Ішкілікке салынған әке-шешесі үшін қорланып, өзекке тебетіндер қатты адасады

Ішкілікке салынған әке-шешесі үшін қорланып, өзекке тебетіндер қатты адасады

Ауыл адамдары ағам екеумізге мүсіркей қарайтын. Себебі өзге балалар секілді балалық шағымыз болмағаны үшін шығар. Өйткені әке-шешеміздің қарым-қатынасы бұзылып, бір-біріне ерегесіп, ұзақ жылдар ішкілікке салынды. Ал біз буынымыз әлі қатып үлгермесе де олардың орнына жұмыс істедік...

Ажырасайын десе екеуі де екі жаққа кете алмайды, ажыраспайын десе екеуі де бір-біріне төзе алмайды. Мұндай қиын кезеңде, әрине балалар қатты күйзеліске ұшырайды. Бірақ олардың бізде шаруасы болмады. Жалған намыстан жарылардай болып, дүниенің барлығын ұмытқан әке-шешемнің қырқысы ұзақ жылдарға бір толастамады. Біздің отбасы шаңырағына үйірілген қара бұлттың қайдан келгенін білмеймін, бастысы, ол отанасын да, отағасын да дұрыс жолдан тайдырды, есе қайтару деп аталатын айқай-шу, шынымен де көп жыл бойына мазамызды қашырды.
Тәуелсіздік алған кез. Әкем жұмыссыз қалды. Үйдегі айқай-шу себебінің бірі де осы секілді. Ал анам емхана еденін жуатын. Нақтысында, еденді біз ағамыз екеуміз жуатынбыз. Егер бір ай болса, соның 20 күні ағам екеуміз жұмысқа барамыз. Бұл күндері айлықты қалтасына басқан шешеміз әкемізбен қосылып, арақ бөтелкесін құшақтап бөлмелерінде жатушы еді. Бізге де ыңғайлысы осы болатын. Себебі шешеміз жұмыстан кешіксе дегбіріміз қаша бастайды. Ондайда бірден жұмысына қарай тікесінен тартамыз. Ол жерден таппасақ, екіге жарылып, көше-көше аралап кетеміз. Бірде жұмыста мас боп жатса, тағы бірде үйге қарайғы жолдағы қалтарыстың бір бұрышында удай боп отырады, ал тағы бірде мүлде көшеде айқай-шу шығарып, дал-дұлы шығып жүреді. Қыста мас анамызды үйге шанамен сүйреп әкелсек, жазда тәшкіге салып алатынбыз. Буыны қатып үлгермеген, талдырмаш балалардың анасын салған арбаны екі қолдап, әрең сүйреп бара жатқан көрінісіне куә болғандар бізді мүсіркеп, шешемізді аямай балағаттаушы еді. Ол адамдарды біз бірден жек көріп кететінбіз (өйткені кез келген балаға туған анасы ардақты), бірақ жерден көз алмаған күйі үйге қарай тарта беруші едік. Иә, бізді бұлай масқаралағанша тыныш үйде арағын құшақтап жатқаны жақсы, әрине. Ал еден жуу біздің қолымыздан келетін.
Емхана бастығы жақсы кісі-тұғын. Анамды аяйтын секілді. Жалпы, ауылды жер кез келген мәселеге адамгершілік тұрғысынан келеді ғой. Емхана қызметкерлері еден жуумен балалардың айналысқанына наразы болмады. Кейде күзетші бізге қатты кейуші еді. Өйткені емхана артындағы 70-80 метр жердегі кательныйдан төрт шелек су тасуымыз керек болатын. Бізге жаны ашыған бастық кәрі күзетшіге су әкелуді бұйыратын. Ал біз үлкен кісі ренжімесе екен деп далаға шелекті өзіміз ала жүгіруші едік.
Ол кезде шамамен мен бесінші, ағам алтыншы класс оқиды, яғни буынымыз әлі қатып үлгермеген кез ғой. Миға тыныштық болмаған соң түріміз де әбіржулі болушы еді. «Киім сатып алып бер» деп ата-анамыздың мазасын алмайтынбыз, ал олар ол жағына көп бас қатыра бермейтін. Сол себепті жамаулы киіміміз де болатын. Мәселен, қолғап, нәски, жемпірдің шынтағы, гамаждың тізесі дегендей...
Баланың ісі шала болатын да шығар. Кейде тазалыққа мін тағып жататындар да табылатын. Ондайда «ескертіп айтсаңыз болды ғой, біз қазір бәрін реттейміз» деп қолымызға сулы шүберекті ұстап, еліп етіп жүгіріп кетуші едік.
Арақ ішті екен деп біз әке-шешемізді жек көріп кеткеніміз жоқ. Жастай жұмысқа жегіле қалдық деп қыңқылдаған да, сыңқылдаған да жоқпыз. Жыладық, бірақ мұнымызды ағамыз екеуміз бір-бірімізге көрсетпедік. Қыстығып, тығылып, әке-шешемізге жанымыз ашып жылайтынбыз. Ал олармен ерегесу деген болған жоқ. Керісінше, тезірек ересектеніп, ақыл тоқтатып, жақсы оқып, оларға қолғабыс болар үлгілі бала болсақ, ата-анам табысады, арақтарын да қояды деп үміттенетінбіз.
Бірақ мектеп бітіретін уақыт таяғанда бұл үміттің өздігінен ақталмайтындығына әбден көзім жетті. Бұл кезде мен үйде жалғыз қалғанмын. Ағам армияға кеткен. Жалғыз өзіме қиындау болды. Сондықтан ішімдегі барлық мұңымды шағып, ағама хат жазамын. Бірақ оны конвертке салар кезде ойланып қалушы едім. Онсыз да жырақта жүдеп жүрген ағамның көңілін бұзғым келмей қалатын. Талай хат жазып біте салысымен жыртылып та қалатын.
Соңғы кездері шешемді арақ жеңе бастады, енді ол анау-мынауға бағына қоймайтын болды. Үйде бүтін кесе, бүтін зат болмайтын. Оны жаңалауды да ойламайтынбыз. Себебі ащыдан татса бірден тісін шықырлатып, ерегесіп шығатындардың жаңасын да шағып тынары даусыз болатын.
Бір күні ағам армиядан келін ала келді. Қатты қуандық. Мен қалаға оқуға кеттім. Демалысқа қайтпаушы едім. Үш ай бойына қара жұмыс істейтінмін. Табысымды жинап, оны үйдегі бүлінген дүниені бүтіндеуге жұмсайтынмын. Жеңгем кетіп қалмаса екен деген ой ғой онда да. Соңғы курстың бір мейрамында үйге келдім. Әдеттегідей, шешем арақ ішіп алыпты, дастарқан басында тамақ ішіп отыр екен, ал оған қарама қарсы апасынан көзін алмай 4-4,5 жасар ағамның қызы жайғасыпты. «Жаным-ау, бұл арада неғып отырсың, бар ойнай ғой» дедім. Сөйтсем кішкентай: «Апамның тәрелкесін аңдып отырмын, қазір лақтырып, сындырып тастауы мүмкін» дейді құлағыма сыбырлап. Мұны естігенде ішім қанжылап қоя берді. Кешегі өзімнің балалық кезім көз алдымнан зырлап өтіп жатты. Сол кезде менің ғана емес, немересінің де жүрегін жаралаған бұл дертпен жең түре күресуге бел шештім. Өйткені осы кезде жақсы жалақы табатын жұмысқа орналасқан едім.
Алғашқы жалақыма шешемді қазақтың киелі жері - Түркістанға апарып келдім. Оның әсері алты айға жетті. Одан кейін еліміздің әр өңіріндегі төрт санаторийде болдық. Жақсы боп қалды. Есін жинады. Бірақ: «Қызым, сен бекер әуре боп жүрсің бе, мен босқа арағымды өз еркіммен қоя алмаймын» деді анам. «Онда маманға барамыз, сен қарсы емессің бе» деп едім, ол бірден келісе кетті (бұрын мені кім деп ойлап жүрсің, мен алқаш емеспін деп қатты шамданушы еді). Сөйтіп мықты кодировка жасайтын Алматыдағы маманға бардық. Онда да өзім қорқақтап, бір жылға ғана дедім. Бірақ анамның арақпен мәңгілікке қоштасуына осы бір жыл жетіп жатты. Одан кейін мен тұрмысқа шықтым. Қазір бақыттымын. Әке-шешеме жиі хабарласып тұрамын.
Кейде ішкілікке салынып, үй-күйсіз көшеде тентіреп жүрген адамдарды көргенде жаным ашиды. Қасында жанын түсінер адамдары болмаған ғой, әйтпесе өмірдегі бұл қиыншылықты да еңсеруге болады деп ойлаймын.
Айтайын дегенім, кез келген балаға қанша жерден алқаш болса да ата-анасы қымбат. Арақ ішті екен деп бала әке-шешесін жек көріп кетпейді. Керісінше, арақ іштің дегені үшін әке-шешесі баласын жек көріп кетуі мүмкін. Өйткені арақ жеңгендіктен де олар бұл сөзді жақсыдан гөрі жамандыққа балауға бейім. Мұндайда теріс айналып кетуге еш болмайды, бұл науқас ата-анаңды жолда тастап кеткенмен бірдей нәрсе. Ал бұл дерт емделсе, онда арадағы қарым-қатынас міндетті түрде қалпына келеді. Сондықтан ішкілікке салынған әке-шешесі үшін қорланып, оларды өзекке тебетіндер қатты адасады.

Айтқандай, қазір менің әке-шешем бір-бірін көрмесе тұра алмайды. Қалаға үйіме біреуі қонақтап келсе, бір аптадан соң анау-мынауды сылтауратып ауылға қарай қайтқысы кеп тұрады. Әкем келсе, шешеме бір зат алып беруімді өтінеді, ал шешем келіп, базарға бара қалсақ, әкеңе бірнәрсе алайық та деп артымнан ілесіп жүреді. Мұндайда іштей күлемін, жүрегім елжіреп, ата-анамда барлығы дұрыс болғанына қатты қуанамын...

Әсем, Курчатов қаласы

Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz

Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста