Жасанды түсік жасатуға тыйым салатын заң қажет пе?
«Аборт» деген сөз қазақ ұғымына жат болғанымен, тіршілігімізге әлдеқашан сіңісіп кетті. Оның қажеттілігі мен зияны туралы да қоғамда әр алуан пікір айтылып жүр. Дегенмен медициналық қызметтің осы бір жалбағай түрі қыздарымыздың жеңіл жүріске салынуына жол ашып, аналарымыздың көпбалалы болу ниетін азайтып отырғаны – бүгінгі өмірдің шындығы. Жасанды түсікке деген жеккөрінішті көзқарастың қалыптасуы осыдан болар. Ал осы түсік тастатуға заңмен тыйым салсақ не болады? Ой-көкпарына тастап отырған бүгінгі сауалымыз осындай.
Мақаш Тәтімов, демограф:
Иә
– Мұндай заң міндетті түрде қажет. Абортқа ең алғаш рет Португалия, Польша сынды католик елдерінде, Скандинав түбегіндегі халықтарда, АҚШ-тың кейбір штаттарында тыйым салынған. Оған жол бермеген себебі, олар өз азаматтарын жан-жақты қорғауға тырысады. Мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда бір жылда 175 аборт жасатылады екен, бұл санаққа ілінгені ғана. Ал санаққа ілінбей қалғандарды қоса есептегенде, еліміздегі аборт жасататын қыздардың саны 200 мыңға жетеді. Бұл – туылған нәрестелердің үштен бір бөлігі жарық дүниені көре алмайды деген сөз. Аборт жасататындар кімдер? Олар қалаға оқу қуып, жұмыс іздеп келген өзіміздің ауылдың қаракөздері. Бір айтқым келгені, көп қыздар өзін-өзі жүктіліктен қорғай алмайды, соның салдарынан білместікпен бала көтеріп қояды. Қыздарымыз аборт жасатқаннан кейін, екінші рет бала көтере алмайды. Мұны екінші бедеулік деп атайды.
Қыз бала бірінші бедеулікті өзі жасады, екінші бедеулік соның салдарынан болып отыр. Ал үшінші бедеулік соның ауруы болады. Менің айтайын дегенім, біз ең болмағанда бірінші баланы алдырып тастауға қатаң тыйым салуымыз керек. Ол некесіз жүкті болса да перзенттің дүниеге келуіне мүмкіндік беру керек. Қазір біздің қыздарымыз некесіз жүкті болғаннан ұялады. Ауылдың өсек сөзінен де қашқақтайтын болу керек. Бұл – дұрыс емес. Біз қандай жолмен болсын, бала санын көбейтуге тиіспіз. Бір өкінетінім, біздің хирургтер қу ақша көкейлерін тесіп, баланы алдырып тастауға «жаланып» тұрады. Олар бұл операцияны пайда табудың көзіне айналдырып алған. Хирургтер әртүрлі айла-шарғыны қолданып, сіздің әйеліңізді баланы алдырып тастауға көндіреді. Сөйтіп, сізден әйеліңізге операция жасағандары үшін 10 мың теңге алады. Міне, хирургтердің бұл ниетінен ешқандай отаншылдық қасиетті, қазаққа қана тән мінезді байқай алмайсың. Менің ойымша, осындай жалған сөздермен, өтірік диагноз қою арқылы операция жасайтын дәрігерлерді қатаң жазалау қажет. Мәселен, осыдан бірнеше уақыт бұрын АҚШ-та жасырын түрде аборт жасаумен айналысқан хирургты ұстап алып, оған қарсы күресіп жүрген азаматтар оны атып тастаған. Бұл – өте әділетті шешім. Себебі хирургтің өзі қанша періштенің жарық әлемді көруіне мүмкіндік бермеді. Біз осындай қатаң жазаны қолдану арқылы аборттың санын қысқартамыз. Елбасының өзі егер халық абортқа қарсы болса, қарсы болатынын және осыған қатысты үкім шығаруға дайын екенін айтты. Бұл бес-алты жыл бұрын айтылған сөз болатын. Одан бері есептеп отырсам, біз аборттың санын үш есеге дейін қысқартыппыз. Егер 1994 жылдары республикамызда 375 мың аборт жасалса, кейін оның саны 125 мыңға дейін төмендеді. Әрине, бұл көрсеткішпен мақтанып қала беруге болмайды. Егер бей-жай отыра берсек, ауруымыз ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан, қауіптің алдын алу үшін абортқа тыйым салатын заң қажет.
Әсем БИБАТЫРОВА, заңгер:
Жоқ
– Аборт жасау – әркімнің өз еркі. Сондықтан да оған тыйым салатын заңның керегі жоқ. Ең алдымен, біз қоғамның санасын өзгертуіміз керек. Ол қалай дейсіздер ғой? Бұл жерде мен тек әйел адамдарды айтып отырған жоқпын, ер адамдарды да бұл мәселеге бей-жай қарамауға үйретуіміз керек. Себебі әйелдер өздерінің ерлеріне сенеді. Ал ер адам әйелінің денсаулыған назар аударып, барынша қорғауы тиіс. Медицина мамандарының айтуынша, аборт жасату әйелдердің денсаулығына үлкен зиянын тигізеді. Көп қыздарымыз осы операциядан кейін бала көтере алмайды. Әрине, бұл демографиялық ахуалға кері ықпал етуі мүмкін. Бірақ біз, ең алдымен, азаматтарымыздың құқын бірінші орынға қоюымыз керек қой. Біз босанғысы келмейтін әйелге «бала тап» деп талап қоя алмаймыз. Оның денсаулығында ақау болуы мүмкін немесе басқа да күрделі себептер бар шығар.
Егер талап қойып, заңмен қорқытатын болсақ адамдардың жеке өміріне, оның отбасына қол сұққан боламыз. Екіншіден, заң қабылдағанымызбен абортты жасырын жасайтындар тыйылмайды. Қазірдің өзінде қанша адамның жабық жерлерде бала алдырып жатқанын кім білсін? Мұны өздеріңіз де білесіздер. Сондай-ақ абортқа заңмен тыйым салу адам өлімінің көбеюіне алып кеп соғады. Мысалы, жасырын аборттың бәрі таза жерде жасала бермейді. Бұл жағдайда жүкті әйелдерге неше түрлі ауру-сырқаулар жұғуы мүмкін. Міне, егер абортқа тыйым салатын заң қабылдасақ, өзімізге-өзіміз қиыншылық тудырып аламыз. Қайталап айтайын, біз ең әуелі қоғамды тәрбиелеп, әсіресе жастарды сақтанып жүруге үйретуіміз керек. Қазақ «тәрбие – тал бесіктен басталады» деп бекер айтпайды. Егер баланың тәрбиесі дұрыс болмаса, ол бұл әрекетке бәрібір барады. Ал сана, ақылмен кез келген нәрсені бағындыруға болады. Бұрынғыдай емес, қазір экономикамыз көтеріліп, халықтың әлеуметтік жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. Әр отбасының екі-үш бала асырауға шамасы жетеді деп ойлаймын. Әлеуметтік сауалнаманың нәтижесінде анықталғандай, елімізде баланы көп тапқысы келетін отбасылардың да саны артып келеді. Өздеріңіз білесіздер, бұрынғымен салыстырғанда қазір Қазақстанда аборт жасатқандар саны азайды. Міне, мұның барлығы адамның санасы арқылы реттелетін мәселе. Оны ешқандай заңмен орындай алмайсың.
Бейтарап пікір
Асылы Османова, «мемлекеттік тілге – құрмет» бірлестігінің төрайымы, ғалым:
– Қазақ ешқашан жетімін жылатып, жесірін далаға тастаған емес. Баланы далаға тастау немесе оны жатырда тұншықтыру қазақ отбасына жат қылық. Расында да, қазір аборт жасайтын қыздарымыздың саны артып кетті. Біз абортқа тыйым салатын заңды міндетті түрде қабылдауымыз керек. Олай болмаса, ұлтқа қауіп төнеді. Сонымен бірге біз жастарға мықты тәрбие беруіміз керек. Қазақша тәрбиеленіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңдірген ұрпақ ешқашан теріс қылықтарға бой алдырмайды.