Абайтану туралы пікір айтатын жаңа ұрпақ өткен мен бүгінді байланыстыра алмай жүр
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Халықаралық «Алаш», І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты, жазушы, алаштанушы:
– Тұрсын аға, абайтану ғылымының қазіргі ахуалы қандай? Бұрынғы мен қазіргі зерттеу арасында қандай байланыс бар? Абайтанудың қазіргі беталысына көңіліңіз тола ма?
– Бүгінгі таңдағы абайтану таным жолайрығында тұр. Әрбір торқалы той сайын Абай туралы науқанды түрде көптеген жаңа толқынды зерттеулер, жаңа серпілістер, жаңа тұжырымдық ойлар жасалып жатты. Сондықтан да бір қараған адамға Абайдан көп зерттелген, көп оқылған, көп таралған сөз иесі қазақта жоқ деуге болады. Бұл – заңды да. Шкловскийдің: «Біз әрбір ұлт данасының мерейтойын атап өту арқылы ұлтымыздың өткенін еске аламыз, бүгінін сабақтаймыз, келер күндердің бағытын анықтаймыз», – деген сөзі бар. Менің ойымша, Абай – тура сондай тұлға. Әрбір онжылдық өткен сайын, заманның беті мен асты құбылған сайын, Абай да жаңаша бір түрленіп, төңкеріліп отырады. Өз бағамдауымша, Абайдың 150 жылдығы тұсында, одан кейінгі 10 жылда абайтану ілімінің 100 жылдығына орай үлкен бір тұжырымдар жасалып, тиянақталды. Соның ең үлкен жетістігі: 1995 жылы шыққан екі томдық және сондағы түсініктемелері деп есептеймін. Бұған сол кездегі Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Қайым Мұхамедханов, Бейсенбай Байғалиев, Жұмағали Смағұлов, Мекемтас Мырзахметов сияқты ғалымдардың барлығы тартылды. Сол басылым – арғы-бергі ойларды түсірген жинақ. Сол жинақта өзім ұсынған екі-үш мәтіндік-пікірлік қорытындылар бар. Қалай болғанда да, абайтануға үлкен бір белестің жақсы бір нүктесі болып қалыптасты. Кейінгі бес-алты жылдан бастап абайтанудың жаңаша беті жаңа бір тосын бағытқа бет алып бара жатқан сияқты. Мәселе ол бағытта емес. Әр ұрпақ өз сөзін айтады, өзінше түсінеді, өзінше түсіндіреді. Мәселе – сол ұрпақтың Абайды түсінудегі үстірттігінде. Ең бастысы, өзіне дейінгі 100 жыл бойы зерттелген зерттеулер, айтылған пікірлер, ұсыныстар немесе талдаулар ұмыт қалып барады. Яғни абайтану туралы пікір айтатын жаңа ұрпақ өткен мен бүгінді байланыстыра алмай жүр. Әркім өз сөзін өзі сөйлейді, өз пікірін өзі дәлелдейді, өз пікіріне өзі ұсыныс айтады. Басқа шығармашылық иелеріне мұндай пікір жарасуы мүмкін, Абайға жараспайды. Мені алаңдататын үлкен мәселе – осы. Өйткені кім Абайды түсінгісі келмеді дейсің, кім Абайды терең бойлап зерттегісі келмеді дейсің, кім Абай туралы жаңа пікір айтқысы келмеді дейсің?! Және ол айтылған пікірлер тегін пікірлер емес. Біз сол ғалымдардың айтылған пікірлерінің ұшығын ұстап, ары қарай жалғастыруымыз керек. Менің ойымша, Абай туралы Әуезовтен артып зерттеген ешкім болған жоқ, ешкім болмайды да. Мысалға, жадидтік ағым туралы Абай туралы еңбектерінде М.Әуезов айтқан. Сонда: «Шаһабуддин Маржани, Гаспараланы, Каюм Насыри, Ғабдукуді, Ғазалиді айтып, менің бетімді шығыстан бұрып кеткен ақынның бірі еді», – деп пікір түйдіреді. Ол пікірлер неге айтылды? Ол адамдар кімдер? Қандай бағыт ұстанды? Тіпті Ғабдукудің атын қате жазып, Ғабдукуді сынап жүрген абайтанушылар бар. Өзің білмеген нәрсеге қалам тартқаннан кейін, ең болмаса аты-жөнін дұрыс жазуға болады ғой. Осы салада білместіктер бар. Қазір Абайдың кейбір басылымдарын, Абай туралы кейбір естеліктер жинағын, мақалаларды оқысаң, Абайдың өзі айтқан сөздеріне теріс түсініктеме береді. Яғни Абайдың айтқысы келгені осы еді деп оны «бісмілләсіз» айтады. Кезінде шыққан, жарияланып кеткен пікірлерді Абайды жақсы көрсетеміз деп қысқартып, жөндеп, жұмырлайды. Бұл – үлкен қылмыс. Өйткені Абайды көзі көрген адамдардың естеліктері, оның айналасындағы тағдыр иелері туралы пікірлер – тарихи және өмірлік шындық. Егер ол шындықтарды боямалап, Абайды сүйкімді етіп көрсетеміз десек, қателескеніміз. Абайдан тағдыр иесін емес, періште шығарудың амалы. Абай бізге пенделік тіршілігіндегі тауқыметті тағдырымен, өзі өмір сүрген етекбасты тіршілігіндегі идеяға көтерілген тұлға ретінде қымбат. Иә, Мұхтар Әуезов өзінің «Абай жолы» арқылы ақынның идеалды бейнесін жасағысы келді. Ол – көркем шығарма, ол – Әуезовтің Абайы. Өмірдегі Абай бір басқа. Сондықтан да қазіргі жолайрығында тұрған абайтану мәселесінің ең бір қауіпті мәселесі осы деп ойлаймын.
Осы жолайрығындағы екінші қауіп: біз Абайды жаңа ұғым арқылы жаңа деңгейге көтеріп келеміз. Бұрынғы «батысым шығыс болды, шығысым батыс болды» немесе «бір-ақ әдебиеттен жеміс алып өркендеп өсті» деген жаттанды, таптаурын болған пікірге қарама-қарсы пікір білдіріп жатырмыз. Сол арқылы Абайдың шын өзі сусындаған бұлағына ұсақ-ұсақ тастармен бөгет қойып жатырмыз. Түбінде ол бөгеттерді Абайдың өз адамдары жарып әкетеді. Бірақ Абайдың алдына ақ не қара, ұсақ не ірі болсын, бөгет жасамау керек. Біз қабылдағымыз келмесе де, Абайдың батыстың лирикасынан алған сабағы үлкен. Қазақ поэзиясына кіргізгендегі басты жаңалығы – соларға негіз артқан. Ол үшін шығыстық ойдан қол үзіп кетпеген. Қайта Мәулананың, Румидің ұлы философиялық толғамдары Абайдың осы өлеңінде бір үлкен ой толқыны ретінде араласып, кеңдікке ие болған. Сондықтан да 5-10 жылдың көлеміндегі үлкен жолайрықта тұрған абайтану ілімі қай айрықпен екпін алып кететініне көз жетпейді. Жалған айрыққа түсіп кетсе, онда ол ілімді қайтарып, алдыңғы 100 жылғы зерттеулермен тоғыстыру үшін де бір толқынның уақыты кетеді. Сондықтан абайтанудан біз адасып қалмасақ екен деп ойлаймын.
– Абайдың туған күніне қатысты да түрлі пікір бар. Соның біріне арнайы тоқталған жөн бе? Жалпы, ұлы, белгілі адамдардың туған күн даталарына қатысты дау-дамай қажет пе?
– Абайдың туған күнін біреу – 10 тамыз, біреу – 13 тамыз, біреу – 15 тамыз, біреу 19 тамыз дейді. Осының барлығы да мұрағаттағы деректерге негізделіп айтылған. Олар Омбыда, Ленинградта, Орталық мұрағатта сақталды. Айтылған даталардың барлығы да көрсетілген. Қалай? Қазақтың және орыстың жыл санауында айырмашылық бар. Сондықтан кейбір ақын-жазушылардың туған жылдары бір жыл кейін не ілгері жүреді. Ол құжатты қай уақытта толтырғанына байланысты. Мысалы, 2011 жылдың 22 наурызына дейін толтырылса, бір басқа. 2011 жылғы наурыздан кейін толтырылса, екінші жас кетеді. Ол кезде «жыл ауысты» деген қазақтың ойлау жүйесінде жоқ. Қазақтың ұғымында Григориянның жылнамасы жоқ. Сол құжат қай жылы, қай күні қағазға түскеніне қарау керек. Екіншіден, жаңа календарь ауысқан күнде 13 күндік айырмашылық бар. Біреу оны 9 күнге өзгерткен, біреу 13 күнмен есептеген. Мысалы, М.Әуезовтің туған күні бірде – 16, бірде – 19 қыркүйек. Негізінде, біз 28-29 қыркүйекті алып жүрміз. Ол – Әуезовтің өзі кейіннен үйлестіріп, өз туған күнін өзі тойлаған күні. Сондықтан мұны өзгертудің қажеті жоқ. Біз сол күнді қабылдаймыз. Абайдың да туған күні осы сияқты. Мәселе, нешінші тамызда екендігінде емес, Абайдың туған күні тамызда. Жалпы нысана ретінде Янушкеевичтің күнделіктеріне қарау керек. Янушкеевич сол жылы тамыз айында Құнанбайдың үйінде болған. Сол күні күнделігіне: «Құнанбайдың жаңа туған баласының туғанына он күн болған, іші ауырып, Құнанбай соны ешкінің майымен майлап, табан астында жазып алды», – дейді. Міне, сол бала – Абай. Сол күн мен Янушкеевич көрсеткен күннің арасын шығарсаң, шамамен бір-екі күндік айырмашылық болса да, Абайдың туған күні белгілі болады. Ал Әуезов өзі тамыздың 10-ы деп айтты ма, соған тоқталу керек. Өйткені Әуезов те – Абайды көрген адам. Үрім-бұтақтарын көріп, солар белгілеген, Тұрағұл белгілеген күн. Сондықтан «ана данышпан былай көрсетіпті», «мұрағатта былай екен» деп алыпқашты пікір айта бермеу керек. Сол мұрағаттың қай күні, жылдың қай мезгілінде толтырылғандығына мән беру керек.
– Соңғы уақытта, аға, Абайдың діні, исламдағы ұстанған бағыты, тіпті намазы туралы да сөз қылуға келмейтін дүниелер дауға ілігіп жүр. Сол дұрыс па?
– Қазіргі абайтануда көтеріліп жүрген үлкен бір мәселе – Абайдың мұсылмандыққа қатысы. Бұл – сөз етуге тұрмайтын, күлкілі мәселе. «Абай мұсылман болған ба?», «Абай намаз оқымапты ғой» деген сөз не үшін керек? Ондай сұрақ неге қойылады? Сол сұрақты қойған адам өзі мұсылман ба, өзі Абайды оқыған ба? Өзі Абайды сыйлай біле ме? Екінші, «Құнанбай болмаса, Абай болмас еді, оған қалай қарайсыз?» дейді. Құнанбай болмаса, Абай болмайды, әкесіз адам дүниеге келе ме? Түсінікті ғой. «Қандай тәлім-тәрбиесін алды» деп сұрақ қойса, бір жөн. Бұл ретте елдің барлығының ұстанатыны – Тұрағұлдың естелігіндегі Абайдың бір ауыз сөзі: «Будда деген үлкен ілім екен. Әттең, қолыма кеш түсіп қалды, енді оның соңынан қуа алмаймын». Абай будда дінін қабылдайын деп айтып отырған жоқ. Будда дініндегі адамдық, қасірет, жақсылық-жамандық, түп ата, тек, қараңғы-жарық, надандық-сауаттылық, адамның ішкі өзегі – иманы мәселелерін сол арқылы терең түсініп, білгісі келген. Мәселе – ілімде, ғылымда, дін ретінде қабылдауда емес. «Абай пұтқа табынам деген екен, әттең, өмірі жетпей қалыпты», – дейді. Егер Абай пұтқа табынам десе, табан астында қабылдар еді. Өз заманында Абайдың қанша жауы болды деп өрекпігенмен, Абайдың бетіне келетін адам болмаған. 