«Думан» ойын-сауық орталығының океанариумы
Еңселі елордамыздың төріндегі «Думан» ойын-сауық орталығы 2003 жылдың мамырында ашылды. Ол бірегей сауықтық кешеннен, ТМД көлемінде теңдесі жоқ океанариумнан, 5D кинотеатрдан, күмбезасты кеңістіктен және басқа да бірнеше нысаннан тұрады. «Думанның» океанариумы «мұхитарал» деп те аталады. Ол – мұхит атаулыдан 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан бірден-бір океанариум. Бұл керемет мекенде теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі тіршілік етеді, олардың жалпы саны 2000-нан асады. Арқа төсіне көшіп келген теңіз тұрғындары үшін тіршілікке қажеттінің бәрі 11 шақырымдық құбыр арқылы беріледі. Мұндағы су бірегей жүйемен тазартылып, қажетті химиялық құраммен байытылып отырады. Сегіз жыл ішінде мұхитаралдағы акулалардың ешқайсысы күйзеліске ұшыраған емес. Океанариумда әрқайсысы 11 аквариумнан тұратын екі ірі көрме аймағы бар. Алғашқысынан пиранья, паку, теңіз шаяны сияқты Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-шығыс Азия тұщы суқоймаларының жәндіктерін тамашалауға болады. Ал екінші аймақта маржандар, теңіз инебалығы, сусиыр, түлкібалық сияқты мекендеушілер бар. Мұхиттың ірі жәндіктерін бас аквариумнан көруге болады. «Думан» мұхитаралы көк теңізді көруге мүмкіндігі жоқ миллиондаған адамның арманын ақиқатқа айналдырды.