Жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу керек пе?
Әлемде 2010 жылы 950 табиғи және антропогендік апат тіркеліп, оның экономикаға келтірген шығыны 222 млрд долларды құрапты. Оның ішінде Гаити мен Қытай, Чили, Жапониядағы жер сілкіністері, Пәкістандағы су тасқыны, Мексика бұғазындағы төгілген мұнай зардаптарының шығыны орасан зор. Адам шығынына жол берген Қазақстандағы Қызылағаш трагедиясының да техникалық және табиғи себептері бар екені белгілі. Осы фактілер мен дүниежүзілік тәжірибеге сүйенген отандық сақтандырушылар соңғы кездері жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру керек деген мәселені көтеріп жүр. Бұл ұсынысты таяудағы онлайн сұхбатында Ұлттық банк басшысы Г.Марченко мырза да қолдапты. Дегенмен халқымыздың басым бөлігі айлығы шайлығынан аспайтын әлеуметтік топты құрайтынын ескерсек, қоғамымызға мұндай сақтандыру түрін міндеттеу артықтау емес пе деген пікірлер де бар. Жалпы, елімізде жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру керек пе?
Мұрат Қылышбай, «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары
Иә
– Таяуда біздің сақтандыру компаниямыз жылжымайтын мүлікті табиғи апаттан міндетті сақтандыру мәселесін көтеріп, арнайы баспасөз мәслихатын өткізген болатын. Әрі бұл іске Үкіметтің де атсалысуын сұрап отырмыз.
Жалпы, дүниежүзілік тәжірибеге сүйенетін болсақ, зілзала қаупі жоғары мемлекеттерде – Түркияда, Жапонияда, АҚШ-та, Жаңа Зеландияда осындай сақтандыру міндетті түрде жүргізіледі. Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері Қазақстанда да табиғи апаттар үдеп тұр. Сейсмологтар Қазақстан халқының 20 пайызға жуығы шоғырланған Алматы облысы мен Алматы қаласының қауіпсіз емес екенін ескертіп отыр. Ал мұнда 44 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй орналасқан. Қаржы жүйесінің ең шоғырланған аймағы да – осы өңір.
«Сақтағанды Құдай сақтайды» демекші, алда-жалда қиын жағдай орын алса, мемлекет орасан шығынға батары сөзсіз. Сондықтан өзге мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, бізге де табиғи апаттардың салдарын жабу қорын құру керек деп есептейміз. Бұл қордың пішіні мен пошымы әр мемлекетте әртүрлі. Соның ішіндегі бізге лайықтысын таңдап алуымыз қажет. Негізі, нарығымызда актуралық қоғам мен бірлестіктер жұмыс істейді. Міне, осындай қордың, жалпы зардаптың шығынын есептейтін – солар. Қордың мөлшерін белгілеп алғаннан кейін, оған сақтандырушылардың, сонымен қатар Үкіметтің қатысуы қандай деңгейде болатынын шешу керек.
Бүгіндері жылжымайтын мүлікті табиғи апаттан сақтандыру ерікті түрде жүргізіледі. Мұндағы полис келісімшарттың күрделілігіне қарай 5 мың теңгеден басталады. Ал 5 мың теңгенің полисіне сақтандыру компаниясы 500 мың теңгеге дейін төлем жасайды. Әзірге нарықтағы бұл сақтандыру түрін пайдаланушылардың аясы тар. Сондықтан болашақта төлем көлемінің төмендейтінін болжап отырмыз. Қалай дегенмен де, бұл арада жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандырудың бір адамға шаққандағы құнын дөп басып айту қиын. Ең алдымен, ол үшін осы негізде құрылатын қордың көлемін актуарийлер белгілеуі тиіс. Сонда шыққан цифрды әрбір қазақстандықтың басына шаққанда бұл реттегі тарифтің көлемі шыға келеді.
Ал енді Қазақстанға қай елдің сақтандыру үлгісі сай келеді дегенге келсек, біз еліміздің сақтандырушылар қауымдастығына мүше компаниялар, Түркияның үлгісі лайық болар деген пікірге тоқталып отырмыз. Бұл жүйе бойынша, мемлекет апатқа қарсы пул құрады да, сақтандыру компаниялары тұрғын үй иелерімен келісімшартқа отырады. Әркім өз тұрғын үйін сақтандырады, ал пулдың өзі халықаралық компаниялар тарапынан қайта сақтандырылады. Демек, салынған қаржы жойылып кетеді деген күмән болмайды.
Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы
Жоқ
– Жылжымайтын мүлікті табиғи апаттардан міндетті сақтандыру керек дегенге мен түбегейлі қарсымын. Яғни сақтандырушылардың тағы бір қосымша қаржы көзін ашып, оның үстінен пайыздап пайда табуына, солайша халықты ақымақ қылуына наразымын. Ал сақтандырушыларға жұрттан ақша тартудың басқа бір ақылды амалын ойлап тапсын деп кеңес берер едім.
Құдай оның бетін ары қылсын, бірақ алда-жалда үлкен апат бір аймақты жайратып кетті делік. Оның орасан шығынын біздің нарығымыздағы барлық сақтандыру компаниясының капиталын қосып жіберсек те, өтей алмаймыз. Яғни отандық сақтандыру нарығын, оның қаржылық мүмкіндігін шетелдіктермен мүлде салыстыруға келмейді. Олар, біріншіден, сол халықаралық деңгейге жетіп алсын, содан кейін жоғарыдағыдай мәселе көтерулеріне болады.
Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген жақсы сөз бар. Біздің сақтандырушылар осыны елеп-ескермей, қоғамда нақты мәселе емес, дабыра сөз қозғап жүр.
Ал егер жылжымайтын мүлікті табиғи апаттан міндетті сақтандыруды енгіздік делік. Мен Ақтөбеде тұрсам, неге мүлкімді зілзаладан сақтандыруым тиіс?! Сол секілді су тапшы аймақта мекендеп, неге су тасқынынан сақтандыру жасауым керек?! Міне, халық арасында осындай наразылықтар туындай бастайды.
Мәселен, жүргізуші жауапкершілігіне міндетті сақтандыру жасап, жылына 20 мың теңгедей ақша төлейміз. Осы күнге дейін соның қызығын көріп, жетісіп жүрген бір жүргізушіні көрген жоқпын. Сақтандыру төлемін алу үшін, ерінбесең, екі ай сабылып жүруің қажет. Олай ешкім де жүрмейді. Қазір уақыт – ақша. Есесіне сол сақтандырудан түскен ақшаның қызығын сақтандыру компаниялары көріп отыр. Яғни олар қордағы ақшаны қаржылық ұйымдардың айналымына салып, үстінен пайыздап пайда тауып жүр. Жинақтаушы зейнетақы қорларындағы жағдай да – солай. Осыны көріп-біліп отырып, енді жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды қоштасақ, оны халық қолдай қоймас деп ойлаймын.
ДЕРЕК
Түркия. /Зілзаладан міндетті сақтандыру/. Апат қоры 1999 жылғы зұлматты жер сілкінісінен кейін 2000 жылы құрылған. Ол жер сілкінісінен кейін қирап қалған баспананы жаңадан салу немесе бүлінгенін түбегейлі жөндеп беруді мемлекет тарапынан қаржыландыруды мақсат етеді. Мұндай сақтандыру құны келісімшарт күрделілігіне қарай 35 евродан басталады. 2000 мен 2003 жылдар аралығында мұнда шамамен 50 зілзала тіркелген. Осы факті бойынша 7 млн доллар төлем жасалған.
Франция. /Сақтандырылатын қауіп-қатерлер – су тасқыны, жардың опырылып түсуі, өрт/. Caisse Centrale de Reassurance (CatNat) қорғаныс жүйесінің негізі 1982 жылы қаланған. ССR – мемлекеттік қайта сақтандырушы компания. 1982 және 2005 жылдар аралығында француз үкіметі 110 000 рет табиғи апатты тіркеген, осы жылдар барысында шамамен 6,5 млрд евро төлем жасалған.
Жапония. /Сақтандырылатын қауіп-қатерлер – зілзала/. Зілзаладан сақтандыру – мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Бұл арада үкімет пен сақтандыру компаниялары қауіп-қатер тәуекелін өзара бөліседі. 1964 жылғы Ниигатаның талқандалуы міндетті сақтандыру бойынша үкіметтің түбегейлі шешім қабылдауына ықпал еткен.