«Айтуға оңайды» жалғыз Бейсен Құранбек шығарып жатқан жоқ

«Айтуға оңайды» жалғыз Бейсен Құранбек шығарып жатқан жоқ

Бейсен ҚҰРАНБЕК, тележүргізуші:

– Әу баста еңбек жолыңызды газеттен бастаған екенсіз. Телевидениеге ауысуға не түрткі болды?
– Бала кезімнен спорт тақырыбын талқылағанды қатты ұнатушы едім. Осы тақырыпта қалам тербеу арманым бола­тын. Еңбек жолымды «Спорт» газетінен бастадым. Оқушы дәптерін қолыма алып, Алматыда­ғы Жібек жолы көшесінде орналасқан «Спорт» газетінің редакциясы­на, Несіп Жүнісбаев ағама келдім. Оқуым жоқ, тоқуым да жоқ. Тәжірибені айтпағанның өзінде. Әскерден жаңадан келгенмін ол кезде. Қиын кезең. Негізі мені журналисти­каға алып келген – спорт. Мен спорт ко­мен­та­торы болсам деп армандадым. Сон­дық­тан спорт газетін таңдадым. Ағаларым Сайын Тұрсынов, Жүсіп Қисымов, спорт фотографы Дендер­бай Егізов, Амангелді Сейтханұлы, Қыдыр­бек Жүсіпбековтердің тәлімін көрдім. Солардан үйренсем дедім. Ол кісілер қа­на­тының астына алып, көп нәрсеге кө­зім­­ді ашты. Көп дүниені үйрен­дім. Содан спорт журналистігіне машық­тан­дым. Келер жылы ҚазМУ-ге оқуға түс­тім. Оқумен бірге жұмыс та істедім. «Спорт» газетінде 1997 жылға дейін қызмет еттім. Ол бір қиын кезеңдер еді. Газет шығаратын қағаз жоқ. Айлап, жарты жылдап шықпай қалатын. Оқу бітір­ген соң амалсыздан мен телеви­дениеге ауыстым. «Рахат», «31», «Хабар», «Жетісу» телеарнасында, Президент­­­тің телерадиоке­шенінде істедім. Соңғы бір маусымда осы «Айтуға оңай...» ток шоуы­ның жүргізушісі­мін. Міне, журналистикада жүргеніме 20 жылдан асыпты.
– Президент телерадиоке­шенін­де жұмыс істедіңіз. Елбасымен бірге шетелдік іссапарларда көп болдыңыз. Өзіңіздің жеке басы­ңызға қандай да бір пайдасы болды ма? Қызметтік өсу жағынан болсын, материалдық жағынан болсын...
– Мен көптеген қызметтен өз еркіммен бас тартқан адаммын. Кезінде Алматыға Серік Үмбетов әкім болып қызмет істеп жүргенінде 2007 жылы облыстық «Жетісу» телеарнасын басқаруға шақырды. «Осы елдің азаматысың ғой. Мына телеарнаға сенің көмегің, тәжірибең керек болып тұр. «Туған жерге туың тік» деген қазақта сөз бар, кел, көмектес» деген соң, сол ағала­ры­ма  көмектесейін деп бардым. Кейін Серік Үмбетов қызметінен кеткеннен кейін мен де өз еркіммен рұқсатымды алып, шығармашылығыма оралайын деп шеш­тім. Негі­зінде, қызмет қуған адам емеспін. Қызмет қуатын болсам, министрлікте жүр­ген адамдар үлкен-үлкен қызмет ұсынды. Бірақ мен ол қызметтерден өз еркіммен бас тарттым. Менің өзімнің жобаларым бар. Жоспарларым бар. Шығармашылық адамы болғаннан кейін, өзімнің қолымнан не келетінін, не істей алатынымды білемін. Және сол жұмыспен айналысамын.
– Шетелдерде көп болдыңыз. Өзіміздің журналистер мен шетелдік журналистердің айырмашылығы неде деп ойлайсыз?
– Ол үшін шетелге барудың қажеті жоқ, пультті алып, теледидарды қоссаңыз, бүкіл шетелдің арналарын ақтарып шығуға болады. Олар не істеп жатыр, біз не істеп жатырмыз? Оларда ұзақ жылдардан бері дамып келе жатқаннан кейін, ерекше қаржылық көзі болғаннан кейін, әрине, олар да – әлдеқайда алпауыт. Алысқа бар­май-ақ, Ресеймен-ақ салыстырып көре­йікші, біз журналистикада көп салада ұтылып жатырмыз. Көп салада есеміз кетіп жатыр. Бірақ ол дегеніңіз, біздің журналис­тердің деңгейінің төмендігі деген сөз емес. Бізде мықты журналистер көп. Бірақ біз журналистерге осы салада жағдай жасай алып отырмыз ба? Солардың осы салада қалуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырмыз ба? Міне, бұл  – басқа мәселе.
– «Айтуға оңай...» бағдарлама­сына көп сын айтылады ма? Сынға қалай қарайсыз?
– Мен сынға ешқашан да ренжімеймін. Сын айтылды, жазылды да. Мақтаулар да көп естіліп жатыр. Ол болуы керек. Мынаны есте сақтау керек, телевидение жалғыз адамның жұмысы емес. «Айтуға оңайды» жалғыз Бейсен Құранбек шы­ға­рып жатқан жоқ. Бұл – үлкен ұжымдық жұмыс. Бұл – бірінші маусым. Біз шын мәнінде көрермен үшін, соларға бір пай­да­лы нәрсе берейік, бір нәрсені құлағына жеткізейік, адамдарды бір-бірімен жалғайық, қандай да бір адамға қол ұшы­мыз­ды тигізейік деп жанымызды аямай, күн-түн демей, уақытпен санаспай еңбек етіп жатырмыз. Мен осы үшін мақтана ала­мын. Ал мен «анау дұрыс емес», «мынау қолымнан келмеді» деп, оған аса мән беріп қарамаймын. Біздің қолдан келгені – осы. Ал басқа адамдардың қолынан келіп, бас­қаша жасап жатса, нұр үстіне нұр. Сондық­тан біз өзіміздің қабілетіміз қандай деңгей­де, сол деңгейде жасадық. Бұдан артық, не бұдан кем шықпады. Тура осы­лай бо­лып шықты. Болды.
– Қазақ телевидениесінде көрерменнің көңілінен шыққан небір мықты бағдарламалар болды. Бірақ ғұмырлары ұзақ болмады. Тамсанып жүргенде бітеді де қалады. «Айтуға оңай­дың» ғұмыры қаншалықты?
– Бір маусымға ғана рұқсат бергенмін. Жақында оның уақыты аяқталады. Содан кейін шын мәнінде менің өзімнің жоспар­ларым бар. Маған келіп, «осы бағдарла­маны қолға алып едік, екі топ болды, шық­пай жатыр, көмектес» дегеннен кейін кел­ген­мін. Осы маусым аяқталады. Тамыз айына дейін жазып тастағанбыз. Одан кейін өз жоспарларым бойынша жұмыс істеймін. Жеке жобаларым бар. Оның ғұмыры қаншалықты екенін басшылар бар, солар шешеді.
– Жұбайыңыз туралы бірер сөз...
– Жұбайымның мамандығы – педагог. Тіл маманы. Үйленгенімізге 15 жыл болды. Қарт анам бар, соған, балаларға қарайды. Үйде отыр, жұмыс істемейді. Жоғары білім­ді маман. Кезінде университетте сабақ берген. Бес-алты тіл біледі.
– Алдағы уақытта өзіңізді «Айтуға оңайдан» да мықты хабардан көре аламыз ба?
