Өмірдің қадірін біліңдерші, достарым...

Өмірдің қадірін біліңдерші, достарым...

Құрметті «Алаш айнасы» интернет газетінің ұжымы. Сіздердің интернет порталдарыңыз маған қатты ұнайды. Кейде сол газет редакциясы орналасқан жерге барып, барлықтарыңызбен жүздескім келеді. Егер Алла қалап құлан таза айығып кетсем, міндетті түрде Сіздердің редакцияларыңызға барамын. Мен аурухана төсегіне таңылған жанмын. Ауру жас талғамайды екен. Жасым жиырмада. Денсаулыққа жетер не бар екен мына жалғанда. Арманым - бір денімнің саулығы. Егер мен өмір сүрсем...
Ақтөбе облысының бір ауылында тұрамын. Анамның ұлты - орыс. Туған ағам бар. Ауылда атам мен әжем тұрады. Жалғыз ұлдарының қайғысынан соң ол жандар мүлдем қартайып кетті. Оның үстіне менің қазіргі жағдайым оларды мүлдем жүнжітіп жіберген сияқты. Анам мен әкем үлкен махаббатпен қосылған екен. Олар үйленгеннен кейін ата-әжемнің қолында тұрыпты. Әкем - қарапайым жұмысшы болған. Анам - жұмыссыз үйде. Қазақ болмаса да қазақ тілін жақсы біліп, қазақтың салтын бойына сіңіріп өскен жан. Ағам екеуіміз әжем мен атамның махаббатына бөленіп өстік. Мен үшінші сынып, ағам бесінші сынып оқып жүргенде әкеміз аяқ астынан қайтыс болды. Ол қайғы бізге оңайға соққан жоқ. Біз бала болсақ та барлығын түсіндік. Анамыздың түнімен жылап шығатынын да сезетін едік. Әкемнің жылы өткен соң анам атам мен әжемнің қолында тұра беретінін айтты. Әкемнің ата -анасы жастары келіп қалған қарт адамдар. Бар қызықтары, үміттері ағам екеуімізде.
Кейбір балалар әке-шешелерінің арқасында жақсы қызметке тұрып, кейбіреулері сол ата-ана жақсылықтарын бағаламай жұмыстан шығып кетеді. Кейбіреуі тіпті оқуларын да оқымай қояды. Сондай жағдайлары бар балаларға қызығатын едім, «шіркін менің де осындай туысқандарым болса ғой, бағалар едім» деп. Ағам мектеп бітіріп аудан орталығына жұмысқа тұрды. Оқымаған жігітке қандай бір керемет жұмыс болсын, қарапайым құрылысшы. Нағашы ағамның үйінде тұрып, тапқан-таянғанын бізге жібереді. Мен де мектеп бітіріп, анамның айтуымен колледжге тапсырдым. Ақылы бөлімде оқып жүрмін. Биыл екінші курстамын. Қазір академиялық демалыс алдым.
Бір күні сабақта отырып аяқ астынан досыма қарап тұрып түсініксіз бірдемелер айтып кетіппін. Екі көзім алайып тоқтап қалған екен. Ұқпаған досым мені ойнап тұр деп мән бермепті. Кейіннен осы жағдай қайталануы жиіледі. Кез келген жерде өзіммен өзім сөйлеп, аузыма келген боқтықтарды айтып кетеді екенмін. Аса мән берген жоқпын. Сөйтіп бір күні сабақтан келе жатқанда автобус ішінде талып құладым. Жедел жәрдем келіп, ауруханаға алып кетті. Дәрігерлер мені тексеруге жіберді. Тексерістен кейін томографияға түсіріп, «туысқандарыңды шақыр» деді. Алып-ұшып жалғыз тірегім ағам келді. Дәрігер орыс ағай өте керемет жан екен. Менің отбасылық жағдайымнан хабардар болған соң, Астана қаласындағы нейрохирургия орталығына квота алуға көмектесті. Әзірге тек бір диагнозды анықтау керек екенін айтты. Менің жағдайымды естіген ауылдастарым қаржы жинап, мені Астанаға аттандырды. Қасымда ағам бар. Анам байғұс шырылдап «мен де барамын» деді. Қайтсін ана жүрегі, баласының іштей қорқынышын сезетін болуы керек. Бірақ, ағам екеуіміз анамыздың жүрегі нашар екенін, қиындықтар кездескен сайын жүрегінің ауыратынын біліп, өзіміз баруды шештік. Әкесіз жүріп өмірдің қиындықтарын көріп үйренген біздерге Астанаға келіп, мықты мамандарға көріну қиын шаруа емес еді. Қалтамызда ауылдастарымыздың жинап берген қаржысы бар. Астанада ауылдасымыз күтіп алды. Ол кісі бізге әпкеміздей болып кетті. Үйіне тұрғызып, тамағымызды дайындап, ауруханаға өзі ертіп апарып, дәрігерлермен кеңесіп, сөйлесіп жүрді. Ол деген бізге үлкен көмек еді. «Ақшаларыңды шашпаңдар, әлі керек болады» деп қояды. Ағам қаржы жұмсауды өз мойнына алған, бар ұқыптылықпен ақшаны жұмсап жүр. Мені бірден нейрохирургиялық орталыққа қабылдады. Арнайы тексерістен өткізді. Ауруханаға ауылдас құрдастарым мен ағам және ауылдас әпкеміз келіп тұрды. Күні-түні анам мен жерлестерім хабарласып жағдайымды біліп жатыр. Қолыма «құлап қалу қауіпі бар» деген қызыл лентаны байлап, арнайы бөлмеге жатқызды. Ауруханада да екі-үш рет ұстама (приступ) қайталанды. Барлығы менің көңілімді аулап асты-үстіме түседі. Бәрінің көзінде бір қорқыныш бар. Ал мен маңайымдағы ауруға шалдыққан адамдарды көріп, сол ауруханадан безіп кеткім келді. Бірақ менің бойымда қорқыныштан гөрі үміт басым еді.
