«Толықпын, күйеуім жатпайды. Төсексіз қанша шыдауым керек?»

Мен бес жыл тұрмыста болдым. Екі балам бар. Кезінде бір-бірімізді ұнатып қосылған болатынбыз.
Бірақ кейіннен бала тапқан соң мен қатты толып кеттім. Басында күйеуім «түрің не болып барады, тамақты аз жесеңші», дегенді айтып зекіп отыратын. Дәрігерге барсам, ағзамда гормоналды өзгерістер бар, толуымның себебі содан екенін білдім. Оны емдетіп, бұрынғы қалпыма келудің ауылы алыс, ұзақ уақыт керек.
Күйеуім менімен жатпайды
Енді осы себептен күйеуім менімен жатпайды. Бірнеше рет жанына жатып, денесін сипалағым келіп, әрекеттеніп едім, қойшы деп суық қайтарды. Оның үстіне өзімнің толықтығымнан өзім қысылып, жасықтана бастадым.
Міне бір жылдан асты.
Екеуміз ерлі-зайыптылар емес, ағалы-қарындасқа айналдық.
Балаларымыздың қылықтарын бірге тамашалап, бірге тұрғанымызбен төсек қатынасы жоқ. Күйеуім ләм-мим демейді. Мен де сөз қозғауға батпаймын. Бір рет «Не болды саған? Соншалықты жиіркеніштімін бе? Менімен неге жатпайсың? Мен не істеуім керек?»,- деп көзіме ерік бердім. Ал ол: «Шыда» дегеннен басқа сөз айтпады.
Шыдап жүрмін, білмеймін. Басқа біреуді тауып алған шығар әлдеқашан деген ой жегідей жейді. Балалары үшін ажыраспайтын болар менімен. Немесе менің арықтағанымды күтіп жүр ме? Осы сауалдардан миым ашып кетті.
Мен күйеуіммен бірге жатып, бірге тұрған бұрынғы күндерді сағынамын. Жарым көңіліме сол естеліктерді талғажу етіп жүрмін.
Бұрын түніне екі немесе үш рет жақындасатын едік.
Соңғы айларда маған түрлі түстер кіріп жүр, небір еркектермен жақындасып жатып, оянып кетемін.
Қазір де әрине еркекпен жақындасқым келеді. Жасым небәрі 27-де. Не істесем болады?
Осылай шыдап жүре берейін бе?
Үйде отырғасын сериалдар көріп, ғаламторды ашып, жаңалық оқығаннан басқа ермегім жоқ. Жалпы, медицина бойынша әйелдерге ұзақ уақыт еркексіз болмайды дегенді оқыдым. Аптасына кем дегенде екі рет төсек ләззәтін алу қажет екен. Жыныстық қатынастың жоқтығынан әйелдердің жүйкесі тозып, мінезі өзгереді, тітіркенгіш болып кетеді екен. Жыныстық қатынастың жоқтығы әйелдің тіпті бет-әлпетіне кері әсерін де тигізеді депті мамандар. Яғни, әйелдің тез қартаятыны жазылған. Тіпті жыныстық қанағаттанбаушылық салдарынан әйелдің бойындағы бұғып жатқан сырқаттары қозып, жыныс мүшелерінің ісігіне дейін пайда болуы мүмкін дегенді естіп бойымды үрей билеп жүр.
Күйеуіме ондай нәрселерді қалай айтамын?
Мүмкін, ол білетін де шығар, бірақ оған бәрібір сияқты.
Мұндайларды оқыған соң көз қырын салған кез-келген еркекке кетіп қалғың келеді.
Бірақ, күйеуім бола тұра қалай анайы қылыққа барамын? Маған не істеу керек енді? Кеңес беріңіздерші?
Аяжан Төрехан





