Ұлттық драматургиямыз әлемдік классикалық дүниелердің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?
Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері театрға қатысты мамандар ұлттық драматургиямызды қалай жандандырамыз деген сауалға жауап іздеумен келеді. Оның үстіне қазақ қоғамында театр – кенже дамыған өнер саласы. Дегенмен қазақ драматургтері мен режиссерлері соңғы уақыттарда ұлттық мазмұндағы қойылымдарға айрықша назар аударып келе жатқандығын айта кету керек. Бұған қоса бүгінде театр саласына серпін беру мақсатында мемлекет арнайы қаржы да бөліп келеді. Бірақ мақтаудан гөрі, сын-ескертпелерді көп еститін қазақ театрлары бүгінгі көрерменнің сұранысын толық қанағаттандыра алып отыр дей аламыз ба? Қазіргі кезде еліміздегі театрларда шетелдік авторлардың туындыларын сахналауға деген әуестікті кәсібилікке ұмтылыс жасау деп бағалай аламыз ба? Осыдан туатын сұрақ: ұлттық драматургиямыз әлемдік классикалық дүниелердің көлеңкесінде қалып қойған жоқ па? Бұған мамандар не дейді екен?
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
Иә
– Еліміздегі театрлар ең алдымен өзіміздің ұлттық сана-сезімімізді тәрбиелеуге жұмыс істеуі керек. Өкінішке орай, бізде белгілі бір репертуарлық саясат болмағандықтан, әр театр бұл бағытта «өзі – би, өзі – қожа» принципімен әрекет етуде. Әрине, кез келген өнер ұжымы шығармашылық еркіндікте жұмыс істеуге құқылы. Дегенмен қазақ театры қазаққа қызмет етпесе, ұлттық драматургия қайдан оңала қойсын?! Бұл жерде ұлттық идеологиялық мәселенің ұшы көрініп тұрған соң, театрларымызда айтылып, көрсетілетін дүниелердің қазақтың өз жанына таныс әрі жақын болғаны абзал. Осы мәселеде мемлекеттің өзі аса бір қызығушылық танытып отырмағандықтан, көптеген театр өзгенің дүниесіне арқа сүйейді.
Осыдан келіп «ұлттық драматургиямыз әлемдік классикалық дүниелердің көлеңкесінде қалып қойды» деген әңгімелер айтыла бастады. Біз шетелдік авторлардың туындыларын сахналауға әбден иек артып бара жатқан сияқтымыз. Себебі шетелдік пьесаны аударып, сахнаға шығару – анағұрлым оңай нәрсе. Өйткені ол шетелде сан мәрте қойылған, әлемге танылған қойылым, дайын дүние. Соны сәл толықтырып, алып шығу қиын емес. Ал сол шетелдерде біздің пьесалар қаншалықты мойындалып, қазақ драматургі қаншалықты бағаланады? Бұған ешкім бас қатырмайды. Мысалы, Франция театрлары шетелдік автордың пьесасын сахналау үшін арнайы рұқсат алуға тиіс. Бұл өз кезегінде оларға өздерінің драматургиясын алаңсыз насихаттауға мүмкіндік береді. Қазіргі жағдайда шетелдік шығармаларды сахналауға бізге де осы сияқты белгілі бір шектеулер қою қажет. Әйтпесе, ұлттық драматургия бірте бірте ысырыла бермек. «Классика», «классика» деп қашанғы өзеурей береміз? Өзімізді өзіміз лайықты деңгейге көтеретін кез жетті емес пе? Біз театрға адамдар көп бара бастады дейміз. Бағасы орта есеппен 300 теңге болатын арзан билет көбіне қолжетімді де болып отыр. Егер біз Еуропадағыдай, Қытайдағыдай театр билетін қымбатқа сататын болсақ, онда біз көрермендеріміздің біразын жоғалтып алатын сияқтымыз. Ал бізде шетелдегідей кассалық мол пайда түсіретін қойылымдар жоқтың қасы. Кейінгі жас қаламгерлер де драматургияға батыл бара бермейді. Бұрынғы кезде пьесалар арнайы репертуарлық коллегияның сараптамасы мен сүзгісінен өтіп барып қана театрларға берілетін. Сонымен қатар, қазір бізде жаңа жазылған драмалық шығармаларды қабылдау жүйесі де ала-құла. Бұл ретте шынайы таланттың еңбегін ескеруден гөрі, таныс-тамырлықпен мәселе шешу белең алып барады. Бүгінгі күні Мәдениет министрлігінің жанынан болмаса да, облыстық мәдениет басқармаларының жанынан тәуелсіз сарапшылар алқасын құруға болады ғой. Егер де осындай сараптамалық комиссия жұмыс істейтін болса, оның құрамына негізінен театр сыншылары енгізілу керек. Тағы бір айта кететін мәселе, қазір кейбір театр басшылары өздері автор, өздері аудармашы, өздері режиссер болып алды. Келесі бір жайт – мықты драмалық туындылар шықпай жатқандықтан, аударма пьесалардың көбейіп кетуі. Бұл драматург атанудың тағы бір оңай жолына айнала бастады. Осылайша, шетелдік дүниелер қазақтың сахнасын бірте-бірте жаулап барады. Әрине, классикадан мүлде бас тарта алмаймыз. Десек те, қазақы дүниелердің салмағы басым болуы тиіс. Еліміздегі мәдениет туралы заңның «репертуарлық саясатты әр театр өзі жүргізеді» дегенге саятын тұстары бар. Ұлттық драматургияға жан бітіру үшін осындай мәселелерді қайта қарау керек.
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, мәдениеттанушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
Жоқ
– Қазіргі біздің театрларымызда ұлттық сипаттағы шығармалардың молынан сахналанып жатқанын байқамау, көрмеу мүмкін емес. Әсіресе соңғы жылдары қазақ драматургтерінің пьесалары сахнадан жиі көрініс таба бастады. Ал баз біреулер айтып жүргендей, қазақ драматургиясы шетелдің классикалық дүниелерінің көлеңкесінде қалып қойды деген пікірлермен келіспеймін. Қазақ сахнасында ұлттық қойылымдарымызбен қатар, әлемге әйгілі шетелдік драматургтердің туындылары да сахналанып келеді. Бұл – әлем театрларына ортақ үрдіс. Егер де тек қана өзіміздің драматургиямызбен шектеліп қалатын болсақ, онда біздің аямыз тарылып, өспей қалар едік. Мұнымен қоса бүгінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды алыптарымыздың классикалық шығармалары да көп қойылады.
Заманауи драматургия да сахналанбай жатқан жоқ. Сондықтан да шетелдің классикасы бізге көлеңкесін түсіріп отыр деу жаңсақтық болар еді. Түптеп келгенде, шетелдік болсын, өзіміздің драматург болсын, оның шығармасында бүгінгі күнмен сабақтасып жататын бір тың идеялар бар болса, қазіргі адамдарға айтары бар болса, неге сахналамасқа?! Анығын айтсақ, әлем мойындаған талғамы биік туындыларды сахналау арқылы, қазақ театрлары өздерінің деңгейлерін көтеріп отырады. Өзгеден үйреніп, сабақ алу, озықтармен тәжірибе алмасу ешқашан артықтық еткен емес. Кейінгі кездері қазақ театрлары көптеген халықаралық фестивальдарда өздерін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Қазақ көрермені де бұрынғыдай емес, театрға бет бұра бастады. Осындай тенденциялар біздің қоғамда орын ала бастаған кезеңде «бізде анау жоқ, бізде мынау жоқ» деп, мәселенің байыбына бармай жатып, байбалам салу да қажет емес.
Қалай десек те, театр бір орталыққа бағынатын, белгілі біреулердің бақылау аясындағы ресми мекеме емес. Әр театр – өнер ордасы, шығармашылық ойдың бір ошағы болғандықтан, бір-бірінен өзгешеленіп тұруы керек. Олардың репертуарлары да әртүрлі болуға тиіс. Себебі көрермен талғамы да әр деңгейлі.
Бейтарап пікір
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ, жазушы, аудармашы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Театр репертуарына қатысты мәселелер қашаннан түрлі пікірталастардың өзегі болып келеді. Бұл ретте бір жақты шешім қабылдау қиын. Қазір қазақ театрларының әрқайсысы репертуарлық саясатын өздері жүргізіп отырады. Оларға ешкім «ананы қой, мынаны қойма» деп бұйрық бере алмайды. Дей тұрғанмен, бүгінде театрларымыздың төңірегінде айтылып жүрген проблемалар аз емес. Көрерменнің бір бөлігі: «Бізде шетелдік қойылымдар көбейіп кетті», – десе, енді біреулері керісінше: «Өзіміздің ұлттық дүниелерге сахнадан кең орын беріле бастады», – дейді. Әрине, талғамға талас жоқ. Қандай театр болмасын, әлемнің озық классикалық шығармаларын сахна төріне шығармай тұра алмайды. Бұл – жақсы құбылыс. Бұл ретте ұлттық драматургия шетелдік мықты қойылымдардың көлеңкесінде қалып қоймас үшін, өзінен-өзі-ақ биік деңгейге жетуге талпына түспек. Өзімізді-өзіміз қызықтап жүре берсек, өзімізді таныта алмас едік.