1897 жылы Семейдегі 15 мешітің имамы бар, орта ауыл түгелімен Абайға «орыстың үлкен архирей побы келгелі жатыр. Дін туралы айтыс өткізбек. Егер біз осы айтыста жеңіліп қалар болсақ, онда қазақтарды жаппай шоқындыруға ұлы ағзамның қолы қойылмақ екен. Біз мұсылман дінін, Құранды толық білеміз, бірақ та қалған үш кітапты білмейміз. Абай осының бәрін біледі, осы айтысқа Абай қатысар ма екен?» деп кісі жібереді. Абай ұзақ ойланып отырып, келіскен. Айтылған күнде Семейге барған. Үлкен епископ архирей екеуі оңаша екі жарым сағат сөйлескен. «Мына қазақтардың молдаларынан бастап қазірден шоқындырамыз» деп есіктің алдында поптар тұрған. Үлкен хазірет молдалар «Аллалап» дұға тілеп жүрген. Сол уақыт ішінде Абай епископтың мұсылмандықтың ең бір нәзік тұстарына қатысты он жеті сұрағына жауап берген. Ал есік алдына шыққаннан кейін, поптар «ал шоқындық» десе, Епископ: «Жоқ, бұл халық шоқынуға дайын емес, мынандай адамы, ақыл иесі бар адамы бар ел шоқынбайды, бұл өз заманынан озық туған адам екен», – деп қайтып кеткен екен. Бұл екпін мұнымен басылмаған. 1902 жылы қазақты жаппай шоқындыру туралы қаулыға қол қойылып, іске кірісіп кеткен. Дін иелері Шаймардан Қосшығұлов пен Науан Хазірет Абайға хат жазған. Бұл хат Абайдың мұрағатында бар. Абайдың үйіне тінту жүргізіліп, үш ай мырза қамақта отыратыны – осы мұсылмандық қозғалысқа байланысты шаруа. Абайдың дүниеден бетін теріс қаратып кетуіне, үмітсіздігіне де осы шаруа үлкен әсер еткен деп ойлаймын. Өйткені мына заманның беті бері қайрайтынына Абай сенбеген. Алматы соборы, Астанадағы стадион тұрған жердегі собор, Қазақстандағы барлық соборлар кезінде қазақтарды шоқындыру үшін салынған. Оған 1902-1903 жылғы орыс-жапон соғысы, соғыста Ресейдің жеңіліп қалуы әсер еткен. Екінші рет 1905-1907 жылдардағы орыс революциясы осыған үлкен кедергі жасаған. Келесі шоқындыру 1914, Романовтар әулетінің таққа отыруына 300 жыл толу құрметіне байланысты жаппай шоқындыру болады. Шоқындыру қалай жүргізілуі керек, қазақ халқын қалай қырып тастау керек, барлығы архирейдің ұсынысында бар. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде шыққан әскер – шоқындыруға шыққан әскердің бөліктері. І дүниежүзілік соғысы басталып кетпесе, 1914 жылы жаппай шоқындыру әрекеті басталатын еді. Осыны біліп, қарсы күрескен Абай қалай мұсылман болмайды?!
– Құнанбай әулетінен тараған Абай, Шәкәрім, Ақылбай, Тұрағұлдар - қазақтың маңдайына біткен біртуар данышпан ақындар. Ал Құнанбай балаларының ерекше қабілетті тууының сыры неде? Құнанбайдың Абайдың азамат ретінде қалыптасуына әсері қандай болды?
