Ата Заңды сақтау – әрбір Қазақстан азаматының парызы

Ата Заңды сақтау – әрбір Қазақстан азаматының парызы

Сұлтан Сартаев, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымының докторы, профессор:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Биыл – Ата Заңның қабылданға­нына 16 жыл. Күні кеше ғана Конс­титуция күнін атап өттік. Әртүрлі шара­лар, жиын­дар, жалпы, тойлауға қа­тысты үрдістер болды. Қалай өтті деп ойлай­сыз? Байтақ елдің бағына біткен Ата Заң күнін мерекелеген жұртқа көңіліңіз толды ма?
 – Бәріміздің білетініміз: дүниежүзінде 192 мемлекет болса, сол елдердің әрқай­сысының өздеріне лайықты конституция­лары бар. Қазақша айтсақ, Ата Заңдары бар. Біздің қазақ атасын өте құрметтеген. Конс­титуциямыздың Ата Заң аталуы сон­дық­тан болар... Бұл негізгі заң болған­нан кейін, әрбір Қазақстан азаматы оны өте жақ­сы білуі керек, сонымен қатар сол Конс­титуцияда көрсетілген түйіндерден хабар­дар болып, соны іске асыруы қажет. Жалпы, заң дегеніміз – жай ғана қағаз. Қағаз өзі­нен-өзі қимылдамайды. Жазылған заңды қи­мылдататын, оны өмірмен байланыс­тырып, қолданысқа түсіретін – әрбір Қазақ­стан азаматы. Менің байқауымша, осы уақыт аралығында Конституцияны аяғына дейін оқып шықпаған азаматтар кездеседі екен. Мен мұны жай ғана әңгімеден байқап қалдым. Әрбір азамат өз елінің патриоты болса, елін алға қарай қадам бастырамын деп ойласа, ол Ата Заңын жақсы білуі тиіс. Жасымыз да, кәріміз де қолымызға қарын­даш алып отырып, Ата Заңда жазылған қағи­далардың бәрін талдап білсек, сонда ғана конституциялық аумақта өмір сүретін елдердің қатарына қосыламыз. Егер біз конституциялық аумақтан шығып кетсек, онда біздің Ата Заңды сақтамағанымыз. Ата Заң емес, жай заң болған күннің өзінде сақтауға міндеттіміз. Белгілі заңгерлер, заң шығарушы орындардың қабылдаған Ата Заңы халық үшін, ел үшін. Ата Заңды сақтау – әрбір Қазақстан азаматының па­ры­зы.
 – Патша-қаған, хан-сұлтандардың елеулі еңбектеріне, елдің қалыптасу жолында тарихи ерекше әрекеттерге куә болған тұлғалар тарих беттерінен белгілі ғой. Мысал үшін Шыңғысты хан көтергенде киізді ұстаған билер, Тәуке ханның Жеті жарғысына қатысқан абыздар, Қасым ханның қасқа жолы... Есім ханның ескі жолы... т.т. тізе беруге бо­лады. Демек, Тәуелсіз Қазақ мем­лекетіндегі осы 20 жыл ертеңгі күні бүгінгі тарих болып жазылады. Ол тарихта сіздің орныңыз бар. Әрине, бұл баршаның басына бітетін бақыт немесе екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Ата Заңды белгілеу елдің, мемлекеттің тағдырын белгілеумен пара-пар. Осының жауапкершілігін қалай сезін­діңіз, қазір қалай сезінесіз?
– Мен өзімді ХХІ ғасырдың басындағы бақытты азаматтардың бірімін деп санай­мын. Өйткені мен адам баласының тари­хын­да өте сирек кездесетін оқиғалар­дың себепкері және куәсі болып отырмын. Ай­та­лық, тоталитарлық жүйенің кезінде біздің елімізде Қазақстанға байланысты 1937 жылғы, 1978 жылғы конституциялар қа­был­данды. Ал оның арғы жағында 1924 жылы автономиялы конституцияны қабыл­даған едік. Сонымен, бұл үш конституция тоталитарлық жүйенің кезінде қабылданды. Ол жүйе Одақтың құрамына кіретін халық­тардың барлығын өзінің уысында мықтап ұстап отырды. Құрамындағы елге бостан­дық бермеді. Ал халықтың атам заманнан бері аңсағаны азаттық болатын. Қазақ мемлекетінің ХVІІІ ғасырдың басынан бастап, қазан төңкерісіне дейінгі тарихына көз жүгіртсеңіз, қазақ халқы 370-тен астам көтеріліс жасаған екен. Бұл көтерілістердің барлығының түпкі мақсаты бостандық алу еді. Еркін жағдайда өмір сүру болды. Бірақ сол көтерілістердің барлығы діттеген мақ­сатына жете алмай, жеңіліске ұшырап жатты. Өйткені көтерілген халықтың қолын­да найза, садақ, қылыштан басқа қару болған жоқ. Сол кездегі бес қаруы сай патша­лыққа қарсы тұру қиын-тын. Оны жеңу, шындығында, мүмкін емес секілді. Міне, еліміз талай ғасыр бұғауда болды. Жоғарыдағы 1924, 1937, 1978 жылдар­дағы конституциялар тоталитарлық жүйенің шеңберінде жасалғандықтан, бостандық­тың лебі есетін саңылау қалдырған жоқ. Ондай мүддені көздеген мемлекет басқару­шы адамдар да кездеспеді.
Тек 1991 жылы 8 желтоқсан күні «Бело­веж тоғайында» Ресейдің белгілі қайраткері Ельцин, Украинаның белгілі қайраткері Кра­вчук, Белоруссияның белгілі қайраткері Шушкевич үлкен батырлықты өздерінің міндет­теріне алып, тоталитарлық жүйені, СССР-ді тарқатып жіберді. Біздің бостан­дығымыз содан басталады. Осыдан кейінгі сегіз күннен соң, яғни 1991 жылы 16 желтоқсанда мен өзімнің дайындаған «Қазақ­станның Тәуелсіздігі туралы» заңның жоба­сы негізінде Парламентте баяндама жаса­дым. Қазақстанның Тәуелсіздік жолы­на түскенін айттым. Қазақстанның бұдан былай, өзара тиімді болса, қалаған елдердің бәрімен дипломатиялық, консул­дық, эконо­микалық, саяси қатынастар ұйым­дастыруға толық қақысы бар екенін жария еттік. Біз халықаралық аренаға өз еркіміз­бен шықтық. Сол халықаралық аренада ешкімнің бостандығына тиіспей, өз Тәуелсіздігіміздің негізінде алыс-жақын елдермен қарым-қатынастар ұйымдастыра бастадық. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Сөй­тіп, дүниежүзіндегі 192 тәуелсіз мемлекет­тің қатарына қосылдық. Сол 192 елдің Тәуелсіздігін жариялаған 192 азамат болды. Маңдайыма жазылғаны шығар, құдайға шүкір, соның біреуі мен болып шықтым. Тәуелсіздікке байланысты баянда­ма мен оны талқылау 1991 жылы 16 жел­тоқ­санда сағат 18-ден 14 минут өткенде, яғни кешкі сағат 6-дан 14 минут кеткенде біткен еді, сағат 18-ден 44 минут өткенде, яғни 30 минуттан кейін Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігін ең алғашқы мойындаған Түркия мемлекеті болды. Түркияның біз үшін қуанышында шек болған жоқ. Өйткені ол кезде дүниежүзінде түркі тілдестерден Түркия жалғыз тәуелсіз мемлекет еді. Осы кезден бастап дүниежүзінде бірнеше тәуелсіз түркі мемлекеті пайда болды. Ол – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Түрікменстан. Тәуелсіз жолға түс­кен мемлекеттер өздерінің барлық