасбауыр әйелдің қылығы қылмыс емей немене?
Бауыр еті баласын жәудіретіп, жат қолға бере салу – опасыздық десем қатты айтқандық емес. Адамгершіліктен, аналық мейірімнен жұрдай безбүйрек әйелден бәрін күтуге болады деп ойлаймын. Ертеңгі күні ондай әйелдердің басқа балаларына жақсы ана болатындарына күмәнім бар. Ішінен шыққан баласын керексіз еткен адам менің ұғымымша – қатыгез адам.
Безбүйрек әйелдердің мұндай қылығына «түсіністікпен» қарайтындарға таңым бар. «Ертеңін ойлап, арланады» дейді. Мұндай жалған намысты алға тартудың өзі артық.
Өкінішке қарай, «көкек аналар» аз емес. Егер оларды осылай тізгінсіз жібере берсек, тастанды бала саны қазіргіден де көбейіп кетпесіне кім кепіл? Сондықтан да, шара қолдану арқылы безбүйрек әйелдерге сес көрсетуіміз керек. Сонда олардың заң алдында жауапкершілігі арта түскен болар еді. Егер жазадан қорқып, баласын өзімен алып қалса, кейін ана мен бала арасындағы махаббат оянуы ғажап емес. Тасжүрек жандарды осылай да жібітуге болар еді деп ойлаймын.
Ата-ананың тәрбиесін, мейірімін көрмей өскен баладан ертеңгі күні қандай адам шығатыны айтпаса да белгілі. Қатыгез баладан қоғамға зиян тимесе, еш пайда жоқ. Ал сол адамның тағдырының бұзылуына кінәлі кім? Кезінде тастап кеткен әке-шешесі емес пе? Бір айта кетерлігі, қылмыскер жасөспірімдердің арасында балалар үйінің тәрбиеленушілері өте көп. Ондай жарымжан ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр. Осы жағын ойлап көрейікші.
Өз басым, қылмыстық жауапкершілік болмаса да, әкімшілік жазаға кесуді ұсынған болар едім: баласынан бас тартқан әйелге бала кәмелеттік жасқа толғанша алимент төлету керек. Ал қалғанын шаранасы шырылдап жатса да, кері бұрылмаған безбүйрек әйелдердің ар-ұяты білсін.
Марат Сәрсенбаев, заң ғылымының докторы, профессор:
Жоқ
– Ең бастысы, баланың аман-сау қалғандығын ойлағанымыз абзал. Баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнбеген жағдайда, «көкек аналарды» қорғайтын заң нормаларын өз басым қолдаймын. Қателік жіберіп алды екен, шалыс басқан қыздарымызды табалап, болмаса, жауапкершілікке тартқанымыз артықтау.
Әрбір адамның құқы заңмен белгіленген. Сол сияқты егер баласынан ресми түрде бас тартса, оған қандай да бір талап қойғанымыз заңға қайшы. Кім қателеспейді? Мүмкін, баласынан бас тартуға итермелеген нақты себептер болған шығар? Мәселен, баланы бағып-қағуға денсаулығы мүмкіндік бермейді делік, болмаса, тұрмыстық жағдайы тым төмен. Ертеңгі күні қарабет боларын ойлап, тығырыққа тірелген қыздың моральдық жағдайын да ескерген жөн.
Қайта, түрлі себептер ескеріліп, жауапкершіліктен босатуға негізделген заңымыз өзгермесін деп тілейік. Одан да баласынан бас тартпақ әйелге сәбиін далаға тастап кетпей, балалар үйіне әкеп табыстауына мүмкіндік жасауды ойластырайық. Сонда баласын өлтіріп немесе күресінге тастап кету сияқты ауыр қылмыстар саны төмендей түскен болар еді.
Мына бір жайды ескере кетейік, егер әйел нәрестесін балалар үйіне ресми түрде өткізсе, ондай әйелдің ерте ме, кеш пе, баласына қайтып оралуы мүмкін. «Көкек аналарды» жазалау арқылы түк ұтпаймыз.
«Көкек аналардың» барлығы дерлік – жас қыздар. Олар баласын тастап кеткені үшін жауапқа тартыла ма, жоқ па, ол жағынан мүлде бейхабар. Алдында не күтіп тұрғанын білмегендіктен, баланы кез-келген жерге тастап, қашады. Баланы емес, өз өмірін ойлайды. Менің айтайын дегенім, қайта БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, егер баланы өз қолымен әкеп берген жағдайда жауапқа тартылмайтындығын жеткізу керек. Осының өзі жас қыздарымыздың қылмысқа бармауларына ықпал етері сөзсіз. Тіпті менің мынандай ұсынысым бар: әрбір балалар үйіне болмаса ауруханалардың кіре беріс жерлеріне шағын бөлме ашып, оны бала жататындай етіп жабдықтап қою керек. Бұдан хабардар әйелдер балаларын осындай арнайы қабылдау орындарына әкеп тастаған болар еді.
Бұрындары тергеуші болып жұмыс істеп жүргенімде талай шарананың мәйітін тапқан кездеріміз болған. Осының барлығы сын сәтте абдырап, адасып, адам өліміне себеп болған жас қыздардың қылмыстары. Мен «көкек аналарды» ақтаудан аулақпын. Тек айтпағым мынау: егер біз қыздардың ешқандай жауапқа тартылмайтындығын ескертіп отырсақ, баласынан бас тартқандығын ешбір жанға көрсеткісі келмегендер үшін жоғарыда сөз болғандай қабылдау орындарын ашып қойсақ, талай өмірді құтқарып қалған болар едік. Жазалау арқылы ешбір әйелді тәрбиелей алмаймыз. Керісінше, өз баласын өзі өлтірген аналарды көбейтіп алмасақ. Себебі «көкек аналар» қашаннан бар, бола да бермек.
Түйін
Өз басын ғана ойлап, не істеп, не қойғандығына байыппен қарап жатпайтын безбүйрек әйелдерге қоғам қырын қарайды. Өйткені «көкек анадан» келер қайғы-қасіреттің зардабы ауыр. «Бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербейді» деген әйелдеріміздің баласынан жеруін кешіре алмайтын шығар, сірә ешкім. Өйткені бұл дүниеде ананың ақ сүті мен аялы алақаны тең келер ешбір құдірет жоқ. Ана махаббаты күн нұрымен бірдей. Олай болса, баласын осындай шуақтан мәңгіге айырған әйелге, шынымен де, бір шара қолдану керек шығар? Сіздер не дейсіздер, құрметті оқырман!