«Мамасының баласы» қайдан шығады?
Дүниеге тағы бір сәби келді. Ұл. Ертеңгі күні ат жалын тартып мінетін азамат. Елін, жерін қорғаушы. Еңбекқор. Отбасын асыраушы. Кәсіби маман. Бәлкім, тіпті білікті басшы. Батыл да қайсар. Қайырымды да қарымды. Өжет те өнерлі. Әйелді сыйлай һәм сүйе білетін. Қысқасы, сегіз қырлы, бір сырлы. Біз ұлдарымызды осындай етіп тәрбиелей аламыз ба?
Тақиялы періште
Дәуір – Айманның жалғыз ұлы. Әлі кішкентай, екінші сыныпта оқиды. Әкесі жұмыс бабымен көбіне сыртта жүреді. Сондықтан Дәуірдің тәрбиесіне жауапты, әрине, анасы. Әлбетте, ұлы десе ішкен тамағын тастай салады. Басынан құс тұрмақ, шыбын ұшырмайды. Ол ұйықтап жатқанда кір жуып, ыдыс-аяқ салдыратуға болмайды. Оған арнап тамақ әзірлеу – өз алдына бір хикая. Жұмыстан жүгіріп келіп, макарон пісіре салатындардың отбасына Айман аянышпен қарайды. Себебі өзі құдды мейрамхана аспазы секілді арнайы ас мәзірін әзірлейді. Күнде осылай. Ол мәзірде бәрі бар. Баласы алда-жалда құстың сүтін тауып әкел десе, одан тайынатын Айман жоқ.
Бұлардың сабаққа барып келуі де қызық. Таңертең Дәуір шырттай киініп, екі қолы қалтада, алдыда кетіп бара жатады. Соңында анасы. Бір қолында қарны қампиған қара сөмке. Екінші қолында бәтіңке салынған дорба. Мектепке кірген соң Дәуір етігін шешіп, бәтіңкені өзі киеді дейсіз бе? Жоқ, оған еңкеюге болмайды. Егер мұғалім рұқсат етсе, баласымен бір партада отырып сабақ оқитын еді. Әттең, оған рұқсат жоқ. Сабақ біткен кезде баласын қақпаның ар жағынан күтіп алады. Үйге жеткенше таңертеңгі картина қайталанады. Кейде дүкенге кіріп, қалаған нәрсесін әперуі мүмкін. Түскі асын ішіп болған соң бала міндетті түрде демалуы керек. Сабақ оқығанда да Айман жанына отырады. Бірге есеп шығарады, бірге тақпақ жаттайды. Далаға да бірге шығады. Айманға салса, балаларға қосылып бірге ойнар еді. Бірақ үйтсе тым артық кететінін түсінеді. Сондықтан анадайдан қарап жүреді.
Дәуір әзірге кішкентай. Ол келешекте тіршіліктің салқын ызғары мен қатты дауылы болатынын білмейді. Айман да ойлағысы келмейді. Сабағын жақсы оқыса болды. Өзі-ақ адам болады дейді. Кейін бір жақсы қыз кездесіп, соған тапсырса, баласының қамқорлықтан ада болмайтынына сенімді. Кейін тіпті «Тақиялы періште» фильміндегідей баласына лайық келіншекті өзі іздеуі де ғажап емес.
Айналаға қарасақ, Дәуір секілді анасының (немесе әжесінің) шектен тыс қамқорлығына бөленгендер көп. Бұл – әсіресе қалаға тән құбылыс.
Психологтар «мамасының баласы қайдан шығады?» деген сауалға негізінен «жалғызбасты әйелдердің тәрбиесінен» деп жауап береді. Әкесі жуас отбасында да көп кездеседі. Ал әкенің беделі күшті отбасында «мамасының баласын» тәрбиелеп шығару мүмкін емес көрінеді. Себебі әкесі ұлының анасына тәуелді болуынан арылтады, яғни ол – екі арадағы тығыз байланыстың кіндігін кесуші. Ұлын өмірдің қатал сынына қаймықпай төтеп беретін, батыл да еңбекқор болып өсуіне ықпал ететін де әкесі. Ал ананың аты – ана. Жүрегі нәзік әйел баласын қиындықтан қорғаштаймын деп, сонысымен босбелбеу, әлжуаз етіп шығарады.
Бәрі бірдей сүмелек емес
Оның үстіне, қазіргі қоғамда «мамасының баласын» тәрбиелеп шығаруға әсер ететін басқа да факторлар бар екенін ескеру керек. Ол – бала тәрбиесінің тізгіні негізінен нәзік жандардың қолында болуы.
Басқасы басқа, ұл баланың тәрбиесінде қазіргі әйелдер ешкімге дес бермейді. Ұл бала жарық дүние есігін ашқаннан сақал-мұрты шыққанша анасының бауырында. Балабақшада еден жуушыдан меңгерушіге дейінгі орында – әйел азаматтар. Мектепті бұрыннан бері әйелдер «басып алған». Колледж, университет, академия дегеннің бәрінде қыз-келіншектер өріп жүр!
Құдды «МБ» тауар белгісімен заманауи бозбаланы жасап шығаратын инкубатор. Қайта ұл біткеннің бәрі «мамасының баласына» айналмай, төтеп беретініне шүкір дейсің. Соған қарағанда, әлі де иммунитет мықты. Әсіресе ауылдың баласында. Қалада туып-өскендерге қарағанда ауыл баласының шымыр, пысық болатыны белгілі. Бұл да болса ауылдағы аналардың бала тәрбиесінде бұрынғы қазақы дәстүрді ұстанатыны, ұлын өмірге ерте жастан бейімдейтіні себеп болса керек. Айта кету керек, әскерге баратындар да көбіне ауылдан.
Кезінде ағылшын жазушысы Дэвид Герберт Лоуренстің шығармалары қоғамда сан қилы пікір туғызған-тұғын. «Ұлдары мен нақсүйері» деген романын біреулер реалистік дәстүрдің жалғасы десе, енді біреулер Фрейд бағытына негізделген дейді. Шамасы, екіншісі дөп келеді. Романда әлдебір себептермен күйеуінен жеріген Гертруда Морел бүкіл сүйіспеншілігін ұлдарына, әсіресе кенже ұлы Полға арнайды. Оның шексіз махаббаты баласының өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтіретіні, анасы о дүниеге кеткеннен кейін ұлының сағыныштан азап шегетіні романда егжей-тегжейлі суреттеледі. Бұл шығармада фрейдизм ықпалы, әсіресе жазушының Эдип комплексінің сырына үңілгені анық байқалады. Ерте жаста алған әсер ешқашан құрып кетпейді. Басты кейіпкердің анасына деген сүйіспеншілігі есейе келе күшейгені сонша – ұнатқан қыздармен жақындасуына тосқауыл болады.
Мамандар айтқандай, ана мен ұл баланың арасындағы байланыс өмір бойы үзілмейтін жіп секілді. Біреу жіпті босаңсытып ұстаса, енді біреулер айрықша қамқорлығымен «тұншықтырады». Лоуренс кейіпкерлерінің бүгін де арамыздан табылатыны табиғаттың тылсым құпиясы болса керек.
Дегенмен «мамасының баласы» атанғандардың бәрі ынжық, босбелбеу болып шығады деген жаңсақ пікір. Мәселен, Лоуренстің шығармасындағы оқиға өз өмірінен алынған. Романның ақырында кейіпкердің тәуелділік тұсауынан арылуға, келешекке үміт артып, еркіндікке ұмтылуы бекер емес. Демек, тығырықтан шығатын жол бар.
Бүгінгі күннен мысал келтірсек, әйел біткеннің жүрегін жаулаған Леонардо Ди Каприо да – нағыз «мамасының баласы». Бір сұхбатында актер сапарға шыққанда сүйікті анасын жанынан қалдырмай ертіп жүретінін мойындапты. «Анам менің өміріме белсенді араласады. Мені «мамасының баласы» дейтіндер айта берсін. Әйтеуір, өзіме бұл ұнайды» деп ағынан жарылады актер. Дегенмен дүйім жұртқа осылай деп жар салудың өзі нағыз еркектің қолынан келетін шығар.
Бәлкім, «мамасының баласы» біз ойлағандай соншалықты қорқынышты құбылыс болмауы да мүмкін. Дегенмен ер баланы еңбекқор, ең бастысы, елін қорғай алатын ержүрек етіп тәрбиелеуге ұмтылсақ, ұтылмайтынымыз анық.