Тұрғындарды су, газ, электр қуатымен қамтамасыз етуді жекеменшіктен алып, мемлекеттік кәсіпорындарға жүктеу керек пе?
Алматы облысының қайсыбір ауылдарында жекеменшік үйлерге газ енгізу құны 300 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Бұл өз алдына, ендігі кезекте су және электр қуатымен қамтамасыз етуде де біраз дау-дамай туындап тұр. Жекеменшік компаниялардың халықтың мұндай қажеттіліктерін өтеуде бірінші кезекте өз бастарының қамын ойлап кететіндігі бүгінде отандық сарапшыларды ойландырып отыр. Осыған орай «тұрғындарды су, газ, электр қуатымен қамтуды мемлекеттік кәсіпорындарға жүктеген жөн бе?» деген сауалды біз арнайы мамандардың талқысына салдық.
Дәурен АРЫН, заңгер:
иә
– Бұл мәселені өз басым қолдаймын. Нақ қазір инфрақұрылымы дамымаған елді мекендерде жұрт өз күшімен тұрғын үй салып алып жатыр. Ол баспананың құрылыс жұмысы өз алдына, газ, су, электр жарығын тартып алу үшін сол жекелеген тұрғынның қалтасынан 5-6 мың доллар қоса шығады. Мысалы, жекелеген үйлерге газ тарту ережесі бойынша Ду-76 х 3,0-500 метр; Ду-37 х 3,0—700 метр десек, жалпы iшкi газ құбырының ұзындығы 1.200 метр болады делік. Негізінен, төменгi қысымды жүйеден тартылатын iшкi газ құбыры құрылысының жалпы құны — 4.886.750 теңгенi құрайды. Ал бір үйдiң есебiн былай шығаруымыз керек: 4. 886. 750: 50 = 97 735 теңге (қосымша құн салығын есептегенде).
Сонда үй iшiндегi қысымды газ құбыры құрылысының құны (газ есептегiшiнiң, жобасын жасау жұмысына кеткен шығынды қоса отырып газдың берiлуiн есептегенде):
1. G-4 газ есептегiшiнiң орнатылуымен – 97 735 теңге;
2. G-6 газ есептегiшiнiң орнатылуымен – 117 972 теңге болуы керек.
Бұл – «ҚазТрансГаз» АҚ ұсынып отырған ресми баға. Ал енді бұл бағаны жекелеген компаниялар өз еріктеріне салып мың құбылтып аспандатады. Жекелеген компаниялар бұл мәселеде өздерінің пайдасын ғана ойлап қызмет етуде. Себебі олар жекеменшік компаниялар болған соң өз жұмысын, шығындарын өздерінің пайдасына қарай есептейді. Жекелеген фирмалардың бұл ретте көздеген мақсаты – өз бюджеттерін халықтың есебінен толықтыра түсу. Сондықтан бізге бұл мәселелерді шешуде нақты бір мемлекеттік мекеме керек. Біз ауылдық-аумақты жерлерде инфрақұрылымды дамытуды арнайы министрліктердің, атқарушы биліктің жүктемесіне енгіздік қой. Ауыз-су мәселесін толыққанды шешу мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Бірақ жасырмай айтылуы тиіс нәрсе жергілікті әкімшіліктің қасында бақылау жүргізетін нақты мемлекеттік мекеме болмағандықтан бұл іс осылай ушығып кетті. Жекеменшік компаниялардың еркінсуінен баға халықтың қалтасын көтермейтін күйге жетті. Ендеше егер біз халықты толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз еткіміз келсе, бұл мәселелерді коммуналдық мекемелердің еншісіне бергеніміз жөн. Арнайы мемлекеттік мекемелердің бақылауына өткеннен кейін шектік баға белгіленіп, сол жүйе бойынша жұмыс істесе бұл мәселе сәл де болса шешімін табар еді. Көптеген өркениетті елдерде нақ осы газ-су жарық мәселесімен айналысатын арнайы мемлекеттік органдар бар. Көршілес Ресейдің өзінде бұл жайттармен тұрғын үй инспекциясы айналысады. Ал біз алдық та мұны тек қана жекеменшіктің еншісіне қалдырдық. Ал бүгінде қызмет құнын жыл сайын өсіріп отыр. Ендеше бізге бұл салада арнайы мемлекеттік кәсіпорын керек. Мұны қолдау керек. Бұл халықтың қажетін өтеу үшін қажет.
Тоғжан ШАЯХМЕТОВА, экономист-ғалым:
жоқ
– Жоқ, қарақұрым мемлекеттік кәсіпорындарды қаптата беру мәселені шешпейді. Бұл жерде мәселені шешудің тетігі тек қана мемлекеттік мекемелерге жауапкершілік артуда ғана жатқан жоқ. Мысалы, біздегі мемлекеттік мекеме коммуналдық қызмет мекемесі немесе монополияға қарсы комитет жыл сайын суға, электр энергиясына, газ бен басқа да қызмет түрлеріне өсім берген бағаға тежеу бере алып отыр ма, жоқ. Керісінше, жыл сайын өскен бағаны олар ауыздықтай алмай отыр. Соған сәйкес, жүздеген миллионнан бірнеше миллиард теңгеге дейін баратын шығындар тұтынушы қалтасына түсетін тариф есебінен өтелуде. Бұл бір ғана тарифке қатысты.
