Елбасы ғылыми атақ беруді тегіннен-тегін сынға алып жүрген жоқ

Елбасы ғылыми атақ беруді тегіннен-тегін сынға алып жүрген жоқ

Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, Орталық Азия университетінің ғылыми істері жөніндегі проректоры, техника ғылымының докторы, профессор:

– Бүгінгі сұхбатымыз Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әрі Қазақ­стан­ның ғылым мен жаңа техноло­гиялар күніне орай өткізіліп отырған­дық­тан, әңгімеміздің әлқиссасын білім-ғылым және индустриялық-инновациялық жобалар төңірегіндегі өзекті мәселелерден бастасақ. Жалпы, еліміздің білім мен ғылымы, индус­триялы инновация саласы қаншалықты дамып отыр? «Әттеген-ай» дейтін тұстары бар ма?
– Неге болмасын?  Кез келген саланың өзінің жетістігі мен кемшіліктері болады. Әрине, жеткен жетістігімізді ешкім тартып ала алмайды, бірақ онымен масаттанып, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Өкіндіретін тұстарын да айтып, одан шығудың жолын бірлесіп қарастырғанымыз жөн. Өкінішке қарай, біздің экономиканың дамуы мен мамандарды даярлау деңгейі өте төмен қар­қын­да келе жатыр. Жоғарғы оқу орындары­ның материалдық-техникалық базасы, дәріс беру ісі көп артта қалып қойды. ЖОО-лардың ешқайсысының да бүгінгі технологиялық жабдықталуы талапқа сәйкес келмейді. Кеңес өкіметі кезінде бүкіл әлемге танылған Қ.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың да материалдық-техникалық базасы, соның ішінде ғалымдар қолданатын қондырғы-аппараттардың барлығы ескі. Бүгінгі заман талабына сай емес. Мәселен, зертханаға қажетті бір микроскоптың өзі 150-200 мың доллар тұрады. Енді мемлекеттік ЖОО-лардың өзі осындай дәрежеде тұрғанда, жекеменшік жоғарғы оқу орындары туралы не айтуға болады? Ғылыми жұмыстар жасау үшін, ең бірінші, заман талабына сай, заманауи технологиямен жабдықталған зертхана керек. Оның құны 1,5-2 миллион доллар тұрады. Кеңес кезінен қалған қондырғылармен жұмыс істеу өте қиын. Оны студенттерге үйреткеніміз­бен, қазір өндіріс орындары жаңа технология­мен жұмыс жасайды. Ал ескі қондырғыны пайдаланған жас маман жаңа технологиялар­мен қалай жұмыс жасамақ? Бір сөзбен айт­қанда, қазіргі университеттердің жағдайымен Елбасының қойып отырған талабына сәйкес ғылыми жұмыс жасау мүмкін емес. Шетелдік тәжірибені қарап отырсақ, онда ғылыми жоба­лар университеттердің жанында жаса­лынады. Өйткені түрлі зертханалардың барлығы сонда шоғырланған. Ғалымдар өз ісімен айналысып әрі мамандар дайындайды. Ал біздегі техникалық университеттерді қарап отырсаңыз, онда дәріс беретіндердің 70-80 пайызы – нәзікжандылар. Біз қайта құру кезінде экономикалық қиындықтар көріп, ғалымдарға жағдай жасай алмай, көбінен айырылып қалдық. Қазір менің жасым 58-де. Ғылыми салада жүргендердің көбі – менің қатарластарым. Бізден кейін 10-15 жылға айыр­машылық бар. Айта кетейін, біздің ға­лым­дар шетелдіктерден төмен жұмыс жасай­ды деп айта алмаймын. Мен Еуропа, АҚШ-тың ғалымдарын білемін. Олардың бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Бар айырма­шылық, оларда ғылымға жақсы көңіл бөлін­ген, ал бізде олай болмай тұр. Осыны ескерген Елбасымыз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаевқа тапсырма беріп, жаңылмасам, келесі жылдан бастап, отандық ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО-лардың ғылыми әлеуетін көтеру үшін 42 миллиард теңге бөлмекші. Одан кейінгі жылдары тағы да ғылымға 72 мил­лиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Ертеңгі күні жоғарыдан бөлінген осы қаржы нақты ғылым жасайтын ғалымдарға тие ме? Менің­ше, бұл үшін электронды тендерді іске қосу керек секілді. Мысалы, нақты методикасы бар, теориясы жасалынған, потенттік талдауы көрсетілген, болашағы зор, ең бастысы, біздің экономикаға қажеттілігі бар ғылыми жобаны электронды сайтқа енгізіп, тек пороль арқылы кіретін қылып, ұлттық компанияларға ұсыну­дың жолдарын қарастыруымыз керек. Сондай-ақ барлық ЖОО-лар, әсіресе Назарбаев университетінің техника саласы бойынша ғалымдары – бәрі жиналып, ақпарат алмасуы қажет. Өйткені Назарбаев университетіне қаржы жақсы бөлінеді, зертханалары да заманауи үлгіде жабдықталған. Біздің жас ғалымдардың сонда барып жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызуымыз тиіс.
