Ораза айында азық-түлік бағасын арзандатудың жолдары бар ма?
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Әрине, ораза айында азық-түлік бағасын арзандатудың жолдары бар. Қыстан бері қатты қымбаттап кетті ғой. Мұндай қымбаттау бұрын болған жоқ. Бұл бағаның негізсіз көтерілуі деп ойлаймын. Сондықтан, біріншіден, негізсіз қымбаттаған бағаны тежейтін кез жетті. Екіншіден, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген игілікті шараны осы Рамазан айында неге іске қоспасқа? Бәріміз бір бауыр – мұсылман баласымыз ғой. БҰҰ шеңберінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша арнайы бағдарлама бар. Елдің жанашыр азаматы ретінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай, отандық кәсіпкерлер, саудагерлер бүкіл ислам әлемінде қалыптасқан игі дәстүрді іліп әкетіп, қайырымдылық, жеңілдік шараларын бір ай бойы қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бір жағы – сауап, екінші жағы халыққа қызмет болмақ.
Оңғар қажы ӨМІРБЕК, ҚМДБ баспасөз хатшысы:
– Біз 70 пайыздан астам халқы мұсылман елміз. Алла тағала бұл қасиетті айдағы жақсылықтың сауабын еселеп арттырады, 70 еседен көп сауапқа кенелтеді. Ислам елдерінде ораза айында қолынан келгенше мүмкіндік жасап, азық-түлік, тауар, қызмет түрлерінің бағасын барынша арзандатады. Мысалы, Түркия, Мысыр елдерінде ауызашардың уақытында кез келген асхана-мейрамханалар көшеден өтіп бара жатқан адамдарға «бізге келіңіз» деп таласып, тегін ауыз аштыруға тырысады. Осындай игі бастаманы біздің бүкіл мешіттеріміз қолға алып жатыр, Алматы орталық мешіті бірнеше жылдан бері ораза ұстаушы жамағатқа ауызашар беріп келеді. Бас мүфтиіміздің игі үндеуіне бірқатар сауда орындары үн қосып, қолдау білдіріп отыр. Астанадағы алты ірі сауда орталығы, мәселен, «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы, «Рамстор» сауда орталығы, «Кәусар» халал кешені, «Бақара» ет комбинаты, «Төрт түлік» халал ет дүкені және т.б. Рамазан айында өз өнімдерін 10 пайыз жеңілдікпен ұсынып отыр. Көкшетауда базарлар делдалсыз жеткізілген тауар өнімдерін арзан бағамен сатуды жолға қойды. Рухани дүниелер де арзан бағамен халыққа жеткізіліп жатыр, мысалы, «Көкжиек» баспасы діни басқарманың сараптауынан өткен кітаптарды 10 пайыз арзан бағамен көпшілікке ұсынып отыр. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кез келген жақсы іске бастамашы болған адам соны атқарғанның сауабын алады» деген жақсы хадисі бар. Осы игі бастаманы көкірегінде иманы бар азаматтар қолдайды деген үміттеміз.
Тимур НАЗХАНОВ, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті:
– Шынын айтқанда, кез келген кәсіпкер өнімін арзандау сатқысы келеді, көбірек өтсін, табысты болсын дейді. Алайда қазіргі кезде жанар-жағармай бағасы күннен-күнге қымбаттап жатыр. Ресейдегі бензин бағасының қымбаттығын ескерсек, биліктегі азаматтар біздегі бағаны төмендетеміз дей алмайды. Керісінше, баға тағы көтерілуі мүмкін. Сондықтан біздің өнім өндірушілер Ресейдегіден арзан баға қоя алмайды. Кәсіпкерлер ораза кезінде енді бір ай бойы емес, әрі кетсе 2-3 күн ғана жеңілдік ұсына алуы мүмкін. Өйткені олар салығын, жұмысшылардың жалақысын төлеуі керек, күнде келетін тексерушілерге де бастырық беруіне тура келеді, қысқасы, бұл – оңай шаруа емес. Бір ай бойы жеңілдік жасау ештеңе шешпейді ғой, бұл үшін салық саясатын оңайлатып, монополистермен жүйелі жұмыс жасап, реформаны іске асыру керек. Отандық кәсіпкерлер, саудагерлер 10 пайыз емес, 3-5 пайыз жеңілдік жасай алуы мүмкін, себебі оның төркіні тереңде жатыр.