Журналистика заманға сай дамуы үшін дәстүршілдіктен бас тартуы керек пе?

Журналистика заманға сай дамуы үшін дәстүршілдіктен бас тартуы керек пе?

Қазақ журналистикасының заманға сай дамуы үшін не істеуіміз қажет? Осы сауал қойылған кезде кейбір сарапшылар журналистикада қалыптасып қалған дәстүршілдіктен бас тартуы арқылы БАҚ-ты заманауи үлгіде дамытуға болады деп жатады. Ал екінші тарап болса кешегі тәжірибені негізге алмасақ, бұл саланың өркендеуі мүмкін еместігін сөз етіп, уәж айтады. Журналистер күнінің қарсаңында әріптестер көкейінде жүрген осы сауалды мамандардың талқысына салып көрген едік. Талқылау нәтижесінде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген мәтелдің растығына тағы да бір рет көз жеткізгендей болдық.


Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, «Жас өркен» ЖШС-нің директоры, «Мәдениет» телеарнасындағы «Кітапхана» бағдарламасының жүргізушісі:
иә
– Мен қазір «Мәдениет» теле­ар­на­сын­дағы «Кітапхана» деген бағдар­ла­ма­ны жүргізіп жүрмін. Кеше ғана «Мигель Астуриастың Әуезовтен айырмасы неде?» деген хабар өткіздім. Тақырыпты бұлай қойған себебім, қанша «дәстүрге адал­мыз» деп кеудемізді қақ­қа­ны­мыз­бен, заманның ағымы мен ырғағынан қала алмайтынымызды түсіндіру еді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқып отырсаңыз, көзіңізге қаз-қатар тізілген керуен сияқты елестейді. Бәрі де ұғы­нық­ты жазылған. Кейбір азаматтар біздің тарихымыз, біздің шежіреміз секілді осы шығарманы «Абай жолы» дегеннен гөрі «Қазақ жолы» десек, маңызы еселене түсер ме еді деп жатады. Кей кезде мен де осы пікірге қосылғым келеді. Ян Парандовский деген жазушылықты көп зерттеген поляктың атақ­ты жазушысы бар.  
Сол Парандовский бір сөзінде: «Жазу­шы­лық деген – музей. Заманның көрінісі қағазға түседі де, сол қалпында сақталып қалады» деген мағынада ой айтыпты.
Сондықтан да мұражайдың жәдігеріне айналатын бүгінгі жазуымыз заманына сай болғаны, сол кезеңнің болмысын толықтай көрсете алғаны жөн. Мәселен, кеңестік кезең­ге дейін бізде кереметтей ауызша әдебиетіміз болды. Сол әдебиеттің өзінде бүгінгі айтып жүрген модернистік, пост­мо­дер­нистік жазу стилінің ұшқын­дары кезде­сетін. Кейіннен социалистік реализм біз­дегі жазу өнерін басқа арнаға бұрып жібер­ді­. Осының салдарынан әдеби, руха­ни, мәдени дамуымыз сәл бөлекше жолға түсіп кетті. Мұның өз кезегінде сен айтып отырған журналис­ти­ка­ға да қатысы бар. Біздің журналистикада тырнақшаның ішіндегі «дәстүршілдікке» аса берік болып алғанбыз. Әлі күнге кешегі заманның үрдісіне «адалдық» танытып келеміз. Негі­зі­нен, дәстүрге адал болатын болсақ, бұл мәселе жаңа ағым­дарға, жаңа бағыттарға ілесу арқылы жасалуы тиіс емес пе? Яғни журна­лис­тиканы жаңа сипатта дамы­туы­мыз қажет. Журналистикадағы нақтылық, теле­граф­тық стиль деген секілді мәсе­ле­лер­ге заманауи көзқараспен қарағанымыз жөн. Қазір бұрынғы дәстүрлі журна­лис­ти­кадағы сөз ойнату, астарлап беру деген секілді формалармен айналысу, соған талпыну – бос әурешілік. Заман ағымы журналистиканың тікелей, нақты дамуына әсер етіп отыр. Тележурналистің эфирден көрерменнің көзіне тіке қарай алғаны, басылым журналисінің оқырман алдын­дағы жауапкершілігін сезіне білгені жөн. Мұндай жағдайда билік пен оппо­зи­ция­ның көзқарасы, шынайылық деген мәселелер екінші кезекте қалып, журна­лист болып жатқан оқиғаны алдыға шы­ғарып, оқиға­ны нақпа-нақ, боямасыз хабарлауы керек. «Өртенген ғимараттың жалыны ас­панға шарпып жатты» деген секілді образды сөйлемдерден арыл­ға­нымыз жөн. Мұндай дәстүрдің бүгінгі күнге еш­қан­­дай пайдасы жоқ. Мен қазақ­тың Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Берді­құ­лов, Оралхан Бөкей секілді мықты бас редак­торларының алдын көрдім. Жур­на­лис­ти­када олар қалдырған ізді, олар жасаған еңбекті жоққа шығара алмай­мын. Бірақ дәл қазір қоғамдағы жур­на­лис­тикаға деген көзқарастың күрт өзгеріп жатқанын ескергеніміз жөн. Өйткені ке­ше­гі ескі сүрлеу бүгінде жүруге жарамайды.


Дәурен ҚУАТ, «Абай.kz» интернет порталының бас редакторы:
жоқ
– Жалпы, әлем баспасөзінің тарихына қарап отырсаң, баспасөздің даму саты­ла­ры мен кезеңдері бар. Оны даму жо­лын­да болған ұлттық күрестер қалып­тас­тырғаны белгілі. Бүгінде бұл қалыптасқан дәстүр даңғыл жолға айналып, жур­на­лис­тиканың кешегі күнінің ғана емес, болашақтағы мақ­сат-мұраттарын да белгілеп беріп отыр. Яғни біз жаңа­шыл­дықтан, ақпараттық тех­но­ло­гия­лар­дағы инновациялардан қалыс қал­мау­ды ойлап, сонымен қатар дәс­түрге де мы­ғым болғанымыз жөн. Себебі қазақ бас­пасөзі әу бастан-ақ ұлтқа қызмет ете­тін, ұлт­тың сөзін айтатын мінбер болып қалып­тасқан-ды. Кешегі «Қазақ», «Ай­қап», «Сер­ке» деген басылымдар ұлтты оя­тудың қа­мын ойласа, бертіндегі «Қазақ әде­бие­ті», «Ле­ниншіл жас» (қа­зір­гі «Жас Алаш») газет­тері кеңестік идеологияның аясында шық­са да, ұлт жолындағы күресті жалғас­ты­рып келді.
Осы дәстүр 1990 жылдары ерекше қарқын алған болатын. Мұның жалғасы қазақ баспасөзінде Тәуелсіздік алған кезде «тәуелсіздік толғаулары», «тәуелсіздік талаптары» деген секілді айдарлар арқылы көрініс берді. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып жатыр. Мен қазір сол игі дәстүр­ле­рі­міз сақталып қана қоймай, ақпаратты дәл, жылдам беретін сипатта дамыса деп ойлаймын. Ал енді дәстүрді ысырып қойып, бәрін бірден бастаймыз деу – осыған дейінгі тәжірибелерді сызып тастау деген сөз. Қазір жас журналистер арасында аға журналистердің жазғанын оқыма­ған­дар, олардың атын да білмейтіндер көп. Кәсіби журналист болғысы келетіндер Шерхан Мұртаза, Марат Қабанбай, Жұма­тай Сабыр­жанұлы, Нұри Мүфтах, Ермұрат Бапи­лардың жазғандарымен таныс болуы керек. Мәселен, кеңестік кезеңде қазақ журналистикасында көпсөзділік басым болды. Осындай олқылықтардан қашып, қалған үздік үлгілерді білуіміз, содан сабақ алғанымыз жөн. Өйткені бүгін дегеніміз – ертеңгінің жалғасы. Кешегі дәстүрді жоққа шығаратын жастардың көбінің ешкімді танымайтынын, білімі жоқтығын, берілген тапсырманың өзін үстірт орындайтынын байқап жүрмін. Олар ақпараттың жетегінде кетіп бара жатыр. Журналист деген ақпа­рат­тың жетегінде кетпеуі керек, керісінше, ақпаратты жетелеп жүргені дұрыс. Олар ақпараттың көздерін таба білетін, онысын саралай алатын деңгейде болуы қажет. Сонымен қатар тағы бір айтарым: негізінде әр журналист жаңалық жасауға ұмытылуы тиіс. Ол жаңалық болашақта дәстүрге ай­на­лады. Бірақ жаңашыл болу деген осы екен деп, журналистикаға көшенің сөзін әкелу, сөз бен сөйлемнің «басын жарып», «көзін шығарудың» қажеті жоқ. Бұл жаңалық іздеу емес, дәстүршілдіктен бас тарту, сөздегі, сөйлемдегі тоқырауға ұшы­рау деп білемін. Қорыта айтқанда, біздегі дәстүршілдік дегенді ұлттық позиция, ұлтқа қызмет жасау деп түсінгеніміз абзал. Журналистикада өз қолтаңбасын қал­дыр­ғы­сы келетін адам сол дәстүрлердің сабақ­тас­тығын білуі, соны жалғастыра алауы керек.
                                                     Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Бейтарап пікір
Берік УӘЛИ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз хатшысы:
– Журналистиканы заманға зай дамытамыз деп, түп-тамырымыздан түбегейлі ажыраудың қажеті жоқ. Қай салада болсын бізді ерекшелендіріп тұратын ұлттық болмысымыз болуы керек. Ғаламдануға бет бұру үшін жур­на­листикадағы ұлттық нақыштан бас тарта алмаймыз. Меніңше, бізге дәстүрлі журналистиканы ұлттық сипатымен сақтай отырып, заманға сай технологияларды игеруге бет ал­ған дұрыс. Мәселен, өнер саласындағы «Ұлытау» тобы ұлттық сипатты сақтай отырып, заман талабына сай өнерді дамытып, күйлерімізді әлемге танытып отыр. Сондықтан да заманауи үр­дістерді де дамытып, бұл мәселеде тізгінді тең ұстауға бола­ды деп ойлаймын.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста