БҰҰ-ның күші әлсіреген шақта, ЕҚЫҰ-ның ықпалы күшеюі жаһан үшін ауадай қажет

БҰҰ-ның күші әлсіреген шақта, ЕҚЫҰ-ның ықпалы күшеюі жаһан үшін ауадай қажет

Алдан СМАЙЫЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Алдан Зейноллаұлы, Қазақстан үшін ағымдағы жылдың басты саяси миссиясы ЕҚЫҰ-ға төрағалық болса, мұндай миссияның біраз уақыты еңсерілді. Жыл басынан бергі кезеңге көз жүгірте отырып, мұндай беделді ұйымға Қазақстанның жетекшілігін қалай бағалайсыз?
– Тәуелсіздіктен бергі уақытта қазақ халқы елдіктің де, ерліктің де қандай болатынын сан мәрте көрсетті. Аз ғана мерзім ішінде бірнеше аймақтық салмақты ұйымдарға – Тәуелсіз мемлекеттер дос­тастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына, Еуразия экономикалық қоғам­дастығы мен АӨСШК-ге төрағалық етіп үлгердік. Енді, міне, 56 елді біріктірген ЕҚЫҰ-ны табысты басқарудамыз. Шын­дығында, еліміздің осынау мәртебелі ұйымға жетекшілікке қол жеткізуінің өзі үлкен жетістік еді. Қазақстан – кешегі кеңестік республикалар арасында және Азия елдері қатарында мұндай зор сенімді бірінші болып арқалаған мемлекет. Қазақстанның төрағалығы несімен ерекшеленді дегенге келетін болсақ, бұнда атап атап айтар мәселе баршылық. Бір ғана Қырғызстан жағдайын ретке келтіріп, әлем елдерінің алдында абырой иеленудің өзі неге тұрады. Ал жалпылама айтатын болсақ, соңғы жылдары ЕҚЫҰ қызметіне қатысты көптеген сындар айтылып жүрді. Ұйымның үні әр елдерде өтіп жатқан сайлауларға баға беруде қаттырақ шықса, күрделенген мәселелердегі, оның ішінде аймақтық қақтығыстарды реттеудегі салмағы азайып бара жатқан секілді еді. Халықаралық беделі бар сарапшылардың басым бөлігі осындай пікірді айтып жатты. Оның үстіне әлемнің түкпір-түкпірінде бұрыннан келе жатқан шиеленістерді шешудегі, жаңа қатерлерді болдырмаудың алдын алудағы ұйымның жігері сонша­лықты байқала бермеді. Мәселен, Ирак жағдайын алып қарайық, ұзақ жылдар бойы өңір соғыстан көз ашпады. АҚШ Президенті әскерін әкету жөнінде күн тәртібіне мәселе қойғанымен, бұл өңірде тыныштық лебі әлі сезілмейді. Әлем елдерін алаңдатып отырған тағы бір отты нүкте Ауғанстан болса, тұрақтылықтың шегі бұнда да көрінбеді. Иран мен АҚШ арасындағы, Таяу Шығыстағы текетірес сол деңгейде сақталуда. Мұндай шиеленістерді айтпағанда, жер жаһандағы демо­кратиялық өзгерістерді немесе әр тұстағы халықтың әл-ауқатын, тұрмысын алып қарасаңыз, адамзаттың дамуы да, кері қарай құлдырауы да екі жаққа бірдей өсіп бара жатқанын байқайсыз. Бұның бар­лығы ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздік мәселесіне қатысты атқарғанынан жүзеге асырылуға тиіс мәселесінің көптігін білдіретін секілді. Сондықтан да беделді ұйымның басшы­лығына кім келсе де, ең алдымен, ұйымның беделін қайтаруға жұмыс істеуі шарт еді. Бұл міндетті Қазақстан ойдағыдай орындады.
Ал ЕҚЫҰ беделін қайтару жолында Қазақстан не жасады немесе әлі де не жасай алады? Шындығына келсек, әуелі ЕҚЫҰ төрағалығы бойынша тізгінді жас Қазақстанның алуында да, одан кейінгі еліміздің әлемдік маңызға ие саммитке бас­тамашы болуының да астарында үлкен мән жатыр. Біріншіден, бұл ұйымға төрағалыққа тың серпін беріп отыр. Екіншіден, Қазақстан мәртебелі ұйым тізгінін қолға ұстаған санаулы айлардың ішінде әлемдік деңгейдегі бірнеше маңызды қадамдарға ұйытқы болды. Атап айтайық, БҰҰ Бас ассамблеясы Елбасының идеясымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарар қабылдады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің жұмысы жанданды, Орталық Азияның тұрақты дамуына арналған қадамдар жасалды. ЕҚЫҰ төрағалығына келгеннен бастап, Қазақстан Ауғанстандағы күрделі жағдайды реттеудің тың ұсыныстарын көтеріп, оны жүзеге асыруға өзі де көп жағдайда мұрындық болды. Адамзатты тұтас алаңдатып отырған есірткі қатерінің жолын кесуге әлемді түгел жұмылдыру шаралары да жемісін беруде. Ал іргеміздегі Қыр­ғызстандағы оқиға кезінде ЕҚЫҰ көш­басшысының күш-жігерімен сол елдің ішкі алапат апаты дер кезінде ауыз­дықталды. Осының бәрі әлем мемлекеттерінің республикамызға, оның Президентіне деген сенімін күшейтті. Көптеген сарап­шылардың пікірлеріне сүйенсек, бүгінде ЕҚЫҰ Қазақстанның бұл артықшылығына, әлем алаңдаған өзекті мәселелерге дер шағында назар аударып, олардың шешімін таба білетін ұшқырлығына, ұсыныстарды жүзеге асырудағы іскерлігіне тәнті бола отырып, осы қабілет-мүмкіндігін одан әрі де пайдалануға ынталы. Бұл үшін, әрине, Қазақстан ұйымның құрылымына тереңдеп ене түсуі керек.
– Қазақстан төрағалығы барысын­дағы ең шешімді де кесімді қадамы Қырғызстан мәселесіне қатысты болғаны рас. Шешім қабылдауда ЕҚЫҰ басшылығының рөлі қандай болды деп ойлайсыз?
– Қырғыз еліндегі қайғылы оқиға бұрқ еткенде Елбасы Н.Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен, РФ Президенті Дмитрий Медведевпен ақылдаса келе, бар жауапкершілікті өзіне алып, сол елдегі саяси ахуал мен азаматтық қақтығыс­тардың әрі қарай өршуіне жол бермеу үшін көп мәселені көрегендікпен шешті. Бір елдің басына түскен бұндай қайғылы жағдайға Қазақстан дер кезінде ара­ласпағанда, көрші елдегі шиеленіс одан әрі өрши беруі де мүмкін еді. Көптеген сарапшылар Қырғызстандағы оқиға ушық­қанда ол елді екінші Ауғанстанға теңеп, мемлекеттің құрдымға кететіні туралы болжам жасағаны да соның айғағы. ЕҚЫҰ тізгінін ұстап тұрған Қазақстанның Қыр­ғызстандағы тұрақтылықты сақтаудағы рөлін әлемдік қауымдастық мойындап, жоғары бағалап отыр. ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы мәселенің бәрін дипломатиялық, ара ағайындық жолмен реттеуге күш салды, сөйтіп дүлейлікке бой алдырып, ұрыс салуға дайын тұрған неше түрлі топтармен келіссөздерді сауатты жүргізді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қырғызстанның өтпелі кезеңдегі Президенті Р.Отынбаевамен, басқа да көрші елдің саяси көшбас­шыларымен кездесіп, сайлауалды кезеңде тұрақтылыққа, мемлекеттің бірқалыпты даму жолына түсуіне ықпал етті. Тіпті кейбір саясаткерлер ЕҚЫҰ төра­ғалығында Қазақстан емес, басқа мемлекет болғанда жағдайдың күрделене түсетіндігі туралы болжамдарды да келтіріп жатыр. Ыдырап кетуі қаупі туған Қырғызстан біртіндеп мемлекеттілік қалпына енуде. Парламент сайлауын өткізіп, елдегі бейбіт өмірді қамтамасыз етудің көрінісін де көрсетіп келеді. Бұл да төрағалық үшін басты жетістік.
– Алдағы аз күнде өтетін, алпауыт елдердің басын қосатын Ұлы құрылтай жақындап қалды. Жалпы, осы Астана саммиті туралы не айтасыз?
– Еліміздің бас қаласында өтетін осы мәртебелі жиын туралы сөз қозғамас бұрын, ұйымның тарихына қысқаша шолу жасап шықсақ. ЕҚЫҰ – 1973 жылы шығыс пен батыстың әріптестігі мен диалогын дамыту үшін шақырылған Еуропадағы қауіпсіздік және әріптестік жөніндегі кеңес негізінде құрылған болатын. Кеңсесі Прагада орналасты. Жалпы, сарапшылар ұйымның қызметін айтқанда басқасын ысырып қойып, негізгі екі мәселені баса айтады. Оның біріншісі ретінде 1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісінде мемлекетаралық қатынастардың негізгі қағидаттары бекітілгенін айтуға болады. Құжаттың қамтуында теңдік пен егемендік, шекаралар ынтымақтастығы, күш қол­данбау, дау-дамайларды бейбіт келісімдермен реттеу, басқа мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау, дін мен сенім, ой еркіндігі, адам құқын қорғау, халықаралық міндеттемелерге адалдық секілді қағидалар бар. Кейін де әлемге төнген қауіп-қатердің алдын алу, қарулануға бақылау орнату, экономикалық және экологиялық қауіп­сіздік секілді мұраттармен толықты. Екіншіден, Хельсинки Қорытынды актісінен кейінгі маңызды қадам 1990 жылы Парижде жасалған еді. Сол жылы Франция астанасында ұйымға мүше елдердің басшылары Еуропадағы аумақтық тұтастық ұстанымын құрметтеу жөніндегі Деклара­цияға қол қойды. Сол арқылы қырғи-қа­бақ соғысқа тосқауыл болды. Шындығын айтай­ық, осыдан кейінгі жылдарда сал­мағы тарихи деуге саятын, 56 ел түгелдей құрметтеген ірі саяси құжат дүниеге келе қойған жоқ. Ал заман да, мемлекеттер де 90-ыншы жылдардан бері танымастай өзгерді, ұлттық, адамзаттық құндылықтарға деген көзқарас та қазір мүлдем басқа. Режимдік идеологиялардан арылған ғалам ортақ түсінікпен тұтасуды қалап келеді. Осының бәрі Астана саммитінің әлемдік маңызын арттыра түседі. Жалпы, әлемдегі мәде­ниеттер, өркениеттер алмасуы әлі де жүріп жатыр. Оның үстіне, халықтардың араласуы бұрынғыдан да күшейіп келеді. Ендігі күні адамзат алдында жаңа проблемалар, мемлекеттер алдында жаңа қатерлер пайда болды. Мәселен, әлемдік деңгейде босқындар мәселесі өте өткір тұр. Өйткені бір ел дамуы жағынан қатты ілгері кетсе, екінші бір мемлекет сол бұрынғы деңгейде қалып отыр. Тіпті басқаны қойып, ТМД елдерінің өзінен бұл көрініске мысал таба аламыз. Босқындар­дың мәселесі өзекті бола түсуіне орай, Қазақстан да арнайы заң қабылдауға мәжбүр болды. Бұл – халықаралық ше­ші­мін күтетін үлкен мәселе. Екінші жағ­дай, қазір діни миссионерлік қызмет көбейді. Бірқатар жерлерде қақтығыс­тардың өршуі діни наным-сенімнің үйлеспеуінен туындауда. Бұл да — кезек күттірмей шешімдер қабылдауды қажет ететін мәселе. Осының бәрі жинақ­тала келе Астана саммитінің әлемдік маңызын арттыра түседі. Өйткені біршама жылдар бойы ұйысып қалған адамзаттық проблемаларды реттеуді әлемнің көптеген дамыған елдерінің басын қосып жүзеге асыру, сондай-ақ осыған ортақ үнқатысу үшін Астана саммиті секілді айтулы басқосу әуелден-ақ сұранып тұрған. Қазақстан өз төрағалығында бұны да жөнімен көтеріп отыр. Көптеген ха­лықаралық саясаткерлер Астана саммитінен жаңағы алға тартқан адамзаттық проблемаларды шешу жолдарын көргісі келетін тәрізді.
– Әлемнің назарында болатын айтулы шараның күн тәртібінде қандай мәселелер қамтылады деп ойлайсыз?
– Мен алдағы саммитте жоғарыда сөз болған өзекті мәселелердің бәрі қамтылған Астана хартиясы секілді әлем мойындаған, әлемдік проблемалар жан-жақты қарас­тырылған маңызды құжат қабылданады деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, елорданың дөңгеленген дүниеге жаңа ой ұсынатыны даусыз. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның төрағалық қызметіне кірісуіне байланысты жасаған үндеуінде бұл орайда мынадай пікір білдірген болатын: «ЕҚЫҰ-ның болашағын айқындайтын сауал мынадай: – Ұйым ХХІ ғасыр әлемінің сан алуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде «Венадан шығысқа қарай» кеңістігінен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген ұйым болып қала бере ме?» Мінеки, Астана саммитінде осы өзекті сауалға жауап табылады деп ойлаймыз. Ендеше, күн тәртібі де осыған саяды.
– Яғни Еуропадағы қауіпсіздік Еу­разиялық қауіпсіздікке ойысуы керек дейсіз ғой?
– Солай. Бұндағы еліміздің ұстанымы бесенеден белгілі. Қазақстанның және оның Президентінің әлемге ұсынып жатқан, халыққа түсіндіріп отырған негізгі идеясы – еуразиялық кеңістіктің аймағын бір-бірімен байланыстыру, өзара қоян-қолтық даму. Қазақстан ЕҚЫҰ-ны басқар­ғанда да осы идеядан танған емес, келесі жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалықта да бұл бағыттағы іс-әрекеттер жалғасады деп ойлаймын. Жалпы, Қазақ­стан ұйымды Еуропаның немесе ұйым мүшелігіне енген елдердің ғана емес, Батыс пен басқа да ұлан-ғайыр дүниені шын мәніндегі ынтымақтастық ошағына айналдыруды ұстанып отыр. Қазіргі таңда, БҰҰ-ның әр аймақта бір тұтанатын қақтығыс­тардың алдын алуға күш-жігері жетпей отырған шақта ЕҚЫҰ-ның ықпалы нақ осылай күшеюі жанта­ласқан жаһан үшін ауадай қажет. Бұл біздің ғана байлам-болжамымыз емес, Еуропа да, Азия да Астанаға осындай үміт-тілекпен қарап отыр. Бүгінде ғасырлар бойы әлемге төрелік айтып келген АҚШ-тың әр қиырдағы өңірлік шиеленістерді қарудың күшімен шешуге бағытталған саясаты өзін-өзі ақтамағаны баршаға белгілі. Бұның айқын мысалы – Ауғанстан. Ендеше, осындай жағдайда Орталық Азиядағы дәстүрлі елдер өз ішінде жікке бөлініп, діни және экономикалық терең дағдарысқа ұшырып жатқанда, лаңкестік дараның емес, белгілі бір топтардың да емес, тұтас аймақтық құрылымдардың кәсібіне айналған кезде 56 мемлекет басшыларының ЕҚЫҰ-ға төраға болып отырған елде бас қосуы бес құрлықты түгел елеңдететіні даусыз. Сол ынта-назардың басты себебі – Қазақстан­ның және ел Президентінің халықаралық қауымдастық алдындағы зор беделі. Шындығына келсек, бүгінгі әлем жұмыр жердің әр түкпіріндегі өткір мәселелер қатар қарастырылған, барынша анық әрі дәлелді жаңа идеяларға зәру. Осындай өзекті мәселелерді салмақтай келе, мен Астана саммитінде бұл орайда келелі әңгімелер өрбитініне сенемін. Тіпті елордада ЕҚЫҰ-ның Орталық Азия филиалын құру жөнінде ұсыныс жасалуы әбден мүмкін деген ойдамын. Саммит туралы көз­қарасын толассыз білдіріп жатқан саясат­керлердің ортақ байламын сарап­тасақ та осыны аңғаруға болады. Анығында Еуропа үшін де, мазасыз Азия үшін де аталған құрылым қазіргі күндегі саяси-әлеуметтік маңызы зор қажеттіліктердің бірі. 140 этнос пен 40-тан астам конфессия өкілдерін бір шаңырақтың астында ынтымақтастырып отырған Қазақстанның дін хақындағы ұстанымы таным мен сенім алшақтығына төзімсіз шығыс үшін тиімді болар еді. Исламның көп негіздерінің бірі болып табылатын төзімділік дәстүрі қазақ жерінде орныққан. Біз қабылдаған бірлік пен теңдік доктринасы Орталық Азияның қаруы қолынан түспей жүрген елдері үшін бейбіт өмірге оралудың игі жолына айнала алар еді. Бағзы ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтарды ХХІ ғасырдағы жалпы адамзаттық өркениетпен сәйкестен­дірудің осы заманғы озық үлгісі де бізде. Ал құрлықтар жақындаспай, қоян-қолтық араласпай тұра алмайды. Өзара үндесу мен сіңісу – қазіргі кезеңнің өмірлік талабы. Міне, осы бауырласу миссиясын Орталық Азияда жүзеге асыра алатын жалғыз мемлекет – Қазақстан. Батыс пен Шығыстың өркениетін бірдей сіңірген, оны ұлттық рухы арқылы оңтайлы сіңірген ел де сол. Қазақ жері сондықтан да кірпияз Шығыс пен шартарапқа ашық, заманға бейімделгіш Батыстың арасына тартылған ұлағат көпірі бола алады.
– ЕҚЫҰ саммитінен келетін нәтиже туралы болжауға болады. Ал пайдасына келсек, біздің елге бұл жиын не береді?
– Расында, бүгінгі күні зиялы қауым арасында саммит Қазақстан мен Астанаға, бізден тысқары елдерге не береді деген сауал жүр. Алдымен сырт мемлекеттер жайында айтсақ, оған Елбасы ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа кіріскен кезде жан-жақты жауап берген болатын. Саммит ұйымға мүше мемлекеттердің осы заманғы қауіп-қатер­дің алдын алуға бейімделуіне ықпал етеді. Бұдан бөлек, басқа елдердің осы халық­аралық құрылымға сенімі мен құрметін арттырады. Хельсинки Қорытын­ды актісі мен Париж декларациясын жаңа мазмұнда байытуға мүмкіндік туғызады. Соның нәтижесінде 56 мемлекет алдағы кезеңде ұстанатын әлемдегі қазіргі қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа міндеттері анық­талады. Ол бәлкім жаңа Астана декларациясы түрінде өмірге келуі де ғажап емес.
Ал ЕҚЫҰ саммиті еліміз үшін не әкеледі десек, ең алдымен Қазақстанды әлемге қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде тағы да танытады. Оның халық­ара­лық үйлесімділікке бағытталған өміршең ой-идеяларына жаһан қанығады. Рес­публи­каның батыстағы жетекші мемлекеттермен стратегиялық әріптес болу мүм­кіндігі де арта түседі, Азия мен ТМД-дағы көшбасшылық беделі нығая түседі. Басқа­сын айтпағанда, саммиттің бас қаламызға да берері көп. Осы аса маңызды жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен келген бұқара­лық баспасөз өкілдері саммиттің жұмысы туралы жедел ақпаратты шартарапқа тарата жүріп, Астананы барлық қырынан көр­сететін болады. Аз уақыттың ішінде са­лынған көркем шаһардың көркіне көп­теген елдер көз қанықтырады. Астанамен іскерлік қатынас орнатуға ынталы топтар­дың қатары көбейеді. Туризм, құрылыс және басқа салаларда Астана жаңа әріптестер табады. Осының бәрі, айналып-үйіріліп келгенде, елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізеді.

Саралы сөз:
Қазақстан ұйымды Еуропаның немесе ұйым мүшелігіне енген елдердің ғана емес, Батыс пен басқа да ұлан-ғайыр дүниені шын мәніндегі ынтымақтастық ошағына айналдыруды ұстанып отыр. Қазіргі таңда, БҰҰ-ның әр аймақта бір тұтанатын қақтығыстардың алдын алуға күш-жігері жетпей отырған шақта ЕҚЫҰ-ның ықпалы нақ осылай күшеюі жанталасқан жаһан үшін ауадай қажет.

Алашқа айтар датым...
Алаш елі алда тұрған оқиғаның мән-мазмұнын, оның ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге, одан тыс мемлекеттерге тигізетін игі ықпалын алдын ала терең сезіне де бермеспіз. Бір ақиқаттың басы ашық: бүгінде Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті жаһанға жаққан, әлемді үндестік пен өзара сенімге бастаған тың идеяларымен халықаралық биікке көтерілсе, күні ертең Астана Қазақ елінің төрінен ғаламның төріне айналады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста