Түлектердің мерекелік шарасын мектептен тыс жерде тойлауға тыйым салу керек пе?
Бүгін еліміздің барлық аймағында «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өту үстінде. Алайда қазір мектеп түлектері бітіру кештерін қымбат мейрамхана, кафелерде атап өтуді әдетке айналдырып барады. Тіпті қызды-қыздымен олар қаланың әсем жерлерін аралау үшін лимузиндер жалдап, көліктің үстінде шампан атып, құдды бір үйлену тойындағы жас жұбайлардың той серуеніне арналған кортеждерде жүргендей ұйымдастыратын болды. Енді осыған тосқауыл қою үшін кейбір облыстың білім басқармалары «түлектердің мерекелік шарасын мектептен тыс жерде тойлауға тыйым салу керек» деген ұсыныс айтып отыр. Алайда бұған кейбір ата-аналар, мұғалімдер қарсылық білдіруде. Сонымен, түлектердің мерекелік шарасын мектептен тыс жерде тойлауға тыйым салу керек пе? Бүгінгі ой-көкпарымыз осы негізде болмақ.
Ербол СЕЙІТҰЛЫ, Алматы қалалық дарынды балаларға арналған №165 мамандандырылған мектеп-лицейінің директоры:
иә
– Міндетті түрде тыйым салуымыз керек. Онсыз болмайды. Қазір Алматыдағы түлектердің мерекелік шарасы тек мектептерде ғана өтетін болды. Бізде бұған әлдеқашан тыйым салынған. Себебі бұл салтанатты жиын мектеппен қоштасу болғандықтан, мұның барлығы мектеп қабырғасында өтуі тиіс. Ата-ана мен түлектердің мұндай шараларды кейін, мысалы, біржылдығын, онжылдығын, 50-60 жылдық мерейтойларын мейрамханаларда неше түрлі етіп өткізе беруіне болады. Ал мектепте оларға екінші рет ешкім өткізіп бермейді. Бұл – олардың жалғыз мүмкіндігі. Сондай-ақ мектепте өткізілген мұндай салтанатты кеште олар өз көңілдерін өздері көтеруі тиіс.
Сырттан ешқандай сайқымазақ, әртіс жалдаудың керегі жоқ. Әр сынып өздерінің өнерлерін көрсетіп, 11 жылда қандай білім алды, не үйренді, соларын ұстаздар, ата-аналар алдында көрсетуі тиіс. Әрине, он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстазға ілтипат көрсетіліп, алғыс айтылуы керек. Бірақ ол алғыс шәкірттің алған білімімен, жеткен жетістіктерімен білдірілуі тиіс.
Мұндай кештерді мектепте өткізсе, бұған соншалықты қаражат кетпейді. Негізі, бізден оқушылар тек аттестат қана емес, онымен қоса, «көлік жүргізуді оқыды» деген анықтама қағазын, программистің куәлігін алып шығады. Мұны оқушыларға берер кезде бір сәтте таратып бере салмай, ол қандай олимпиадаларға қатысты, қандай жетістіктерге жетті, мектеп-лицейге қандай еңбек сіңірді, жалпы, қандай оқушы болды – осының бәрін тілге тиек ете отырып, ата-анасына рақмет айтып, үлестіру қажет. Сонда мұны көрген кейінгі буынды оқушылар үздік білім алуға тырысады. Сондықтан мен мектеп басшысы ретінде түлектердің бітіру кештерін мейрамханада өткізуге, сырттан әртіс шақыртуға қарсымын. Мұнда әркім өзінің бойындағы талантын көрсетеді. Ән айта ма, би билей ме, спорттық өнерін паш ете ме, оның барлығын ата-ана мен ұстаздарға көрсетуі тиіс. Бұл жерде бала бай, кедей емес, өнеріне қарай ерекшеленіп тұрады.
Айгүл АХМЕТҚАЛИЕВА, «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы» қоғамдық қорының директоры:
жоқ
– Негізі, мектеп қабырғасымен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып отырған түлектерге мерекелік кешті тек мектепте ғана өткізсін деп тыйым салғанымыз дұрыс емес. Өйткені олар «тарыдай болып кірген оқу орнынан таудай болып шығып» барады. Олар бұл үлкен қуанышы мен алтын ұясына деген қимастық сәтін есте қаларлықтай ерекше етіп өткізсе, оның несі айып?! Бұл жерде олар мектепке немесе білім басқармаларына ешқандай салмақ салып отырған жоқ. Ата-аналарының көмегімен өздерінің қызықшылығын кафе-мейрамханада өткізсе, оның еш сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Бірақ бұл жерде басты мәселе осы реттегі мәдени шаралардың қалай ұйымдастырылуында болып отыр.
Дабыра қылып, шетелдік музыканы жаңғыртып, ішімдік қойып, у-шу қылып өткізгенше, соған бөлінген қаражатты оңды-солды шашпай, қазақтың құндылығын сақтай отырып, қазіргі заман ағымына сай, жастарға үлгі-өнеге, тәрбие беретіндей етіп ұйымдастырғанымыз әлдеқайда тиімді емес пе? Кеңес үкіметіндегідей қатып қалған пішінмен емес, бұрынғы сол мазмұнын қалдыра отырып, жаңа форматта жасауға болады деп есептеймін. Бұл жерде тек мектептің аясында ғана қалып қоюға болмайды. Мәселен, жергілікті әкімдер арнайы жер бөліп, 25 мамыр күні мектеп түлектері сонда жиналып, ағаш отырғызып, сауапты іс жасауына болмас па? Әрі бұл өздерінің ізін басып келе жатқан кішкентай сыныптың балаларына үлгі-өнеге болмай ма? Неге осындай игі бастамаларды қолға алмасқа? Тек мектеп ішінде емес, оның сыртында да талай игілікті істер тындыруға болады ғой. Жергілікті білім басқармалары, әкімдіктер осы жағына назар аударса екен деймін. Қазір Білім министрлігі түрлі реформаларды жүзеге асырып жатыр. Бұл ретте министрлік педагогтермен ақылдаса отырып, соңғы қоңырауды өткізудің жаңа формасын жасау керек секілді. Мектеп бітірушілердің есінде қалатындай, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсететіндей, жастарға дұрыс бағыт беретіндей концепция жасап, кейін оны бағдарламаға үйлестіріп, мектептерге енгізсе, дұрыс-ақ болар еді. Бұл жерде тек дұрыс ұйымдастыра білу керек. Мектеп түлектері соңғы қоңырау кезінде кейбір мейрамханаларда бірді-екілі келеңсіздіктер жасағандығы үшін, барлығына бірдей «мұны кафеде атап өтуге болмайды» деп тыйым салып қойғанымыз дұрыс емес. Ішімдікке жақын оқушы бәрібір бұл кешті мектепте өткізген күннің өзінде ішіп, түрлі келеңсіздіктер орын алуы мүмкін. Сондықтан мұны «тек мектепте өткіз» деп шектеу қойғанша, қайта оны қызықты етіп өткізудің жаңа формасын ойластырғанымыз жөн.
Бейтарап пікір
Әдібай ТАБЫЛДЫ, педагогика ғылымының докторы, профессор:
– Бұрын түлектердің мектеп бітіру кешіне киетін көйлегі де, ұстаздарға жасайтын сыйлығы да қарапайым болатын еді. Ал қазіргі мектеп бітірушілер бұл мерекелік шарасын мейрамханада өткізіп, тау бөктеріндегі саяжайда таңды қарсы алатын болып жүр. Жасалынатын сыйлықтың да құны жыл сайын аспандап барады. Қазір ұстаздардың құлағына алтын сырға салатынды шығарды. Бұл дұрыс емес. Мұны мен дарақылық деп есептеймін. Өткен жылы Ақтөбе облысының Қарғалы аудандық әкімдігі жақсы жерден жер бөліп, онда мектеп бітіруші түлектер сол жерге ағаш отырғызды. Мен мұны барлық жергілікті әкімдікке, білім басқармаларына үлгі болатын жақсы бастама деп есептеймін.