Жазылмайтын дертке шалдыққандарға қатысты өз еркімен эвтаназияны қолдануға рұқсат беру керек пе?
Грек тілінен аударғанда бір-біріне қайшы келетін «жақсы өлім» деген екі сөзден тұратын эвтаназия әдісін қолдайтындар да, қарсылар да жетерлік. Айықпас дертке шалдығып, ауру жанына батқан жанның өз еркімен өмірін тоқтатуын кейбір елдер «діни тұрғыда дұрыс емес, адамның жанын алу Құдайдың ғана еркімен болатын нәрсе» деп бағаласа, енді бір елдер жазылмайтыны белгілі болған, күні таянған науқастардың өз өтінішімен өмірден кеткісі келетінін қолдап, заңдастырып та қойған. Мәселен, эвтаназияны қолданысқа енгізуді Нидерланды мемлекеті ең алғашқылардың бірі болып қабылдаған. Ал Бельгияда эвтаназия 2002 жылы заңдастырылып, екі жылдың ішінде өлім аузындағы 360 науқастың қиналмай өмірмен қош айтысуына көмектескен. Екі жақты пікірге ие болған эвтаназия әдісін еліміздегі мамандардың талқысына салып көрген едік.
Ғабиден ЖАЙЛИН, заңгер:
иә
– Шындығында, эвтаназияға қатысты шешім қабылдау қиын. Бірақ біз жазылмайтын дертке шалдығып, ауруы жанына батқан жанның соңғы өтінішін ескеруіміз қажет. Яғни адам өз өміріне қатысты шешімді өзі қабылдауы, ал біз сол шешімінің орындалуына мүмкіндік беруіміз керек. Науқас өз өміріне қатысты өзіндік құқын пайдалануы қажет. Біз сол сәтте науқастың қандай ауыр сәтті бастан кешіріп, аурудың қаншалықты жанына батып жатқанын сезіне алмаймыз. Сондықтан бәрібір айықпайтын, беті бері қарамайтын науқасты одан әрі азаптау дұрыс емес. Әрине, ұстанымымыз сай келмейді, дәстүріміз қарсы деп сырттай пікір айту оңай.
Ал ауыр дертті өз басыңнан өткізу қиын. Осы орайда, біз ең алдымен науқастың тілегін ескергеніміз жөн. Жалпы, эвтаназияға қатысты ойларымды саралай келе, өзім ауыр дертке шалдыққан жандардың тілегін ескеруді құп көремін.
Соңғы жылдары Батыс елдерінде ауыр науқасқа шалдыққандарды өз өтініші бойынша, қинамай о дүниелік ететін эвтаназия тәсілі кеңінен қолданылуда. Француз дәрігерлерінің үштен екісі жаны қиналыста жатқан, жазылуы мүмкін емес науқастарға қатысты эвтаназия әдісін қолдануды қолдайды екен. Бұл – науқастардың қиналысын көзімен көрген дәрігерлердің шешімі. Әркімнің өз өміріне өзі ғана жауапты екенін де естен шығармаған абзал. Онсыз да өмірден үміті қалмаған жан, шыдатпас аурудың зардабын тартып, өлім сағатын күтіп жатқан науқастың тілегін орындау дәрігерлердің парызы деп білемін. Рас, қазір науқастың ауруын уақытша басатын әсері күшті дәрілер жетерлік. Бірақ олардың өзі уақыт өте науқастың ағзасына әсер етпей қалатындықтан, ол дәрілерді де ұзақ уақыт қолдану мүмкін емес.
Мүмкін, дәл қазіргі таңда қоғамымыз бұған дайын емес шығар. Сондықтан эвтаназия шешімін қабылдар алдында жан-жақты талқылаудан өткізіп, науқастың тілегін айқындап, туысқандарының да өтінішін ескере отырып жасалуы керек.
Досай КЕНЖЕТАЙ, дінтанушы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:
жоқ
– Жоқ, ол дұрыс емес. Жазылмайтын дертке шалдығып, ауру жанына батып жатқан науқастарға қайткен күнде де өз еркімен эвтаназияны қолдануға рұқсат бермеуіміз керек. Жалпы, исламда өз-өзіне қол жұмсау, өзін өлімге қию ауыр күнә саналады. Адамның жаны – Алланың аманаты. Ал Алланың аманатына қиянат жасауға болмайды. Рас, бүгінде түрлі ауыр науқастар қатары көбейіп кетті, күн санап қатерлі ісік дертіне шалдығатындардың да саны артуда. Олар көп жағдайда ұзақ уақыт ауру жанына батып, жаны қиналып жатып қалады. Оны түсінемін. Бірақ бәрібір мен эвтаназияға қарсымын.
Сондықтан науқас өз еркімен эвтаназияны сұрап жатса да, біз оған қолымыздан келгенше көмектесуге тырысуымыз керек. Мәселен, бүгінгі күні науқастардың ауруын жеңілдетуге көмектесетін дәрілер бар. Науқастың саусақпен санарлықтай күні, санаулы сағаты қалса да, ауруын бәсеңдететін дәрілер егу арқылы эвтаназияны сұрамайтындай етуге болады. Осыларды ескеріп біз әлі де болса елімізде эвтаназияны енгізуге қарсылық танытуымыз керек.
«Үмітсіз – шайтан» дегендей, қандай жағдай болсын пенденің Алладан үміті үзілмеуі керек. Оның үстіне Алланың бар екеніне сенген адам да мұндай қадамға бармайды деп ойлаймын. Тағы бір ескере кететін жайт – елімізде айықпас дертке шалдыққандарға қатысты өз еркімен эвтаназияны қолдануға рұқсат етуге қоғамымыз да дайын емес. Тіпті эвтаназияны қолдануға рұқсат етсек, елімізде түрлі қылмыстық оқиғалар да төбе көрсетуі әбден мүмкін. Сондықтан «басқа елдер эвтаназияны қабылдапты» деп тұра жүгірмей, өзіміздің ұлттық болмысымызды, діни ұстанымымызды да ескеруіміз керек. Адамның жанына ауыр дерт батқан кезде мұндай әдістерді ұсынудан гөрі рухани сүйеу болуға тырысуымыз қажет. Әрбір мұсылман тағдырға мойынсұнып, басқа түскенге сабыр етсе, Алла алдында ең үлкен сауапты іс және сол үшін есеп күні сыйлық барын қаперінде ұстауы қажет.
Осы орайда айта кетер жайт – Алматы қаласында бірнеше хоспис жұмыс істейді. Айықпас дертке шалдыққан жандар мекен ететін бұл жерде осы уақытқа дейін бірде-бір науқас эвтаназияға өтініш білдіріп көрмепті. Бұл – сол жерде жұмыс істейтін мамандардың пікірі. Демек, біздің қоғамымыз эвтаназияны қажет етіп отырған жоқ. Бұл – қуанышты жайт. Жалпы, эвтаназияға дініміз де, салтымыз да, дүниетанымымыз да қарсы болғандықтан, қайткен күнде бұл әдісті қоғамымызға енгізбеуіміз керек.
Бейтарап пікір
Гүлнұр МАҚСҰТОВА, «Дәрігерлер мен пациенттердің ауыр науқастармен күрес қозғалысы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
– Бұл – өте ауыр сұрақ. Шынымен, бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Мен дәрігер болсам, эвтаназияны қолдана алмас едім. Бірақ өлім аузындағы науқастың да шешімін тыңдап, қалауын орындауға тиіспіз. Сондықтан ұзақ уақыт қоғамның талқылауынан өткізген соң ғана эвтаназияға қатысты шешім қабылдауымыз керек деп ойлаймын.