Дүниені ақ-қара, немесе сұлу-көріксіз деп бөлмейтін бір адам болса, ол – Ана
Сара ШАЯХМЕТҚЫЗЫ, «Ару-Ана» продюсерлік орталығының жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері:
– Әлеуметтану әліппесінен-ақ біз тұлға боп ешкімнің туылмайтынын, қалыптасатынын білген едік. Мейлі ер, мейлі әйел болсын, өзін-өзі қаншалықты дәрежеде жетілдіреді – соған сай қоғам да оны мойындайтыны анық. Сара апай, осы тұрғыдан алғанда, сіз де тұлғасыз, көптеген қыз-келіншек, әйелдерге бағыт-бағдар беріп, жұмыс істеуге, қоғамда өзін танытуына, қалыптастыруына мүмкіндік ашудасыз. Айтыңызшы, бүгінде әйелдің қоғамдағы белсенді қызметіне қуануымыз керек пе?
– Ақын Жүрсін Ерман ағамыздың «Әлемнің мәні – әйелде» деген бір тамаша сөзі бар. Бұлай дегенде мен әйелдің орны қашанда ер-азаматтан төмендей тұратынын айтқан Жаратылыс заңына қайшы шыққалы тұрғаным жоқ. Бірақ қазақ қызына қырық үйден тыйым салса-дағы, екінші жағынан оны шектей бермей, егер ақыл-ойы асып тұрса, төрелік айтуға, яғни қоғам ісіне араласуына да мүмкіндік берген. Тым арыға бармай-ақ, бергі өзіміздің ХХІ ғасырдағы қоғамға келсек, кейде «әйел өзінің негізгі рөлін ұмытып, қоғамға белсене араласып кетті» деген өкпені жиі естиміз. Әр заманның заңы, сонымен қатар талабы мен талғамы да бар, дегенмен, қандай заманда да әйелдің ең басты міндеті сол күйінде қалады, ол – өмірге ұрпақ әкелу, оларды өз ұлтына қызмет ететін азамат қылып тәрбиелеу, күйеуі мен балаларына әйелдік, аналық жылуын төгу. Тұлға деген сөз әрине, әйелге де лайық, мәселен, сонау ертеректегі Жиренше сынды шешенге жар болған ақылды да дана Қарашаш, одан бергі Бәйдібектей батырдың жары Домалақ ана, Ұлпан секілді би аналарымыздың қоғамда өз орны бар, ер-азаматқа бергісіз мықты тұлғалар болғаны анық. Ал енді бүгінге келсек, Елбасымыздың өзі әйел затына айрықша мәртебе беріп, олардың да қызмет бабында құқықтық жағынан шектеу көрмей, керісінше барынша демеу жасау керектігін өз баяндамаларына арқау етіп келеді. Еліміздің кей өңірлерінде әлі күнге әйелге тек отбасы, ошақ қасынан ұзамайтын төмен етекті деп қарайтын көзқарас бар, сонда егер ол әйелдің бойындағы қарым-қабілеті жетіп тұрса, басы толған қоғамға қажет идеялар болса, онда оны әйел деп етектен тарту – қиянат әрі білімсіздік емес пе?
– Өзіңіз жан-жағыңызға көз салып қарағанда, қандай қатарлас немесе өзіңізден жасы үлкендеу әйел-аналардан үлгі аласыз, кімді өзгелерге үлгі ретінде ұсынасыз?
