Дарынды балалар мәселесі мемлекеттік деңгейде кешенді түрде шешілуі қажет

Дарынды балалар мәселесі мемлекеттік деңгейде кешенді түрде шешілуі қажет

Лора МАҚСҰТҚЫЗЫ, педагогика ғылымының докторы, профессор:

– Елбасымыз «Қазақстан – 2050» стра­тегиясын жариялады. Онда Пре­зи­дент жастарға көп сенім артатынын жеткізді. Әрине, қуатты ел болу үшін жас­тар білімді болуы қажет. Ал жас­тардың білімді, тәрбиелі болуы алтын ұя – мектептен бастау алатыны сөзсіз. Осы ретте мектептерде дарынды ба­ла­лар көп болуы үшін, жалпы оқушы­лардың білімге деген ынтасын арттыру үшін не істеуіміз керек?
– Тәуелсіз еліміздің болашағы бүгінгі мектеп оқушылары десек, Елбасымыз да жыл сайынғы Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөліп, «сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін үнемі айтып келеді. Енді оқушылардың білімге деген ынтасын арттыру үшін не істеу керек деген сауалға келетін болсақ, бұл ретте қытай философының мынадай бір жақсы сөзі есіме түсіп отыр: «Маған жай айтсаң, ұмытамын, көрсетсең, есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыс­тырсаң, үйренемін» деген даналығы білім алушының білімге ықыласын арттыруда ақпараттық-коммуникативтік технология­ларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың ма­ңызды екендігін көрсетеді. Сапалы білім негізі – жан-жақты ақпараттық материал­дарды, көрнекі құралдар мен ұтымды тех­нологияларды, тиімді әдіс-тәсілдерді пай­далана отырып, білім алушыға ешбір кі­тап­тан таба алмайтын білім беру. Өйткені тек оқулықтан білімді жеткізуші мұғалімнің құны жоқ деп ойлаймын. Оқулықтағыны оқу­шы өзі оқып алады. Сондықтан бүгін білім берудің сапалы болуы үшін, бірінші­ден, ұстаздың жан-жақты академиялық бі­лімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз ма­мандығына деген шынайы сүйіспен­ші­лігі және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, ба­лаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиет­тері болуы шарт. Сондай-ақ мұғалім мен оқушы арасында ортақ тіл табысу болуы қажет. Ұрысқақ мұғалімді ешқандай оқу­шы ұнатпайды, сосын оның пәніне деген қы­зығушылығы да төмендейді. Әр бала­ның зейіні мен білім деңгейі әр түрлі. Сон­дықтан мұғалім әр балаға жеке көңіл бөлуі керек. Үй тапсырмасын ойын немесе жа­рыс түрінде сұрап, қызықты етіп өткізгені жөн. Бұдан басқа да әдістерді қолдану үшін ұстаздар әрдайым ізденіс үстінде болуы керек. Егер мұғалім шынайы беріліп жұмыс істесе, дұрыс тәрбие беруге, оқу­шы­лардың білімге деген ынтасын оя­туға ынта-жігерімен талпынса, жақсы нә­тижеге қол жеткізуге болады.
Ал енді дарынды балалардың мәселе­сіне келетін болсақ, қазақта «білекті – бір­ді, білімді мыңды жығады» деген мақал бар. Сол секілді дарынды балалар елі­міздің интеллектуалдық элитасын қалып­тастыратын ұлттық құндылық болып сана­лады. Шығармашыл, ұшқыр ойлы және ең бастысы, өз білімін іске асыратын тұлға да – дарынды балалар. Баланың дарынды бо­лып дүниеге келуі, оның қабілетін анық­тау, талантын жүре дамыта алуы – әлі күнге дейін ғалымдардың ыстық талқылауына ие сұрақтардың бірі. Оның үстіне қазір ХХІ ғасыр – білім мен ғылым, ақпарат пен тех­нологияның ғасыры. Соған төтеп беретін, өз­ге елдерге өзіңді сыйлататын, өз құдіре­тіңді мойындататын рух пен алапат күш-жі­гер қажет. Елбасының қазақстандық білім беру жүйесіне қойып отырған талап-тілегі де – осы сапалы әрі өркениетті білім. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың бастамасымен дарынды ба­ла­ларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету мақсатында «Дарын» республи­калық ғы­лыми-тәжірибелік орталығы құ­рылды. Дарынды балалар үшін арнайы гимназия, лицей, дарын және Назарбаев интеллек­туалдық мектептері ашылды. Осы­лайша, бұрын жалпы білім беру жүйе­сінің мақсаты елді жаппай сауаттандыру болса, қазір ол мақсат өзгеріп, жалпы жүйені дарынды балаларға қызмет етуге бұру идеясы қо­йыл­ған. Ал мектептерде да­рын­ды бала­лар­дың көп болуы үшін мұға­лім­дердің бі­лік­тілігі жоғары болуы қажет. Ғұламалар «адам баласының бойындағы дарынды­лық тек бір ғана пайызды құ­рай­ды, ал қал­ғаны оның тәрбиесі мен өзінің өсіп жетіл­геніне байланысты» дейді. Бұған қара­ған­да, адам бойындағы дарындылық қасиет барлық адамда болса керек. Тек бі­лікті ұс­таз оқушының осы қасиетін тауып, оны әрі қа­рай жетілдіру үшін дұрыс бағыт бере білуі керек. Бұл ретте балабақшадан бас­тап, мек­теп, ЖОО-лардағы ұстаздарға де­йін да­рынды балалардың санын артты­ру, шы­ғармашылық білімін жетілдіру төңі­ре­гінде мақсатты түрде жұмыс жүргізулері керек.
– Сіз өзіңіз дарынды балалардың сапалық және сандық көрсеткішіне тіке­лей ұстаздар қауымы зор ықпал ететінін айтып отырсыз. Жалпы, бізде дарынды балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер жеткілікті ме?
– Жоқ, толық жеткілікті деп айта ал­май­мын. Өйткені бізде дарынды бала­лар тұр­мақ, орта білім мекемелерінде кейбір пән­дер­ден дәріс беретін мұғалім­дер­дің өзі тапшы. Сондықтан орта білім мекемелері да­рынды балаларды анықтап, олардың дамуына, талантын шыңдауға қатысты то­лыққанды жұмыс істей алмайды. Себебі әр сыныпта 30-35 оқушыдан болса, оның әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, қабілет-дарынын анықтап, соған қатысты олардың дамуына қалай жұмыс істемек? Ол өте қиын. Бұрынғы тәжірибеде жасына қарай жақсы оқитын балалар іріктеп алынатын. Қазір бұл жүйе барлық мектеп­те іске асып отыр деп айта алмаймын. Кейде мен өзім де мектептерде дәріс бе­ремін. Сонда әр сыныпта жоқ дегенде бір-екі оқушының білімі жоғары екендігі, да­рыны бар екені бірден білініп тұрады. Егер әр сыныптан осындай біліктілігімен ерек­ше көзге түскен оқушыларды іріктеп алып, жеке-жеке жұмыс істеп, білім берсек, олар­дың интеллектуалдық деңгейін көтеру­ге болады. Бұл ретте дарынды шә­кірт­ті талантты ұстаз тәрбиелеуі тиіс. Егер оқушы дарынды болса, мұғалімге екі есе қабілет­тілік қажет. Дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесіндегі негізгі тұлға – мұғалім. Мұғалім – баланың ата-анасымен бірге оның дарынын алғаш байқаушы, дамыту­шы. Бала білімін тереңдетуге, өз бетімен білімін арттыруға ақыл-кеңесін береді, көмектеседі. Көп жағдайда оқу­шының бо­ла­шақ кәсіптік тағдыры мұға­лімге байла­нысты. Сондықтан әр баланың жеке қабі­ле­тін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Ұстаз болу – жауапты әрі қиын мамандық. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін оның санасына сіңіре білу, оларды шығар­машылық бағытта жан-жақты дамыту – осы күннің басты талабы. Сол себепті әр оқушының жеке қабілеттерін зерттей отырып, олардың білім алуына қолайлы жағдайлар туғызғанда ғана жүйелі нәти­жеге қол жеткізуге болады. Жан-жағында ынталы оқушылардың жинақталуы, мек­тептің негізгі миссиясы мен білім беру ба­ғытында ұстанған мақ­саттары, материал­дық-техникалық базасы, ата-аналардың та­лаптары оқушылардың мотивациясын арттыруға өз үлесін қосады. Осы жүйені дамы­ту жолында жұмыс істеуіміз қажет.
– Неге біздің мектептерде білімсіз­ мұғалім болуына тосқауыл, іріктеу жоқ? Жалпы, еліміздегі мұғалімдер­дің біліктілігін арттыру үшін ашылып отыр­ған үш айлық курстарға көңіліңіз тола ма?
– Дұрыс айтасың. Мұғалім кадрларын дайындау мен іріктеуде өте терең сапалық өзгеріс керек. Онсыз болмайды. Себебі мектеп – бар қоғамның бастауы мен тәр­биешісі. Мектеп жаман болса, қоғам жаман, ал қоғам жаман деген сөз мектеп тозған де­генді білдіреді. Сондықтан мұға­лім кадр­ларын дайындауда өте сақ болға­ны­мыз жөн. Сонымен қатар мектептер, ең бі­рін­ші, дарынды балалармен жұмыс істеп, одан кейін орта білімді оқушыларды соған тартуы керек. Бұл ретте дарынды балалар­мен жұмыс істейтін мұғалімдерді арнайы да­йындауымыз тиіс. Ал мұғалім­дердің біліктілігін арттыратын үш айлық курстарда инновациялық методика өтеді, ұстаздар­дың білімін жетілдіруге тыры­сады. Деген­мен оларда дарынды балалар­ды анықтау, олардың талантын шыңдау төңі­регінде арнайы бағдарлама жоқ. Сон­дықтан мұ­ға­лімдердің біліктілігін көтеру­мен айналы­сатын институттар дарынды балалармен қалай жұмыс істеу керектігі жөнінде ұс­таз­дарға үйретсе екен деймін. Осы ретте зерт­теу жұмыстарын жүргізіп, семинар, мас­тер-класстар өткізсе, жақсы-ақ болар еді.
– Шетелдерде дарынды балаларды үш-төрт жастан қабылдайтын мектеп­тер­дің бар екендігін естіп қалып жата­мыз. Жал­пы, дамыған елдерде дарын­ды ба­ла­лармен жұмыс істеу қалай жү­зеге асады екен?
– Ақылы кемел, зерек балалар – мем­лекеттің ең үлкен байлығы. «Алтын басты» балалардың мемлекеттің дамуына зор үлес қосатынын білетін дамыған елдер вун­деркиндтерге орасан қаражат бөліп отырады. Мәселен, Израильде вундер­кинд балалар жабық мектептерде арнайы бағ­дарлама бойынша оқытылады. Мем­ле­кеттік құпия жататындықтан, ондағы білім беру бағдарламасы туралы ешқан­дай мағ­лұмат алу мүмкін емес. Ұлыбрита­нияда да вундеркинд балалар оқитын жабық мектептер бар. Жапония, Англияда да да­рынды балаларға білім берудің жүйесі қа­лыптасып, оған қыруар қаржы бөлінеді. АҚШ-та да зерек балаларды ын­та­ландыру жүйесі құрылып, дарынды ба­ла­лардың одан әрі өсіп, дамуына барын­ша жағдай­лар жасалған. Тіпті көрші Ре­сейдің өзін­де Мәскеудегі Педагогика және психоло­гия институтында дарынды бала­лармен жұмыс істейтін арнайы зертхана ашылған. Аталмыш институт ЖОО болса да, мектеп жасындағы дарынды балалар­ды қабыл­дап, жан-жақты білім береді. Соның арқа­сын­да онда вундеркиндтерге арналған мек­тептер ашылып, ерекше қабі­летке ие балалардың талантын шың­да­уына ба­рын­ша жағдай жасалған. Ол институттың ди­ректоры Савен­ков Алек­сандр Ильич кезінде ме­нің ғылыми жетек­шім болған. Міне, осы­лайша, аталмыш елдер дарынды балала­рына ерекше қам­қор­лық жасап, оларды оқытудың тиімді жүйесін құрып, вун­дер­кинд балалардың еңбегіне лайықты сый-сыяпат жасап ке­леді. Сон­дықтан да біздің жоғарыда аты аталған елдердің тәжіри­бе­сіне зер салуы­мыз қажет. Қалай десек те, дарынды бала­лар мәселесі кешенді түрде мемлекеттік дең­гейде шешілуі қажет.
– Баланың шығармашылық қабіле­тін дамытуды ерте бастан қолға алу керек пе?
– Әрине, қажет. Мәселен, тіл үйрену үш­ін баланың туылған сәтінен бастап сөйлесе бастаймыз немесе музыканттар отбасында үнемі музыка естіген баланың сол өнер­ге қабілеті ерте ашылып жатады. Осыны баланың басқа қабілеттерін дамы­туға неге пайдаланбасқа?! Мысалы, менің музыка­лық білімім бар. Мен де кезінде музыкалық орталық ашып, осыған бейімі бар бала­лар­ды ерте бастан үйретуді ар­ман­даған болатынмын. Алайда қаржы жағы қол­бай­лау болып, ол ойымды іске асыра ал­май жүрмін. Негізі, мектеп – бола­шақ ға­лым­ның, өнертанушының, әртістің, спорт­шының іргетасын қалайтын жер. Сондық­тан оқушыларды мектеп қабырға­сынан бастап өнердің немесе техниканың, не болмаса гуманитарлық мамандықтар­дың бір саласына өзінің икеміне қарай бейім­де­уіміз қажет. Мәселен, Қытайда қабі­летті балаларды жастайынан интер­нат­тарға алып кетіп, біраз жылдан соң әлемді аузы­на қаратқан спортшы немесе басқа да өнер­ді жетік меңгерген маман етіп шыға­ра­ды. Бізге де осындай тәжірибе керек. «Ба­ла­ны жастан...» деп ата-баба­ларымыз тегін айтпаған.
Жуырда журналистер Қарағандыдағы екі жасар вундеркинд бала туралы ақпарат таратты. Ол ағылшын әліпбиінің 26 әрпін жатқа біліп, компьютерде жаза алады. Тіпті жеті айында-ақ сөйлеп, бір жарым жа­сында кириллицаның күллі әрпін танып, 100-ге дейін санай алған. Міне, осындай замандастарынан озып туған балаларды бізде мектепке қабылдау мәселесі шешіл­меген. Ондай арнайы мектептер жоқ. Білім туралы заңымызда баланы мектепке алты жастан бастап қабылдау керектігі көр­сетілген. Сонда ол өз қатарласта­ры­нан озып туғаны үшін кінәлі ме? Неге мұн­дай балалардың мәселесі бізде тасада қалып қоя береді? Қалай десек те, вундер­кинд­терді екі, төрт жастан бастап оқыту мәсе­лесін осы бастан қолға алғанымыз дұрыс.
– Қазір мұғалімдермен сөйлесе қалсаңыз, «мен мұнша шәкірт тәрбие­ледім, мынадай білімді етіп шығар­дым» деп мақтанып жатады. Менің түсінбейтінім, онда неге елімізде пара­қор­лар, мансапқорлар, елі-жеріне жылуы жоқ тоғышарлар, қатыгездер көбе­йіп барады? Әрине, ешкім балаға парақор бол, надан бол, жаман бол де­мейді. Дегенмен ұстаздар неге жас­тарды осыған қарсы тұратын рухты, има­ни, адамгершілігі мол етіп тәр­биелей алмай отыр? Қай жерден қа­телестік, қай жерден серпіліс қажет?
– Жақсы сұрақ екен. Шынында да, біз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аума­лы-төкпелі заманда рухани дүниемізден айырылып қала жаздадық. Алайда ел бо­лып, еңсемізді тіктеген соң, экономикамыз дамы­ғаннан кейін жастарға ұлттық тәлім-тәрбие беру ісін қайта қолға алдық. Жас­тар­дың арасында арақ ішу, темекі тарту, СПИД, нашақорлық, қыздарымыздың тұрмыс­қа шықпай жатып балалы болуы деген се­кіл­ді жағымсыз қылықтардың көбейіп кетуі осы ұлттық құндылықтары­мыздан ажы­рап қала жаздағанымыздың салдары­нан деп білемін. Бұл ретте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универси­тетінде тәрбие мәселесіне ерек­ше көңіл бөлінген. Аталмыш университетке Серік Жайлауұлы Пірәлиев ректор болып келгелі ең бірінші студенттердің тәрбиесіне ден қойды. Үш-төрт жылдан бері оқу үдерісіне ұлттық тәрбие пәні енгізіліп, тіпті ұлттық тәр­бие кафедрасы ашылды. Мұн­дағы мақ­сат – ата-бабаларымыздың бұрыннан келе жатқан тәрбие тұрғысын­дағы жинақ­талған бай тәжірибесіне сүйе­не отырып, жастарды адал еңбекке, ұлт­жандылыққа, өнер-білімге баулу, салауат­ты өмірге бе­йімдеу, адамгершілік қасиет­терге тәрбие­леу. Мұны ұстаздық тәжіри­беде тиімді қол­дана алсақ, көптеген игі мақсатқа қол жеткізе алатынымыз сөзсіз. Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру арқылы ға­на жоғарыдағы жағымсыз әрекеттерге тос­қауыл қоя аламыз. Қазір ҚазҰПУ-да ұлт­тық тәрбие пәні барлық факультетте, барлық мамандық бойынша оқытылуда. Былайша айтқанда, болашақ мұғалімдер, мейлі, ол физик-математик, химик немесе тарихшы, әдебиетші, мейлі, психолог, эко­но­мист, заңгер маманды­ғында оқы­сын, бәрі бірдей ұлттық тәр­биенің теория­сын, ғылыми негіздерін біліп шығуы тиіс. Өйт­кені ол қандай ма­ман­дық иесі болсын, бәрібір тәрбиеші ғой. Олар ертең мектеп­тегі шәкірттеріне ұлттық тәрбиенің негізде­рін үйретуге міндетті. Ал енді біздің уни­вер­ситетімізде өмірге келіп, дамып жатқан ұлттық тәрбие пәні балабақшаларда, мек­теп­терде, орта арнаулы, жоғары оқу орын­­дарында қолға алынып жатса, нұр үсті­не нұр болар еді.
– Білімділер мен іскерлер неге мек­тептерде жұмыс істегісі келмейді? Ме­нің айтқым келгені, неге мектептерде ғылым кандидаттары немесе доцент, доктор, профессорлар ұстаздық ет­пейді?
– Оның ауылы әлі алыс. Мектептерде доктор-профессорлардың сабақ беруі қа­зірше мүмкін емес. Бірен-сараны бол­маса, көбі мектепке барғысы келмейді. Өйт­кені ЖОО-лардың өзіне ғалымдар жетіспейді. Оның үстіне қазір магистра­ту­рада оқуда, докторлық диссертациялар қорғауда шектеулер қойылған. Қазір бұ­рын­ғыдай емес, жүйе өзгерген. Сондықтан профес­сор­лардың мектептерге барып, дә­ріс беруі екіталай. Бұл ретте біз, ең бірінші, өз ісіне машықтанған мұғалімдерді да­йындап алуымыз керек. Сондай-ақ мек­теп дирек­торлары, мұғалімдер ірі тұлға­ларды, про­фессор, ғалымдарды шақы­рып, оқушы­лармен жиі кездесулер өткізіп тұруы тиіс. Кезінде мектептерде бұл үрдіс бар бола­тын. Ал қазір барлық мектеп оқу­шыларды тұлғалармен кездестіріп тұрады деп айта алмаймын. Егер осы үрдісті қайта қолға алсақ, онда оқушылар да ірі қай­раткер болуды армандап, білім алуға де­ген құштарлығы артар еді.

Алашқа айтар датым
Дарынды балаларды анықтап, дамыту үшін республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы жұмыс істеуде. Олардың өз бағдарламалары, жоспарлары бар. Түрлі олимпиадалар мен ғылыми жарыстар өткізеді. Олар дарынды балаларды тауып, талантын шыңдау төңірегінде әлі де жұмыстарын жүйелей түссе екен деген тілегім бар. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистранттар мен докторларды ғана шетелге жібермей, дарынды мектеп оқушыларын да дамыған елдердің вундеркиндтерді оқытатын оқу орындарына апарып, халықаралық байланысты жетілдіріп, тәжірибе алмассақ, қандай тамаша болар еді. Англия, АҚШ т.б. елдерде дарынды балалардың мәселесі бұрыннан бір жүйеге келтіріліп қойған. Неге солардан жақсы тәжірибелерін алмасқа, үйренбеске?!

Орынды ой
Шыны керек, білім және ғылым саласында қағазбастылық өте көп. Бүкіл балабақшадан бастап, мектеп, колледж, ЖОО-лардағы ұстаздар қауымы өзінің негізгі оқыту, білім беру міндетінен адасып қалғандай. Күн санап емес, сағат санап келіп жататын қағаздар ұстаздан бала оқытуды емес, тездетіп, «1-2 сағатта, әрі кетсе 1-2 күнде» есеп жазуды талап етеді. Күні-түні бітпейтін қағазбастылық мұғалімге шығармашылық ізденуге мүмкіндік бермей отыр. Қазір – ХХІ ғасыр. Қалай десек те, біз қағазбастылықтан арылып, электронды құжат айналымын дамытуымыз тиіс. Ал ұстаздар қағазға емес, сапалы білім беруге ұмтылуы керек. Сондай-ақ телеарналарда қаптаған шоуларды көрсеткеннен гөрі, білікті педагогтарды шақырып, дарынды балалардың мәселесін бірлесіп шешудің амалдарын қарастыратын бағдарламалар ашқанымыз жөн. Дарынды балалардың мәселесін мемлекеттік деңгейде кешенді түрде бірігіп шешетін болсақ, келешекте ел тұтқасын ұстар азаматтарымыздың интеллек­туалдық ой-өрісі дамып, Қазақ елі 2050 жылы ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан ойып тұрып орын алар еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста