Жалған куәгерлік үшін 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыру туралы ұсыныспен келісесіз бе?
Болашақта сот-тергеу органдарына жалған ақпарат бергендер 13 жылға бас бостандығынан айырылады. Бұл туралы еліміздің Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлімдеп отыр. Бұған қатысты Меркель мырза: «Қылмыстық кодекстің жаңа жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексін жасау барысында жалған куәлік еткендерге қатысты жазаны ауырлаттық. Бұдан былай жалған ақпарат бергендер 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұлай етпесек, тергеу институттары мен сот органдары әжептәуір қиындықтарға тап болатын түрі бар. Бүгін бір мәлімет берген куәгер ертесіне айтқан сөздерін мойындамай жатады. Ал мұндайға ешқандай шара қолданылмай келді. Алдағы уақытта жазаны осылайша қатаңдатамыз», – деді. Осы тұста біз де нақ осы сауал төңірегінде мамандардың пікірін білуді жөн көріп, жалған куәгерлік үшін 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыру дұрыстығын немесе бұрыстығын мамандардың ой-талқысына салдық.
Өмірәлі ҚОПАБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
иә
– Өз басым мұны қолдаймын. Бізге бұл қажет. Қазірде біздің қоғамда тергеу ісі барысында жалған куәгерлік ету арқылы «әділдікке» қол жеткізіп жүргендердің саны басым болып барады. Жалпы, сотта жалған куәгерлік еткені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, жалған куәгер қоғамдық немесе түзету жұмыстарына тартылған сәтте оған қолданар жаза 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі немесе екі еңбекақы мөлшеріндегі айыппұл түрінде болуы мүмкін. Басқа жағдайларда бір жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылады.
Егер жалған куәгер әлдебір тұлғаны «сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады» деп айыптаған болса және бұл айыптаудың жалған екендігі анықталса, онда жаңағы жалған куәгер үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылу жазасымен жазалануы мүмкін. Жалған куәлік еткенін сот үкім шығарғанға дейін өз еркімен мойындаса, куәгер қылмыстық жауапкершіліктен босатылып та жүр. Енді Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгертулерге сәйкес, жалған куәгерлерге тағылатын айыптың мөлшері салмақтанды. Болашақта жалған куәлік еткені үшін 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ғажап емес. Себебі қазірде тіпті мемлекеттік маңызы бар тергеу істерінде жалған куәгер болып жататындар баршылық. Сондықтан мұндай сәттерде қатаңдық танытып, салмақты шешім қабылдау қажет деп ойлаймын. Жалпы, қылмыстық құқықта – сотта, алдын ала тергеу немесе алдын ала анықтау ісін жүргізуде куәнің немесе жәбірленушінің айғақтарды әдейі жасыруы, шындықты, оқиғаны саналы түрде бұрмалауы – өте ауыр қылмыс. Оның қауіптілігі: жалған куәгер салдарынан кінәсіз адамның сотталуы; нағыз қоғамға қауіпті қылмыскердің ақталуы орын алады. Сарапшының көпе-көрінеу жалған қорытындысы, куәгердің қасақана жалған ақпарат беруі адамның тағдырына тікелей әсер етеді. Ақиқаттың бұрмалануынан нақақтан-нақақ таза адамның күйіп кетуі – қазірде біздің қоғамда жиі кездесетін жайт. Сондықтан шындық қасақана бұрмаланған жағдайда оған артылар жазаның да ауыр болғаны абзал. Ендеше, мұны неге қолдамасқа? Өз басым айтылып отырған ұсынысты қолдаймын. Мұны дұрыс шешім деп қабылдаймын.
Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, сарапшы-маман:
жоқ
– Меніңше, жалған куәгерлік еткені үшін 13 жылға бірден бас бостандығынан айыру – өте ауыр шешім. Сондықтан «мұны қолдаудың қажеті жоқ» деп ойлаймын. Бізде жалған куәгерлік фактілерін қойып, қыз зорлау, айуандықпен кісі өлтіру, жасөспірімдерді қорлау, қасақана кісі өлтіру фактілеріне кейде жеңіл жаза беріліп жатады. Бұл – шындық. Тіпті кейде қоғамға шын қауіпті қылмыскердің өзі жазаланғанда оны бас бостандығынан айыру жазасы бес-алты жылдың көлемінен аспай қалады. Осындайда жалған куәгерлік еткені үшін 13 жылға бас бостандығынан айыру өте ауыр.
Сондықтан мұны қолдамаймын. Әрине, бұдан «жалған куәгерлік ете берсін, артынан ол жазасыз қала ма» деген ой туындамауы керек. Жалған куәгерлік еткені үшін бір жылға бас бостандығынан айыру, әкімшілік жоғары айыппұл салу дұрыс. Бірақ жоғарыда айтылғандай, 13 жылдық кесімді жаза тағайындауды өз басым қолдамаймын. Егер біз болашақта елде жалған куәгерлердің қатары азайсын десек, біз заңның орындалуын қатаң бақылауға алуымыз керек. Бұл жерде ескерілетін дүние – халық өз мүддесін өзі қорғауды үйренуі керек. Халықтың заңдық сауаттылығы, өз ойын жеткізуде белсенді болуы, өзіне, өз мүддесіне керек дүниені талап ете білуі бізде кемшін. Абзалында, өзге дамушы және дамыған мемлекеттер қандай да бір мәселені шешу үшін, ойластыру үшін тек қана заңға жүгінеді. Дамыған елдерде заңсыздыққа жол беру, мәселені шешерде ағайын-туыс, тамыр-танысын іздеу немесе жалған куәгер іздеу деген мүлде жоқ. Өйткені ол елдердің халқы заңдық тұрғыдан сауатты. Заңның аясында жұмыс істеуді өзге елдің халқы жақсы біледі. Ал біздің бұқара «тамыр-таныс іздеу арқылы, жалған куәгерлерді іске тарту арқылы діттеген жеріне сөзімізді өткіземіз» деп ойласа, онда қателеседі. Бұл жерде әр мәселені тиісті жеріне жеткізіп, өз мүддесін қорғап шығуы үшін халыққа заңдық сауаттылық қажет. Заңдық сауатсыздық – үлкен індет. Заңды білмеген адам еш уақытта өзін-өзі қорғай алмайды. Заңды білмеген соң қазақ пара береді, қылмыс жасайды, артынан сол қылмыстан басын ақтап алу үшін жалған куәгер іздейді. Егер біз өркениетті қоғам құрамыз десек, әр қазақ Ата Заңды жастанып тұрып оқып, оны меңгеруге тырысқаны жөн. Сонда ғана халықтың тірлігі өркениеттенеді. Жалған куәгерлердің көбейіп кетуінің бір салдары сол заңдық сауатсыз болғандығымыздан. Егер заңдық сауатты болса, халық жалған куәлік етуге бармайды. Сондықтан бізге жазаны қатайтқаннан гөрі алдымен осы мәселені шешіп алған жөн. Алдымен осы мәселе шешілмей, заңды қатайтуды мен қолдамаймын. Бұл орынсыз.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Меруерт МОЛДАБАЕВА, әлеуметтанушы:
– Негізінде, қандайда бір заң жобасына немесе кодекске өзгерту енгізілер сәтте сол сала мамандарының пікіріне құлақ асқан жөн. Мәселен, АҚШ-та көп жағдайда заңдардың жобасын сенаторлар заңгер ғалымдардың көмегімен жазады. Егер сол заң қабылданса, заңның жобасына көмек берген ғалымдардың есімдерімен аталады. Мысалы, Вагнер заңы, Тафта-Хартли заңы, Смид заңы, Маккарена Вуда, Джексон Веника заңдары тек Америка көлемінде ғана қалып қойған жоқ. Оны қазір өмірінде қателескісі келмейтін адамдар кітапша ретінде пайдаланып, үнемі соған көз жүгіртіп отырады. Ал бізде мұндай жүйе жоқ қой. Біздің Парламент ондай дәрежеге әлі көтеріле қойған жоқ. Депутаттар есеп бергенде «Пәлен мың заң қабылдадық!» дейді, ал сапа туралы ауыздарын аша алмайды. Сондықтан кез келген заңға немесе кодекске енгізілген өзгерту сапалы болсын десек, алдымен сол саладағы мамандардың ой-пайымына жүгіну керек. Абзалында, жалған куәгерлікке қатысты айтар болсам, қоғамда тәртіп орнату үшін біз заңды бұзған адамды атақ-дәрежесіне қарамастан қатаң жазаға тартуды өмір талабына айналдыруымыз қажет. Мұның барлығын көріп отырған халық сонда ғана әділдіктің барына сенеді. Ендеше, заңның орындалуы үшін қатаң жаза бізге қажет деп есептеймін.