– Абайдың әке Құнанбайдан алған тәлімі туралы бір оқиға айтып берейін. Соның астарында талай мән жатыр. Абай болыс болып жүрген кезде, қат-қабат сайлау, дау-дамаймен араласып кеткен. Бұрын аптасына бір келіп сәлем беретін Абай үш ай бойы Құнанбайға келіп сәлем бермепті. Сол тұстағы бір дауға байланысты мамай жұртының биі келіп: «Сіз пәленбай мәселесін Абайға айтсаңызшы, кешегі басқару жүйесінде былай еді ғой», – деп Құнанбайға жүгініпті. Сонда Құнанбай: «Сол Абайыңды мен көрмегелі үш ай болды, сәлем айт!» – депті. Әкесінің көңіліне келіп қалғанын сезген Абай Құнанбайдың ауылына келіп, бір апта жатады. Таңертең келіп, сәлем беріп, әңгімелесіп кетеді, түстен кейін келіп, сәлемдесіп кетеді. Осылай бір апта өтеді. Енді қайтайын дегенде, Абайдың ойы бір нәрсеге байлана береді. «Тәте, мен жүрейін деп отыр едім. Рұқсат па?» – деп: «Байқаймын, сіз бір аптадан бері осы кітапты оқып жатырсыз, күніне екі-үш беттен ары аспайсыз. Оқисыз да ойланасыз. Сыры үлкен, сіз тоқтап оқитындай бұл қандай кітап еді?», – деп сұрайды. Сонда Құнанбай: «Балам, бұл тарихат қой», – десе, Абай мырс етіп күліп: «Бәлі, тәте, сізді мұсылмандықтың шыңына жетті десем, әлі тарихатта жүр екенсіз, тарихат деген діннің басы емес пе?» – дегенде, Құнанбай: «Әттеген-ай, сені жетті, ілімнің тұнығынан бастау алды, тамырын біледі десем, шала болған екен ғой, ертерек алып кеткен екенмін ғой, діннің басы тарихат екенін түсінбепсің ғой. Тарихатсыз дін де, шариғат та, мағрифат та, ақиқат та жоқ қой, апырмай, мен қателескен екенмін», – депті. Сонда Абай үндей алмай, сыртқа шығып кетіп, басын шайқап тұрып: «Мына шалың алдырмады ғой, мені жер қып кетті, оқуым шала екен ғой», – деп Абай жүріп кетіпті. Дүниенің тілін білетін Абай Құнанбайдың тарихатты қалай түсініп отырғандығын жете бағаламаған ғой. Абайдың білімі қандай? Ал Құнанбайдың биігі қандай? Міне, тәлім деген – осы. Біз ұқсақ, қу сөзді қуаламай, осындай тәлімдік жолдан мағрифат алуымыз керек. Төрт сатыдан тұратын дінді білген Абай, осыны білген Құнанбай шын мүмін мұсылмандар. «Алланың жалғыз екеніне жүрегіңмен сенген күні сен шын мүмін мұсылман боласың», – дейді Абай. Демек, Алланың жалғыздығын білген, түсінген, мойындаған Абайдың енді одан мойын бұрып, басқа дінге тамсанатындай жағдайы жоқ болатын.
– Абай болыс болған тұста заң шығарған ба? Кімдермен ақылдасқан? Ақиқат, шындық үдесінен қаншалықты шыға білген?
– Абай – өз заманының ұлы биі. Егер он үш жасына дейін биліктің жөн-жобасын біліп, игеріп, сөзге жауап қайтаратындай болмаса, онда Абай Абай болмас еді, Құнанбай Абайды сақа ғып сайламас еді. Құнанбай өзінен төмен түсетін ұлын елге билік айтуға жібермес еді. Құнанбай «әділ, қатал, би болам» деген. Абайдың билігіне, ұғымталдығына, Құнанбайдың тәрбиесінде сол биліктің сол бабымен өмір сүргендігіне билік құрғандығына еш күмән жоқ. Тіпті атақты ұрылардың өзі «ұрлығым түссе, Абайдың қолына түссе екен, түспесе, Абайдың қолына түспесе екен» деп тілейтін. Осы екі сөзден-ақ Абайдың қандай би болғандығын білуге болады. Абайдың алдына келген адам шындығын айтпай, жазасын алмай шықпайды. Абайдың Қарамолла съезінде қазақты билеу заңын шығарғаны рас. Жалғыз Абай емес, Абай төбе би болған, барлық заңдарды құрастырып, ретке келтірген. Оған отыздай би қол қойған. Кезінде орысшаға аударылып, Қазанда басылып шыққан. Абай жалғыз өзі заң шығармаған, өзге билер қатысып отырып, Абай төбе би болған. Хатқа жүйрігі, хатқа түсірген – Абай.
– Абайдың алашордашылармен байланысын айтып берсеңіз.
– Алаш идеясының түп-тамырының бірі жәдидтік ағымда жатыр. Жәдидтік ағымдағы алғашқы сауатын ашқан адам – Абай. Абайдың поэзиясы арқылы ұлттық идеяға алаштықтар келді. 1904 жылы Абайдың қолжазбасын Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов алдырған. Қолжазба Павлодардың түрмесінде компескацияға ұшырағанда, Әлихан Бөкейхановтың «басқасын қайтармасаңдар да, Абайдың қолжазбасын қайтарып беріңдер» деген түрмеге жазған хаты бар. Бұл ұлттық идеяның ұйытқысы Абай деп есептеймін. Ал Абай туралы алғаш Абайдың өмірбаянын жазған, кітаптың шығуына, құрастыруға ықпал жасаған – Әлихан Бөкейханов. Кәкітайға тапсырма берілді, олар жүзеге асырды. Абайдың өлеңдерін жинастыруға, әрине, негіз болған – Ә.Бөкейханов, Тұрағұл, Кәкітай Ысқақов. Кітап шығарда Мүрсейіт молданы шақырып алып, «өзің білетін Абайдың өлеңдерін көшір» деген. Ол кісі көшіріп шыққан. Содан кейін бүкіл үрім-бұтақтары ақылдаса келіп, өлеңдерді бөлім-бөлімге, тақырыпқа бөлген. «Біз ағайын-туыстың көңіліне келеді ғой деп кейбір өлеңдерді кіргізбедік, кейбір өлеңдердің орнын ауыстырдық. Баспаның тарапынан кеткен қателер көп, сондықтан алғашқы жинақты қайтадан шығару керек», – деп жазған Тұрағұлдың өзі. Соның өзінде «Абайдың қара сөздерін әдейілеп бермедік» дейді. Біраз ақаулықтар дейміз бе, ағайыншылдықтар алғашқы жинақта кеткен. Тұрағұлдың естелігінде мұның жай-жапсары жазылған. Екінші өкініші – аяқталмай қалған «Әзімнің әңгімесі». Мағауияның үйіне барып, жұрт әңгімелесіп отырса, біреу отқа қағаз жағып жатыр екен. Екінші біреу темекі тартып, әлгіні жыртып отырыпты. «Өй, мынау не?» – десе, Абайдың «Әзімнің әңгімесі» дастаны. Аяқ жағын отқа жағып жіберген, бас жағы қалған. Соның арқасында қалып отыр. Бұл басқа емес, Абайдың өзінің балаларының үйінде сақталған мұраға сондай сауатсыздықпен қараған. Ал кейінгі өлеңдерін жинақтағанда, бас-аяғында Көкбай болған. Көкбаймен үш айдай бірге отырып, Мұхтар Әуезов оны қағазға түсірген. Көкбай өлеңдерді жатқа айтқан. Жатқа айту бар, жазу бар. Осы екі ортада сөз бен сөйлемдерде ауытқулар кетуі мүмкін. Мектепте Абай өлеңдерін ауыл ақсақалдарынан естіп өстім. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп айтам мен. Ал кітапта «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді. Қайсысы дұрыс? «Қайрат» дегенді біреу еңбекшілердің заманы ғой деп «еңбек» деп өзгертті ме, әлде мен қате жаттап алдым ба? Білмеймін. Мұны енді канон ретінде ұсынуға болмайды.
– Абай айналасына өнерлі жандарды жинаған ғой. Оған тарихтағы Біржан салмен кездесуі, қасында Әлмағамбет, Мұқа, Уәйістей әншілердің жүруі дәлел. Абайдың ән-күй тыңдап, думандатуына Құнанбайдың «мұсылманшылыққа жат» деп, қарсы болғаны рас па?
– Егер Құнанбай сондай болатын болса, Әмір сал қайдан шығады? Өзінің қойнында жатқан баласы ғой! Мұхамеджан қайдан шығады? Өзінің бауырында өскен, Абайдан гөрі иісі сіңген Ақылбай неге ән айтады? Биліктен кеткеннен кейін, Ақылбай Құнанбайдың баурында өсті ғой. «Ән айтқан сайтан болады» деген шала молдалардың ісі деп ойлаймын. Бұл әңгіменің мұсылманшылыққа ешқандай қатысы жоқ.
– «Абай жолындағы» жазылған оқиғалардың барлығы шынайы өмірден алынған ба? Өмір шындығы қаншалықты суреттелген?
– Дүниеде абсолютті және көркем шындық бар. Мыңдаған сюжеттерден бір сюжет құралады. Барлық өмірлік шындықтар екшеле келіп, сол арқылы тартыс, көркемдік шешім шығады. «Абай жолында» бір сөз шындық жоқ. «Абай жолындағы» көркем шындықта бірде-бір өтірік тағы жоқ. Әуезовтің шығармасы – Әуезовтің көркем идеясы. Әуезов: «Мен «Абай жолы» арқылы ақын Абайды және сол арқылы оның өлеңін дүниеге таратқым келді. Идеалды кейіпкер жасағым келді», – дейді. «Абай жолындағы» Абай – сөгіліп, өксіп, ақтарылып отырған Абай. Ойында бір «әттеген-айы» жоқ. Соған сенесің. Сол шындық сені баурап алады. Міне, ол – Әуезовтің Абайы. «Мен қоғамдық талаптарға байланысты көркемдік талапқа бағындым, кейіпкерлердің өмірін қоғамдық қайшылықпен бейнелеп бердім. Мұны кейбіреулер түсінбейді. Тарихты сөзбе-сөз қайталау емес, мен тарих арқылы көркем шығарма талаптарына сай өзгерттім», – дейді Әуезов тағы да. Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болған. Әуезов оны өмірде болмаған секілді жазады. Мен бұл екі ортадағы шындықты кем дегенде жеті-сегіз қайтара оқып шықтым. Әуезовтің авторлық сөзінде Қодар мен Қамқа оқиғасы болған деген де, болмаған деген де сөз жоқ. Ол тек Құнанбайдың, Байсалдың, Қаратай, Бөжейдің ойы арқылы беріледі. «Депті», «депті-міс», «деген екен» Әуезовтің сөзі емес. Жағымды-жағымсыз кейіпкердің атынан айтылғандықтан, солар жауап береді. Бөжей «болмады», Құнанбай «болды» дейді. Екеуінен барып кім сұрайды?! Әуезовтің ұлылығы – осында, авторлық текстке емес, оны көркемдік текстке, ойға кіргізіп отыр. «Абай жолының» 1940 жылғы бірінші нұсқасында «болды» деп жазылған. Оларды «жер қабылдамайды» деп өртеп жібергені де рас. Әлі күнге дейін Қаражартастың түбінде Шәкәрімнің қорасының алдында тас сол күйі жатыр. Қайта оны Әуезов жазбаған. Екінші, Мұсақұл соғысында Абайдың би болып жүруі мүмкін емес. Соғыс 1845 жылы 16-19 қыркүйекте өткен. Янушкеевич келіп кеткеннен кейін: «Құнанбай қатты қатуланып, жылдам, асығыс аттанып кетті. Біз қоштастық», – дейді. Сол кеткенде Мұсақұл соғысына бара жатқан еді. Ол кезде Абай қырқынан шықпаған. Тіпті, Бөжейдің асында Абай жорғамен ет тасытып, тойды басқарып жүруі мүмкін емес. Өйткені Бөжей 1850 жылы қайтыс болған. Абай ол кезде бес жаста. Қанша жерден Алпамыс секілді тез өсіргенімен де, ыңғайға келмейді. Ал Қодардың оқиғасы 1834-39 ж.ж. болған. Абай көрген жоқ. Әуезовтің блокнотында: «Қодар мен Қамқа оқиғасын Абай естіген болуы мүмкін», – деп жазулы тұр. Жалпы, көркем шындықтың заңы бойынша тарихи шығармаларға жеті түрлі шарт қойылады. Сол қоғамда болған оқиға болатын болса, оны тарихи шығармада пайдалануға болады. Егер Абайдың өзіне тиесілі өмірлік шындықты тізбелей берсек, Абай романы бола ма? Құр Абай туралы шындықтар тізбеленіп тұрады. Жазушының мықтылығы – соны қиыннан қиыстырып әкелгендігінде. Жаңағы оқиғаларды алып тастаса, Абайдың бірінші, екінші кітабы да шықпайды. Әуезовтің ұлылығы – осында!