қарым-қатынасын азат негізде ұйымдастыра бастады. Сонымен, Қазақ мемлекеті Бірік­кен Ұлттар Ұйымының қатарына еніп, мүшесі болды. Демек, Қазақ мемлекеті дүние­жүзінде қабылданған БҰҰ-ның «уста­вын» сақтайды, соның көлемінде, яғни халықаралық аренада өзінің диплома­тиялық, экономикалық, саяси, әлеуметтік қызметін атқарады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993-95 жылдары екі конституция қабылдадық. «Екі жыл өтпей жатып не үшін жаңа конс­титу­ция қабылдадық?» деген сұрақтар бол­ды. Біз президенттік басқару формасын дүниежүзіндегі көптеген мемлекеттен кейін жасадық. Ең бірінші АҚШ-та жасалған деп есептейміз. Одан соң бұл форма Латын Амери­касындағы елдерде тарады. Африка­да да осы форма қолданылды. Бірақ біз Президентіміздің өкілеттігін толық көрсете алмаппыз, бұл – бір жағы. Екіншіден, прези­денттік республика, президенттік мемлекет болғаннан кейін заң шығару функциясын, сот қызметін және оны іске асыру, сондай-ақ мемлекетті басқаруды іске асыруды жетілдіре алмаған екенбіз. Сол себепті 1995 жылы қайтадан жаңа конституция қабылдадық. Ондағы мақсат – ел сенім білдіріп отырған Президентіміздің басқару жүйесінде принципті мәселелерді жедел шешуге мүмкіншілік туғызу.
– Сұлтан аға, құдайға шүкір, жыл­дан-жылға жетіліп келеміз. Заманауи жаңалық, даму, өсу бар. Адам мен қоғам, заман алға жылжып барады. Оның үстіне, жаһан заманы дейміз. Осы тұрғыдан келгенде Ата Заңға өзгерістер керек пе?
– Сұрақ орынды. Өмір дегеніміз өте бай. Өмірдің байлығын қабылданған заң­ның шеңберіне сыйдырып, қамту мүмкін емес. Сол өмір көрсетіп отырған өзгерістерге байланысты, жаһанданған заманда, халық санасының сауатына сай, елдің өсуі мен өркендеуі талап етсе, жаңа конституция қабылдауға тиіспіз. Біздің мемлекетіміз жас. Әрине, бұрын да қағанаттар, хан­дықтар болды. Шын мәнінде, дәл бүгінгідей заманауи мемлекет болып қалыптасуымыз­ды көне замандардан көру қиын. Мемлекет болып қалыптасу процесінде Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің бүгінгі үлгісі жаңа және тың. Сондықтан біз Заңымызды жаңа жағдайда, жаңа әлеу­меттік-саяси жүйенің кезінде әрбір мем­лекеттің өзіне лайықты конституциясы­ның болатынындай қағидаға сүйеніп қабыл­дағанымызды тағы айтқым келеді. Бірақ бұл Конституцияны өзгертуге немесе толықтыруға болмайды деп айта алмай­мын. Өмір талап етсе, өзгереді, толықты­рылады.
 – Ата Заңда азаматтық парыз деген бар. Азаматтарымыз азаматтық пары­зын орындауда қандай талап­тарды қажет етеді деп ойлайсыз? Әрине, бес саусақ бірдей емес. Ел болғаннан кейін телі де, тентек те болатыны рас. Мәселен, бүгінгі қоғам­да ықпалды орындарда отыр­ғанымен, өз жеке басы азаматтық құқықты орындай ал­майтын, талапқа сай емес адамдар бар ма?
– Елімізде кездесіп жатқан тәртіп­бұ­зу­шылық, қылмыс жасау, зорлау, ұрлау, өл­тіру – мұның барлығы азаматтық парызға жатпайтын жат әдеттер. Бұлар – саналы азаматтардың санасына сай келмейтін жағымсыз істер. Сондықтан азаматтың ең үлкен парызының бірі – ол өзін елге таза, шыншыл, білгір әрі тапқыр азамат ретінде көрсете білуі. Тек осындай жағдай болған кезде азаматтар өзінің мемлекет алдындағы парыз-міндетін орындай алады. Қорыта айтқанда, Қазақстан азаматтары мемлекет алдындағы міндет-парызын орындаймын деп ойлайтын болса, ең алдымен, білімді болуға тырысқаны абзал.
Бағзыда өткен бабаларымыздың, ата­ларымыздың нақылдарына қарасаңыз, әлі де маңызын жоймай, бүгінгі біздің өмірі­мізге қызмет етуге жарайтын сөздер жет­кілікті. Сондықтан халық даналығына көбірек ден қойып, молырақ зейін салған жөн. Өзіміздің өнегелеріміздің үлгілеріне үңілсек, білімді де білгір азамат болуымызға септігі бар дегім келеді. Адамның білгірлігі ой-өрісінің өсіп-өркендеуіне байланысты.
– «Бізде заң бар, бірақ орындалмай жатады» деген секілді пікірлер жоқ емес. Конституциялық Кеңес және олар­дың жұмысына тоқталсаңыз. Бұл ұйымның ықпалдылығы жайлы не айта­сыз?
– Конституциялық Кеңес – көптеген мемлекетте бар ұйым. Оның негізгі мақсаты – елімізде заңдылықтың болуы, соның іске асуын қадағалау. Қабылданған заңдар орындалып жатыр ма? Орындалмаған жағ­дайда, оның себептерін анықтау осы кеңес­тің негізгі міндетіне кіреді. Демек, Конс­титуциялық Кеңес – бақылаушы, қада­ға­лаушы ұйым. Бірақ заңдарды сақтау оған ғана байланысты емес. Ол әрбір азаматқа байланысты. Қазақ мемлекетінің әрбір азаматы немесе елімізге шеттен келген аза­маттар қай-қайсысы болсын Ата Заңымызда көрсетілген түйіндерді сақтауға міндетті. Кез келген шетелдік қандай істе де Ата Заңымыздың көлемінде ғана, Конс­ти­туцияның шеңберінде ғана әрекет етуі тиіс. Бірақ олар барлық талапты орындайды деп айту қиын. Өйткені, біріншіден, олар – басқа елдің азаматтары. Оларды қадаға­лау керек. Сол кезде біздің Конституция­мыздан тыс немесе қайшы келетін әрекеттер жасай алмайды.
 Мен өмірімнің осы 35 жылында дүние­жүзіндегі 47 мемлекетте симпозиум­дарда, конгрестерде т.т. жиындарда бол­дым. Сондағы менің байқағаным: жаңа қалыпта­сып келе жатқан елдерде өмірдің жаңа талабына байланысты көптеген проблема болады. Сол проблемаларды шешу үшін бөтен мемлекеттермен қарым-қатынастың көп болғаны пайдалы. Неге десеңіз, біз сол мемлекеттердің істерін көреміз, заңды іске айналдыруларын бай­қай­мыз. Демек, үлгі үшін. Бір шетінен үй­ренуіміз керек әрі шама келсе үйретуге де тиіспіз деп санаймын.
– «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын­да орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген құқықтық норма бәрібір қазақ тілінің өркендеуіне қолбайлау болып отыр» дейді бізге хабарласқан тыңдаушыларымыздың бірі.
 – Қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тіл болу үшін, біріншіден, халқымыздың саны кемінде 75-80%-ға жету керек. Олай болмайынша бұл мәселенің іске асуы қиын. Өйткені бізде сот ісі, ісқағаздары, қаржы саласы, жалпы, құқық және әкімшілікте барлық қағаздар қазақ және орыс тілдерін­де жүріп жатыр. Мысалы, біз Конституцияда былай деп жаздық: «Государственным язы­ком является казахский язык...»  Яки «қазақ тілі – мемлекеттік тіл» дедік. Ал орыс­тың тілін «средство межнационального обще­ния», яғни «ұлтаралық қатынастың құралы» дедік. Мұндай тәсіл бұрынғы одақтас республикалардың ешқайсысында жоқ. Ал біздің бұлай қабылдаудағы себе­біміз: қа­зақ­тың саны әдепкіде өзге ұлт­тардың санымен тепе-тең болған еді. Енді-енді ғана қазақ санының пайызы өсе бас­тады. Қазақ деген атқа ие болып жүргендер, өкінішке қарай, бәрі бірдей өз тілінде сөй­лей алмайды. Ол – тоталитарлық жүйенің нәтижесі. Міне, осылардың барлығын қазақ­ша үйретіп, қазақ тілінде сөйлетіп, ана тілінің алда тұруын мәртебе көретін сана қалыптаспайынша, біз қазақтың тілін толыққанды мемлекеттік тіл еттік деп айта алмаймыз. Қазақ санының пайыздық өсуі­не оралмандар үлкен себеп болды. Мәсе­лен, жергілікті қазақтарымыз қазіргі уақытта бір-екі баладан артық тумайды. Ал шеттен келген қандастарымыз қанға біткен қазақтың қасиетіне сай және әркімнің өз нәсібі дегендей, өмірге көп бала әкелетін дәстүр бойынша, сегізден, оннан бала туады. Оларға біз рақмет айтуымыз керек. Мил­лион­дар құлақ түрген радионың мүмкіндігін пайдалана отырып, барша жастарымызға мынаны айтар едім: «Көпбалалы болу дәстүрін жаң­ғырты­ңыздар! Ұрпақ әкеліңіздер! Өсіңіздер! Өніңіздер! Туа беріңіздер! Ұлттың санын көбейтуге атсалысыңыздар!» Қазақ­тың саны ғана емес, санасы да қазақ болып басымдыққа жеткенде ғана мемлекеттік тіліміз өз мәртебесіне иелік етеді.
 – Тәубе, Тәуелсізбіз! Аман-есенбіз. Өзіңіз бір сөзіңізде: «Кезінде Солже­ницын «барлық республиканы жі­беріңдер, тек Қазақстанды босатпаң­дар, онда мол байлық бар» деп айтқан», – деген едіңіз. Құдайға шүкір, қазір ел еркін, егемен. Бірақ «сақтансаң – сақтай­мын» дейді ғой. Мәселен, Ата Заңдағы сөз тіркестеріне байланысты «Абай.кz» сайтынан ұсыныс іспетті мақаланы көзім шалған еді. Онда былай дейді: «Преамбуладағы «Қазақ­стан халқы» деген түсінікте мемлекет құрушы ұлттың мүддесі көмескі тартқан. Біз­діңше, «Қазақстан халқы» деген ұғым­ның орнына «Қазақ ұлты және өзге диаспоралар» деген норманы енгізген жөн». Бұған сіз не дейсіз?
 – Бұл жерде, менің ойымша, оғаш ештеңе жоқ. «Народ Украины–Украина халқы» дейміз. Бұрынғы одақтан тараған республикалардың ішінде көпұлтты емесі жоқ. Бәрі де көпұлтты. Бірақ біз көпұлтты дегенді көбірек айтамыз да, қазақтың тілін шеттетіп қоятын жағдайымыз бар. Жасы­ратыны жоқ, бір кездері қазақ өз жерінде 28% болған-ды. Мысалы, 1993 жылы Ақмолада қазақтар 8-ақ пайыз еді. Қазір 70%. Оның басым көпшілігі – қазақ жастары. Ұлтымызды қай жағынан болсын өсіретін – осы жастар. Егер біз мемлекетіміз­де толыққанды жер иесі екенімізді сезініп, ұлттық мемлекет болсын десек, әрбір қазақ кемінде төрт бала дүниеге келтіру керек. Төрт баладан кем болса, прогрессивті өсім болмайды. Сол себепті «ұлтымыздың болашағы – жастар» деп келешек ұрпаққа, ертеңгі ел тұтқаларына сенім артамыз.
– Сұлтан аға, сіздің Қазақ мемле­кетіне қосқан үлесіңіз қомақты, ең­бегіңізді ел біледі. Дегенмен өскен орта, туған жерге деген перзенттік парызыңызға қандай істеріңізді жатқызасыз?
– Сұрақ қойылғаннан кейін жауап болуға тиіс. Мен елде 850 адам сыятын мешіт салдырдым. Сыртын бұқар кірпі­шімен безендірдік. Ал акустикасы керемет болды. Мешіттің жалпы құны 495 мың долларға түсті. Оның жартысынан астамын өз қаражатымнан шығардым, қалғанына ағайын-туыс, дос-жаран, тілектес адамдар көмектесті. Одан кейін Қиссамедин Сыға­наки – тек қана сунақтардың бабасы емес, бүкіл мұсылманға тән белгілі теолог, фи­лософ, ақын. Сол кісінің ескерткішін жасаттырып, Жаңақорған ауданындағы паркке қойдым. Елімізде Тоқтардың кемпірі – Үміт ана деген болды. Бұл кісі емші. Бала кезімде шешем марқұм мені сол кісіге апарып емдетіп жүруші еді. Қартайған кезімде сол кісі ойыма түсті. Үміт,  ең бірін­ші, алтын алқалы батыр ана. Үміт анамыз тарихта қалсын деген оймен ол кісінің бейнесін жасаттырып, Жаңақор­ғандағы паркке орнаттырдым. Ескерткішке «Үміт ана – арманда кеткен аналардың анасы» деп жаздырдым. Содан кейін Жаңақорған өңірінің тумасы Бексұлтан Байкенжеев деген композитор бар еді. Ол да өмірден ерте кетті. Композитордың ескерткішін жа­сат­тырып, елге қойдым. Сөйтіп, қола мен граниттен жасалған әрқайсысы 6,5 тонналық үш ескерткіш, бір мешіт тұр­ғыздым. Еліме жасағаным – осылар.
– Сұлтан аға, өмірдегі басты ұста­натын қағидаңыз...
 – Шындық! Тек қана шындық! Жаныңыз ашып, қанша жақсы көрсеңіз де, ащы болса да, шындықты айтқан жөн. Шындық арқылы сіз оның көзін ашасыз.
– Шағын өлеңдер жинағыңыз қо­лыма түскені бар, Сұлтан аға. Шығар­машылығыңыздан хабар­дармын. Жалпы, бос уақытыңызда немен айналысасыз?
 – Мен 50-ден асқаннан кейін ептеп рубаилар жазатын болдым. Академик Са­лық Зимановтың 60 жылдығына дайын­далдық. Ең бірінші өлең жазуыма 60 жыл­дық себеп болған секілді. Сол кісінің 60 жылдық өмірін 48 шумақ өлеңмен жазып шықтым. «Осы өлеңмен жазып көрсем қайтеді?» деген ой келді. Сөйтіп, бастап едім, бір жолды бір жол толықтырып, шу­мақ-шумақ болып келе берді.
Салық Зиманұлы күледі: «Сұлтан менің 60 жылдығымның арқасында ақын болды» деп.
Бір күні «Алатау» санаторийіне барсам, жаңа асфальт салған екен. Сол асфальтті жарып, майда шөптер өсіп тұр екен. Неткен күш!? Әлсіз шөптің өмірге ынталылығы қандай? Ойды ой жетелеп, сол арада шумақтар туды:
«Өмір деген – алып күш
Тас бұғауды бұзатын.
Басса да жерді қалың мұз
Жарып оны шығатын.
Өмірге деген ынталық...
Шөпке де әлсіз күш берер.
Күштілігі соншалық –
Жолында жатса, тас тесер...
Кейде шығар емендер
Биіктеп тұрған жартасқа.
«Неге шықты?» демеңдер.
Таппағандай жер басқа.
«Көрсін» деп тұр емендер
Алыптығын өмірдің...
«Білсін» деп тұр емендер
Күштілігін өмірдің...»
 – Осы өлең сұхбатымыздың түйіні болсын, рақмет, Сұлтан аға!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста