Заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізу керек пе?
ҚР Азаматтық кодексінің 1038-бабына сәйкес, банктен несие алып, өмірден озған адамның несиелік қарызы марқұмның артында қалған мұрагеріне дүние-мүлкімен бірге мұра ретінде тиесілі болады. Ал мұраға ие болу өсиет негізінде немесе заң бойынша жүзеге асырылады (1039-бап). Өсиет қалдырылмаған жағдайда мұрагерлiк заң бойынша белгіленеді. Заңға сәйкес, мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады (1061-бап). Мұраға ие болушыларға марқұмның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын мiндеттерi де яғни қарызы да қоса жүктеледі (1040-бап).
Бірақ қоғамда сол қарызды өтей алмай, кепілдікке қойған қара шаңырағынан айырылып, далада қалып жатқандар қаншама. Сондықтан «заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізу керек пе?» деген сұрақты мамандарға қоюды жөн көрдік.
Жанұзақ ӘКІМ, экономист, Еуропа ғылым академиясының академигі:
иә
– Қазіргі заңға сәйкес, банктен несие алған адам тәуекелке бел буып, өз отбасының, мүлкінің тағдырын қатерге тігеді, яғни несие алған адам көз жұмса, оның несиелік қарызын отбасы мүшелері төлеуі тиіс. Міне, осының салдарынан кей жағдайда отбасы асыраушысынан ғана айырылып қоймай, сонымен қатар қарызға белшесінен батып, тіпті баспанасынан айырылады. Осындай мәселемен бетпе-бет келген кей азаматтар өзіне-өзі қол жұмсап жатқан жағдайлар да кездесіп жатады. Сондықтан да осындай келеңсіз жағдайларды туындатпау үшін қайтыс болған адамның банктегі несиелік қарызын бала-шағасының мойнына іліп қоймай, оны кешірудің жолдарын ойластырған да дұрыс болар еді.
Мәселен, мұндай жағдайды сақтандыру жүйесі арқылы шешсе болады деп ойлаймын. Бұл тұрғыда сақтандыру компаниялары мен банктер бірлесе отырып жұмыс атқаруы тиіс. Банктік жүйеде «форс-мажор» деген болады. Яғни күтілмеген табиғи апаттар, төтенше оқиғалар, салдарын жою мүмкіндігі жоқ жағдайлар. Мысалы: өрт, жер сілкінісі, су тасқыны тағы да басқа. Мұның барлығы форс-мажор жағдайлары деп аталады және оның ішінде адам өлімі де бар. Егер мұндай жайттар орын алып жатса, несиені төлеуде сақтандыру қоры қатысуы керек. Адам қаза болғаннан кейін оның отбасына көмек көрсетудің орнына оларға үстемелі қарыз артып қою дұрыс емес. Егер заңға өзгеріс енгізіліп, қайтыс болған азаматтың банктегі несие қарызы кешірілсе, мұның осы тұрғыдағы көптеген даулы мәселенің түйінін шешуге көмектесері сөзсіз. Осылайша, көп мәселенің басын шешіп алуға болады. Қазіргі таңда біздің банктер мол табыс табу үшін ғана жұмыс істейді. Олардың үстеме пайыздары өте жоғары. Жыл қорытындысы бойынша қай банктің болсын қыруар табысқа кенелгені жайлы ақпаратты көреміз. Олай болса, неге пайыздық үстемені азайтпасқа?! Осы жағынан бізде кемшіліктер өте көп. «Егер қайтыс болған адамның қарызын кешірер болса, банктер шығынға батады» деген пікірмен де келіспеймін. Банктер қаржыны шетелден 3-4 пайызбен алады десек, берілетін несиеге ары кетсе 3-4 пайыз қоссын, 6-7 пайыз жетеді. Жарайды, тіпті 3 пайызын сақтандыру қорына қалдырайық та, 10 пайыз делік. Бірақ біздің елдегі несие 15 пайызбен де берілмейді ғой. Сонда қандай шығын болуы мүмкін? Демек, бұл жерде Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі, сондай-ақ Ұлттық банк дұрыс жұмыс істемей отыр деп білемін.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Заңға қайтыс болған адамның несиелік қарызын кешіру туралы бап енгізудің еш қажеті жоқ. Біріншіден, ол – заңбұзушылық, екіншіден, еліміздің экономикасы үшін тиімсіз. Заңбұзушылық дейтініміз, азаматқа қарыз беруші тараптың да жағдайын ескеріп, оның орнына бір сәтке болса да өзімізді қойып көруіміз керек. Кешірім беру арқылы заңды тұлғаның құқығын бұзып, оны шығынға батырамыз. Ал тиімсіз деген сөз, ақшаны несиелік қарыз деп оңға-солға тарата берсек, несиесін қайтармай қайтыс болатын жағдайлар жиілеуі мүмкін.
Базбір құныққандардың жаман аурумен ауырған, екі-үш айлық өмірі қалған адамның атына несие алмасына кім кепіл?! Болмаса, қарызға белшесінен батқан азамат өзін өлілер санатына жатқызып, жалған құжат жасатып алуы да ықтимал. Демек, бұл заңбұзушылықтар мен былық-шылықтың саны артады дегенді білдіреді. ҚР 1999 жылы
1 шілдеде қабылданған №409 Азаматтық кодекстің 57-тарауының Мұрагерлік туралы жалпы ережелерінде, нақтырақ айтқанда, 1038-бапта «мұрагерлік – қайтыс болған азамат, яғни мұра қалдырушы мүлкiнiң басқа адамға немесе адамдарға, яғни мұрагерге немесе мұрагерлерге ауысуы делінген. Яғни қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен, егер осы бөлiмнiң ережелерiнен өзгеше туындамаса, бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде және бiр-ақ мезгiлде ауысады. Мұрагерлiк – осы кодекспен, ал тiкелей өзi белгiлеген жағдайларда өзге де заң актiлерiмен реттеледi деп жазылған. Бұл дегеніміз не? Азамат банкте несие рәсімдемес бұрын алдымен өз дүние-мүлкінің, отбасының, туыстарының жағдайын және өзінің денсаулығын тағы басқасын ескере отырып келісімшартқа қол қояды және мұрагерлер тарапынан да келісімнің болары сөзсіз. Осының барлығын біліп тұрып, мұрагерлер қарызды төлеуден бас тартса, бұл да заңбұзушылық болып табылады. Егер заңның талаптарын біле тұра, несиені қайтармайтын болса, мүлдем қарыз алмауы тиіс. Қайтыс болған адамның несиесін кешіру деген заң әлемнің ешбір мемлекетінде жоқ. Кешірім тек сотталғандарға беріледі, ол – рақымшылық. Бірақ оның өзі несиелік қарызға қатысты емес. Сондықтан мүліктік қарызға кешірім беруді қолдану мен қолдауды әділетсіздік деп есептеймін.
Бейтарап пікір
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Мәжіліс депутаты:
– Қайтыс болған адамның несиесін кешіру – адами тұрғыда алып қарағанда, өте дұрыс мәселе. Бірақ ондай жағдайға жету үшін біздің мемлекеттің экономикасы өте жоғары деңгейде болуы керек. Біз енді ғана дамып келе жатқан елміз. Сондықтан заңға мұндай бап енгізу әзірге мүмкін емес. Қазақта «қарыздан құтылмай болмайды» деген бар. Ана дүниеде де барлығы кешіріледі, бірақ қарыз кешірілмейді, сондықтан несиелік қарыз да толығымен төленуі тиіс деп есептеймін.