Ағамның екінші әйелі ессіздеу болып шықты...

Ағамның екінші әйелі ессіздеу болып шықты...

Ағамның әйелі қайтыс болғанда артынан үш бала қалған. Екі ұл, бір қыз. Баланың үлкені қыз 5 жаста, үлкен ұл 3, кішісі небары 6 айлық. Жеңгеміз өте жас кетті. Кешке жақын аяқ асты ыстығы көтерілген жарын аудандық ауруханаға өзі жетектеп апарған ағам, таң ата 27 жасар жеңгеміздің сүйегін алып келді. Нақты неден кеткені әлі белгісіз.
Жарынан айрылу ағама өте ауыр тиді. Жұмысқа баруды қойды. Арақтың құлы болды. Әкелері мас болып жер құшақтап өкіріп жылап жатқанын көрген естияр екеуі еңірегенде етектері толатын. Осындай жағдайдың үстінен түскен үлкендердің сай-сүйегі сырқырап, жүйкесі жұқаратын. Ағамыз өзіне келе қоймаған соң, әкем ол кісіні көшеге шығармау үшін байлап тастайтын кездері де болған. Көзі жәутеңдеген үш баланы атам мен әжем өз қолдарына алды. Ағамның бауырлары мен олардың үйлеріндегі жеңгелерім көмек қолдарын аяған жоқ. Үш балапанды шомылдыру, киімдерін тазалау, көңілдерін аулау бәрімізге ортақ болды. Атамыз қатал кісі еді. Бәрін қадағалап отыратын.
Шұға жеңгеміздің шыққан жері көрегенді, адамгершіліктері өте жоғары еді. Үйтолған апа (құдағи) қызы қайтқан соң араны үзбеді. Басқа салған азапқа кәрі жүрегі шыдады. Жолдың алыстығына қарамастан, екі күн жүріп ауылға келіп кетіп тұрды. Өмірде көргені көп кісі емес па, араға жылдар салған соң ағамды үйлендіру керек екенін ашып айтты. Өзі батасын беріп, рұқсат етті. Обалы не керек, Шұға жеңгемнің төркіні адамгершілігінен әлі тайған емес. Жеңгеміздің өмірден қайтқанына 20 жыл толуына байланысты ауылға кеп ас беріп қайтты. Аруақ алдындағы парызды ұлық ұстады. Адай құдалар келе жатыр дегенді естігенде біздікілер жылап көрісті. Қайран жеңгем! Сенің басыңа кеп топырақ саламыз, құран бағыштаймыз деп төркінің келді! Асты өзіміз жасаймыз деп, сүт пен сіріңке, қол сүртетін майлықтарына дейін алып кепті. Биыл сенің сұлу жүзіңді топырақ жапқанына 25 жыл толады.
Ағайынның келіндері араласып жүріп ағамызды 35 жастағы бір әйелмен таныстырды. Тұрмыста болғанымен бала сүймей ажырасқан адам екен. Кеңесгүл жеңешемізді алып келеміз деп жүргенде ол кісінің анасы қайтыс болды. Атам әлі көрмеген құдағиының қазасына деп бір ірі қара мал жіберді. Үйден бес адам барып келді. Кеңесгүлді көрген біздікілер ұнатып келді.
Анасының қырқы өтісімен ұзатылып келген жеңешеміздің обалы не керек, балаларға жақсы қарады. Бір-біріне бауыр бассын деп атам оларды енші беріп бөлек шығартты. Бір жылдан соң жеңешем де ұл тауып, бесік тербетті. Ата-әже жас босанған келіндерін үлкен үйге алғызды. Атамыз келінінің күтімін қалған 4 келініне жүктеді. Перзентханадан келген жеңгеміз қайын атасының төріне отырып, сүт қатқан шайдан ішіп, маңдайын жіпсітті. Кешке қалжа сойылып шілде күзетілді. Атам бір сиырды сатып, баланың қол арбасын алып берді.
Біз де мәзбіз. Қайдан білейік өмірдің қалай өтіп жатқанын. Жеңгемізді жатын бөлмеден шығармай абысындары 40 күн күтті. Бірақ сол абысындарының кейінгі кездері күңкіл сөзі көбейе бастады, әрине оны әжеміз де естіді. Бала қарақұлақтанған соң өздерімен өздері тұрсын деп, атам оларды өз үйлеріне жіберді. Кеңесгүлдің босанғанын естіп Үйтолған апа да құтты болсын айтып кетті.
Ол кезде қыз екінші сыныпқа барған. Кеңесгүлдің қатал тәрбиесінен болар, қыз өте пысық, таза болып өсті. Қатары қуыршақтан айрылмай жүргенде Бота тамақ пісіруді үйренді. Ұйқыда жатқан бала түннің бір уағында үйге келген қонақтардың аяқ киімдерін тазалап, тамақтарын беріп, орынын жинап, қайта жататын. Жүрегіміз ауырса да тілімізді тістеген күйі жүре бердік. Өз анасы тірі болса да дәл осы тәрбиені көретін еді деумен шектелдік. Бота 4 сыныпқа өткенде бір күні қолы сыныпты дегенді естідік. Әжем мен анам барып көріп келді. Кеңесгүл: «Ботаны даладан тауып алдым, үйден қашып кетеді, бұл бүлініп қалды» депті. Ол үйде жеңгеміздің жұмыссыз жүретін кіші інісі тұратын.
Ағам әскери адам болғандықтан іс сапарда екен. Біз қайдан білейік, адал деп жүрген жеңгеміздің ойындағы мысық тілеуді. Бота үйдегі гүлдерді суғарып жүріп, кілемге су төгіп алады. Оны көрген Кеңесгүл орнынан қарғып тұрып баланы тоқпақтай жөнелген. Есі шыққан қыз далаға қашпақ болады. Табалдырықта қуып жеткен анасы қолынан сүйреп кіріп, баланың білегін үйге жылу беретін батареяға ұрғылаған. «Су төккен қолың мынау ма» деп долданып кеп ұрғанда білектегі екі шыбық сүйек те сынып кеткен. Әпкесі таяқ жеп жатқанын көрген ұл да далаға қашады. Қызды тастай сап, ұлдың артынан қуған жеңгеміз Арнұрға пышақ лақтырады. Абырой болғанда пышақ тимей қалған. Екінші сыныпта оқитын Арнұр есік алдындағы шыршаға арқан байлап, асылғалы жатқанда әкемнің қарындасы кеп қап арашалап алған екен. Әпкеміз жүрегі қанша қан жыласа да, Бота мен Арнұрға ұрсып, болған оқиғаны әкелеріне айтпауды тапсырған. Егер әкелеріне айтса Кеңесгүлдің бөпелерін алып кетіп қалатынын ескерткен. Сәби жүрек анадан айрылып шошып қалған, қайдан білсін алдыларында не күтіп тұрғанын. Ағамыздың сорлылығында шек жоқ еді. Өз балаларына батып киім де алып бере алмайтын. Бар билік Кеңесгүлде. Үш балаға тиетін жәрдемақы мен ағамыздың жалақысы, ауылдан кеп жатқан мал мен атам мен әженің зейнетақылары жеңгеміздің қолында болды. Үлкендер ашық әңгіме айтпайтын. Балаларға қарап жатыр, дымдарыңды шығармаңдар деп атам тыйып отыратын.
Жылдар тез өтіп жатты. Балалар мектеп бітірді, еңбекке ерте араласып, өздері жұмыс істеп ақша тауып, өздері жоғары оқуын бітірді. Бота да бойжетті. Үйтолған апа да өмірден өткен. Улап-шулап қадірлі құдағидың қазасына біздікілер барып келді.
Кеңесгүл жеңешем бірде бір жақсылыққа дастархан жайып, балалардың амандығы үшін тәубесіне келген емес. Құран да оқытпады. Ол үйдің табалдырығын тек өз төркіні ғана аттайтын. Бұл күндері бетіндегі бетпердесі шешіліп, шынайы мінезін білгеміз. Біздің үлкендер баруды қойды. Жеңгеміз үйдің тірлігін мүлде істемейді. Іш киіміне дейін балалар жуатын. Ағамыз әлі күнге дейін қазан-ошақтың басында тамақ істеп, ыдыс жуып жүреді, намыстан өліп кете жаздаймыз. Кеңесгүлге ағам қаттырақ шықса талып қалады. Бәрін өтірік істейді. Жарынан айрылып ауызы күйген ағамыз үндей алмай қор болды. Ұлдардың алды отызға кеп қалды, үйленейін десе шешелері жоқты айтып, қоя тұр деп қақпайлаумен келеді. Кеңесгүлден туылған ұлға Бота ақша беріп жүріп университеттің грантына іліктірді.
Бота мектеп бітіргеннен соң оқу туралы әңгіме қозғала қоймады. Қыздың оқығанын жеңгеміз қаламады. Соған ашуланған әжем немересін жетектеп үйден алып шығып, Алматыға баратын автобусқа салып жіберді. Қиындықты әбден көрген Ботаның артынан ата-анасы ақша тұрмақ азық-түлік те жібермейтін. Жартылай жетімдігіне берілетін ақшасын Кеңесгүл аудан почтасына аудартып, өзі алып отырды. Ағамыздың қызына ағайын туыс көмектесті. Ауылдан әжеміз, жеңгелеріміз бен менің анам азғантай ақша мен тамақ жіберіп тұрды. Бота сол кеткенінен үйіне диплом алғанда бірақ барды. Өгей анасынан қанша таяқ жеп, естімеген сөзі қалмаса да Бота мама деп сыйлап тұратын. Бірде Бота (23 жаста болатын) отырысқа барайыншы деп мамасынан сұранып, киініп сыртқа шығады, артынан шыққан Кеңесгүл: «Үйге қайтып келме енді, сені көргім келмейді» деп есікті жауып алады да Ботаның дипломы мен төлқұжаттарын түгел өртеп жібереді.
Қазір Бота үй ішіндегілермен араласпайды. Жасы алпысқа жетіп қалған әкемнің құлағы тыныш болсын дейді. Етінің тірілігінің арқасында өз тіршілігін жасап отыр. Алтай өлкесінен келген жетім жігітпен танысып, тұрмысқа шықты. Той ештеңе болмады. Мешіттен некесін қидырттық. Екі баланың анасы. Туған үйіне бармағалы 10 жыл. Осы уақытқа дейін жеңгемізден тығылып ағамыз 5-6 рет келіп кетті. Ботаның аты естілсе жеңгеміз кірпідей жиырлады. Сол қыздың адам болғанын көре алмайды. Жеңгемізде қанша жүрер, бір күні қуаты кетіп, керілген кеуде басылар. Өзінен туылған ұл өтірік айтуға, жеңіл өмірге құмар. Анасын баға қояды деуге сене қоймаймыз. Сол балаға ешқайсымыздың ішіміз де жылымайды. Оның да себепшісі жеңгеміз. Іштей сезем, осы жеңгеміз түбі Ботаның қолына келіп жан бағатын сияқты болады да тұрады.

Айжұлдыз Омар, Алматы қаласы.

Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz

Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста