ҰБТ-ның шектік балын өсіру білім сапасын арттыра ала ма?
Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әртүрлі азаматтардың пікірімен саралайтын «Алаш айнасы» газеті мен СТВ арнасының бірлескен жобасы аясында жарық көрген бағдарламаның кезекті тақырыбы «ҰБТ-ның шектік балын өсіру білім сапасын арттыра ала ма?» деген тақырыпқа арналып отыр. Қоғамдағы орын алып жатқан кез келген мәселеден шет қалмауды көздейтін бағдарлама бұл жолы да тартысқа толы ҰБТ-ның шектік балын өсіру жайын талқыға салады. Еліміздің білім беру саласында жасалып жатқан реформалар мәселесіне бейжай қарай алмайтын мамандар да осы тақырып аясында өз ойларын ортаға салатын болады.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, ББЖ КБАРИ профессоры:
иә
– Менің мектеп мұғалімі ретінде айтарым – жыл өткен сайын біз оқушыларға қойылар талапты күшейтуіміз қажет. Өйткені білім деңгейін бірқалыпта ұстап тұру алға қарай ұмтылуды жояды. Сондықтан білім сапасын көтеру үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің шектік балын өсіріп отыруымыз қажет. Сонда оқушының да өзіне қояр талабы өсе береді. Білім көкжиегі өте шексіз.
Оқушының да жас ерекшелігіне сай білімді қабылдау деңгейі жас кезінде ерекше болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз неғұрлым білімді, жан-жақты ұрпақ тәрбиелеуге күш салғанымыз жөн. Айналып келгенде, бұл – уақыттың да талабы. Уақыт өткен сайын ғылым мен технологияның қарыштап өсіп келе жатқан заманы екенін сезініп отырмыз. Ендеше, замана көшінен қалыспай, білімді ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ҰБТ-ның шектік балын өсіріп отырудың пайдасы зор.
Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы:
жоқ
– Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Тіпті мен тестінің білім көрсеткіші бола алатынына да сенбеймін. Өйткені ол оқушының нағыз білімін көрсете алмайды. Ендеше, ҰБТ-ның шектік балын өсіріп отыру да ештеңені шешпейді. Тестілеудің қоғамымызға енгеніне қанша уақыт өтсе де, оның айналасындағы шикіліктер мен дау-дамайдың толастамауының өзі ҰБТ-ның дұрыс жүйе еместігінің айғағы болса керек.
Қазір көптеген маман тестіні жаттап айту оқушының ойлау қабілетін шектейтінін, сөз байлығын көрсете алмайтынын жиі айтуда. Әйтсе де әзірге бұған құлақ асатын адам таба алмай отырмыз. Жыл сайын ҰБТ-ның уақыты жақындағаннан бастап біз дүрліге бастаймыз. Тест біткен соң, сан түрлі қитұртқылық пен оқушының суицидіне де куә болып жатамыз. Осылайша біз білім сапасын анықтауды басынан дау-дамайы арылмаған тестке жүктеп қойдық. Бұл дұрыс емес.
«Алаш айнасы» газеті мен СТВ телеарнасының бірлескен жобасы
«Алаш айнасы» – «Ой-көкпар» бағдарламасының жазбаша нұсқасы.
Жүргізуші: Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ.
Бағдарлама ұзақтығы: 27 минут.
Эфирдегі уақыты: жұма күні сағат 22:30.
Хабар қонақтары:
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымының докторы, ББЖ КБАРИ профессоры.
Ғалия ӘМІРТАЕВА, «Ар-намыс» республикалық оқытушылар мен ұстаздар бірлестігінің төрайымы.
тартыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарлама қонақтарының ұстанымы айқындалды. Енді бағдарламамыздың «Тартыс» бөліміне өтіп, ойымызды тарқатып айтсақ. Ұлжалғас апай, жаңа қарсыласыңыз айтып өткеніндей, тестілеудің айналасында айтылып жүрген сын аз емес. Сөйте тұра, білім сапасын анықтаудың жалғыз көрсеткіші осы болғаны ма?
Ұлжалғас Есназарова:
– Халық қашан да болсын жаңадан келген жаңалықты тартыншақтап қабылдайды. Соның ішінде білім саласына келген жаңалықтың бірі – ҰБТ. Тестілеудің ерекшелігі қандай тілдегі мектеп болса да тест арқылы білімін тексеріп, тіпті мектептің қандай дәрежеде білім беріп жатқанын да анықтауға мүмкіндік туды. Тіпті тест арқылы білім сапасы жоғары жүз мектепті анықтаудың да сәті түсті. Соның ішінде өзім сабақ беретін Алматы қалалық №138 қазақ гимназиясы да осы жүздіктің ішіне енді. Тест балаға ғана емес, ұстазға да жауапкершілік артты. Мәселен, ұстаздар бұрынғыдай емес, білім сапасы жоғары мектептердің қатарына ену үшін тырысатын болды. Сондықтан біз ҰБТ-дан қашпауымыз керек. Қайта айтылып жүрген кемшіліктердің жойылып, ҰБТ-ны нағыз білім көрсеткішіне айналдыруға тырысуымыз қажет. Қазір министрлік тарапынан да осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Білім және ғылым министрлігіне Бақытжан Тұрсынұлы министр болып келгелі ұстаздардың білімін жетілдіруге күш салып, сол арқылы баланың тестімен ғана қаруланған ұрпақ болып қалыптаспауын қамтамасыз етуде. «Өрлеу» акционерлік қоғамына қарасты Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институт ашылды. Ол жерге шетелдің озық университеттерінен ұстаздар келіп сабақ беруде. Осы орайда біз білім саласына еніп жатқан инновациялық үрдістерге қарсы болмауымыз керек.
Ғалия Әміртаева:
– Тестілеу білім сапасының көрсеткіші емес, тек шенеуніктердің есеп беруіне арналған өзара бақталастық құралына айналды. Тест баланың ішкі дүниесін аша алмайды. Сұрақ пен жауабын жаттап алған оқушы білімнің тереңіне үңілмей, мамандық таңдауға ұмтылуда. Біз дәл қазіргі таңда тестіні баланың білім сапасын тексеруден бұрын мектептер арасындағы өзара жарысқа, аудан мен облыстар арасындағы сайысқа айналдырып алдық. Соның жолында баланың білімін анықтаудан бұрын қандай жолмен болсын неғұрлым көп балл жинатып, мектеп намысын, аудан абыройын, облыс даңқын арттыруды мақсат тұтып алдық. Ал осындай жағдайда біз тест – білім сапасының көрсеткіші деп айта аламыз ба?!
Жүргізуші:
– Ұлжалғас апай, біз алғаш тестілеуді енгізгенімізде, шектік балл 40 балл болған екен. Одан кейін бірте-бірте өсіре келіп, енді ұлттық университеттердің деңгейін көтеру үшін шектік балды 70 балға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда бұл көрсеткіш балаларға тым ауыр тимей ме? Оқушы 11-сыныпта терең білім алуды емес, 70 балдық көрсеткіштен асуды ғана мақсат тұтып кетпей ме?
Ұлжалғас Есназарова:
– Жоқ, ондай болмайды. Қазір біздің оқытқан балаларымыз шекара асып шетелдерге білім алуға аттанып жатыр. Егер біз берген білімнің сапасы төмен болса, олар шетел асып білім алуға аттанбас еді ғой. Мәселен, Америкадағы Гарвард университеті, Стенфорд, Англиядағы Кембридж, Оксфорд университетінің, Түркиядағы Анкара университеттерінің барлығы – әлем мойындаған оқу орындары. Бұл оқу орындарына түсу үшін ақшаң болуы шарт емес. Бірақ білімді болуға міндеттісің. Түркиядағы инженерлер дайындайтын Билкент университетіне 90 балдан жоғары балл алған балалар ғана өтеді. Аталмыш ЖОО Түркияға білімді, ең таңдаулы, беткеұстар мамандарды дайындап беріп отыр. Осы орайда ата-аналар да, оқушылар да жақсы оқыса, жоғары балл алатынын, жоғары балл алса ғана ең таңдаулы оқу орнына түсетінін түсінуі керек. Ал оқи алмаса, орта кәсіптік білім алып, еңбек етсін. Білімі орта кәсіптік білім алуға да жетпегендер қара жұмыс істесін. Осылайша біз жастардың білімді болуына бәсекелестік тудыруымыз керек. Бұл – заман талабы. Егер осы жүйені қалыптастыра алсақ, білімді мамандардың өздігінен жіктелуіне мүмкіндік туар еді. ЖОО-ның қолжетімді болғаны соншалық, соңғы кездері кәсіптік техникумдарды бітірген мамандардың жетіспеушілігіне ұшырап отырмыз. Сондықтан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің мәртебесін көтеру үшін тіпті 90 балдан төмен жинаған жастардың құжаттарын қабылдамауы керек.
Жүргізуші:
– Шынымен, біздің елімізде жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың қатары өте көп екен. Мәселен, Қазақстанда 10000 адамға шаққанда 377 студенттен келсе, Америкада 10000 адамға шаққанда 200 студенттен келетін көрінеді. Байқасақ, біздегі студенттердің саны Америкадағыдан екі еседей көп екен. Осы орайда, Ғалия ханым, бәлкім, бізге де кім көрінгенді оқыта бермей, шектік балды өсіріп, жоғары балл алғандарды ғана оқыту керек шығар?
Ғалия Әміртаева:
– Сіз Гарвард, Кембридж университеттеріне балаларымыз түсіп жатыр деп айтып отырсыз. Мен оларды да зерттеп көргенмін. Олар бізден баратын жастардың 10-11-сыныптағы оқу үлгерімдерінің көрсеткішін ала отырып, өз талаптарына қарай қабылдайды. Ал біз балалар қалаған-қаламағанына қарамай, жаппай тестілеп жатырмыз. Тіпті балалардың шамасының, қабілетінің жеткен-жетпегеніне де қарамай отырмыз. Осылайша біз баланың құқын шектейміз. Негізі, бала оқу орнына құжат тапсыратын-тапсырмайтынын өзі білуі қажет. Біз оларды міндеттемеуіміз керек. Ал ҰБТ арқылы біз еріксіз жоғары оқу орнына итермелеп жатырмыз. Бала алдымен аттестатын алсын. Содан кейін не қалайтынын баланың өзі шешуі тиіс. Жыл сайын шектік балды өсіріп, балалар да жоғары балл жинаудан өзара жарысқа түсіп жатыр. Жоғары балл жинай алмағандары өзіне қол жұмсауға дейін баруда. Екіншіден, тест тапсыруға жыл сайын бөлінетін қаржы білім саласына бөлінетін қаржының елеулі бөлігін иемденуде. Басынан дау арылмай тұрған тестіге сонша қаржы бөлудің қажеттілігі бар ма? Үшіншіден, тест осы саладағы жемқорлықты одан сайын асқындырып жіберді. Бұған жыл сайын әр аудандарда орын алып жатқан жайттар мысал бола алады. Бесіншіден, тест әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі дейміз. Бірақ алдымен біздің қоғамның дамыған елдердің тәжірибесіне енгізуге дайындығы жететін-жетпейтінін анықтап алуымыз керек еді. Сондай-ақ балалардың ойлау қабілетін де шектеп, тек жаттауға үйреткен тестіні алмастыратын басқа жүйе ойлап табудың орнына жыл сайын шектік балын ұлғайтып, одан сайын балаларға ауырлық түсіріп отырғанымызды түсінетін кез жеткен секілді.
Жүргізуші:
– Ұлжалғас ханым, жаңа Ғалия ханым мысал келтіріп өткеніндей, аудан, облыс деңгейiндегі бәсекеге айналдырғаннан кейін ұстаздар да оқушылары жоғары балл алу үшін өзара жарысқа түсіп отыр. Осы орайда жалған жоғары балдар, керісінше Ұлттық университеттердің деңгейін түсіріп жібермей ме?
Ұлжалғас Есназарова:
– Ғалия ханымның келтірген дәйектемелерімен келіспеймін. Оқушылардың ауызекі тілде сөйлеу қабілетін шектейді дейді. Оқушылар – 11 жыл бойына мектептегі оқу жоспары мен бағдарламасына сәйкес шығармасын жазып, түсінігін айтып, ғылыми жобаларын қорғап жүрген балалар. Олардың сөйлеуіне ешкім кедергі болып жатқан жоқ. Тест тек жылдың аяғында бір мәрте білімін ғана тексереді.
сайыс бөлімі
Жүргізуші:
– Бағдарламамыздың үшінші бөлімі «Сайыс» деп аталады. Осы тақырып бойынша студия қонақтары өзара сұрақ-жауап алмасады.
Ұлжалғас Есназарова:
– Сіздің ойыңызша, тестілеудің ешқандай пайдасы жоқ па? Бүгінде көптеген елдің тәжірибесінде бар тестілеуге неге сонша қарсысыз?
Ғалия Әміртаева:
– Тест бүгінде бүкіл қоғамның проблемасына айналуда. Төмен балл алмас үшін облыстық білім басқармалары аудандық білім бөлімдерін қысады. Ал олар – мектептерді, мектеп директорлары – ұстаздарды, ұстаздар баланы қысымға алып, өзара бәсекелестік құралына айналдырып алды. Тіпті жоғары балл алған мектептің директорларын облыс әкімдерінің марапаттап жатқанын да естіп жатырмыз. Бұл мүлдем дұрыс емес. Осы орайда сіз аттестат алу мен ЖОО-ға түсу жүйесін біріктірген ҰБТ-ны қаншалықты қолдайсыз?
Ұлжалғас Есназарова:
– Сіз бұл жерде дұрыс түсінбей отырсыз. Мектепте ЖОО-ға түскісі келмеген оқушы мектепте емтихан тапсырып, аттестат ала береді. Балалар екі қайтара тест тапсырмауы үшін бір жолғы сынақпен аттестат алып, оқуға түсуге арналған сертификатқа да қол жеткізу – үлкен мүмкіндік.
ойтүйін
Жүргізуші:
– Соңғы бөлім «Ойтүйін» деп аталады. Бұл бөлімде екеуіңізге де қойылар сұрақ ортақ. Қарсыласыңыздың ойынан не түйдіңіз және оның ұстанымына өтіп кеткен жоқсыз ба?
Ұлжалғас Есназарова:
– Ойды ой қозғайды. Әрине, қарсыласымның пікірін сыйлаймын, бірақ өз пікірімде қаламын. Шектік балды өсіру арқылы біз білім саласына қойылар жауапкершілікті ұлғайта беруіміз керек.
Ғалия Әміртаева:
– Менің шырылдап отырғаным, қоғамымызға сай нақты білім көрсеткішін анықтап бере алатындай жүйе болса екен деген ой. Сондықтан балаларға психологиялық тұрғыдан ауыр тиетін тәжірибелерден аулақ болсақ екен. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге енді жолдама алайын деп тұрған балаларымыздың сағын сындырып алмасақ екен.
Жүргізуші:
– Қоғамдық мәселелерді көтеріп, оларды халық арасында талқылау, сол арқылы қоғамдық пікір қалыптастыру – біздің міндет, ал шешім қабылдау – ресми органдардың еншісінде.