Абай шәкірттері өз заманындағы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалмаған

Абай шәкірттері өз заманындағы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалмаған

Жандос ӘУБӘКІР, филология ғылымының кандидаты, доцент, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының директоры:

– Жандос Мағазбекұлы, сіздіңше, Абайдың ақындық мектебінің алғаш зерттелу жағдайлары мен өзіндік ерекшеліктері қандай?
– Абай – қазақ елінің ұлттық мақтаны­шы. Ақын мұрасы – халқымыздың рухани азығы. Абайдың ұлылығы – қазақ пен орыс халқының, батыс пен шығыстың сан ғасырлар бойы қордаланған, жинақталған даналық ойларын, таным-түсінігін, рухани мәдениетін санасына түйіп, бойына сіңіріп, алған әсерін кейінгілерге үлгі етуінде. Ал Абай шәкірттерінің ірілігі – Абай аузынан шыққан әрбір асыл сөзді, терең ойды, дү­ние­танымдық мәні аса жоғары фи­лосо­фиялық түйіндерді, сезімді көкірегіне түйіп алуында, Абайдың жаңа бағыттағы ақын­дық дәстүрін өзінің әдеби мұрасында дамытуында.
Мұхтар Әуезов негізін қалаған Абайды тану ілімі тек қана Абай шығармашылы­ғы­ның, Абай даналығының жан-жақты зерт­те­луімен, ғұмырбаяндық нақты деректердің мол болуымен толықпайды, ол сонымен қатар Абай дәстүрін жалғастырған заңды мұрагер ақындар, өмірде, өнерде, өлеңде өнеге алған шәкірттері шығармашылық­тарымен бірге толысып, қазақ әдебиетінің үлкен іліміне айналады. Шындығында да, Шәкәрім мен Көкбайсыз, Әріп, Уәйіс, Тайырсыз, өз балалары Ақылбай мен Мағауиясыз Абай әлемін толық таныта білу мүмкін емес.
Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың ақындық дәстүрі тақырыбы төңірегінде «Абайдың ақындық айналасы», «Абайдың әдеби мектебі», «Абайдың ақын шәкірттері» деген ұғымдар пайда болды. Осы күрделі әрі тиянақты зерттеуді қажет ететін мәселені алғаш ғылыми тұрғыда көтерген М.Әуезов еді. Бұл туралы Қ.Мұхамедханов былай дейді: «Мұхтар: «Абай жөніндегі ең қызық­ты, ең соны және әдебиеттік прогрестік ретіндегі ірі мәселе – Абайдың ақын шә­кірт­тері», – деп 1918 жылдан бастап айтып та, жазып та келді». Расымен де, «Абайдың ақын шәкірттері», «Абайдың ақындық мектебі», «Абай тұсындағы ақындар» деген ұғым төңірегіндегі пікір ұшқындары 1918 жылдан бастап көрініс бере бастаған болатын. 1918 жылы «Абай» журналы мен 1922 жылғы «Шолпан» журналының бетінде жарияланған мақалаларда Абай­дың шәкірттері және ұлы ақын ықпалында болған әдебиет өкілдері туралы алғаш ой қозғалады.
«Абайдың ақын шәкірттері туралы пікір Абайдың қайтыс болуына 30 жыл толуына орай қайтадан көтеріле бастады. Абайдың әдеби мұрасына түгелдей арналған «Әдебиет майданы» журналының 11-12- санында М.Әуезов абайтану ғылымына алғаш рет «Абайдың әдеби мектебі», «Абай­дың толық мағынадағы шәкірттері» деген атауды ендірді», – деген ғалым М.Мыр­захметовтің пікіріне толығымен қосыламыз.
– Абай шәкірттерінің ішіндегі ең көрнектілері кімдер? Олардың шығар­ма­ларының мазмұндық, стильдік, көр­кемдік тұрғыдағы өзара үндестіктері қандай? Сондай-ақ бір-бірінен артық-кем тұстары, өзара айырмашылықтары туралы не ойлайсыз?
– Абай шәкірттері «анау анандай», «мынау мынандай» деп, бір-бірінен бөлуге келмейді. Мысалы, бір ғана Шәкәрімнің өзінен Абайдың жалғасы шығып тұр. Сол сияқты Көкбай мен Ақылбай да – Абайдың ақындық дәстүрін ұстанған, өзіндік бет-бейнесі, қабілет-қарымы, ерекшелігі бар ақындар. Өлеңдерінің құрылымы, фило­софиялық ой-толғамдары жөнінен кел­генде, мәселен, Көкбай шығармалары көлем­ділігімен ерекшеленеді.
Мұхтар Әуезовтің Абайдың әдеби мұрасына арналған «Абай ақындығының айналасы» атты мақаласы 1934 жылы жа­рық көреді. Мақалада Абайдың ақындық айналасы, әдеби мектебі және осы мектеп өкілдері туралы алғаш рет ғылыми түрде тұжырым жасалған. «Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында не төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз», – дей келе, Мұхтар Әуезов Абайдың өз төңірегінде, өз дәуірінде еңбек еткен төрт ақынды бөлектеп алып, олардың Абай дәстүрін жалғастырған ақындар екендігіне назар аудартады, «әдеби мектеп», «шәкірт ақындар» деген ұғымдарға түсінік береді. Абайдың кезінде айтып үлгермеген, яки болмаса әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдей үңгіген төрт ақын шәкірті деп Абайдың өз балалары Ақылбай мен Мағауияны және Шәкәрім мен Көкбай Жанатайұлын атаған. Міне, осы ақындарды Абайдың толық ма­ғынадағы шәкірттері деп атай аламыз. Әрине, Абай төңірегінде дәстүрін жал­ғастырушы, ақындық тағылымынан нәр алушы ақындар аз болған жоқ. Тұрағұл, Әсет пен Әріп, Уәйіс пен Тайыр сияқты ақындар Абайдың даналық, ой, сезім, өнер мектебінің дарынды өкілдері қатарында. Абай қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, әдебиетіміздегі ренессанстық тұлға десек, оның шәкірттерінің мұралары ақын дәстүрін жалғастыруда да, заманының әдебиетін дамытуда да тек ілгерілеушілік бағытта болды. Бір ғана Шәкәрімнің өзін алсақ, Абай мектебінің түпсіз тереңдігін байқай аларымыз анық.
– Мұхтар Әуезов Абай төңірегіндегі ақындардың ішіндегі тұғыры биігі деп бағалаған Көкбай Жанатайұлының ұстазы Абаймен шығармашылық үн­дестігі, байланысы қай тұрғыда көрінді?
– Көкбай – Абай мектебінің адал ұлы. Өйткені ол – Абайдың ұлағатты принципін мықты ұстанған ақиқатшыл, шыншыл тұлға. Ол – Құдай берген табиғи дарыны­ның, ерекше болмыс-бітімінің арқасында Абай салған даңғыл жолдан таймаған ақын. Ол ұлы Абайдың шығармаларын насихаттап, ол жөніндегі ғұмырнамалық деректерді бізге жеткізуде үлкен үлесін тигізе жүріп, өзі де өле-өлгенше ұстазының ақындық өнерін, көрегендік, даналық ойларын дәріптеп, өлең арнап отырған.
М.Әуезовтің өзі Көкбайдың ақындығы туралы сөз қозғағанда: «Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай мұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады», – деп, Көкбайдың жай ақындардың бірі емес, талантты ақын екендігіне назар аудар­тады.
Көкбай Жанатайұлының ақындық талантының ұшталуына, дүниетанымдық көзқарасының кеңеюіне Абайдың, Абай мектебінің зор ықпалы болғаны белгілі. Екі ақын арасында сонау 1880 жылдары түзілген алтын көпір елге үлгі боларлықтай, бағыт көрсететіндей шығармашылық, дос­тық жолы еді. Риясыз пәк көңілмен та­бысып, ұлы достықтың негізін қалаған бірі – ұстаз, бірі шәкірт ақынның осыдан бастап бір бағыттағы шығармашылық жолы бас­талады.
– Абай өзінің алғашқы өлеңдерін не себепті Көкбайдың атынан шығарды?
– Мұның себебі, біріншіден, оның өз айналасындағы бар ақынның ішіндегі жа­қын тартар адам екендігінде болса, екін­шіден, Көкбайдың суырыпсалма, импро­ви­зацияға ең жүйрік талантты ақындығында еді. Көкбайдың осы бір қасиеттерін Абай­дың өзі де өлеңдерінде бірнеше рет атап бағалап, аңғартып кеткен. Абайдың өз тәрбиесінде болған және оның ақылы мен сыны бойынша тақырыптар таңдап, көлемді шығармалар жазған «анық шәкірт ақындар» ішінде ұлы ұстазының өлеңдеріне аты кірген де жалғыз ақын Көкбай болатын. Абайдың «Сорлы Көкбай жылайды», «Бұралып тұрып» сияқты өлеңдері мен «Қыз сөзіндегі» бір шумақ – жоғарыдағы сөздердің айқын көрінісі.
– Соған жауап ретінде Көкбай да ақын ағасына ерекше ізетпен, ілтипат­пен қараған көрінеді...
– «Ал кейін Көкбай шығарған өлеңдер­ді алсақ, бұл жағынан да Абайды үнемі өзіне ұстаз, аға тұтқан Көкбай барын айқын танып отырамыз» деп М.Әуезов айтқандай, Көкбай өлеңдерінен Абай бейнесін үнемі кездестіріп отырамыз. «Семейге Абай кел­се, бізге думан», «Абайдан сабақ алдым бала жастан» деп басталатын өлеңдерімен қатар, көптеген шығармасында Көкбай Абай ұлылығын жыр етуден таймаған. Ол өзінің
Абайға деген шәкірттік махаббатын алғаш жазған өлеңдерінің бірінде :
Семейге Абай келсе, бізге думан,
Ән салып босамаймыз айғай-шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,
Хакімдей Аплатон аңырап тұрған.
Келбеті біліміне лайықты,
Япыр-ау, мұндай адам қалай туған?..
– деп білдіреді.
Ақын мектебінің бір күнгі дәрісінің, шәкірттерімен болған бір ғана мәжілісінің көрінісінен Абайдың жан-жақты қырлары: тарихшылығы, ұстаздығы, Аплатондай данышпан хакімдігі, ғалымдығы байқалса, екіншіден, осындай ұлы адамнан үлгі- өнеге, тәрбие алған шәкірттердің де осал болмастығы аңғарылады.
– Ал Көкбай Жанатайұлының Абай жөніндегі естеліктері абайтану саласын жолға қою, жүйелеу ісіне үлкен үлес болып қосылды деп айта аламыз ба?
– Әрине. 1924 жылы Абайдың дүние­ден өткеніне 20 жыл толуына орай Семей қаласында әдеби кеш өтеді. Көкбай осы кеште Абайдың мінез ерекшеліктерін, өзі білген ұстазы жайлы әңгімелерді, Абайдың ақындық тұлғасын сипаттап шығады. Көкбайдың осы пікірлері Абай мұрасы мен ақындық ерекшеліктерін танып бағалауға үлкен көмегін тигізген. Көкбай әңгімесінің аса құндылығына Мұхтар Әуезов жоғары баға берген. Әрине, данышпан ақынмен 25 жыл жолдас болып, үнемі қасында болған Көкбайдың Абай туралы берер мағлұматы шексіз болатын. Мәскеу, Томск, Ленинград сияқты қалаларға шейін барып, ауруынан жазылсам деп жанталасып жүрген Көкбай науқасы ауыр болса да, Абай кешіне келіп, өзі білетін дүниелерін айтып шығады. Көкбай өз естелігінде Абайдың мінез көріністерінің ерекшеліктері­не тоқталу барысында, ақындық тұлғасы, келбеті, адамгершілік қасиеттері сияқты көптеген жайды қамтуға тырысқан. Абай­дың кепілдікке алып, жолдастықтары басталғаннан бастап өзі көрген, байқа­ған, есіне сақтағандарын ешбір қоспасыз, шынайы баяндайды.
Көкбай әңгімесінде ұстазының шын­дық­ты, әділетшілдікті басты орынға қоя білген қасиетіне де мән береді. Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүние­қор еместігі, малшысына адалдығы, ақша­ға да сараң болмағандығы, қонақшылдығы мен тоғызқұмалақты қызығып ойнай­тын­дығы, жас кезіндегі аңшылығы – барлығы Көкбай естелігінде көрініс тапқан. Сол себеп­ті де Көкбай Жанатайұлының Абай­дың мінез көріністері туралы айтқан естелік-әңгімесі абайтануға қосылған құнды деректің бірі деп білеміз. Мұхтар жазған Абай өмір­баянына бұл еңбектің тигізген үлесі ерекше мол. «Онан соң Абайдың өмірбаянын толық етіп жазуда да Көкбай айтып берген материалдар аса көп еді. Олар құнды деректер болатын. Тек Көкбайдың Абай тұсында айтқан естелігі толық жазылмады. Бірақ 1933 жылы біз құ­растырып жазатын алғашқы толық өмір­баянның көп фактілері Көкбайдың аузынан алынған», – дейді Мұхтар Әуезов.
Абай шығармалары жинағының толық болып шығуына да Көкбайдың еңбегі зор болғанын атап айтуымыз керек. Яғни Көкбайдың қазақ әдебиетіне қосқан үлкен үлесі – Абайдың асыл мұрасын аман сақ­тап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізгендігі. Дана ақынның дара шәкіртінің кемеңгерлігі де осында.
– Абайдың дарынды шәкірті және сүйікті ұлы Ақылбай да әке тағы­лымынан ой түйіп, өнеге алған жан-жақты, өнерлі жан болса керек. Бірақ көпшілік қауымның Ақылбай туралы білетін мағлұматы өте аз...
– Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы ата жолымен атастырып алған бәйбішесі Ділдәдан он алты жасында бала сүйеді. Осы 1861 жылы туған тұңғыш баласын Ақылбай деп атайды. Ол туғанда Абайдың өзі де жас, енді ғана жаңа отау құрып отырған кезі болатын. Құнанбайдың кіші әйелі Нұрғаным бала көтермегендіктен, Ақылбайды кішкентайынан бауырына салып, асырап алады. Ақылбайдың Нұрға­ным­ның қолында тәрбиеленіп, әкесі Абай­дан аулақ өскенін, ең бастысы, оның аңқаулығын пайдаланған Абайға қарсы адамдар әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, бір-біріне қарама-қарсы қойып, екеуін тіпті ажырат­пақ та болған.
Елдің жымысқы әрекетін, баласының сенгіш, аңқылдаған мінезін байқаған Абай осы кезде «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін жазған. Онда Абай әр ата-ананың баласын мәпелеп, еркелетіп өсіретінін, олардың тәлім-тәрбиесіне айрықша мән беретінін баяндай келіп, егер бала жасынан отбасы, ошақ қасынан аса алмай, үйкүшік, жасық болып өссе, онда әке-шеше еңбегінің зая кететінін, үміт-арманының орындалмай­тынын, баланың жағымсыз тәрбиелерден пайда болған жағымсыз әдеттерін айтады. Сондықтан ақын жас ұрпақты жаңалық атаулыға үйір, талапты, жігерлі болуға, қатарынан қалмауға, масыл болмауға шақырады. Елін, жерін сүйер, ата-анасын, туған-туысқанын сыйлар жақсы азамат тәрбиелеуді басты шарт етіп қояды.
Абайдың бұл өлеңі бейқам жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл кезде Абай ауылы ақын-жыршыларға толы, Абайдың ақындық мектебінің мағыналы сәттері өтіп жатқан, шәкірттерінің ұстазы төңірегіне жиналып, нағыз үлкен үлгілі мектепке айналған болатын. Бұл әрі Ақылбайдың жігіт ағасы болып қалған кезі еді. Содан бастап Ақыл­бай Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Абайдың ақындығын танып, оның ақын шәкірттерімен болған мәжілістері мен өсиеттері қатты әсер еткен соң, Ақылбай өз бойындағы дарынын, ақындық қасиетін жарыққа шығара бастайды.
Ел аузынан жеткен әңгімелер Ақыл­байды бай-кедей мен үлкен-кішінің бәрін бірдей көретін, атының айылы ағытылып жүрсе де жығыламын, құлаймын деп ойламайтын, соншама ақкөңіл, аңқылдаған бейқам адам болды дейді. Дойбы сияқты ойыннан ешкімнен ұтылмаған. Қылқобыз­ды да, домбыраны да Шыңғыстауының қайыңы мен тал-терегінен өзі жасап алып, ойнай беретін музыкант, ақын әрі ісмер болған. Ең негізгісі, Ақылбайдың ақындық қарымы да осал болмаған.
– Абай шәкірттерінің өз заманын­дағы қоғамдық, саяси, әлеуметтік жағ­дайларға ықпал-әсері, соған байла­ныс­ты көзқарасы және қарым-қаты­насы қандай сипатта көрінді?
– Абай шәкірттері өз заманындағы қоғамдық-саяси өмірден тыс қалмаған. Мысалы, Шәкәрім жас шағында болыстық қызметтерді атқарса, кейіннен депутаттық қызмет, яғни Семей уездік земство жиы­нына депутат болып, земство жұмысына араласады. Шәкәрім және басқа да Абай шәкірттері әрдайым ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ еліндегі ұлт-азаттық қозғалысты, «Алаш» партиясының негізін қалаушы Әлихан Бөкейхановты қолдап отырған. Алаш қайраткерлерімен ертеден таныс болып, жақсы байланыста болған. Мысалы, Шәкәрім 1918 жылы Алашорда басшыларының шақыруымен Семей қаласына келіп, Алаш соты ретінде билік айтса, Алашорда үкіметінен кейін 1919-1920 жылдары Семей уезінің Шыңғыс бо­лы­сы бойынша халық сот болып қызмет ат­қар­ғандығы туралы ресми құжаттар сақ­тал­ған. Ал қазақ халқының нағыз қам­қоры, туған халқы үшін бастарын құрбан­дық­қа байлаған адал азаматтарының тағды­ры Көкбай ақынды терең тебі­рентеді.
 Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
 Ұл тумақ сендей болып өз-ақ тағы.
 Өгіз өліп, болмаса арба сынып
 Өмірің өткен жансың азаптағы,
– дей келе, «Анау бір Орынборда екі жігіт, сенен соң жұрт солардан қылады үміт» деп, Орынборда «Қазақ» газетін шығарып жүрген А.Байтұрсынов пен М.Дулатовты өлеңге қосады. Осы үшеуі ел тарыққанда жол сілтейтін, елі үшін тәуекелге бел байлайтын қазақтың адал перзенттері екендігін халықтың түсінгендігін айтады.
Көкбай 1901 жылы Мұқыр болысына молда болып сайланады. Ұстазы Абайдың ақыл-кеңесімен, рұқсатымен 40 жасынан бастап Тақыр өзенінің бойындағы қорасының қасынан медресе салып, бала оқытуға кіріседі. Медресе алғаш ашылған жылдары оқушылардың саны өте көп болады. Көкбай медресесінде оқыған шәкірттердің естелігіне қарағанда, осы жылдары 200-300-дей оқушылар білім алған. Онда бір Көкше не Тобықтының балалары ғана емес, бірнеше болыстардан да келіп оқыған.
Медреседе сабақ мұсылманша, яғни арабша және орыс тілінде жүргізілген. Көкбай шәкірттеріне араб тілін үйрету үшін «Араб тілінің қағидаларын» өлеңмен жазып шығады. Орыс тілін үйрету үшін Семейден үш орыс мұғалімін жалдап әкелген. Кейіннен медреседе мұсылманша оқуды халифелері жүргізсе, орыс тілін Көкбайдың өзі оқытыпты. К.Жанатайұлы Тақырдағы медресесінде ұстаз бола жүріп, сол кезде құрылып жатқан уездік земство­ның мүшесі болады. Абай шәкірттерінің Алаш қайраткерлерімен жақын ара­ласқандығын дәлелдейтін бір жайт – олармен бірге түскен суреттерінің сақталуы.
 – Сіздің ойыңызша, Абайдың ақын­дық мектебі мен шәкірт-достарының шығармашылығы өз дәрежесінде зерттелді ме? Осы орайда әдебиетші ғалымдар назарынан тыс қалып келе жатқан қандай жайттар бар?
– Абайдың ақындық мектебінің да­рынды өкілдері мүлдем зерттелмей жатыр десек, артық айтқандығымыз болар. Бір ғана Қайым Мұхамедхановтың 50-жыл­дардағы қудалауға түскен диссерта­циясы, осы негізде кейіннен жарық көрген «Абай­дың ақын шәкірттері» атты кітабында әр ақын жеке-жеке зерттеу нысанына алынған. Шәкәрімнің сан-салалы шығарма­шылық мұрасын каншама ғалымдарымыз зерттеп жатыр! Сол сияқты Көкбай, Тайыр, Әсет, Әріп, Төлеу, Сапарғали, Шәкір, Қалихан сынды ақындар туралы диссерта­циялар қорғалып, монографиялар жарық көрді. «Абайдың әдеби ортасы» жеке докторлық диссертация дәрежесінде де қорғалды. Әйтсе де Абай мектебі өкілдері әлі толық зерттеліп болды деуге еш келмейді. Мысалға, бір ғана Көкбайды алайықшы. Ақынның кейбір поэмалары әлі де табылмай жатыр, сол сияқты араб тілінің қағидаларын өлеңмен жазған көлемді шығармасы зерттеу нысанына алынбаған, тіпті толық мәтіні де араб қарпінен аударылып жария­ланбады. Осының өзі алдағы уақытта бұл бағытта атқарылар қыруар шаруаның бар екендігін көрсетеді.

Бір пікір
... Мұхтар Әуезов негізін қалаған Абайды тану ілімі тек қана Абай шығармашылығының, Абай даналығының жан-жақты зерттелуімен, ғұмырбаяндық нақты деректердің мол болуымен толықпайды. Ол сонымен қатар Абай дәстүрін жалғастырған заңды мұрагер ақындар, өмірде, өнерде, өлеңде өнеге алған шәкірттері шығармашылықтарымен бірге толысып, қазақ әдебиетінің үлкен іліміне айналады. Шындығында да, Шәкәрім мен Көкбайсыз, Әріп, Уәйіс, Тайырсыз, өз балалары Ақылбай мен Мағауиясыз Абай әлемін толық таныта білу мүмкін емес.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста