Үш күндік ораза қайдан шыққан?
Қасиетті Рамазан айында мұсылман баласына 30 күн ораза ұстау парыз екені баршамызға аян. Кейбіреулер «оразаның басында, ортасында және соңында үш күннен ауыз бекітсе де болады» дейді. Олар оны қайдан шығарып жүр? Ал өзім, керісінше, оразадан бөлек, басқа кезде де ауыз бекітуге болатыны жайлы естідім. Олардың талап-шарттары қалай және оны қай кезде орындаған дұрыс?Асхат ҚАМБАРҰЛЫ, Астана қаласы
Ораза негізі алты бөлімге бөлінеді:
1.Парыз ораза – Рамазан айының оразасы, қазасы және кәффарат (жаза) оразасы.
2. Уәжіп ораза – Бұзылған нәпіл оразаның қазасы мен нәдір оразасы.
3. Сүннет ораза – Мухаррам айының 9-10-ы күндері ұсталатын ораза.
4. Мустахаб ораза – бұл әр айда үш күннен тұтылатын ораза. Сіз сұрап отырған Рамазан айының әр кезінде «үш күндік ораза тұтуды» алға тартушылар, бәлкім, осы мустахаб оразамен шатастырып отырса керек.
5. Нәпіл оразасын әр мұсылман баласының аптаның дүйсенбісі мен бейсенбісінде орындай беруіне болады.
6. МәкруҺ ораза, яғни ұстауға болмайтын кездер. Оған Ораза айттың алғашқы күнін, құрбан айттың үш күнін жатқызуға болады.
Оразаның ең басты шарты – ниет. Олай болса, осы орайда түннен ниет ету парыз болып табылатын ораза жайында да айта кеткеніміз жөн. Рамазан айының ораза қазасын өтегенде нәпілден бұзылған және сөз берілген оразаларға түннен ниет ету парыз. Ал Рамазан оразасында түннен ниет ету шарт емес.