Ұлыңыздың әскери қызметкер болуын қалайсыз ба?
Орынғали ЕСЕНҒАЗИЕВ, Алматы қалалық ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник:
– Мен ұлымның әскери қызметкер болуына ешқандай қарсылығым жоқ. Менің бұл салада жүргеніме 69 жыл болыпты. Кезінде қанды қырғын соғысқа да қатыстым. 10 рет жарақат алған адаммын. Отан үшін от кешуден біз тайынбадық. Одан жаман болған жоқпын. Ел алдында абыройым асқақтап, үнемі жүзім жарқын, еңсем биік. Сондықтан өзімнің балаларымның да осындай мерейі асқақ болғанын қалаймын. Әрине, бұл басқа қызметтегілердің беделі төмен дегенді білдірмейді. Бірақ әскери қызметтің жөні бөлек. Отан үшін, халық үшін олардың жауапкершілігі мықты болуы керек. Осыдан болар, әскери қызметке араласуға ұрпақтарым талпынып жатса, мен қарсы болмаймын. Керісінше, демеп, талпыныстарын ұштап отырамын.
Әмірбек ТӨГІСОВ, генерал-майор:
– Менің ұлым да, қызым да әскери қызметте жүр. Олардың бұл жолды таңдауына еш қарсылығымды білдірмедім, керісінше, қуандым. Кез келген Қазақ елінің азаматы Отанын, жерін, елін қорғауды бірінші парызы санауы керек. Сондықтан бұл жерде менің тарапымнан балаларыма ешқандай қарсылық білдіру деген болмады. Ата-бабадан қалған жерімізді, елімізді сақтап қалу үшін кез келген елдің баласы отансүйгіш болуы керек. Бұл бір ғана әскери міндетті өтеумен шектелмеуі керек. Жерді, елді, Отанды сүю қасиеті – балаға ана сүтімен берілетін дүние. Бұл – өте қастерлі қасиет. Келешекте еліміз тыныш, жеріміз береке-бірлікке толы мемлекет болуы үшін біз өзіміздің ұрпағымыздың санасына мемлекет деген ұғымды сақтауды, қадірлеуді, сол мемлекеттің әрбір жаңашылдықтарына, жаңалықтарына мән бере қарауды, қоғамда болып жатқан дүниелерге сауатты түрде үн қата білуді сіңіре білгеніміз абзал. Сонда ғана еліміздің амандығы нықтала түседі.
Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ, Мәжіліс депутаты, запастағы офицер:
– Әрине, қалаймын. Отан деген сөз – отбасы, ошақтың қасы, үйдің шаңырағы деген мағынаны береді. Отанға қызмет ету отбасынан үйретілуі керек. Егер бала кішкентай күнінен елін ойлайтын болса, ол ешқашан әскери міндетін өтеуден қашпайды. Жалпы, халыққа қызмет ету адамның жасымен өлшенбейді, адамның жан дүниесімен, адалдығымен таразыланады. Сондықтан балаға Отан деген қасиетті ұғымды барынша түсіндіру керек. Әскери қызметтегі адамдардың тағдыры үнемі қыл үстінде жүретіндіктен, біздің елімізде баласын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналардың қарасы көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Азаматтарымыз Отан алдындағы борышын өтеп, елін, жерін қорғауға құлшынып тұрмаса, ол елдің болашағы қалай болмақ? Сондықтан кез келген отбасында Отан деген ұғымның қастерлі екені ер балалардың санасына сіңіріле беруі керек деп ойлаймын.