Тұрғындардың өз қалауымен емхана таңдау жүйесін қолдайсыз ба?
Елімізде 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Осы жүйенің аясында тұрғындар медициналық көмек көрсететін емхананы, дәрігерді өзі таңдау құқығына ие болды. Әйтсе де осы бір өзгеріске қатысты қоғамдық пікір екіге жарылып отыр. Бірі аталмыш жүйені «шетелдерде тиімді жұмыс істеп отырған мақтаулы жүйе, біздің елімізде де медицина саласын алға сүйрейді» десе, енді біреулері «БҰДС жүйесі, керісінше, үш жыл ішінде тұрғындардан медициналық көмекті алыстатты, саланы кері кетірді, бұл біздің қоғамға сіңбейтін жүйе» дейді. Тақырыпқа қатысты мамандардың пікірін біліп, жүйенің артық-кем тұстарын салмақтап көрген едік. Сонымен...
Белгібай ШАХМЕТОВ, медицина ғылымының докторы:
иә
– Тұрғындардың өз қалауымен емхана таңдау жүйесін қолдаймын. Негізі, бұл жүйенің артықшылығы жетерлік. Шетелдерде тиімді жұмыс істеп отырған бұл жүйе уақыт өте келе біздің елімізде де өзінің тиімділігін дәлелдейді деп ойлаймын. Мәселен, еліміздің шалғай жатқан ауылдарындағы кейбір тұрғындардың жергілікті жердегі дәрігерлердің жасаған ем-домына, медициналық көмегіне көңілі толмауы мүмкін. Сондайда жылына бір-екі рет үлкен қаладағы білікті дәрігердің тегін көмегіне жүгінгісі келсе, жүйе оған жағдай жасап тұрса керемет емес пе?! Неге жақсы емхана, білікті дәрігер тек қаладағы тұрғындарға ғана қолжетімді болуы керек? Біз бір сәт алыс ауылдардағы ағайынның да жайын ойлауымыз қажет. Сондықтан жүйені сынағаннан гөрі оның елімізге сіңісіп, талапқа сай жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек.
Сондай-ақ қазір қаланың өзінде кейбір тұрғындарға жақсы емхана, білікті дәрігердің көмегі керек болып жатады. Қаланың орталығындағы барлық талапқа сай емханада тіркеуде тұрып, сол жердің тегін медициналық көмегіне жүгінгісі келеді. Мұндай жағдайда да аталмыш жүйе оған жағдай жасай алар еді. Сондықтан біз тұрғындардың көбірек тіркелгісі келетін емханаларға барлық жағдайды жасап, ол жерлерге тұрғындардың кедергісіз тіркелуін қамтамасыз етіп, емхананың мүмкіндігін арттыруымыз керек. Бұл емханаларға да пайдалы. Көп науқасты тіркеп, медициналық көмекті жасасын да, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемін еселеп, мүмкіндігін одан ары арттырсын. Дәрігерлердің де соған сай жалақы алуына мүмкіндік тудырсын. Ата заңымыз бойынша да еліміздегі әрбір тұрғын сапалы медициналық көмек алуға құқылы. Ал оларға ондай мүмкіндік сыйлайтын – БҰДС жүйесі. Демек, жүйені сынап, қайтадан алып тастаудан біз ештеңе ұтпаймыз. Одан гөрі жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек. Жалпы, жүйенің мақсаты дұрыс. Көптеген елдерде тиімді жұмыс істеп жатыр. Демек, бізге де өзінің оң нәтижесін беретін күн жақын.
Айта кетер жайт, қазір жүйені түсінбегендіктен, оның әр жерде әрқалай қолданылуы көпшіліктің наразылығын тудырып отыр. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек секілді. Емхана басшылығы жүйенің кемшін тұстарын министрлікке жасырмай айтып, оны шешу жолдарын бірігіп шешуі керек. Сосын жүйенің механизмі жан-жақты талданып, елімізге лайықты жұмыс істеу тәсілі қалыптасуы керек. Сонда бәрі дұрыс болады.
Совет-Хан ҒАББАСОВ, медицина ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, мен бұл жүйені қолдамаймын. Өйткені жүйенің шикілігі күн сайын алдымыздан шығып жатыр. БҰДС жүйесі тұрғындардан медициналық көмекті одан сайын алыстатты. Мәселен, қазір емханаларға тұрғылықты мекенжайың бойынша барсаң, «тіркеуің қай жерде болса, сол жердегі емханаға бар» дейді. Ал онда барсаң, олар «тұрғылықты жеріңе бар» дейді. Өйткені олардың қай-қайсысында болсын адам көбейіп кетті. Осылайша емхана таңдамақ түгіл, өзің тұратын аумақтағы емхананың көмегіне жүгіну қиын болып кетті. Істеген қызметіне қарай мемлекет тарапынан бөлінетін қаржының көлемі көбейеді дегенмен, дәл қазір емханалар үшін қалыпты жұмыс істеу мұң болып отыр. Егер бір жерің ауырып, емханаға барсаң, қажетті дәрігердің алдына кіру үшін алдын ала жазылуың керек дейді.
