Жастар саясатын жүзеге асыратын дербес орган қажет пе?
Еліміздің «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы мүдделі топтың, яғни жастардың, көңілінен шығып жүр ме? Осы салада жүрген ұйымдардың өзі бұл тұрғыда екіге жарылады. Заңға көңілі толмайтын топтың уәжі елімізге жастар ісімен айналысатын дербес мемлекеттік орган қажет дегенге саяды. Қазақстанда жастар саясатына жауапты орган жоқ емес. Ол – Білім және ғылым министрлігі жанындағы Жастар саясатын дамыту департаменті. Бұл орган қал-қадерінше өз функциясын атқарып келеді. Алайда жастар арасындағы наразы топ бұл органның қызметінде ұйымдарды «өзіміздікі» немесе «бөтен» деп бөле-жару бар дегенді алға тартады. Десе де, республикадағы жастардың жай-күйіне тікелей жауапты мемлекеттік бірден-бір құзырлы орган осы ғана. Бәлкім, тек жастар ісімен ғана айналысатын дербес орган болғанда ғана осы мәселені реттей алатын шығармыз. Осы тақырыпты жастар арасындағы белсенділердің ой-көкпарына салған едік.
Әсет Тұрдығұлов, Қазақстан Жастар одағының төрағасы:
Иә
– Жалпы, еліміздегі жастар мәселесін қоғамның басқа саласынан бөліп қарау дұрыс емес. Дегенмен де жастар контингентіне байланысты мемлекеттің, қоғамның ұстанатын позициясы біршама ерекшелеу болуы тиіс деп есептеймін. Себебі бүгінгі күні қордаланып қалған жастардың проблемаларын шешу үшін нақты екі қадам жасалуы керек деген ойлар бар. Олар – «Жастар саясаты туралы» толыққанды заң және қолында нақты тетіктері бар жастар мәселесімен айналысатын мемлекеттік уәкілетті орган. Бүгінде жастар арасында жаңа мемлекеттік орган керек деп айтылып жүргелі де біраз болды. Жастардың жай-күйіне тікелей жауапты мемлекеттік бірден-бір құзырлы орган ретінде Білім және ғылым министрлігі жанындағы Тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі департамент құрылған.
Алайда бұл мекеменің де жастар ісімен біте қайнасып, ауқымды іс тындырып жатпағаны белгілі. Оны аңғару да аса қиын емес. Қоғамдық пікірде ұдайы сынға ұшырап жатқанына құлақ түрсеңіз, бұл органға тиісті баға берілді деген ойда қаласыз. Әрине, бұл жерде аталған департаментті біржақты кінәлаған дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі шынтуайтына келгенде, бұл департаменттің құзырында ауқымы кең уәкілеттіліктер жоқтың қасы. Бәлкім, департамент жастардың шырмауы көп мәселелеріне мойынсынғысы келсе де, тиісті механизмдердің жетіспеуінен «әттең тонның келтесі» деп отырған шығар. Не десеңіз де, ұзын арқан, кең тұсау болып тұрғаны белгілі. Міне, содан да болар, бүгінде департамент жұмысына қоғам тарапынан көңіл толмаушылықтың бар екені рас. 90-шы жылдары республикамызда Жастар ісі жөніндегі комитет, тіпті Спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлік те болған. Бірақ уақыт талабы болды ма, жоқ, әлде басқа ма, 90-шы жылдардың соңында жастар мәселесімен айналысатын уәкілетті орган Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі құрамындағы бөлім деңгейіне түсіп қалып, әупіріммен тек 2002 жылы Жастар саясатын дамыту департаменті болып қайта құрылған болатын. Дегенмен, уақыт өте келе қоғам жастар жұмысымен айналысатын жаңа орган керек екенін сезіп келе жатыр. Әрине, «жастар ісі жөніндегі арнайы органның қажеті қанша, ол өткен күннің белгісі, мемлекеттік бюджетке салынатын қосымша салмақ немесе қоғамның әрбір тобына жеке орган ашып бергеннен ұтарымыз не» деген қарсы пікірлер де бар. Бірақ біздің мемлекет пен қоғамның отыз пайыздан астамын 29 жасқа дейінгі азаматтар құрайтындығын, жалпы, республика халқының саны жағынан 16 миллионнан жаңа асқандығын ескерсек, біздің мемлекеттің қоғамның жастар деп аталатын тобына жұмсаған әрбір теңгесі біздің болашағымызға салынып жатқан инвестиция екендігін ұмытпауымыз керек және ол қаражат келешекте республикамызды үлкен биіктерге алып шығатын азаматтарды, ұлт пен мемлекет патриоттарын тәрбиелеуге жұмсалып жатқандығын естен шығармауымыз қажет. Тағы бір мәселе, ол жаңа орган республика жастарын қаншалықты қамти алады, қандай уәкілеттіктерге ие болады, қаржылық ресурсы қаншалықты болмақ, қаржы жұмсаудың мөлдірлігі қағидасы қамтамасыз етіле ме? Құрылған күннің өзінде орган бағдарламаларының салмақтылығы басты назарда болуы шарт. Ол орган бүгінгі департаменттің кебін кимес үшін, алдын-ала осы сұрақтар жіті талқыланып, жеті өлшегеннен кейін ғана қайшыны қолға алған маңызды. Аталған агенттік жастар жағдайын жақсартуға нақты кірісуі үшін оның қолында тиісті ықпал ету механизмдері болуы керек.
Алмасбек Нұғманов, «Нұр Отан» ХДП-сы Алматы қаласы Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
Жоқ
– 1997 жылы Қазақстан халқының жағдайы түзеліп, етек-жеңін жинаған тұста елімізде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастар саясатына байланысты Жарлығы болған. Сол уақыттан бастап елімізде жастар саясаты жүзеге аса бастады. Ең алғашқы жастар ұйымы болып «Қазақстан болашағы үшін» атты қоғамдық бірлестігі құрылған еді. Осы ұйымның құрылуына басшылық еткен азаматтар қазіргі таңда да жастарға бағыт-бағдар беру жолында өздерін жоғары деңгейде ұстап келеді.
Уақыт өте келе жастармен жұмыстар жүргізетін қоғамдық бірлестіктер, қорлар, жастар қанаттары да көптеп құрыла бастады. Бертін келе жүздеген жастар ұйымдарының басын қосатын Қазақстан жастар конгресі құрылды.
Студент жастардың мұң-мұқтажын жырлайтын Студенттер Альянсы, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуде игі бастамалардың ұйытқысы болып жүрген Студенттік құрылыс жасақтары, «Жасыл Ел» бағдарламасының аясына шоғырланған жастар да қазіргі таңда Қазақстанның жастар саясатының бір қыры болып жүргендігі баршаға мәлім. Әр салада сан түрлі жұмыстар жүргізіп жатқан ұйымдарға мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетіп, жол сілтеп, қаржыландырып отырған құзырлы мекемелер де баршылық. Мысалға, Білім және ғылым министрлігіне қарасты Жастар саясаты департаменті жастар мен жастар ұйымдарының бағдаршамындай болып келеді. Сонымен қатар саяси партиялардың өзіне қарасты жастар қанаттары да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Тіпті Елбасының тікелей қадағалауындағы Жастар кеңесінің өзі көптеген тың бастамалар көшінің басында жүр. Қазіргі уақытта жастардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы да бар. Осының барлығы елімізде жастар саясатының өзіндік сарынмен өрбуіне, өсуіне жағдай туындататын алғашқы факторлар. Жастар саясаты деген ұғымның өзінің ауқымы өте кең. Десе де қазіргі таңда республикамызда бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар ұшан-теңіз десек, артық айтқандық болмайды. Осыншама атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығарып, дәл осы уақытта тағы да қосалқы мекеме құру қажеттілігі туындап тұрған жоқ. Одан да, жүргізіліп жатқан жастар саясатына азамат ретінде өз үлесімізді қосып, бастамаларға қолдау көрсетуіміз керек. Оның үстіне, дүниежүзілік экономикалық дағдарыс алқымнан алып, халық күйзеліс үстінде тұрған шақта тағы да бір министрлікті қалыптастыру бұл оңтайлы шешім бола қоймас. Өтпелі кезеңнен аман-есен өткеннен кейін қажеттілігіне орай, бұл мәселеге оралуға болады, бірақ қазір керек емес.
Бейтарап пікір
Амалбек Тшан, саясаткер:
– Жастарды тәрбиелеу, олардың арасынан кадрларды даярлау мәселесін реттеу барысында бізге кеңестік кезеңдегі комсомол ұйымынан үйренетініміз көп. Қазақстандағы жастар ұйымдарының басын қосатын, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын бір ортақ одақ құрылса, біз ұтамыз деп ойлаймын.