Ұлттық құрамаға шақырылған легионерлер командамызды күшейте алды ма?
Соңғы кезде Қазақстан ұлттық құрамасында легионерлердің саны көбейіп барады. Алғашында ресейлік қақпашы Андрей Сидельников пен қорғаушы Михаил Рожковты қазақыландырсақ, іле-шала Германиядан Сергей Каримов пен Генрих Шмидтгальды алдырттық. Бұлар да аз болып, кезінде Израильге көшіп кеткен Марк Гурманды қайта шақыртып алдық. Ақыр соңында Ресейден қорғаушы Алексей Попов пен жартылай қорғаушы Қазбек Гетериевті тарттық. Әрине, Қазақстан футбол федерациясының мақсаты біреу, ол – ұлттық құрамамыздың ойын өрнегін күшейту. Дегенмен аталмыш легионерлер ұлттық құрамамыздың ойынын күшейте алды ма? Міне, бар мәселе осында. Осы орайда мамандарымызды «Ой-көкпарға» тартып көрген едік.
Бернд Шторк, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
Иә
– Осыдан біраз уақыт бұрын Ресей премьер-лигасының клубтарында өнер көрсететін Алексей Попов пен Қабек Гетериев Қазақстан футбол федерациясына хабарласып, ұлттық құрамамызда ойнауға ниеттерін білдіріпті. Сосын федерация мені бұл жайында хабардар етті. Мен, олардың ойынын өз көзіммен көрмейінше құрамаға қабылдай алмайтынымды айтқанмын. Бейнетаспалары арқылы екеуінің де ойындарын көріп шықтым. Бір ғана бейнетаспаларын емес, бірнешеуін қарап шықтым. Екеуі де көңілімнен шықты. Ұлттық құрамаға лайық екеніне көз жеткізген соң ғана командаға алдым. Германиядан келген футболшылар да осындай тәртіп бойынша ұлттық құрамаға алынған болатын.
Сидельников жайлы айтар болсам, соңғы кездері бұл қақпашы кәсіби тұрғыда жетіліп келеді. Өз бабын жетілдіру мақсатында көп жұмыс істейтіні көрініп тұр. Өкінішке қарай, жарақатына байланысты Германияның бундес-лигасында өнер көрсететін қорғаушымыз Сергей Каримов Қазақстанға келе алмады. Есесіне, Генрих Шмидтгаль ойынын көре алдық. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, сол қапталда өнер көрсеткен бұл легионер қорғаушымыз Александр Кировпен оп-оңай тіл табыса алды. Жалпы, Попов пен Шмидтгаль ұлттық құрамадағы өзге ойыншылармен бірге төрт-ақ күн жаттыққандарына қарамастан, командаға оңай сіңісіп кетті. Алексей өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көрінді. Сәт сайын әріптестеріне жәрдемге келіп, оларға қай кезде қандай қимыл жасау керек екенін айтып отырды. Бірінші ойын үшін екеуі де жоғары баға алды. Ал Михаил Рожковты баяғыдан білесіздер. Ол өзінің өте жоғары деңгейдегі қорғаушы екенін бұрыннан дәлелдеген. Жалпы, өз басым, ұлттық құраманың сапына алынған легионерлерге толық көңілім толады. Және де футболшыларымның барлығына да зор сенім артамын.
Құралбек ОРДАБАЕВ, футбол ардагері, Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы президенті:
Жоқ
– Біздің өзімізде де дарынды футболшылар жетерлік. Смақов, Тілешев, Нұрдәулетов сынды ойыншылардың ешқайсысы Попов, Рожков, Шмидгаль секілді келімсектерден кем емес. Мәселен, Попов немесе Рожков сияқты легионерлердің орнына Смақовты қойғанда, Самат олардан он есе артық ойнайтын еді. Себебі, Смақов Қазақстан футболын жақсы біледі. Оның үстіне, футболшылардың арасында беделі зор. Ал шеттен келген келімсектерге қазақтың тек ақшасы ғана керек. Сондай-ақ кейін «ұлттық құрамада ойнадым» деген атақ үшін ғана Қазақстанның азаматтығын алып жүр. Олар қазақ футболы, қазақтың намысы, ұлттық құрама деп қам жеп жатқан жоқ. Оларға бәрібір. Мәселен, бірінші таймнан кейін үзіліске шығып бара жатқанда солардың түрін байқадыңыз ба? Өзіміздің Жұмасқалиев, Нұрғалиев сынды саңлақтарымыз уайыммен кетіп бара жатса, Попов, Сидельников, Шмидтгальдарың түк болмағандай алаңнан шығып бара жатты.
Жанкүйерлерге жандары ашып тұрған жоқ. Мықты болса, өз елдерінің ұлттық құрамаларында ойнамай ма?! Демек, әлгілер – өз елдерінде мүлдем есепке алынбайтын ойыншылар. Мәселен, қақпашы ретінде мен «үш голда да Сидельниковтің кінәсі бар» дер едім. Біріншісінде Сидельников қақпаны жоғалтып алған болса, екіншісінде қорғаушыларына Хамит Алтынтопты жабуға нұсқау бермеді. Оның үстіне доп дәл төбесінен ұшты. Ал үшінші голда түрік футболшысы оны жас балаша алдап өтті. Қақпашы деген сондай бола ма? Менің түсінбейтінім, кейбіреулер бес жылдап, тіпті он жылдап Қазақстанның азаматтығын ала алмай жүргенде, бұлар қалайша екі күннің ішінде еліміздің азаматы болып шыға келді. Меніңше, мұның барлығын істеп, басқарып отырған – ҚФФ-ның өздері. Шторктың бұл жерде қатысы аз. Мәселен, осыдан біраз бұрын федерацияның бас хатшысы Саян Хамитжанов: «Біз Шторктың жұмысына араласпаймыз. Ол өзіне керек ойыншыларды алады», – деген болатын. Ал өткенде Бернд Шторк «Жетінші арнаға»: «Мен мүлдем білген жоқпын. Маған федерация екі футболшыны ұсынды. Мен олардың ойынын бейнетаспадан көрдім. Бейнетаспадан байқағаным, олар ұлттық құрамаға лайық. Сондықтан мен оларды алдым», – деп сұхбат берді. Демек, бұл жерде – легионерлерді ұлттық құрамаға федерацияның өзі тықпалап отыр деген сөз. Жалпы, мен өзім федерацияның ұлттық құрамаға легионерлер тарту саясатына Қазақстан футболшыларына жасаған қиянаты деп баға беремін. Шеттен келімсектер шақыру арқылы федерация өз отандастарымызды, өз ойыншыларымызды мазақ қылып отыр. Олар өзіміздің жігіттерді мүлдем есепке алып жатқан жоқ.
Түйін
Әлбетте, ұлттық құрамамыздың ойын өрнегін күшейте алар легионерлер болса жақсы ғой. Дегенмен, шыны керек, дәл қазіргі келімсектеріміз ұлттық құрамамыздың ойынына еш серпін беріп жатқан жоқ секілді. Қай-қайсысын болмасын, өзіміздің де ойыншыларымыз алмастыра алатынына Түркиямен болған кездесуде толық көзіміз жетті. Демек, Құралбек ағамыз айтпақшы, бұл легионерлеріміздің орнында өз отандастарымыздың өнер көрсеткендері әлдеқайда артық еді. Шеттен келген келімсектерге жұмсаған қаржыға өзіміздің жасөспірімдер футболын дамытқанымыз дұрыс болар ма еді. Дегенмен, кім білсін, бәлкім, Германия, Ресей, Израильден келген келімсектер түбінде ұлттық құрамамызды әлемдік аренаға алып шығатын шығар. Дегенмен, бұған жанкүйерлер де сене алмайды, біз де сеніңкіремейміз.