– Мысалы, Зағипа Бәлиева ханымды алайық, қандай қайраткер тұлға, сондай-ақ отбасылық жағынан да ешкімнен кенде емес. Ол кісінің қоғамда өзін-өзі ұстауы мен өмірде өсу сатысына қарап отырып, бұрын мен «осы кісінің отбасы бар ма, оған қалай үлгереді екен, қандай ана, қандай әйел екен?» деп ойлайтынмын. Бірақ кейін теледидардан берілген бағдарламалардың бірінен Зағипа апайымыздың отбасын көрдім. Бір нәрсеге таңғалдым, шыны керек, қоғамда қандай қатал көрінсе, отбасында керісінше жұп-жұмсақ, нәзік әйел, жүрегі мен көзінен нұр шашып тұрған абзал ана, тіпті немерелерін әлдилеп отырған әже де екен. Соны көріп, өзіме ол кісіні үлгі ете бастадым. Өзгелерге де қазақтың бірден-бір әйелі болсаң, сондай бол деп үлгі етер едім. Білгенге өмір – таразы: әйел өмірінің бір басында ана болу, екінші басында өз бойына біткен қабілетін шектемей, қоғамға пайдасы тиер бір іске, халқына, ұлтына жұмсау, адал қызмет ету парызы тұр. Екіншіден, ұстаздарды үлгі етуге тұрады. Айталық, Аягүл Төреқызы мектепте ұстаз бола жүріп, қаншама шәкірттің жүрегіне нұр құйды. Ол кісінің аузынан шыққан әр сөзі қандай?! Шәкіртіне тек ұстаз ғана болып қоймай, ана да болып тәрбие беруі бүгінгі қыз-келіншек атаулыға үлгі боларлықтай. Сондай-ақ «Келешек» мектебін басқарып отырған Гүлшарбан Сабырқызы дейтін керемет жан бар. Жалпы, қоғамда ұстаз атаулының еңбегі зор, өйткені өмірге енді ғана келген балдырғанға «а» деген әріпті үйретіп, қолына қалам ұстату оңай шаруа емес. Өзімнің Фарида Қайсарқызы атты апайым болды, сол кісі кішкентай күнімізден бізді күнделік жазуға үйретті. Жақында ғана өзім «Өмірім – сырлы сандығым» деген шағын кітабымды шығардым, сол кітабымды осы бала күннен күнделік жазғанның нәтижесі, жемісі дер едім. Ал қазір үйдегі балаларым, немерелеріме қараймын, күнделік жазбайды ешқайсысы. Күнделік жазу деген – адамның өз өмірі, тарихы, ішкі жан дүниесінде бөтенге ақтарып сала алмайтын, ешкімге айта алмайтын сырларыңды бөлісетін қасиетті де құпия мекен. Күнделік – тәрбие құралы, неге десеңіз, адам өзінің кешегі жазғанын бүгін оқып, «мына тұста мен дұрыс жасамаған екенмін, қателігім сол бопты» немесе «осыным дұрыс екен ғой» деп бағыт-бағдар алады. Мен өзімді-өзім солай тәрбиелейтін адаммын.
– Қыз-келіншектердің бойынан үлгі тұтарлық мінезден бөлек қарныңыз ашатын да қылықтар байқаған кезіңіз болды ма? Қазақылығымыз азайып кеткен жоқ па?
– Жалпы, қазақылық дегенге келсек, өз басымнан өткен бір нәрсені айтқым келеді. Алғаш Тәуелсіздігімізді алған тұста бұрынғы қоғам меншігіндегі дүниелердің көбі жеке азаматтардың қолына көшті ғой. Ел-жұрт әлі орысшадан қазақылыққа бет бұра алмай, тілімізді әлі түзей алмай жатқан тұста, осы тойханалар ашылып жатты. Сол кезде солардың көбі шатып-бұтып мейрамхана, тойхана, дүкен, кафе барлығына жапа-тармағай ағылшыншалап ат қою дәурені басталды. Мен де сол кезде тойхана ашып, «Ару Ана» деп ат бергенімде, «ой, қазақша атпен адам келтіре алмайсың» деп күлгендер болды. Ал мен ондайлардың біріне де құлақ аспай, мейрамхананы «Ару Ана» деп атадым, себебі көз алдыма өзімнің анам, барша адамзаттың ең қастер тұтар тұлғасы ана келді. Дүниеде ақ-қара, сары не болмаса сұлу-көріксіз деп бөлуге болмайтын бір адам болса, ол – Ана. Әлгіндей ағылшыншалап ат қою дәурені жүріп жатқанда сол сәнге ермей, өз қалауымша ат қойғаным, міне, он жыл мерзімінде өз атын ақтап, өз нәтижесін берді. Атымызды мың жерден бұрап, орыс не ағылшыншалап айтсақ та, біз бәрібір қазақ деген тегімізден безіп ешқайда кете алмаймыз, безгенде де абырой таппаймыз, өйткені біз өз тегімізді сақтағанда ғана өзгеге сыйлымыз. Ал енді қыздардың қазақылығы жайлы сөз еткенде, рас, қарным ашатын жайттар аз емес. Арыға ұзамай-ақ күнделікті өмірде өзім шаруа жайымен жиі баратын Салық комитеті, Халыққа қызмет көрсету орталығында, болмаса телеарналарда жұмыс істейтін қыздардың көбі дерлік өзі қазақ бола тұра, менің қазақ екенімді көре тұра, алдымен орысша сөйлейтінін байқадым, бір емес бірнеше рет. Мен ондайда әдейі орысша білмеген болам, себебі Елбасымыздың өзі «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді емес пе? Ендеше, біз неге өзара өзге тілде сөйлейміз? Орыс тілі біз үшін ағылшын, қытай секілді шет тілі саналады, біз басқа емес, өзара шет тілінде сөйлесуге қалай ұялмаймыз?
– «Ішкі жан дүниесі сәнмен киінетін адамдар болады» деген бір ұлағатты сөз оқығаным бар еді, керісінше, қазір қыздар арасында сырт кейпінен өз қазақылығына қарама-қайшы екенін аңғартатындары көбейіп бара жатқандай. Бұл өзіміз әпке-сіңлі, құрбыларымды жек көргеннен емес, солар түзелсе деген ойдан туған кейістік еді. Осыған не дейсіз, апай?
– Осы орайда қыздарымыздың киім киісіне де қатысты біраз жайттарды айта кеткім келеді. Қазір өрімдей жас қыздарымыз ашық киінуден ұялмайтын болып барады, соларға айтарым, мейлі баяғыша бүрмелі көйлек киіп, сәукеле тағып жүрмей-ақ қойсын, алайда жабықтау киініп, қазіргі заманауи киімінің бір шетіне қазақша ою-өрнек салып алуына болады ғой. Танымал телепродюсер, ардақты тұлға Серік Аббас-шахтың «біз неге өзіміздің ұлттық киімімізді тек Наурыз кезінде ғана киеміз де, қалған уақытта ұмыт қалдырамыз, неге біз жыл он екі ай кимейміз?» деген сөзіне риза болып, әр қазақ солай ойласа ғой, шіркін деймін. Жақында осы қаламыздағы Жанат Үмбетова басқаратын мектепке барғанымда ұстаздардың киім үлгісіне таңдай қағып, сүйсіндім. Ол кәдімгі ұстаздардың киетін ресми костюмі, соның өзін олар ұлттық нақышпен өрнектеген. Бұл жай киіну емес, осының өзі көп нәрседен хабар береді, яғни сырты ұлттық нақыштағы жанның ішкі жан дүниесі – қазақы деген сөз. Кейде алдыма жарасымсыз киініп, әлем-жәлем боянған өрімдей жас қыздар келеді. Мен соларға «қарағым, сен өз бойыңдағы қазақы сұлулықты қалай көмескілеп тастағансың, біле білсең, оны саған анаң сыйлаған, ендеше сен де соны сақтау арқылы анаңа құрмет көрсетпеймісің одан да» деймін. Міне, сол қыздарыма осы жоғарыда аты аталған апайларын үлгі етер едім.
– Қыз-келіншектер мәселесін көтере отырып, бүгінгі қоғамда қыздардың тұрмысқа шығу жасының кешеуілдеп бара жатқанын айтпай кетсек болмас еді. Ана ретінде бұл сіздің жаныңызға батпауы мүмкін емес. Ендеше, осы жағдайдың шешімін қалай тапсақ болады дер едіңіз? Арнайы бағдарлама құру керек пе мемлекет тарапынан, болмаса қандай да бір заң қабылдау керек пе немесе қоғамда отбасын құру жайлы үгіт-насихатты молайту керек пе?
– Қазақ бекерге әйелді қырық шырақты демейді ғой, расында, біз нәзік жаратылысымызға қарамастан, барынша қайсар, қайратты жандармыз. Кейде оны ер-азаматтардың өздері де мойындап, «ей, сендер, қырық жандысыңдар ғой, бойларыңда қырық жігіттің күші бар» дейді. Сол қырық шырақтылығымыздың арқасында ғой сондай бір қиындықтарға, тіпті жалғыздыққа да шыдаймыз. Қаншама баланы бір өзі өсіріп, жетілдіретін де әйелдеріміз бар. Ал енді жалғыздық – жесірліктен де қасіретті нәрсе. Дәл осы сенің сауалыңды маған Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арнап қойған «Пай-пай, қыздар-ай» жобасынан кейін дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова қойған еді. Әрине, отбасын құрмай жүрген әп-әдемі, табысты қыздарға қарап, жүрегім ауырады. Мүмкін, бір жағы бұл ер-азамат деп жүрген адамдарымыздың ұсақталып бара жатқанының дәлелі емес пе деп қорқамын. Көп қыздардың бүгінде жігіттерден көңілі қалғандай, біреуді айтсаң «қойыңызшы апай, соны да ер-азамат дейсіз-ау» деп кейістік танытады. Ол неге олай дейді? Бір отбасын асырауға шамасы келмейтін жігерсіз жігітті көріп «мен оны асырағанша, өзімді өзім асырамаймын ба?» дейтін секілді сол сіңлілерім, қыздарымның көбі. Бұл қазіргі қоғамның өзгергендігінің белгісі, әрі-беріден соң, бұл трагедия ғой?!. Ендеше, осыған біздің жоғарғы жақта отырған зиялы азаматтарымыз неге көз жұма қарайды екен? Телеарналардан ұлттық тәлім-тәрбие насихаттайтын бағдарламалар жасалып, арнайы клубтар құрылса. Сонда тек отбасын құрмай жүргендер ғана емес, тура жолдан адасқан қыздарымызды да қайта үйірге қосуға көңіл бөлсек, жараспай ма?
Жастардың өздерінен де бар, жұмыссыз жүреді де, содан Абай атамыз айтқандай, «қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» дегендей, расында, солай. Жұмыс жоқ дейтін қыз-жігіттерге таңғаламын, бар ғой жұмыс, міндетті түрде қаладан табылмаса да, ауылға барсын. Айталық, инженер немесе ауыл шаруашылығы мамандығын тамамдаған бала ЖенПИ, не болмаса педагогтік білім алған қызға үйленсін де екеуі ауылға барсын, сола жақта жас маман ретінде жұмысқа тұрса, елге қандай пайдалы іс тындырар еді, қалада қаңғып, жаман жолға түскенше. Менің өзім осы ретте Ардагерлер клубын ашу туралы ұсыныспен қаламыздың әкімі А. Есімовтің алдына бардым. Ол клубты құрғандағы мақсат ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз адасып жүрген қыздарымыз бен жол таппай жүрген жігіттерімізге ақыл-кеңестерін айтар еді, әйтпесе көп жеткіншектеріміз барар жер, басар тауы қалмағандай лас ортаға кіріп кетеді ғой. Бұл жоспарым әзірге ешкімнен қолдау көрген жоқ. Кейбіреулер маған оны «бизнестің табыс көзіне айналдырмақсыз ба?» дейді. Бұл сұрақтың өзі күлкілі емес пе, өзі жалғыз зейнетақыға қарап отырған ата-әжелерімізден қандай ақша алып, оны қалай табыс көзіне айналдыруым мүмкін? Қазір қалада көпқабатты үйлердің терезесінен тысқа телміре қарап қана отыратын қаншама қарттарымыз бар. Бір жерге шығайын десе, қалтасында артық тиын-тебені де жоқ, солайша олар жіпсіз байлаулы. Неге біздің кәсіпкерлеріміз бір уақыт жан-жағына қарап, сондай қарттардың басын қосып, шетел демей-ақ қоялық, еліміздің көз тоймас жерлеріне жылына бір рет апарып қайтпайды? Өздері шетелге жылына неше рет қыдыра бергенше... Өсіп келе жатқан жастар неге ата-әжелеріне қарапайым құрмет көрсетуден қалып бара жатыр, тіпті автобуста орын да бермейді. Қазақ «атаңа не көрсетсең, алдыңнан сол шығады» деп бекер айтпаған ғой. Өз болашағыңды, қарттығыңды қалай көргің келсе, бүгінгі қарттарға сондай құрмет көрсет. Көрсете алмадың ба, онда өзіңнен кейінгі буыннан жақсылық күтпе, өйткені сен оған лайық емессің.
– Жалпы, қазақтың қызын болашақ бір отбасының тұтқасы, асыл жар, аяулы ана, инабатты келін болуға тәрбиелейтін институт құрсақ қалай болар еді? Онда тәрбие жұмыстарымен қатар, тағам әзірлеу, шай құю, жүріс тұрыс, салт-дәстүрге дейін үйретсе...
– Егер қателеспесем, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалыққызы келешекте осындай бір жоғары оқу орнын ашу турасында бір баяндамасында айтып қалып еді. Осы ойлар жүзеге асып жатса, құба-құп болар еді. Біздің бүгінгі жас буынның ұсақталып бара жатқандығы осындай оқу орнының жоқтығынан ғана емес, жалпы қай оқу орнында болсын ұстаздар тарапынан осындай бір қазақы тәрбиенің дұрыс берілмей отырғандығынан. Жеке кәсіпкер ретінде ашқым-ақ келеді, бірақ оған қолым қысқалау болып, қоғамнан қолдау таппай отырғаным. Әзірге қолымнан келгені «Әжелер кеңесі» деп аталатын шағын клубым бар. Негізі, сіз айтып отырғандай келіндер институты ма, қыз-келіншектер институты ма, қоғамға ауадай қажет дүние. Айтылып та жүр бұл жайлы, бірақ жүзеге аспай отыр.
– Әйел-аналарымыздың халықаралық мейрамы қарсаңында осындай бір өрелі әңгіме құрдық, өзіңізді осынау мерекеңізбен құттықтай отырып, алда әлі талай әйел-ана, қыз-келіншектерге демеу боларлық істер атқара беруіңіз үшін амандық тілейміз.
Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар Датым...
– Қазір біздің қоғамда сондай бір жағымсыз үрдіс етек алып бара жатыр: бойжеткен қыздарымыздың өзі ұятты жиып қойып, қалталы азаматтарды аңдитын болып алды. Қыз бала үшін абыройлы іс емес, алайда оларды соған мәжбүрлеп отырған түрлі жағдайлар бар болып тұр ғой. Қазақта ондай нәрсе болмады дей алмаймыз, бұрын бабаларымыз үш-төртеуге дейін әйел алған. Бірақ олар әр әйелін бөлек отау қылып ұстаған ғой. Мен бүгін де егер сондай азаматтарымыз алған екінші әйелін де жылатпай, одан туған балаға да қамқор болып, сондай-ақ бәйбішелер де кеңдік пен кемелділік танытып, сол кіші әйелдерге көп нәрсені үйретіп, тәрбиелей алса, онда бізде керемет қоғам орнап, демографиялық ахуалымыз әлдеқайда түзелер еді деймін. Ал қазір ше, ешбір тарап ақылдылық таныта алмай отырғанның кесірінен отағасы жас иістің соңынан кетіп, алғашқы жары мен балаларынан кері бұрылып, онымен қоймай сол бәлен жыл отасқан әйелін жамандап шыға келеді, осыған қарным ашады менің. Ал енді соны жылатып жүрген ер-азаматтарға айтар едім, қыздың көз жасына қалудан қорық, бұл – бір, екіншіден, қалтаңда ақшаң артылып жатыр ма, қыз-қырқын аңдымай, артта қалған ауылыңа мойын бұршы. Онда бір кездері өзің әріп танып, үлкен өмірге қанаттанған мектебің, ұстаздарың, болмаса ауылыңда отбасылық жағдайы нашар үйлер, жетім балалар мен жесір әйелдер тұрып жатыр, бір уақыт соларға қарайласшы дер едім. Казиноға немесе картаға ақша шашқанша, бауыр етіміз балаларға арнап ойын алаңын, жастарға спорт алаңын салдыршы. «Ұлың өссе – ұлағатың, қызың өссе – жұртың, немерең өссе, ол – сенің елің» дейді. Қандай да бір мемлекеттің негізін құрайтын отбасылар ғой, сондықтан да әлгіндей азаматтарымызға нәпсіқұмарлыққа салынбай, бойжеткендеріміздің тағдырын ойыншыққа айналдырмай, одан да уақытың мен күш-жігерің, қаржыңды қайырлы іске жұмса дер едім.
Оқшау ой
– Өнердегі менің ең бірінші ұстанымым – үлкенге құрмет, кішіге ізет. Үлкенге құрмет дейтінім, қазіргі ата-әжелеріміз кезінде қоғамға қызмет еткен адамдар болды. Қазір зейнеткерлікте, үйде немере бағып отырғанымен сол кісілер өздерінің бір кездердегі жастық шағын сағынуы мүмкін ғой, олай болса, біз неге ол кісілерді ұмыт қалдыруға тиіспіз? Айына, ең құрығанда жылына екі рет сол кісілерге арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырып тұруды өзіме парыз санаймын. Ал енді кішіге ізет дегенге келсек, қазақта он үште отау иесі демей ме, сол он үштен он жетіге дейінгі аралықтағы қыздардың тәрбиесіне көңіл бөліп, дұрыс жол сілтеу, имандылыққа шақыру секілді істер. Жастарға «сенің міндетің омырауың мен саныңды ашып жүру емес, сенің міндетің – ана болу, жар болу» деген бағдарда жұмыстар атқарамыз. Мұны айғайлап айтып, жарияға жар салмасам да, өзімнің азаматтық борышым деп білемін.