Уақыт келіп, менің диагнозым белгілі болды. Бірақ маған ештеме айтпады. Тек Ақтөбеге барып қайтадан құжаттар дайындап Алматы қаласындағы химия-терапиялық орталыққа жолдама алу керектігін айтты. Ағам дәрігер мен ауылдас әпкемді көрген сайын:
Айтыңызшы, інім жазылып кетеді ғой, ия. Бұл жай ғана жазылып кететін ауру ғой, ия, - деп сұрай береді. «Алматыға барсақ бәрі жақсы болады» деп мені де жұбатады. Ішім бір жамандықты сезеді.
Ауруханадан шығатын күні дәрігер ағай ауылдас әпкемізбен ұзақ сөйлесті. Біраздан соң ағамды шақырды. Осылайша біз Ақтөбеге қайттық. Бірақ, мен өзімнің диагнозымның дұрыс емес екенін, айықпас дертке шалдыққанымды да білемін. Айтпаса да көздерінен, сөйлеген сөздерінен ұққандаймын. Ағам ештеме сездірмейді. Мен де сезсем де жігіттік шыдамдылықпен өзімді ұстаймын. Еш қиналғанымды білдірмеймін. Айналамдағы адамдардың көңілдері жабырқағандарын қаламаймын. Мен негізі табиғатым оптимист. Астанаға келерге дейін өзімді «қандай жағдай болса да дайынмын» деп дайындап келдім. Ең қиналатыным - анамды ойлаймын, кәрі ата-әжеме жүрегім ауырады. Оларға қызық көрсетудің орнына...
Ақтөбеге барған соң ешкімге байқатпай интернет арқылы өзімнің дертім туралы толық мағлұмат алдым. Басымда жаман аурудың ошағы бар екен. Жазылып кету мүмкіндігі жоқ, тек аздап өмір сүру уақытын созуға болады. Егер де емделмесем, жүре келе тілім күрмеліп, сөйлей алмай қалуым да мүмкін. Жүрегім қан жылайды. Амал не? «Басқа түссе - баспақшыл» дегендей көреміз, көнеміз, азамат емеспін бе! Өзімді қойшы, шырылдаған анамды ойласам, бәрі көрген түс болса ғой деп армандаймын. Балалық шақтан армандаған армандарым желмен ұшып кеткендей. Ешқайда бармай туған ауылымның ыстық түтінімен, таза ауасымен дем алып, қарапайым ортада күліп-ойнап жүргім келеді. Көздерінде мұң, бойларында дерт бар бейкүнә адамдар жатқан ауруханаға барғым келмейді. Ауылдастарым да жағдайымды сұрап келіп жатыр, барлығында бір аяушылық сезім бар екенін сезсем де білдірмей, әзілдесіп, өздерін күлкіге қарқ қылып қайтарамын.
Қазір Алматыда арнайы химиялық терапия алатын орталықта ем алып тұрам. Орталық менің екінші үйіме айналған. Химиялық терапия алған адамның көңілі түсіп, қиналатыны барлығына белгілі. Арасында жеке қалғанда жылаған кездерім де болды. Бірақ жігітпін ғой, «Алланың берген сынағын көтеруім керек» деп ойлаймын. Жуықта түс көрдім. Құлан-таза айығып кетіппін деймін. Анам қасымда ән салып жүр. Енді қанша өмірім барын бір Алла біледі. Анам үшін, ата-әжем үшін, ағам үшін өмір сүргім келеді. Өмірдің қадірін біліңдерші, достарым...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста