Қазақстанның қару-жарақ потенциалы қандай?
Әлемдік қаржылық дағдарыс кезеңіне, яғни 2008-2009 жылдарға дейін қорғаныс саласына бөлінген қаржы көлемі бойынша Қазақстан ТМД-дағы үшінші ел болып саналып келген. Ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш өспесе, кеміген емес. 2010 жылғы әскери бюджет 171 млрд теңгені құраса, 2011 жылы 200 млрд теңгеге (1,3 млрд доллар) жеткен. Өткен жылы Global Fire Power агенттігі әлем елдерінің әскери потенциалының рейтингісін жариялаған болатын. Онда Қазақстан қаржыландыру жағынан ТМД елдері ішінде Ресей мен Өзбекстанға жол берсе, Украина мен Грузияны басып озған екен. Сондай-ақ елімізде жыл сайын әскери техника мен қару-жарақ паркінің 7 пайызы жаңаланып отырады. Мәселен, бұлайша кез келген көршілес мемлекет мақтана алмайды. Қалай дегенмен де Қазақстан жоғары әскери потенциалы, болашақта өз жағдайын жақсартуға толықтай мүмкіндігі бар ТМД-дағы бестіктің бірі болып саналады.
Соңғы жылдары Қазақстан әскерінің техникалық-технологиялық қамтылуы жағына барынша басымдық беріліп жатыр. Мемлекет басшысы әрі Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Қазір әлем саны көп армияны қажет етпейді. Ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол күш керек. Әскерімізбен халқымыз мақтанатындай болсын» деп мәлімдеген еді. Сол себепті отандық әскери-өнеркәсіп кешені еліміздің басты – Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасына етене кіріктірілген. Осы жағынан алғанда, қуатты елге қауқарлы қару-жарақ, заманға сай техниканың болуын Елбасымыздың өзі де қадағалап отыр десек болады. Демек, еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мен 2010-2014 жылдарға арналған қарқынды индустриялдық-инновациялық бағдарламасында машина жасау саласын, оның ішінде қорғаныс кәсіпорындарын дамыту шараларының қарастырылуы да кездейсоқтық емес. Отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында «Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» Заңға енгізілген бірқатар өзгерістер де бұл салаға ерекше екпін берген. Ол жаңашылдық қорғаныс тапсырысын орындаушыны бірінші кезекте отандық тауар өндірушілер арасынан таңдауға басымдық береді.
Мысалы, биыл 2009 жылмен салыстырғанда, аталған саладағы қазақстандық үлес бойынша тапсырыс жеті есеге өскен. Демек, әскери өнімдердің қазақстандық қамтуды арттыруға, өнімдерді дамыту мен жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндіктер жасалуда. Оған басты үлес қосушы – «Қазақстан инжиниринг ҰК» АҚ. Бұл компания холдингтік құрылым ретінде бірнеше қорғаныс өнеркәсібі кешендерінің басын біріктіреді. Оның құрамына 29 еншілес және тәуелді кәсіпорындар кіреді. Оның 17-сі қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ мұнай-газ, теміржол, агроөндіріс, жылу энергиясы кешендеріне арналған өнімдерді шығарып, күрделі жөндеу жұмыстарын да жүргізеді. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы 60 пайыз азаматтық және 40 пайыз әскери өнімдер шығарады. Қысқа уақыт ішінде бұл компанияға енетін барлық кәсіпорынның шоғырланған табысы 50 млрд теңгені құрапты.
Негізінен, бізге Кеңес Одағынан 50-ге жуық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары мұра болып қалған еді. Бірақ Тәуелсіздіктің қиын-қыстау сәтінде оларды қаржыландыру қысқартылып, конверсияны жүзеге асыру проблемасы туындаған. Шаруашылық байланыстар мүлдем үзіліп қалған. Алайда еліміздегі барлық мемлекеттік органның белсенді жұмысы, әскери-техникалық саясаттағы тың серпіліс соңғы жылдары әлеуетті құрылымдар мен әскери мақсаттағы отандық өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды қалыптастырды. Нәтижесінде, ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгіндері Қарулы Күштер қажеттілігі үшін оқ-дәрілер шығару бір жолға қойылған. Петропавл және Семей қалаларындағы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының өндірісінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, сонымен қатар қолдағы бар әскери техниканы жетілдіру де жүзеге асырылады. Бұл ретте БТР-80 бронетранспортерін мысал етуге болады. Сол секілді өткен жылы алғаш рет отандық кәсіпорын шығарған Еврокоптер «ЕС-145» тікұшақтары және Каспий теңізінде «Қазақстан» атты отандық тұңғыш зымырандық-артиллериялық катер пайдалануға берілді. Байланыс құралын өндіретін біріккен кәсіпорындар да құрылған, таяу болашақта ұшқышсыз ұшатын аппараттар жасап шығаратын боламыз, оптикалық-электрондық және радиолокациялық жүйелер, ұшақ пен тікұшақтың жаңа модельдерін жасауға мүмкіндік алдық. Сол секілді Астана қаласында әуе-техникасының сервис орталығының да құрылысы жүргізіліп жатыр. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ жоғары технологиялық өнімдер разрядына жататын авиациялық қозғалтқыштарға күрделі жөндеу жасап келеді. Жалпы, соңғы үш жыл барысында тек технологиялық базаны жаңарту үшін 15 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Бұл арада отандық қорғаныс өнеркәсібін дамытуға 2010 және 2012 жылдары еліміз өткізген KADEX халықаралық қару-жарақ және әскери техника көрмесінің үлкен септігі тигенін баса айта кетелік. Ол қазір халықаралық көрмелер тізіміне енген. «Талес Қазақстан Инжиниринг» УКВ және тактикалық звенодағы КВ-диапазонындағы үшінші және төртінші буындағы радиобайланыс құралдарын жасап шығаратынын да баса айта кетелік. Сол секілді он шақты әуе бұйымын экспорттайды екенбіз: ол ТМД әуе құрылысы және әуе кемесін жөндеуші кәсіпорындарға қажетті агрегат-жабдықтар және т.с.с. Бүгіндері суасты торпедосын Ұжымдық келісімшарт қауіпсіздік ұйымы елдеріне экспорттайды екенбіз. Ресей тарапы Ауғанстаннан және Түрікменстаннан қайтқан әскери техникасын күрделі жөндеуді Қазақстанға табыстап отырғанға ұқсайды. Сондай-ақ отандық кәсіпорындар жеңіл моторлы ЯК және АН ұшақтарын, тікұшақтарды, брондалған техникаларды, сыйымдылығы 500 тоннаны құрайтын кемелерді күрделі жөндеуден өткізе алады. Бұл отандық өндіріске қатыстысы, ал экспорттан ең үздік қару-жарақ түрлерін де тұтынатынымызды мақтанышпен айтуға болады. Өйткені кез келген мемлекеттің қымбат әрі ұтқыр әскери техниканы, қару-жарақты сатып алуға мүмкіндігі бола бермейді. Мысалы, құрлық әскерлерінде «Хаммер» автокөліктері мен бронды доңғалақты «Кобра» машиналары көптеп қолданылады. Қару-жарақ қатарынан «Солнцепек» ауыр отты жүйесін, БМПТ танктері мен БТР-82А бронетранспортерлеріне көмек көрсетуші соғыс машиналарын көруге болады.
Таяуда Астана қаласының әуе базасына Испаниядан Airbus еуропалық әуе концернінің екі С-295 ұшағы келді. Қазақстанның 20 жылдық Тәуелсіздігі барысында еліміздің әскери әуе күштері паркі алғашқы рет мұндай жаңа буындағы ұшақпен қамтамасыз етіліп отыр. С-295 – әлемдегі бүгінгі таңдағы ең мықты ұшақтың бірі. Қазақстан ТМД елдері ішінде оған алғашқы тапсырыс беруші мемлекет болып табылады. Оның ерекшелігінің бірі ретінде қозғалтқыш қуаты, маневрді жылдам жасауымен қатар, сыйымдылығын атауға болады: оған 71 әскери қызметкер немесе 48 десантшы не болмаса 244 медициналық қызметкерімен қоса, 24 зембіл тасушы, тағы болмаса 9,2 тонна жүк сыйып кетеді. Аталған ұшақты игеру мақсатында Испаниядан ұшқыштарымыз да арнайы теориялық және практикалық білім алып қайтыпты. Жоспар бойынша, 2018 жылдың соңына дейін Қазақстан Қарулы Күштері тағы осындай сегіз ұшақпен толыға түсуі керек. Әскери-әуе күштерінде көпфункционалдық СУ-27 атқыштары бар, соңғы кездері олар тек күрделі жөндеуден өткізіліп қана қоймай, жаңаланды да. Олар бүгіндері «4+» буындағы ұшаққа жатқызылады. Енді көпфункционалдық МИГ-35 атқыш-ұшағын алуға таңдау түсіп жүр екен. Жалпы, соңғы кездері елімізге әскери техника мен әскери жабдықтар Ресейден, Украинадан, Түркиядан, Финляндиядан, Қытайдан, Болгариядан, Польшадан, Голландиядан, Испаниядан алынып отырған.
Жалпылай алғанда, әскери техника және қару-жарақпен қамтылу әскердің үш саласы: жердегіге, көктегіге және теңіздегіге бағытталған. Келесі кезек – ғарыш құрамасын дамыту. Бұл таяу болашақтың еншісіндегі дүние деп ойлаймыз.