Оразаны не бұзады?
Адам баласының шариғат жайлы білгісі келетіні таусылмайды. Мұндай сансыз сауал, әсіресе қасиетті Рамазан айында жиілейді. «Ораза қай кезде қаза болады, қаза болған оразаны қалай өтеу керек, ұйықтап қалып, сәресіге тұра алмаса не болады?» деген сияқты сұрақтар екінің бірін ойландырады. Ендеше, біз назарларыңызға ораза тұтуға қатысты жиі қойылатын сұрақтар мен олардың жауабын ұсынамыз.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
– Тіс жұлдыру оразаны бұза ма? Көзге дәрі тамызу ше?
– Егер адам ораза кезінде тіс жұлдыртатын болса, онда оның оразасы бұзылмайды. Тіс жұлғаннан кейінгі аққан қанның ішке кетіп қалмауын байқау керек. Егер тісінен аққан қанды жұтып қойған жағдайда тек сол күнгі оразаның қазасын өтейді. Сол сияқты ораза кезінде тісті емдеткен уақытта дәрігердің ине салуы да оразаны қаза етпейді. Себебі шариғат «ішке дәрі не басқа сұйық табиғи емес жолмен барса, ораза бұзылмайды» дейді, яғни ауыздан, мұрыннан, құлақтан және тікішектен ішке барған дәрі ғана оразаны бұзады. Көзге тамызылған дәріден ораза бұзылмайды.
– Кестені басшылыққа алмай-ақ, күн шығатын мезгілге дейін ауызды бекітпей тұра тұруға бола ма?
– Сәресінің аяқталу уақыты күннің шығуымен емес, таң намазының кіруімен есептеледі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ораза ұстау мен намаз оқу кестесін әр аймақтың уақыт белдеуі бойынша белгілеп, бекітті. Сол кесте бойынша таң намазы, айталық, сағат 03.20-да кіретін болса, осы уақытқа дейін ауыз бекітіп үлгеру керек. Таң намазының уақыты кірісімен ішіп-жеуді тоқтату керек. Құран Кәрімде ауыз бекіту уақыты жайында былай делінген: «...Таңға дейін (яғни), «қара жіп» «ақ жіптен» айырылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, содан соң оразаны кешке дейін толық орындаңдар...». Бұл аяттағы «қара жіп» – түнді, ал «ақ жіп» таңды білдіреді. Қараңғылық кетіп, таң анықтала бастаған уақытта ішіп-жеуді тоқтату керек деген сөз.
– Сәресіге тұра алмай қалсам, оразам қаза бола ма?
– Рамазан айында сәресіне тұрмаған кісі сол күнгі оразасына ниет етіп, ештеңе жеместен ауыз бекітеді. Себебі Пайғамбарымыз (с.а.у) «ашура күні» жаршыға былай жария етуді бұйырды: «Кім бір нәрсе жеп қойған болса, аузын күннің соңына дейін берік етіп тамамдасын. Ал ештеңе жемеген адам сол күйінше жемесін (ораза ұстасын)!». Демек, ораза кезінде сәресіге тұрмай таң атырған кісіге сол күнгі оразасын ұстай беруге болады. Дегенмен сәресіге тұрып, ауыз бекіткен адамның ризығы мол болады деген сенім бар.
– Ораза кезінде аузына аңдамай дәм салып қойған адам не істеуі керек?
– Ханафи мәзһабы бойынша, Рамазан айында ауыз бекіткен адам абайсызда немесе әдейі оразасын бұзса, сол күнгі оразасын соңына дейін ұстай беруі керек. Мысалы, дәрет алып жатып байқамай су жұтып қойса, таң атпады екен деп сәресін жеуді тоқтатпаса – бұл абайсызда бұзып алу. Мұндайда Рамазан айы біткен соң абайсызда бұзып алған күннің оразасын қаза ретінде өтеуі қажет. Ал оразаны әдейі бұзған адам үшін (біле тұра су ішу не тағам жеу я болмаса біле тұра жыныстық қатынасқа түсу т.б.) кәффаратын өтеу міндеті тұрады. Ол – Ораза айт мейрамынан соң 60 күн қатарынан ораза тұту.
– Ораза ұстап жатқан адамға өзен-көлдерге шомылуға бола ма?
– Ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге, тағы басқа суқоймаларға шомылуға немесе ғұсылдануға болады. Бұл оразаны бұзбайды. Тек ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуід жинаған хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (с.а.у) аузы берік бола тұра, ыстықтықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады. Шомылу барысында құлаққа кірген судан ораза бұзылмайды.
– Әйел адамның етеккірге байланысты оразасы бұзылып, оның кәффаратын өтеу кезінде тағы да етеккірдің кесірінен оразасы қаза болып қалуы мүмкін. Мұндайда не істеу керек?
– Рамазан кәффаратында ораза үзілсе, бәрін қайтадан бастауға тура келеді. Ал кәффарат қазасын өтеу барысында әйелдің етеккірі келетін болса, оразасын доғарып, хайызы тоқтағаннан кейін оразасын сол тоқтаған жерінен әрі қарай жалғастырып кетуіне болады. Мысалы, екі ай кәфәрат оразасының оныншы күнін ұстап, он бірінші күніне аяқ басқан әйелдің хайызы келсе, ол аузын ашады. Хайызы тоқтаған соң кідірген жерінен ары қарай кәффарат оразасын жалғастыра береді. Рамазан оразасының кәффараты дегеніміз – рамазан айында еш себепсіз аузын ашып жіберген (үзіліссіз ішіп-жесе не жыныстық қатынасқа түссе) адамның осы күнәсін жуып-шаюы үшін ұстайтын оразасы. Оның жазасы – екі ай бойы (60 күн) үзбей ораза ұстау. Ораза ұстауға күші жетпесе, алпыс жоқ-жітікті тамақтандырады. Қаза ораза деп оразаны абайсызда бұзып қоюды айтады.
– Ауызашарда қандай дұғалар оқылады?
– Әбу Дәуідтің хадистер жинағында келген риуаяттардың бірінде Пайғамбарымыз (с.а.у) ауызын ашқанда мына дұғаны оқитындығы айтылған:
«Аллаһуммә ләкә сумту, уә алә ризқикә әфтарту!» – мағынасы: Аллаһым сенің разылығың үшін ауыз бекіттім және сенің берген несібеңмен аузымды аштым)!» Бұл дұғаны: «Аллаһуммә ләкә сумту, уә бикә әмәнту уә алә ризқикә әфтарту, уә аләйкә тәуәккәлту уә ли сауми ғадин нәуәйту!» деп те оқуға болады. Онымен қоса, ауыз ашарда Алла Елшісінің оқитын өзге де дұғалары болған. Абдулла ибн Амр ибн Астың айтуы бойынша, ол «Ораза ұстаған адамның ауызашарда (айтатын) дұғасы бар. Ол: «Аллаһуммә! Инни әс’әлүкә бирахмәтик әлләти уәсиаат күллә шә’ин: Ән тағфира ли зүнүбий» деген. Мағынасы – Аллаһым! Барлық нәрсеге төгіліп тұратын мейіріміңмен сұраймын: Менің күнәларымды кеш!».
– Адам құсқан кезде оразасы бұзыла ма?
– Ораза кезінде аузы берік кісі еріксіз құсса, ораза бұзылмайды. Ал әдейі құсу оразаны бұзады. Ондай жағдайда Рамазан айынан кейін сол күнді қайта тұту керек. Ауыз толы болмаса, бұзылмайды. Бұл жайында имам Тирмизиден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Еріксіз құсық келген кісі (оразасын) қазасын өтемейді. Ал әдейі құсқан болса (сол күнгі оразаның), қазасын өтесін», – дейді.
– Мен студентпін, сабағымды жақсы түсіну үшін кейбір күндері ораза тұтпасам, кейін қазасын ұстасам бола ма?
– Ораза ұстау сабақтарыңа кедергі болмайды. Керісінше, жақсы түсінуің үшін көмекші болады. Қарын қатты тоқ болса адамның миы жақсы жұмыс істемейді. Аш адамның зеректігі ашылып, түсіну қабілеті күшейеді. Бұл әлі – тек медициналық жағы. Ал ораза тұтқанда Аллаһ тағаланың жаудыратын рақметі, мейірімі мүлдем бөлек. Оны түсінуге ақыл жетпейді. Ал, жалпы, сабақты алға тартып, ораза тұтпау харам болады. Рамазанның күнінде ораза ұстау үлкен нығмет болып табылады. Бұл нығметтен мақұрым қалмау керек. Ораза ұстауды үлкен олжа деп білу керек. Алла елшісі өз хадистерінің бірінде, қазақ ораза мен дер кезінде ұсталған ораза жайлы: «Рамазанда бір күн ораза тұтпаған адам оның орнына бүкіл бір жыл ораза тұтса да, әлгі бір күннің сауабына қауыша алмайды» десе, жалпы, оразаның құндылығы мен сауабы жайлы «Аллаһ разылығы үшін бір күн ораза тұтқан адамды Алла да бір күндік ораза себебімен жаһаннам отынан 70 жылға алыстатады» деп сабақтайды.
– Бір себепке байланысты ораза ұстай алмаған адам ол күні Құран Кәрімді оқи ала ма, тарауих намазын оқи ала ма?
– Ораза, намаз және құран оқу бірбіріне байланысты ғибадат емес. Бір себеппен ораза ұстай алмаған адам, Құран Кәрім оқиды, бес уақыт намазын да, тарауих намазын да оқиды.
– Тек Рамазан айында ғана емес, басқа кездерде нәпіл ораза ұстауға болатынын білеміз. Алайда ораза тұтуға тыйым салынған айлар немесе күндер бар ма?
– Ораза тұту тек айт күндері харам болады. Бір жылда бес күн. Яғни құрбан айттың төрт күні және рамазан айттың бірінші күні тұтуға болмайды. Қалған күндердің бәрінде ораза тұтуға болады.
– Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс па?
– Ораза айын ауру яки жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға болмайды. «Бақара» сүресінің 185-аятында «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын» делінген.
– Қадір түнін таң атқанша ұйықтамай өткізу шарт па?
–Қадір түнін таң атқанша көз ілмей өткізу шарт емес. Әркім өз жағдайы мен ыңғайына қарай өткізеді. Түні бойы дастарқан жайып үйде күту де, мешітте өткізу де шарт емес. Алайда Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн, бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа бара-бар екендігін білген мұсылман бұл түнгі сауаптан құр қалмау үшін барынша құлшылық жасауға тырысады. Құлшылық деп отырғанымыз – нәпіл намазын, Құран оқып, зікір айтып, салиқалы істер жасап, ғибратты әңгімелер мен уағыздар тыңдау деген сөз
– Белгілі бір себептерге байланысты Оразаны басынан ұстай алмаған адамдар бірнеше күн өткеннен кейін де ораза ұстағандардың қатарына қосылуына бола ма?
– «Ештен кеш жақсы» демекші, ораза ұстауы міндетті бола тұрып, ауыз бекітпегені үшін тәубе етіп, ораза ұстағаны абзал. Ал қаза болған күндерін ораза айттан кейін өтейді. Біреулер: «Биыл енді ораза басталып кетті. Келесі жылдан бастап ауыз бекітемін», – дейді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Себебі, біріншіден, келесі жылға дейін кім бар, кім жоқ? Оны бір Алла тағала біледі. Екіншіден, келесі жылы тағы да: «Келесі жылдан бастап ауыз бекітемін», – деген әңгіме айтылмасына кім кепіл? Ал өтелуі тиісті болған оразаның парыз күндері мойынға қарыз болып жинала береді.
(Жауаптар Мuslim.kz порталынан алынды)