Рамазан айында еліміздегі телеарналардың нәпсіні оятатын көріністерді көрсетуіне тыйым салу керек пе?
Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айының келуі – күллі мұсылман қауымы үшін салтанатты кезең. Бұл айда барша жамағат ораза ұстап, отыз күн бойына ауыз бекітеді. Жаратушыға құлшылық жасап, сауапты іс жасауға тырысады. Тіпті жаһандық телеарналардың көбі Рамазан айына арнайы дайындық жасап, бір ай бойы халыққа мейірімділік пен қайырымдылықты, адалдық пен парасаттылықты, сабырлылық пен тазалықты насихаттайтын туындылар ұсынып жатады. Бұл ретте біздің отандық телеарналар қасиетті Рамазан айына қаншалықты көңіл бөлуде? Кейбір көрермендер «Бұл айда отандық телеарналар Пайғамбарымыздың өмірі туралы фильм көрсеткенімен, оның арасында «Алкогольсыз сыра» мен тағы басқа жарнамаларды көрсетуді доғарар емес» деп өкпе-назын білдіріп жатады. Біз бүгінгі тақырыпта «Рамазан айында еліміздегі телеарналарда нәпсіні оятатын көріністерді көрсетуге тыйым салу керек пе?» деген сауалды ой-көкпардың талқысына салып көрген едік.
Еркінбай ДУАНАЕВ, Қазақстан қажылар қауымдастығы діни бірлестігінің төрағасы:
иә
– Әрине, тыйым салу керек. Нәпсіні оятатын бейәдеп көріністер телеарналарда тек қана Рамазан айында емес, жыл он екі ай көрсетілмеуі тиіс. Жасыратыны жоқ, біздің отандық телеарналар қасиетті Рамазан айына соншалықты көңіл бөлмей келеді. Жаратушының ерекше ықыласы түскен, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл он екi айдың ең қадiрлiсi – Рамазан айында телеарналар зорлық-зомбылықты, ұрлық-қарлықты т.б. күнә істерді насихаттайтын фильмдерді көрсетуді доғарып, оның орнына халықты ізгілікке үндейтін, қайырымды іс жасауға шақыратын бағдарламаларды ұсынса, қандай тамаша болар еді. Өкінішке қарай, кейбір телеарна басшылары мұның қаншалықты сауабы мол екендігін түсінбей келеді.
Біз бұл туралы қанша рет Парламентке, министрлікке хат жазып, мәселе көтергенбіз. Алайда нәтиже шығар емес.
Қасиетті ораза айы бiр ай бойы iшiп-жеуден ғана емес, өтiрiк-өсек айту, бiреудi сыртынан ғайбаттау, бейәдеп сөздер мен қылықтар сияқты адамгершілiк қағидаларына жат әдеттерден аулақ болу, яғни рухани тазалық амалын жасау үшін түскен. Ораза ұстаған адамда Алладан қорқу, Оны сезiп тұру, тақуа сезiмi пайда болады. Ораза нәпсiнi тiзгiндеп, жүректi тазартады. Жүректе Алла тағалаға деген сүйiспеншiлiктен басқаға орын қалмайды. Ораза ұстаушының күнәлары кешiрiлiп, сабырлылығы мен кешiрiмдiлiгi артады. Аштықты басынан өткiзген адам кедейлер мен кембағал жандарға жақсылық iстеу керектiгiн жүрегiмен сезiнiп, түсiнедi. Сондықтан Рамазан – қайырымдылық, мейірiмдiлiк, сауап-амалдар жасайтын, күнәлар кешiрiлетiн, iстеген ғибадаттарымызға орай, тақуалығымыз үшiн ұжмақ нығметтерiмен сыйланатын ай. Оның үстіне, қазір ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда оның да мүмкіндігін дұрыстап пайдалансақ екен деймін. Енді интернеттегі нәпсі оятатын көріністерге тыйым сала алмасақ та, тележәшік өзіміздің қолымыздағы дүние емес пе? Оларға неге тоқтау сала алмасқа? Қалай десек те, тиісті органдар Қазақстан халқының 70 пайызынан астамы мұсылман жамағатына жататынын ескеріп, қасиетті Рамазан айында телеарналарда нәпсіні оятатын көріністерді көрсетуге тыйым салуы тиіс. Оның орнына халықты ынтымаққа, елдікке, мейірімді болуға шақыратын бағдарламалар жасауға үгіттеуі керек.
Арман ШОРАЕВ, «КТК» телеарнасының бас директоры:
жоқ
– Біз қандай жағдай болмасын міндеттеу, мәжбүрлеу, тыйым салу дегеннен қашуымыз керек. Біріншіден, дінімізде зорлық жоқ. Екіншіден, біз шариғат заңымен жүретін мұсылман елі емеспіз. Ата Заңымыз бойынша, біз зайырлы құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан «сен мына айда мынадай фильм көрсетпе» деп шектеу қойғанымыз дұрыс емес. Әр телеарнаның өз жоспары, алда бекіткен бағдарламалары болады. Олар сол бойынша жұмыс жасайды. Әрі-беріден соң, ол телеарналардағы фильмге байланысты емес, бұл әр адамның санасына, иманына байланысты. Ал ізгілікті, қайырымдылықты, мейірімділікті насихаттауға келетін болсақ, әр телеарна өздерінің шамасы жеткенше бұл туралы неше түрлі туындыларды қазақ және орыс тілдерінде көрсетуде.
Сондықтан тыйым салу, мәжбүрлеу түрінде емес, ұғындыру, түсіндіру арқылы әрекет етуге тиіспіз.
Демократиялық қоғамда өмір сүргендіктен, тыйым салу, цензуралау дұрыс емес. Оның үстіне, өзіңіз де білесіз, бізде дін мемлекеттен бөлек. Егер біз бүгін мұсылмандар мерекесіне ерекше назар аударсақ, ертеңгі күні христиандар, буддистер «біздің сыйыну рәсіміміз неге арналарда көрсетілмейді?» деп шу шығаруы мүмкін. Сондықтан біз бұл жерде бейтараптық сақтағанды жөн көріп отырмыз. Бұл ретте Рамазан айын жан-жақты насихаттау – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен «Асыл арна» ислами ағартушылық телеарнасының негізгі жұмысы болуы тиіс. Ал біз жаңалықтар қызметі арқылы осы айда жер-жерде өткен ауызашар рәсімдері, қайырымдылық шаралары, халықты имандылыққа шақыратын оқиғаларды насихаттауға тырысамыз. Бірақ «нәпсіні оятады» деген желеуді алға тартып, көрсетілетін фильмдерге тыйым салудың керегі жоқ. Өйткені есі дұрыс адам теледидардан атыс-шабыс, зорлық-зомбылықты көре салып, бірден қандай да бір сорақы әрекетке бармайды. Сондықтан телеарналарға сын таға бергенше, бала тәрбиесіне кешенді түрде айрықша көңіл бөлген жөн.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Рамазан СӘРПЕКОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қасиетті Рамазан айының шарттарының өзі бір ай бойы ішіп-жеуді тыйып, халықты сабырлылыққа, төзімділікке шақырады. Егер халықтың сана-сезімі, ой-өрісі жоғарылап, дінге, Рамазан айына деген құрметі жоғарылай беретін болса, онда мұны мәжбүрлі түрде тыйым салмай, түсіндіру арқылы-ақ шешуге болады. Дегенмен бұл айда телеарналар шектен шыққан сорақылықты көрсете беретін болса, онда шектеу қою артықтық етпейді деп есептеймін. Дегенмен қазір біздің еліміз дамыды, халқымыздың дінге деген құрметі күннен-күнге артып келеді. Бұл уақыт өте келе, өздігімен шешіліп, алдағы уақытта телеарналар да Рамазан айындағы көрсетілім кестесіне жақсы өзгерістер енгізеді деп есептеймін.