Ал дәрігердің қабылдауына жазылсаң, кезегің бір-бір жарым айдан кейін келеді. Оған дейін не ақылы медициналық орталықтарға жүгініп, ауруыңнан айығып кетесің, не ауруың асқынып кетеді. Сонда бұл жүйеден не пайда?! Тіпті емхананы қай уақытта таңдайтының да белгісіз. Мәселен, Алматы қаласында әр жылдың қаңтар айында бір ай мерзім ішінде «емхана таңдап үлгеру керек» дейді. Ал таңдауға барсаң, адам көп деп жолатпайды. Тіпті сол мезетте тұрғындардың мұндай құқығы жайлы хабарландыру айтылып, көпшілік құлақтандырылып та жатқан жоқ. Кеше Астана қаласында 15 қыркүйектен бастап 15 қараша аралығында тұрғындардың медициналық ұйымды еркін таңдау қағидасы аясында емхана таңдап жатқанын естідім. Жалпыға ортақ жүйенің емхана таңдайтын белгілі бір кезеңі болмағаны ма?! Алматыда таңдау құқығың қаңтарда, Астанада, жылдың аяғында... Жалпы, жүйенің аты бар, заты жоқ. Жүйенің арқасында жедел медициналық көмек алып жатқан ешкімді көргенім жоқ. Ал медициналық көмектің қолжетімділігін арттырмаса, ондай жүйеден не қайыр.
Тіпті жүйеге қатысты емхана қызметкерлерінің өзі сын айтып жатыр. Шағым айтып барсаң, «біздің мүмкіндігіміз жетпейді, жүйенің аясында тұрғындардың емхана таңдау құқығы болғанымен, бізде мүмкіндік шектеулі» деп өзіңе мұң шағады. Ал жүйе іске қосылар алдында осының барлығы неге есептелмеген? Сол секілді қаланың екінші бір шетіндегі емхананы таңдағаныңмен ауыра қалсаң, ол жердегі учаскелік дәрігерлер сені келіп тексермейді. Өйткені дәрігерлердің қаланың әр шетіндегі тұрғындарды аралап жүретін уақыты жоқ. Онда емхана таңдаудың қажеті қанша? Емханаларда оған арнайы штат та қарастырылмаған. Осы секілді жүйенің жұмыс істеу механизмінде қайшылықтар өте көп. Жүйе қоғамымызға сіңісіп кетуі үшін оның жұмыс істеу механизмі жан-жақты ескерілуі керек еді. Осының барлығы жан-жақты ескерілмегеннен кейін, жүйе бүгінгі күні сынға ұшырап отыр. Өз дәрежесінде жұмыс істеп те жатқан жоқ.
Шынын айту керек, шетелден бір жүйе көрсе, оның бізге қаншалықты лайықтылығын ескерместен, іске қосқанша асығады. Ал оның қалай жұмыс істейтінін, менталитетімізге қаншалықты сай келетінін, қоғамымызға сіңісіп кетуін, жұмыс істеу механизмін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Нәтижесінде мұндай жүйелер медицина саласын кері кетіріп, халықтан медициналық көмекті алыстатуда. Медициналық көмек қолжетімсіз болғаннан кейін, халық қазір ақылы медициналық орталықтарды жағалауға мәжбүр болып жүр. Сондықтан жан-жақты зерттелмеген жүйелердің медицина саласына енгізілуін тоқтатуымыз керек.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, «Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымының докторы, профессор:
– Жалпы, тұрғындардың емхананы өзі таңдау жүйесі – жақсы жүйе. Әңгіме оның қалай жұмыс істеуінде болып тұр. Еліміздегі мамандар жүйені түсініп, қоғамымызға бейімдеп қолдана алмай отыр. Сондықтан бұл жерде бар мәселені мамандардан іздеу керек секілді. Шетелде тиімді жұмыс істеп жатқан бұл жүйенің ұңғыл-шұңғыл тұстарын түгел зерттеп, өз елімізге бейімдейтін мамандар керек. Жалпы, жүйені жатырқап шығарып тастағаннан гөрі оны өзімізге бейімдеу жақсы нәтиже беретін секілді.