Ал енді тарифті қоя тұрып инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді сол мемлекеттік мекемеге немесе мемлекеттік кәсіпорынға тапсырар болсақ, қызмет құнының төмендейтініне өз басым сенбеймін. Меніңше, халықты арзан газбен қамтимыз десек, елімізде мұнаймен ілесіп шығып жатқан газды өңдеу мәселесін қарастырғанымыз абзал. Бұдан соң жерасты суларын сауатты пайдалануды үйренгеніміз жөн. Халықты ауызсумен қамту үшін бір ғана мемлекеттік бағдарлама жобасын ойлап табу аздық етеді. Біздің зерттеулеріміз Қазақ елінде 7 мыңнан астам ауыл-аймақ бар болса, соның 2 мыңы мүлдем сусыз аймақтар екенін, бұл елдімекендердің халқы су тапшылығын анық сезініп отырғанын көрсетуде. Шикізаты зор, жерасты ресурстарының қоры мол, мұнайға бай, ғарыш индустриясына бағыт алған еліміз үшін бұл көрсеткіш аса көңіл қуантпайды. Мәселен, біздің ғалымдарымыз 2007-2008 жылдары Жезқазғандағы жерасты су қорын зерттеп, оның арнайы есебін шығарды. Қазірде соның арқасында аталмыш қала бүгінде таза сумен қамтамасыз етіліп, елдегі су қорының көрсеткіші айқындалып отыр. Ойлап қарасақ, бұл – бір қала төңірегінде ғана істеп отырған жұмысымыз. Біздің бір қаланың ғана су қорын арнайы зерттеуміз ол қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етуге ықпал етті. Егер де зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, еліміздің барлық қалаларының су қорын сараптап, модельдерін жасап, арнайы компьютерге енгізіп қойсақ, сусыздану мәселесі қай кезеңде өршитінін; халықты қалай таза сумен қамтамасыз етуге болатынын; жерасты сулары қай кезде өзгеріске ұшырайтынын белгілі жүйе арқылы бақылап отыратын жоспарлы жұмысқа қол жеткізетін едік. Бір ғана «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2002-2010 жылдар аралығында 290 миллиардтай теңге бөлініпті. Ал атқарылған шаруа қанекей? «Таза ауызсуға қолымыз жетті» деп ырзашылық білдірген халық қайда?! Меніңше, қыруар қаржы бөлініп, арнайы бағдарлама қабылданып жатқаннан кейін оның атқарылу нәтижесіне бақылауды күшейту қажет. Олай етпесек, бөлінген қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетері анық. Электр энергиясына қатысты да айтылатын мәселе – осы. Күн-жел энергиясын пайдалану қажет дейміз. Сол істі бастау үшін түрлі жобаларды да қарастырып жатырмыз. Бірақ бұл істе де біз үшін шешілмеген түйіндер әлі көп. Ал енді осы ауқымды проблемаларды бір ғана мемлекеттік кәсіпорындар шеше алады дегенді өз басым қолдамаймын. Сондықтан бұған қарсымын. Біз мәселені шешкіміз келсе, ғылыми-сауатты зерттеулерге назар аударып барып, ресурстарды зерттеу арқылы ғана жетістікке жетуге машықтанғанымыз жөн.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Меруерт МОЛДАБАЕВА, әлеуметтанушы:
– Қалай десек те, қазір біздің қоғамда жекелеген тұрғындарды инфрақұрылыммен қамту жағы өте кемшін. ХХІ ғасырда сусыз, жарықсыз отырған, көгілдір отын туралы тіпті жақ ашпайтын қарапайым қауымның барын көріп, ішің ашиды. Өркениеттілікке ұмтылған мемлекет ретінде бізге бұл мәселені шешетін кезең жетті. Сондықтан атқарушы билік тарапынан халықты көгілдір отынмен, сумен, жарықпен қамтуға қатысты ойлы шешімдер қабылданса деймін. Қазірде қара халықтың үштен бірі өз күшімен бір баспана тұрғызып алуға барын салады. Мемлекеттен ешбір көмек күтпестен, алақан жаймастан өзінің қара күшімен, маңдай теріне сеніп үй тұрғызып алып жатқан мұндай азаматтарға тым құрығанда сол үйіне су, жылу, жарық енгізуге арнайы 20-30 пайыздық жеңілдік жасалса да үлкен көмек болар еді. Атаулы әлеуметтік көмекке зәру азаматтарға осындай бір жеңілдіктер қарастырылса, тіптен оңды болар еді. Сондықтан бұл мәселені Үкімет және үкіметтік ұйымдар шешсе деп пікір білдіремін.