– Жалпы, журналистикадан тыс жобала­рым бар. «Айтуға оңайдың»  артық­шылығы да бар, кемшілігі де толып жатыр. Мен үшін ең қуантатыны – біз қан­шама адамға көмектестік. Мысалға, бірін­ші кейіпкер – арба сүйреген ақын. Соны эфир­ге шығарған кезімізде ол кісі «менің арманым кітап шығару еді» деп айтқан еді. Өткенде ғана кітабы шығып, мың тиражы қолға тиген кезде ол кісінің кітапты сүйіп, толқып, жылағанын көрсеңіз. Темірәлі Бақтыгереев ұмыт қалған композитор­лар­дың бірі болатын. «Барып қайт, балам, ауыл­ға...» деген атпен Сұлушаш Нұрмағам­бетова апамызбен бірге кеш өткіздік. Сол кезде Мәдениет министрлігі Темірәлі ағамызға мәдениет саласына қатысты атақ беріп, марапаттады. Сол кезде ол кісі де толқып, бізге алғысын жаудырды. Жуырда ғана Аяулым деген жетім қыз шықты. Сіңлілері мен інілері жан-жаққа шашырап кеткен. Солар «басымыз біріксе» деген армандарын айтқан-тын. Талдықорғаннан Берік есімді кәсіпкер хабарласып, «менің үйім бос тұр, басыбүтін берейін соларға» дегенде қамкөңіл қыз қатты қуанды. Өткенде Шиеліден келген Тоғжан деген қызға Рабия деген апай қолұшын созып, үлкен көмек жасап отыр. Сол кісі ай сайын хабарласып тұрады. «Айналайын, қызың жұмыс істеп жатыр, ай сайын 70 мың теңге айлық алады. 100 мың теңгеге азық-түлі­гін апарып бердік. Енді жерін алып бере­міз, үйін салып береміз» деп отыр. Мұндай мысалдар жетерлік. Өткенде Гүлнұр деген кейіпкер келді. Сегіз баласымен барар жері, басар тауы жоқ, қарызы басынан асып кеткен. Елдің бәрі қудалайды. Күйеуінің құжаты жоқ. Соған бір қайырымды жандар құжаттарын түгендеп беріпті. Жер алып берген, қазір туысқандары үй салып берейін деп жатқан құсайды. Бұдан басқа, қаншама адамға көмегіміз тиіп жатыр. Мен 20 жыл журналист болып жүріп дәл осы «Айтуға оңай...» ток шоуындағыдай елге көмегім тимеген еді. Өмір-бақи жур­налист болып жүріп, адамдарға қол ұшын соза алмаған адамдарды білемін. Ал бір жылдың ішінде төрт-бес жылдың жұмы­сын еңсеріп тастадық. Бір хабар аптасына – төрт рет, кейін­нен бес рет шыға бастады. Сонда қаншама адамның алғысын алды. Бұдан кейін журналистикамен қоштассам да, менің көңілімде қанағаттанарлық сезім тұрары сөзсіз.  Ондағым үлкен деңгейге жеттім дегенім емес. Мен журналистика­дағы ең жоғарғы сыйлық – Президент сыйлығын 35 жасымда-ақ алып қойған­мын. «Мәдениет қайраткері» деген атағым және бар. «Жылдың үздік тележурналисі» деген атағым да бар. Маған атақ керек емес. Ең жақсы атақ мен үшін – елдің ризашылығы. Қазір қазақтың қай ауылына бармайын, сол ауылдың үлкендері баталарын беріп, жандары қалмай күтіп жатады. Демек, біз сол адамдардың көкейінде жүргендерін дөп басып бере алдық деген сөз. Шын мәнінде, «Айтуға оңайда» істеген бір жылыма ризамын.
– Бұл хабарды көбіне Ресейдің «Пусть говорят» бағдарламасы­мен салыстырып жатады. Онда адамдар ойын ашық айтады, тіпті төбелеседі де. Біздің менталитет оған келе бермейтін шығар. Дегенмен «Айтуға оңай...» еркін ойдың алаңына айнала алған сияқты...
– Біздегі қай бағдарламада өте еркін отырып әңгімелесетін еді? Айта алмайсыз. Қазір қайта бізге таңғалады. «Қазақтар да өстіп өз ойын ашық айта алады екен ғой» деп. Біз шектен асып кеткен жоқпыз. Бірақ қандастарымыздың да өз ойын еркін жет­кі­зе алатынын дәлелдедік. Ал бірақ оның өз құпиясы бар. Оның құпиясы – адам­дардың шамына тию. Жастардың шамына тидім. Неге? Өйтпесең, ашылмайды. Өйтпесең, сөйлемейді. Мен адамдардың жанды жерін білемін және соны барынша ұстап алып, кәдімгідей жанына тиіп, сөйлетуге тырысамын. Әйтпесе «сен жақ­сы, мен жақсы, сенің көзің жақсы, сенің сөзің жақсы» деп отырсаң, ел сүйсініп көре­тін дүние тумайды. Бір жыл бойы адамдарды ұстап отырдық, бірде-бір санын жібермей көретіндер бар. Олар сүйсініп көрсе, демек, біз кейіпкерлерді сөйлете алғанымыз, демек, біз елдің көкейіндегісін тауып айтқыза алғанымыз. Ал ол үшін мен эфирге сол қалпымда, шынайы қалпымда шығамын. Былайғы уақытта мен даусымды көтеріп сөйлемей­мін. Ақырын сөйлеймін. Ал эфирге шық­қанда менде маска да жоқ, ештеңе де жоқ. От сияқты өзімді жағып жіберемін, өйтпесең, ел жанбайды. Өйтпесең, ел айтпайды.
– Кейде тым қызбалыққа салынып кетем деп ойламайсыз ба, мәселен, әннің мәтініне қатысты хабарда... «Қара көйлекке» қатты тиістіңіз...
– О, о-о-о-о, кейбір нәрсе болады, түсінетін адамдар болса, өте ақырын айтамын, ал егер түсінбей, одан сайын қызбаланып бара жатса, қайтаруға тура келеді. Басында жайлап айттым. Ақырында әлгі жігіттер екі қолдары екі жақта, өздері­нікін дәлелдеп кетіп бара жатқанда оларға қарсы айтатын уәж басқа адамдардан шықпаған кезде мен амалсыз қарсы шабуылға шықтым. Ал егер өйтпесе, басқа адамдар қайтарып отырмаса... Кейде мүлдем сөйлемейтін хабарларым болады. Жай ғана сөзбен жетелеп отырамын. Адам­дардың өздері айтып шығады. Ал егер кейіпкерлер бой бермей, халықты бұрыс жаққа жетелеп бара жатқан кезде мен соны шырылдап айтуыма тура келеді. Әйтпесе менің өзімді көрсетудің түкке де қажеті жоқ. Байқаған боларсыз, алғашқы хабарымда шашымды тықырлап алдырып, жай ғана жейдемен шыққанмын. Мен өзімді көрсетейін  дегенім жоқ. Өзін кө­рсет­кісі келген адам өйтіп шықпайды. Жаздың күндері жылда шашымды алып тастаймын. Жейдемен ғана шығып кеттім. Боянбай-ақ, сәнденбей-ақ, киінбей-ақ. Мен ешқашан рөл ойнамаймын. Ол маған керек те емес. Студияда өзімді бір дұрыстап, керемет етіп көрсетейін деп шықпаймын. Өмірде қандаймын, тура сондай болып шығамын. Менің мақсатым біреу-ақ – алыс ауылдар­дағы көрермен, ақпарат жете бермейтін көрермен осы хабарлардан қандай да бір маманнан, зиялы қауым өкілдерінен өздеріне қажетті бір ақпаратты ала алса, ненің артық, ненің тыртық екенін білсе, маған сол жетіп жатыр. Болды.
– Психологсіз бе?
– Жоқ. Мен кімнің не айтатынын, қалай айтатынын, оны қалай сөйлету керектігін жақсы білем. Өйткені мұндай кәсібилік ұзақ жылдық тәжірибемен келеді. Кезінде «Хабардағы»  «Жеті күнді» де жүргіздім. «Бетпе-бетті» де, «31» телеарнасындағы информбюроны да, «Рахат» телеарнасында тікелей эфирде жаңалықтар да жүргіздім. Басқа да көптеген тікелей эфирлерге қатыстым. Маған оның ешқандай қиын­дығы жоқ. Ол жерде адамдардың көбісінің не айтатынын білесің. Журналистикаға келген адам біраз жылдан соң өмірлік тәжірибе жинайды да, психологке айна­лып кетеді. Адамның көзіне қарап-ақ айтатын ойын алдын ала біліп отырасың. Ол үшін психолог болудың қажеті шамалы.

Алашқа айтар датым...
Мен 20 жыл журналист болып жүріп, дәл осы «Айтуға оңай...» ток шоуындағыдай елге көмегім тимеген еді. Өмір-бақи журналист болып жүріп, адамдарға қол ұшын соза алмаған адамдарды білем. Ал бір жылдың ішінде төрт-бес жылдың жұмысын еңсеріп тастадық. Бір хабар аптасына – төрт рет, кейіннен бес рет шыға бастады. Сонда қаншама адамның алғы­сын алдық. Бұдан кейін журналистикамен қоштассам да, менің көңілімде қанағаттанарлық сезім тұрары сөзсіз.  Ондағым үлкен деңгейге жеттім дегенім емес. Мен журналистикадағы ең жоғарғы сыйлық – Президент сыйлығын 35 жасымда-ақ алып қойғанмын. «Мәдениет қайраткері» деген атағым және бар. «Жылдың үздік тележурналисі» деген атағым да бар. Маған атақ керек емес. Мен үшін ең жақсы атақ – елдің ризашылығы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста