Халық емшілерінен халыққа тиер пайда бар ма?
Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Осындай жан қысылған кезде әркім әрқалай емделеді. Біріміз тәуіп-емшілерге қаралсақ, енді біріміз дәрігерлерге барамыз. Алайда халық арасында емші, бақсы-балгер, құмалақшы, көріпкел дегендерге сенім аз. Осы ретте халық емшілеріне сенуге бола ма, жалпы олардың халық денсаулығына тигізер пайдасы бар ма? Бүгінгі ой-көкпарымыз осы негізде болмақ.
Құмарбек ЖҰҚАЕВ, «Қазақстанның алтын жұлдызды емшісі» медалінің иегері:
Иә
– Халық емшісі деген – ол тылсым күштің иесі деген сөз. Алайда қазіргі кезде біздерге жұртшылықтың сенімі азайды. Себебі кеңес заманындағы идеология тылсым күшке, аруақтарға сенуге тыйым салды. Осының салдарынан халықтың емшілерге деген көзқарасы өзгерді. Әлі де сол жүйеден құтыла қойған жоқпыз.
Негізі, тәуіптерді медбике деп қарастыруымыз керек те, ал емшілерді кәсіби дәрігер деуіміз керек. Әйтпесе, қазір неше түрлі тәуіптер бар ауыл-ауылдарда. Олардың барлығы халықты емдейді дегенге сену қиын. Біреулер мұны ақша табу көзіне айналдырып алған. Сондықтан халықтың бізге деген сенімі азаяды. Қазір дәрігерлеріміз де емшілерді көп қолдай бермейді. Олар науқасты емдей алмаса да, қолынан келмесе де, өздері реттегісі келеді. Мәселен, бүйрегі ауырса, оны кесіп тастай салады. Тамағы іссе де, кесуге дайын тұрады.
Алла тағала әр нәрсені өз орнымен жаратқан. Оны кесіп, не болмаса орнына басқанікін сала салу жақсылыққа әкелмейді. Мұның арты сырқаттың басқа мүшелеріне зақым келтіруі ғажап емес. Мұндай жағдайда халық емшілеріне жіберулері керек. Біз оларды энергия арқылы дәрілік шөптермен емдейміз. Осы тұста дәрігерлер мен емшілер бірігіп жұмыс істесе, емханалардың ішінен емшілерге арнайы кеңселер ашылса, халық екі жаққа да келіп, ем алса, бұдан халқымызға жақсы болар еді. Алайда кейбір дәрігерлер қу құлқынның қамын ойлап, науқасты бізге жібергілері келмейді. Әйтпесе, екеуінің де мақсаты — ауруды емдеу. Сонымен қатар билік басында отырған шенеуніктердің де емшілерге деген көзқарасы басқаша. Осы ретте неге барлық емшілердің басын қосып, бір орталыққа жинамасқа? Сонда кімнің шын, кімнің өтірік емші екені білініп қалады. Бізде емшілердің басын қосуға шенеуніктер құлықты емес. Көпшілігі сенгісі келмейді. Алаяқ деп ойлайды. Алайда алаяқтар дәрігерлердің ішінде де жетеді. Ем жасаймын деп ақша алып, соңы өкінішпен аяқталып жатқан оқиғаларды талай көріп жүрміз ғой. Оның үстіне қазір дәрігерлер алты-жеті жыл оқып, табақтай диплом алып шыққанмен де, адамның көңіліне, жанына қонатын сөздерді айта бермейді. Олар тек қана анализді алады да, диагнозды қояды. Тіпті кейде ауруханада жатқан адамдар 24 сағат бойы дәрігерді көрмеуі мүмкін. Ал сырқат сол екі ортада ауруымен арпалысып жатады. Одан кейін дәрігерлерге де сенім азаяды. Ал емшілер олай жасамайды. Ең бірінші сырқатты толық жазылып кетуге иландыру керек. Адам өзіне сенімді болса, ол қандай да бір қиын ауру болса да, айығып кетуге негіз бар. Былайша айтқанда, емшілік психологияны жақсы меңгерген жөн. Келген адамды жылы сөзбен қарсы алып, жазылып кетуге сендіру керек. Адамның ішкі сезімі емделуге дайын болса, ол түбінде жақсы болады.
Қазір Қазақстандағы емшілердің жалпы саны белгісіз. Мен сізге айтайын, оның барлығы мықты емші емес. Емші деген миллионнан біреу туылады. Елімізде 16 миллион халық тұрса, соның көп болса он шақтысы ғана – жақсы емші. Ал оның ішінде таза қазақтар төрт-бесеу-ақ. Академиктер, ғалымдар, неше түрлі жоғары білімі бар емшілер ғана кәсіби емші бола алады. Сондықтан да емшілердің жан-жануар майларымен, тибеттік медицинамен және басқа да ғылыми-танымдық жағынан емдейтін істерін жоққа шығаруға болмайды.
Әбдуәли МӘМЕДІЛ, психолог:
Жоқ
– Емшілерге сену қиын. Жалпы, емші алдына келген адамның психикасын өзіне пайдаланып, былайша айтқанда, өзін Құдай жасайды. Мен бұл мәселені бала кезден зерттеп келемін. Кезінде небір өзенді теріс айналдырған молда, бақсылар туралы көп естідік. Осыны зерттеу үшін мен жастайымнан бақсы, тәуіптерге көп бардым. Сол арқылы психологияны оқып, осы салаға келдім. Енді қазір көп нәрсені түсіндім. Айналып келгенде, бұлардың барлығы – алдау, арбау. Бұған дейін жұрт Кашпировскийге сенді, сол кездері Ақ әулие, Сары әулие, Қоңыр әулие дегендер қаптап кетті. Солардың барлығы қазір қайда? Егер шын мәнінде олар соншалықты күшті болса, неге халықтың барлығын жазып жібермеді? Неге қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күнді орнатпады? Өйткені бәрі – алдау, ақша табу. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін халық арасында соларға сенушілік басым. Тіпті, мына дағдарыс адамның жан дүниесіне зор ықпал етіп, күйзеліске ұшыратып, тығырыққа тіреуде.
Демек, көпшіліктің психикасы өте әлсіз. Кез келген адам сырттан мықты нәрсе іздеп тұрады. Рухани көмектесетін, ақыл айтатын, пана болатын образды іздейді. Ал осы образды бақсы, балгер, көріпкелдер жақсы ойнайды. Сосын адам алданады. Шын мәнісінде, адам өзіне-өзі ғана көмектесе алады.
Мұны қарапайым тұрғыдан түсіндірсек, көшеден жас бала жылап келсе, үйде отырған ата-анасы оған «не болды» деп безек қағады. Ал бала «құлап қалдым» немесе «соғып кетті» деп өзінің қайғысын айтса, әке-шеше, әжелер «сүф-сүф» деп үшкіріп қояды. Соған бала қанағаттанады. «Менің көз жасымды көрді, ауырған жерімді сипады» деп іштей қалпына келеді. Психологиялық ауытқу кезінде үлкен адамдарда да тура осындай процесс жүреді. Мысалы, күйеуге шыға алмай жүрген қыз іштей күйзеліп жүрсе, оны балгерлер: «Мынадай ақша берсең, жолыңды ашып беремін, сонда мына уақытта бағың ашылады», – деп адамды өзіне тартады. Қазақта «жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар. Қыз әлгі сөзді естіп, соған қанағаттанғаннан кейін адамдарға деген көзқарасы басқаша болады. Өмірге деген құлшынысы артады. Бұл жерде емшілердің пайдасы – осы, бірақ зиянды жағы да осы жерде. Өйткені осыдан кейін оның психикасы емшіге тәуелді болып қалады. Демек, эксплуатация жасайды. Сол қыз бір адамды кездестірді дейік, бірақ одан кейін онда «менің жолымды ашатын, мені бақытты ететін осы емші ғана екен» деген ұғым пайда болады. Бүкіл тағдырын, өмірін емшімен байланыстырып отырады. Яғни емшінің ақ дегені – алғыс, қара дегені қарғыс болады. Бұл жеке адамның психикасына қол сұғу болып табылады. Бұдан шығатын амал – ол кәсіби психология. Демек, біздегі кәсіби психологияны дамыту керек. Біз психологияның психотерапиялық әдісі – психоанализбен айналысамыз. Бұл әдіс адамның жан дүниесіндегі өте күрделі психикалық құбылыстардың түп-төркінін зерттеп, оны талдап және адамдардың өзін-өзі тануына көмектеседі. Бірақ дәл қазіргі жағдайда Қазақстанда психологиялық қызмет көрсететін мамандар тапшы. Әсіресе, қазақтілді тәжірибелі психологтар жоқтың қасы. Осының салдарынан көпшілік адасып, бақсы-балгерлердің жетегінде жүр.
Сөз соңы:
Қалай десек те, бүгінгі ой-көкпарға қатысқан ағаларымыз әртүрлі пікірлер айтты. Әрине, халық емшілерінен пайда бар ма, жоқ па – оны таразылау әркімнің өз еркінде. Дегенмен де қазақта «тәуіптің жақсысы – ауруға ауру жамамағаны» деген сөз бар. Сондықтан да «бірінші байлық – денсаулық» демекші, емшіге де, дәрігерге де күніміз түспесін деп тілейік!