– Сіз бір сөзіңізде: «Мемлекеттік ЖОО-лардың материалдық-техника­лық базасы ескі, қондырғылардың барлығы Кеңес өкіметінен қалған» деп айтып қалдыңыз. Жалпы, ЖОО-ларды зерттеу институтына айналдыру үшін не істеуіміз керек?
– ЖОО-лардың болашағы осы зерттеу институттарына байланысты. Қазіргі ЖОО-лар тек студенттердің оқу ақысымен ғана күн көріп отыр. Ол дұрыс емес. Ол үшін олар үш жерден қаржыландырылуы тиіс. Бірінші, оқу ақысы, екінші, мемлекеттік қолдау, үшінші, универси­тет ішінде жасалынған ғылыми жобаларды коммерциялау, яғни сату. Осы үш тетік жақсы жұмыс істесе, ЖОО-лардың зерттеу институт­тарына айналуына толық мүмкіндік болар еді. Студенттер мен жас ғалымдар түрлі жаңа технологияларды қолмен ұстап, үйренер еді. Ал қазір, өкінішке қарай, студенттер мен ма­гис­транттар зауыттарда қандай технологияның бар екендігін білмейді. Тіпті Қазақ ұлттық техникалық университетін биыл бітірген жастар зауытқа барғанда станокқа жақындауға қорқады. Өйткені төрт-бес жыл оқып, диплом алғанымен, тәжірибе жүзінде жұмыс істеп көрмеген. Егер мен кәсіпкер болсам, олар ол станокты қолдануды білмесе, мен оларды қалай жұмысқа қабылдаймын? Сонда мен оларды қайтадан оқытуым керек пе? Оның үстіне, жас маман қандай да бір төтенше жағ­дайға ұрынса, оған тағы жауап беруің керек. Маман тапшылығын көріп жүрген Алматы электросервис зауытының басшысы таяуда маған келіп: «Машина жасау мамандығын бітірген 100 студент тауып бер, мен олардың ішінен төрт-бесеуін іріктеп алып, шетелде оқытайын», – дейді. Неге? Өйткені оның зауы­тының технологиясы ескірген, жаңасын ала­йын десе, маман жоқ. Ол заманауи автомат­тандырылған станоктарды алуы үшін ең әуелі мамандарды сонда жіберуі керек. Олар сол станокта бес-алты ай жұмыс істеп, үйреніп, одан кейін барып қондырғымен бірге маман­дарды да осында әкелуі тиіс. Негізі, жаңа технология осылай келеді. Осыны бір ізге түсіретін уақыт жетті. Әйтпесе елімізден шық­қан өнімдер бағасы ешқашан арзандамайды. Себебі олар ескі технологиямен жұмыс жасайды. Мәселен, еліміздегі ірі деген «Гидро­маш», «Киров» зауыттарының өндірген өнім­дерін Сингапур еліндегі кішкентай бөлмедегі бір станок-ақ жасайды. Он гектар жерді алып, зауыт салып, оның коммуналдық шаруашы­лығына, жарық-суына, пәленбай жұмысшыға айлық-жалақы төлеген дұрыс па, әлде дәл сон­дай өнімді аядай ғана бір бөлмедегі қон­дырғы мен айналдырған екі жұмысшы-ақ жасағаны жақсы ма? Әрине, алып зауыт са­лып, қаншама жұмысшының еңбегін пайда­ланып, көп өнім шығарғанша, дәл сондай өнім беретін, бірақ технологиясы ыңғайлы шағын қондырғы әлдеқайда тиімді емес пе? Міне, заманауи технология деген – осы.
– Қазір қаншама ғылыми-дипломдық жұмыстар шаң басып сөрелерде жатыр. Енді осы кезге дейін қорғалған ғылыми-дипломдық жұмыстарды өндіріске енгізудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Бұл ЖОО-лар мен өндірістің арасында байланыстың жоқтығынан орын алып отыр. Қазір «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Тимур Құлыбаев осы мәселені ретке келтіру үшін қыруар қаржы бөлгелі отыр. Қаражат нақты адреске жетіп, өндіріс пен ЖОО-лар арасында байланыс орнаса, бұл ретке келеді. Бұрыннан осылай жұмыс істелгенде, мұндай мәселе туындамас еді. «Ештен кеш жақсы» демекші, алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын.
– Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов бір сұхба­тында: «Технологияларды сырттан алып келіп, өз елімізде енгізуге болады. Жапония мен Корея осылай еткен, біз де сол жолмен жүруіміз керек», – деді. Шетелдік қымбат технологияларды қыруар қаржыға сатып алғанша, отандық ғалымдардың инновациялық идеяларын жүзеге асырғанымыз әлдеқайда тиімді емес пе?
– Жоқ, бұл жерде үлкен стратегиялық мақсат тұр деп ойлаймын. Оның айтып отыр­ғаны дұрыс. Қазір біз шетелдің даму деңгейін білмейміз. Әрине, шетел ешқашан жаңа технологиясын бермейді, тек ескілерін сатады. Бірақ олар өздеріндегі қолданыстан шыққанын берсе де, біз олардың технологияларының даму бағытын, өрісін сеземіз. Алайда бұл жер­де басты мәселе, сол технологияларда жұмыс істей алатын маман даярлауымыз қажет. Ондай технологияларды алар кезде міндетті түрде университеттерде дәріс беріп жүрген профессорларды тарту керек. Сонда отандық ғалымдар ол технология елге келмей жатып, оны қолданудың жолдарын жастарға үйретеді, дәрістеріне енгізеді. Осылайша жаңа технология келгенде, оны қолданатын маман­дар дайын тұрады. Ал қазір бізде барлығы керісінше жүріп жатыр. Технологияны сатып аламыз, бірақ онымен жұмыс істейтін маман жоқ. Сондықтан ол босқа шаң басып тұр.
– ҚР білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов мырза шетелге кеткен ғалымдарды елге қайтару жайлы мәселе көтерген болатын. Жалпы, шетелге кеткен ғалымдарды елге қайтарудың қандай жолдары бар?
– Шетелге кеткен ғалымдарды Қазақстан тұрмақ, Ресейдің өзі қайтара алмай отыр. Ғалым деген – қияли адам, фанатик. Ғылымға әбден берілген адам ертеңгі тамағын, бала-шағасын ойламайды. Қыруар қаржы тапқан­мен, оның әр тиынын отбасына емес, зертха­на­сына жұмсайтын жас ғалымдар бар. Өз елінде ғылыми жобасын іске асыра алмаған адам, амал жоқ, шетелге барады. Қияли адам өз ісін жүзеге асыра алмаса, тіпті БОМЖ болып кетуі мүмкін. Мен ғылымның артына түсіп, өз жобасын іс жүзінде жүзеге асыра алмай, қияли болып, отбасын тастап, далада қаңғыбас болып кеткен ғылым докторларын білемін. Ондайлар көп. Сондықтан отандық ғалымдар­ға жағдай жасап, жұмыс істеуіне мүмкіндік берсек, көмектессек, шетелге кеткен ғалымдар да өз еліне еңбек етуге келер еді. Осы ретте айтарым, біз ғылым мен техниканың жетістік­те­рін өндіріске енгізбейінше, ешқашан дамы­ған елдер қатарына қосыла алмаймыз. Өйт­кені технология, техниканы шетелден сатып алсақ, үнемі солардың артында жүретін бола­мыз. Сондықтан отандық ғалымдардың жағдайын жасап, ғылымға қаржы бөлмейінше, индустриялық-инновациялық бағдарлама баянды болмайды.
– Қазір жаңа «Ғылым туралы» заңға байланысты елімізде ғылыми атақ алу үшін ғалымдардың жобалары шетелдік ғылыми журналдарда жарық көруі керек екен. Жалпы, Қазақстанда ғылыми атақ алу үшін оның батыста мойындалуы шарт па?
– Меніңше, ол дұрыс. Өйткені біз жаһан­дану дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Елбасы­мыздың өзі жан-жақты саясат ұстанып, Кеден­дік одаққа еніп отырмыз. Бұл жерде айтарым, ғалымның да ғалымы бар. Қалтасында дипло­мы барлардың барлығын ғалым дей берудің қажеті жоқ. Мен тіпті қарапайым арыз жаза алмайтын ғылым докторы атағы бар талай жігітті білемін. Кезінде кім болса сол ғалым атанып кетті. Осының кесірі ғылымның беделі­не кері әсерін тигізді. Елбасы ғылыми атақ беруді тегіннен-тегін сынға алып жүрген жоқ. Сондықтан ғылыми атағына емес, оның жаса­ған ғылыми еңбегіне қарау керек.
– Индустриялық-инновациялық жобаларды өндіріске бағыттау үшін арнайы мамандандырылған менеджерлер тобы қажет пе?
– Орынды сұрақ. Міндетті түрде қажет. Онсыз болмайды. Менеджерлерге білім ғана емес, психологиялық-педагогикалық, техно­ло­гиялық дайындық қажет. Кезінде мен кәсіп­керлікпен айналыстым, құрылыс компаниям болды. Сенесіз бе, сол компанияға білікті бухгалтер мен экономист таппадым. Былай қарап тұрсаңыз, бізде экономист көп. Бірақ құрылыс, көлік жүйесі, авиация, жалпы, тех­ни­калық саланың өз экономист-менеджерлері жоқ. Қазіргі ЖОО-лар ондай мамандық дайындамайды. Сондықтан бізге жеке-жеке көлік, мұнай-газ, құрылыс, авиация салала­рына экономистер мен заңгерлер қажет. Техникалық университеттер бүгінгі заманауи технологияның заңгерлері мен экономистерін дайындайтын болса, көп нәрседен ұтқан болар едік. Мысалы, өткенде ұлым көлігімен жүріп, «Гольф» автокөлігімен соқтығысып қалды. Сонда мен екі бірдей заңгерді сотта жеңіп шықтым. Өйткені олар заң білгенімен, техниканың заңдылығынан хабары жоқ. Сол секілді елімізде ұшақ апат болса, оның анық-қанығын, дұрыс-бұрыстығын, қалай орын алғандығын, оның заңдылығын арнайы авиация саласының заңгер маманы болмаса, қарапайым заңгер ажыратып бере алмайды. Сондықтан ЖОО-лар жалпылама емес, заманауи технологияларға орай маман дайындауы қажет. Шетелдік тәжірибеде дәріс осылай жүреді.

Оқшау ой
Жақында Американың ғылыми жұмыстармен айналысатын мемлекеттік департаменті дүниежүзі бойынша ғылыми жобаларға конкурс өткізді. Мен соған өз жобамды жібердім. Жуырда электронды поштама АҚШ-тан хат келді. Олар менің жұмысымды интернетке енгізіп, ғылыми жобама жарнама ретінде екі минуттық бейнеролик жасап қойыпты. Бізге керек болмаған еңбегімді айдаладағы АҚШ жарнамалап отыр. Әрі әр жобаны көру үшін код қойып қойған. Құпия кодты алу үшін пәленбай ақша төлейсің. Көрдіңіз бе, олар қалай ақша тауып отыр? Оның үстіне, өндіріске енгізуге де жұмыс жасап отыр. Неге біз де ғылыми жобаларға осындай портал ашып қоймаймыз? Сонда ұлттық компаниялар өздеріне керекті жобаларды таңдап алар еді.

Екінші датым...
Бізде мемлекеттік ЖОО-лардың ректорларын тағайындауда көп кем­шілік бар. Жақында ғана Х.Досмұхам­медұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры парамен ұсталды. Біз кезінде жеті профессор сол университеттің ректорлығына кон­курс­тан өтуге барғанбыз. Тиісті министрлік бізді әншейін көзбояушы­лық қылып шақырып, керек адамын өткізіп отыр. Тіпті техникалық маман­дар­ды дайындайтын университетке экономисті ректор етіп тағайындады. Ал оның орынбасары – медицина ғылымының докторы. Енді экономист пен дәрігерлер болашақ инже­нер­лерді қалай дайындайды? Сондықтан ЖОО-лар басшыларын тағайындаған­да өте абай болғанымыз жөн.

Алашқа айтар датым...
Бізде жер байлығы бар, халық бар, Елбасымыз бар, білім бар – бәрі бар. Тек ірі компаниялардың басшылығында отырғандарда ұлттық сезім, ұлттық намыс аздау ма деймін. Қарапайым мысал, оларда патриоттық сезім, жан ашу болмағандықтан, елімізде жөнді жанармай шығара алмай отырмыз. Ал қаншама тонна мұнайымыз шетелге кетіп жатыр. 20 жылда жақсы бензин шығаратын зауыт сала алмағанымыз өкінішті. Сондықтан ірі компания қожайындарының ұлттық сезім, ұлттық жауапкершілігін оятпай, мұны іске асыру өте қиын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста