27-ге дейін күйеуге ти, әйтпесе, бала туа алмай қаласың...

27-ге дейін күйеуге ти, әйтпесе, бала туа алмай қаласың...

Қыздар арасында «жоқ» деген пікірді көп естуші едім. Мен мән бермей, осы сөзге қарсы тұратындардың қатарынан едім. Бірақ, өмірде болған оқиға мұның растығын көрсеткендей.

Менің 1-курстан жақын араласып, жақсы досыма айналған Толқын есімді құрбым болды. Екеуміздің достығымызға қызықпаған жан болмады. Төрт жыл бойы бір партада отырып, емтихандарға бірге дайындалатын ек. Екеумізде қарапайым семьядан шыққан соң, айтарымыз бір еді, көргеніміз бір еді. Шыны керек, оның сабақ үлгерімі маған қарағанда нашар еді. Тапсырмаларды менен көшіретін, емтиханнан құлап қалса, шпаргалка жасап беруге көмектесетін едім. Оқуды аяқтағанда ұстаздардан магистратураға түсу туралы ұсыныс маған ғана жасалды. Мен бір жылдан кейін тапсыратынымды айтып, жұмыс іздеуге кірістім. Әуелі жұмыс істеп, қаржылық жағдайымды жақсарту деген ниет болды. Үш аптадан кейін мені жұмысқа шақырды. Іріктеуден өтіп, мен жұмысқа орналастым. Ал Толқын болса, жұмыс таба алмай біраз жүрді. Кейін, әйтеуір, айлығы аз бір жұмысқа орналасты. Достығымыз жалғасты. Әр апта сайын кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, алға қойған жоспарларымызбен бөлісетінбіз. Толқын біртоға, елмен көп араласа бермейтін жан еді. Сол жуас мінезінің кесірінен жұмысы алға баспады. Бір жұмыстан басқасына ауысып кете беретін. Жұмыстан бөлек, оның бар ойы тұрмысқа шығу еді. Себебі, оның анасы «27-ге дейін күйеуге ти, әйтпесе, бала туа алмай қаласың» дейтін. Бір жағынан, анасының да сөзінің жаны бар, Толқын туылғанда оның денсаулығына зақым келген екен. Салдарынан оның басы, белі, бүйрегі ауырады. Одан қалса, етеккірі дұрыс келмейтін. Соны алға тартып, ол жігіт іздеу үшін көп қыдыратын. Ал мен болсам, карьера жасап кеттім. Оған білімім де, ынтам да жететін. Ағылшын тілін жақсы білгенімнің арқасында айлығым да жоғары болды. Басшылық мені шетелге іс-сапарға жиі-жиі жіберетін. Магистратураға да өз күшіммен оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап үлгердім. Күндіз жұмыста, кешке сабақта болдым. Толқынмен кездесулеріміз сиреді. Әр кездескен сайын мен оған іс-сапарларымнан алып келген сый-базарлықтарды толтырып әкелетінмін. Маған достық қымбат еді. Жұмыс басты болған соң, онымен жиі-жиі кездесе алмағаным үшін өзімді кінәлі сезінетінмін. Көбінесе екеуміз телефонмен сөйлесіп, хабарласып тұрдық. Толқын танысқан жігіттері туралы, мен барып келген елдерден алған әсерлерімді айтатынмын. Сол бір сөйлескенімізде ол өзінен 8 жас үлкен, ажырасқан ер азаматпен танысқанын айтты. Есімі Жансерік, заңгер болып қызмет атқарады екен. Екеуі күнде кездесіп, тіпті, Толқын әр демалыс сайын Жансеріктің туған қаласы Қостанайға барып жүрді. Екеуміз телефонмен ғана сөйлесетіндіктен мүлдем кездеспей кеттік. Жігітін сырттай танығаным болмаса, оны көрмедім.
Сөйтіп, жасымыз 26-ға келді. Аз уақыт ішінде менің қызметім көтеріліп, мен басшылық қызметке тағайындалдым. Ал Толқын болса, Жансерік екеуі үйлену тойларына дайындалып жатты. Толқын екеуміздің достығымыздың белгісі болсын деген ниетпен кезінде «Тойларымызда бір-бірімізге қыз жолдас боламыз» деп серттескенбіз. Бірақ, тойға дайындық барысында ойда-жоқта оның жанынан 10 жыл көрмей кеткен класстасы Айжан кездесіп қалады. Одан қалса, бөле сіңлісі, әріптес екі қызы бар. Не керек, қыз жолдас болу бақытына өзара талас басталды. Ол жеребе жасаймын деп шықты. Мен сонда: «Егер уәдені орындасаң, мен болуға қарсы емеспін. Ал егер жеребе жасап, қыздардың бірі болады десең, мен ол таласқа түспей-ақ қояйын» дедім. Ол ойланатынын айтып қалған. Арада екі апта өткенде Толқын: «Екі қыз жолдас болады, бірі ұзатуда, бірі үлкен тойда. Айжан мен жұмысымдағы Самал болады» деді. Мен оның сөзінде тұрмағанына аздап ренжідім. Бірақ, оның шешімін құрметтедім. Той күні жақындап қалды. Ол болса, бір хабары жоқ. Не шақыру қағазын жібермеді. Мен тойға көмек керек шығар деп хабарласқанымда, ол: «Сен келесің бе? Келсең ғана шақыру қағазын беремін. Келмесең, бірден айт» деп шорт кесті. Мен бір түрлі болып қалдым. Себебі, осы уақытқа дейін Толқынның бір ауыз сөзін тастаған емеспін. Көңіліне қарап келдім. Ал оның бұл сөзі жаныма қатты батты. Мен үндемедім. Ертесі күні бастығым мені 4 күнге Пекинге жіберетінін айтты. Іс-сапар мен Толқынның ұзату тойы бір күнге келіп қалды. Жұмыстың аты жұмыс. Тапсырма берген соң, орындау керек. Дереу Толқынға хабарласып, мән-жайды айтып ем: «Келсең де келмесең де бәрібір. Жансерік сені танымайтынын айтты. Тойға онсыз да адам көп келейін деп тұр. Қыз жолдас емессің ғой. Ұзатуға келмесең, үлкен тойға келерсің» деді. Мен оған: «Жарайды, ұзатуыңа келмесем де үлкен тойыңа келемін. Қыз жолдас болмасам да келемін. Жасауыңа қосқаным болсын, саған сый жасайын. Анаңнан не керектігін сұра, соны заттай не ақшалай берейін» дедім. Ол жарайды деп қалды. Той күні мен алыста болсам да, оған құттықтау хат жазып, конвертке ақша салып, гүл шоқтарын жібердім. Жан құрбымды қимадым. Оның ең маңызды күндерінің бірінде жанында болмағаным үшін өзімді кінәладым, ұрыстым. Елге келген бойда оған хабарласып, тағы бір мәрте құттықтадым. Ол болса: «Үлкен той Қостанайда 2-3 айдан кейін өтеді. Нақты күні белгісіз. Кейін айтармын» деді. Бірақ, кейін де, басқа күні де айтпады. Арамыз ажырай бастады. Сонда да оған ара-тұра хабарласып, халін сұрауға тырыстым. Ол болса, басында ықтиярсыз сөйлесіп, кейін мүлдем жауап бермейтін болды. Сөйтіп, екеуміз екі жаққа кеттік. Оның жолдасымен танысып та үлгермедім.
Құрбымды қимай, оны біразға дейін ұмыта алмай жүрдім. Қатты күттім. Оны сағындым. Бірақ, оның тарапынан еш жылулық, еш ынта болмаған еді. Әрине, менің өзге де достарым көп болды. Солардың арасынан қашан да ерекше тұратын Толқынның орны бөлек еді-ау.
Араға уақыт салып, мен де тұрмысқа шықтым. Жолдасым шетелде білім алған азамат болғандықтан халықаралық ұйымда жақсы қызметте еді. Екеуміз үйленбекші болғанда ол маған: «Айсана, мен білемін әр қыздың арманы үлкен сарайда той өткізіп, әдемі ақ көйлек кию. Егер соны қаласаң, той жасайын. Бірақ, мен дүркіретіп той жасауға қарсы тұратын адам едім. Тойға шашатын ақшаға өзімізге пәтер алсақ қайтеді? Я болмаса, ата-ана, бауырларымызды алып, шетелге демалуға кетейік» деді. Мен бірден келістім. Себебі, той жасауға аса ынтам болмады. Сөйтіп, ең маңызды жоралғыларды Астанада жасап, ең жақын туыстарымызды, достарымызды алып, шетелге кеттік. Пәтер де алып үлгердік. Сол арада жолдасыма Мәскеуде 3 жыл жұмыс істеуге ұсыныс келді. Ойланбастан үлкендердің рұқсатын алып, екеуміз кетіп қалдық. Тұңғышымыз Мәскеуде дүниеге келді. Қызыма аяғым ауырлағанда елге келдік. Қазір ұлым 2 жас 8 айға толды, қызым 6 айлық. Жолдасымның қызметі жақсы, мен декреттік демалыста, үй шаруасында, бала тәрбиелеумен отырмын.
Толқын туралы еш ұмытпағанмын. Жолдасым да екеуміздің достық хикаямыздан хабардар. Жақында кішкентайларымды алып, сауда дүкендерінің біріне барған едім. Біреу: «Айсана?!» деп қалды. Жалт қарасам, Толқын екен. Мені көрген бойда бас салып құшақтап, сүйіп жатты. Мен кішкене абдырап қалдым. Қал-жағдайды сұрап, кішкентайларымды көріп, мәз болып, оларды да сүйіп жатты. Сосын: «Айсана, сені сондай сағындым. Алдыңда айыптымын, маған ренжіп қалғаныңды білемін. Әрине, қазір кеш, бірақ сен мені не болса да кешірші» деді. Мен: «Иә, саған аздап ренжігенім рас. Бірақ, уақыт өтті. Сені бұрындары-ақ түсініп, кешіріп қойдым. Сені әр кез ойлайтынмын. Уайымдама, бәрі жақсы. Көріп тұрғаныңдай, менің адам баласына ренжуге еш уақытым жоқ» деп күлдім. Ол болса: «Дұрыс, Айсана, дұрыс. Кешіргеніңе, түсінгеніңе рахмет! Ризамын саған» деді. Мен еш жаман ойым болмастан: «Өзің қалай? Кішкентайларың өсіп кеткен шығар. Жансерік қалай?» деп едім, оның өңі өзгеріп кетті. Ол біраз үнсіздіктен кейін: «Мен тұрмысқа шыққан соң, екі жылдан кейін ажырасып кеттім. Жансерік екеумізде бала болмады. Оның дерті бар екен, соның кесірінен балалы бола алмайды. Алғашқы әйелімен де сол үшін ажырасқан. Менімен де. Бала бағып алуға келіспеді. Дәрігерлер де менің бұрынғы дерттерімді көріп: «Сәбилі болуың екі талай» деді. Қазір өзім жалғыз пәтер жалдап тұрамын. Осы сауда орталығында администратор болып қызмет етемін. Айжанмен, Самалмен байланысым көп болды үзілгелі. Жансерік өткен жылы мектеп бітірген қызға үйленді» деп біраз әңгімесін айтты. Екеуміз біраз әңгімелестік. Қоштасарда: «Араласып тұрсақ қалай? Қарсы емессің бе? Жолдасың қарсы болмай ма?» деді. Мен: «Толқын, араласпағанымызға біраз уақыт болды ғой. Көп нәрсе өзгерді. Мен қарсы емеспін. Бірақ, барлығы бұрынғыдай болмайтынына дайын болу керек. Жарайды, хабарласарсың» деп телефон нөмерімді тастап кеттім.
Кеше Толқын хабарласып, үйіне қонаққа шақырды. «Кішкентайымның тісі шығып жатыр еді, бара алмаймын» дедім. Барғым да келмеді. Ұзақтан хабарласып тұрғанымыз дұрыс сияқты. Қыздар арасындағы достық мәңгі емес екеніне көзім жетті. Қош бол, құрбым!

Айсана, Астана қаласы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста