Жастар саясатына бөлінген қыруар қаржы нәтижелі іске жұмсалып отыр ма?
Соңғы жылдары елімізде жастар саясатына көп көңіл бөліне бастағаны белгілі. Білім және ғылым министрлігінде Жастар саясаты комитеті құрылды, ал аймақтарда жастар саясаты жөнінде басқармалар ашылып жатыр. Сәйкесінше, жыл сайын жастар саясатына бөлінетін қаржының көлемі де артып келеді. 2012 жылы жастар жобалары мен ұсыныстарын іске асыру мақсатында 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Соңғы екі жылдың ішінде ғана бұл салаға бөлінген қаржы 75 пайызға артыпты, яғни ресурстық мүмкіндік бар. Алайда сол мүмкіндік тиісті деңгейде пайдаланылып отыр ма? Сарапшылар арасында «жастар саясатына құйылған қаржы – құрдымға кеткен ақша» деп есептейтіндер бар. Расында, солай ма?
Жандос Базартай, Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығы:
иә
– Еліміздегі жастар саясатына бөлініп жатқан қаржының мақсатты түрде, жоспарлы түрде жүзеге асып жатқанына өз басым сенімдімін. Себебі қазір сол қаржының қаншалықты тиімді игерілгенін бақылап отыратын, есеп алып отыратын органдар бар. Оның үстіне сол қаржының қай бағытта жұмсалуы керектігін белгілі бір басқарманың басшысы жеке өзі шешпейді, бір адамның қолында тұрған жоқ. Бюджетті бекітіп беретін мәслихат депутаттары бар. Әрине, әр аймақтың жергілікті билік өкілдерінің жұмысының тиімділігі әртүрлі болып жатады. Дегенмен республикалық деңгейде алғанда жастар саясатына құйылып жатқан қаржы өзін-өзі ақтап жатыр деп ойлаймын.
Қазір мемлекеттік жастар саясаты тағы да бір жаңа кезеңге аяқ басты. Себебі осы уақытқа дейін бұл салаға қатысты көптеген ұсыныс жасалған болатын.
Сол ұсыныстар іске қосылып, барлық аймақта тың серпінмен жұмыс басталды. Бұл қарқын сапаға әсер етпей қоймайды. Қазір қала мен аудандарды айтпағанда, ауыл жастарымен жұмыс істеу мәселесі жолға қойылып жатыр. Жалпылай айтқанда, жастар саясатына бөлінген қаржының дені идеологиялық бағытқа арналады. Мәселен, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттыққа тәрбиелеу, оларды мемлекеттік бағдарламаларға атсалысуға шақыру, бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру, қоғамдағы өз орнын табуына қол ұшын беру деген сияқты мәселелерде көп жұмыс жасалып жатыр. «Ауыл жастары», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі» және «Жасыл ел» деген сияқты мемлекеттік бағдарламаларға жастарды тарту үшін де қыруар жұмыс жасалуы керек. Менің ойымша, бұл қаржыны жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға және олардың баспаналы болуына бағыттау керек деп ойлаймын. Қазір жас отбасылардың саны өте көп.
Яғни жастар саясатына бөлінген қаржы ауаға кетіп жатыр деген пікір негізсіз. Бұл сала құрылыс емес. Бөлінген қаржының нақты заттай көрсеткіші ретінде белгілі бір материалдық дүниені көрсете алмаймыз.
Жастар саясаты дегеніміз – идеология. Мен Қызылорда облысы бойынша ғана мысал келтірейін. Біздің аймаққа биыл 40 миллион теңге қаржы бөлінді. Бір жағынан, бұл көп ақша болып көрінуі мүмкін, екінші жағынан, біздің атқаратын шараларымыз, жобаларымыз да көп. Бір ғана мысал келтірейін. Биылдан бастап біз мемлекет назарынан тыс қалып қойған балалармен жұмыс істеуді қолға алмақпыз. Мәселен, Қызылорда облысында ауыл жастарының арасында қабырғаға өрмелеп шығатын өнер бар. Кәдімгі қабырғаға жалаң қолмен өрмелеп шығып алады. Сосын брейкданс, хип-хоп деген сияқты субмәдениеттік би өнерлері бар. Мемлекет оларды да ұмыт қалдырмауы керек. Егер біз оларды қазақ дәстүріне сай келмейтін, жат өнер өкілдері деп шеттететін болсақ, олардың да еліне деген махаббаты болмайды. Ертең есірткіге елтіп, мемлекетшілдіктен ада болып, баз бір теріс топтардың жетегінде кетуі мүмкін. Яғни салдары тағы өзімізге келіп тиеді. Сондықтан олар хип-хоп билесе де, мемлекетшіл болып өсуі керек. Биылдан бастап біз жастарды ғылымға тартуға негізделген орталық ашып жатырмыз. Жастардың арасындағы инновациялық идеяларды дамытып, сол бағытта жұмыс істеуіне қол ұшын бермекпіз. Онда ғылыми конференциялар, ғылыми жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Сол сияқты «еріктілер қозғалысы» жұмысын іске қосып жатырмыз. Қазір біз жастарды жұмыспен қамту үшін жәрмеңкелер ұйымдастыруды қолға алдық. Қысқасы, жастар саясатында көптеген іс атқарылып жатыр, әлі де атқарылуы тиіс деп есептеймін.
Нұржан Сәдірбеков, тарихшы:
жоқ
– Жастар саясатына бөлінген қаржының жылдан-жылға көбейіп жатқаны дұрыс-ақ. Соңғы жылдары бұл салаға бөлінетін қаржының 1 млрд теңгеден асқаны белгілі. Менің білуімше, бұл – жастардың идеологиялық мәселелеріне бөлінетін қаржы. Ал жастардың әлеуметтік мәселелеріне, тұрғын үй мәселесіне бағытталған қаржы бұдан бөлек есептеледі, яғни көрсеткіш бұдан да көп деген сөз. Алайда осы қаржының өзі тиімді жүзеге асырылып отыр деп айта алмаймын. Жастардың әлеуметтік жағдайы да мәз емес, идеологиялық жұмыстары да ақсап тұр. Мұндай қаржымен, расында, талай іс бітіруге болар еді.
Жастардың, жастар ұйымдарының немен айналысып жатқанын теледидардан жаңалықтардан-ақ көріп, түсінуге болады. Мереке күндері жастарға бір түстегі көйлек кигізіп, қолдарына кішкентай ту ұстатып, көшеге алып шыққаннан нақты жағымды нәтиже болмайды.
Біздегі қаржының бәрі осындай шараларға кетіп жатыр. Немесе жастарға арналған концерт ұйымдастырылып, оған шетелден есімі дүркіреген әнші шақырылады. Көңіл көтертіп, би билеткеннен жастар саясаты оңала қоя ма? Соңғы кездері «Патриоттық тәрбие» деген тақырыппен бұлыңғыр, түсініксіздеу конференциялар көбейіп кетті. «Отанды сүю керек» деген сөзді қанша айтқанымен, жастардың мойнындағы мемлекетшілдікке әсер етпейді. Алдымен оларға қамқорлық жасап, нақты кәсіби мамандануына мықтап көңіл бөлу қажет. Одан қалса, «Жастар жемқорлыққа қарсы!», «Жастар есірткіге қарсы!» деген сияқты шағын конференциялар ұйымдастырады. Жоғары оқу орны қабырғасында оқып жүрген жиырма шақты тәртіпті әрі белсенді студентті жинап алып, «Жастар есірткіге қарсы!» деген отырыс өткізгеннен бірдеңе өзгере ме? Одан көшеде жұмыссыз сандалып, есірткіге шынымен елтіп жүрген жастардың саны азая қоя ма? Әр көктем сайын әр облыстан жиырма шақты жас шығып, «Жасыл ел» бағдарламасымен отыз шақты тал отырғызады. Тындырылған шаруаның ең үлкені осы шығар деп ойлаймын.
Меніңше, жастар саясатымен айналысып жүрген құрылымдарға тың серпіліс керек. Жасандылықпен жүзеге асатын шаралардың қажеті жоқ. Нақты ғылыми жобалар ұйымдастыру керек. Ал конференцияларды қысқартып, оның форматын өзгерту керек. Мысалы, жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуына септігін тигізетін жиындар немесе жастардың қазіргі қоғамға бейімделуін, бәсекеге қабілеттілігін арттыратын мастер-кластар ұйымдастыру керек.
Қазір қай аймақты алсаңыз да, жастар ұйымдары көбейіп келеді. Бірақ сол ұйымдардың түбі шикі. Олар да тендерге жұмыс істейтін коммерциялық ұйымға айналып кеткен. Меніңше, аймақтарымыздағы жергілікті ішкі саясат бөлімдері, Жастар саясаты жөніндегі басқармалар осыған жауапты болуы керек. Төрт-бес жас бас қосып, қағаз жүзінде бар, бірақ іс жүзінде жоқ қоғамдық бірлестік құрып алып, жастардың атынан түрлі шаралар ұйымдастыруы дұрыс емес.
Жастар саясаты деген кезде бізге не елестейді? Ештеңе елестемейді. Себебі жастар арасында біртұтастық жоқ. Жастарды елітіп әкетерлік идеялар жоқ. Кеңес кезінде «пионер» идеясы жастарды елітіп әкетті.
Түйін
Еліміздің жастар саясатына шынайы көңіл бөліп жатқаны бұл салаға бөлінген қаржының көлемінен-ақ белгілі. Алайда айтылып жатқан сын да орынсыз емес. Жастар саясатын кімдер қалыптастырып жатыр, қай бағытта дамып жатыр? Бұл мәселеге де қоғамдық бақылау қажет деп ойлаймыз.