Әскерге барғың келе ме?
7 Мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай Алматы қаласындағы М.И.Қоңыр атындағы №154 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнамада қойылған «Әскерге барғың келе ме?» деген сұраққа 16 ер бала жауап берді. Олардың 11-інен «иә», бесеуінен «жоқ» деген жауап алдық.
Төленді Нұрдәулетов, 11-сынып оқушысы:
– Мен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарына қабылданғым келеді. Ата-бабаларымыз білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, туған елдің топырағына бөтеннің ізін қалдырмай, сан ғасырдан бері анталаған жаудың ешбіріне алдырмай, мұраға қалдырған қасиетті даланы біз де ұрпақтан- ұрпаққа аманат етіп табыстауға міндеттіміз деп есептеймін. Әскерге бару – кез келген ер-азаматтың, отансүйгіш ұланның борышы. Сондықтан өз адал борышымды міндетті түрде өтеймін. Туған елімді, кіндік қаным тамған туған жерімді бар күшіммен, ниетіммен қорғағым келеді. Мен болашақта өз Отанымның, Тәуелсіз Қазақ елінің мүддесі үшін қызмет етер ержүрек, батыл, қайсар ел қорғаушы болатыныма кәміл сенімдімін. Қазіргі таңда ел аузында жүрген әскери бөлімшелердегі келеңсіздіктер жайлы сөздің көп екені жасырын емес. Сондықтан да болар, көптеген замандастарым әскерге барудан жасқанады. Өз кезегімде мен де мұндай жағдайлардан хабардармын. Алайда айтылып жүрген қауесеттің барлығын шындыққа жанаспайды деп есептеймін. Дамыған 30 елдің қатарына қырандай ұмтылған Қазақ елі қазіргі заманның барлық талаптарына сай, әскери бөлімшелері де жақсы жабдықталып, керек-жарақтың барлығы да қамтылған. Сол себепті өз замандастарыма «Болашақта әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті!» деген үндеу салғым келеді.
Әділет Тасболат, 11-сынып оқушысы:
– Менің әскерге барып, Отан алдындағы абыройымды асқақтатқым келеді. Бірақ соңғы бір жыл көлемінде өз шешімімді өзгерттім. Себебі білімімді жетілдіріп, оқу оқып, мемлекеттің болашағы үшін қызмет етер азамат болуға ниеттімін. Қазір отандық телеарналардан Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарында жүрген азаматтарға қатысты қаралы хабарлар жиі берілетін болып жүр. Содан да болар, ата-анам менің шешімімді қолдап отыр. Әрине, уақыт өте келе заманның ағымымен, заманауи талаптың өзгерісіне сай әскердегі тәртіп пен талап жүйелі өзгеріске ұшырап, тыныштық орнар болса, мүмкіншілігінше әскерге баруға бар ынта-жігерімді арнамақпын.