«Электронды үкіметтен» үркетін шенеуніктер әлі де бар

«Электронды үкіметтен» үркетін шенеуніктер әлі де бар

Руслан ЕҢСЕБАЕВ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы:

– Руслан Сәтбекұлы, сіз басқарып отырған мекеменің елімізде «электронды үкіметті» құру жұмысына бас-көз болып отырғанын жақсы білеміз. Бүгінге дейін бірталай жұмыс атқарылып, мемлекеттік қызметтердің көптеген түрлері электронды нұсқаға көшірілді. Соның арқасында ұзын сонар кезектер де азайды. Осы орайда «электронды үкімет» аясында енгізілген соңғы жаңалықтар туралы қысқаша айтып берсеңіз?
–  Иә, дұрыс айтасыз, «электронды үкімет» енгізілгелі бері адамдардың кезекке тұруы азайды. Алайда бұдан да маңызды мәселе бар. Электронды форматтың арқасында біз мемлекеттік органдар арасындағы жылдам әрі ашық құжат айналымын қамтамасыз етіп отырмыз. Мысалы, бизнесті тіркеу жұмысын алайықшы, осыдан біршама уақыт бұрын елімізде өз кәсібін тіркеу үшін кәсіпкер азаматтар шенеуніктердің шешімін бес күннен отыз күнге дейін күтіп жүретін. Құжаттарды рәсімдеп, біраз уақытты өткізіп алатын. Қазір оның барлығына бір-ақ күн кетеді. Бизнесті тіркеуге ешқандай құжат та қажет емес. Ал қандай да бір мәселелер туындап жатса, оны сол жерде шешіп алуға мүмкіндік бар. Мәселен, тіркеп жатқан кәсіптің атауы бар болса, портал оны бірден көрсетіп береді. Бұрын соның өзіне біраз уақыт кететін еді. Мұндай процестердің бәрі қатар жүреді, яғни бір мезетте бірнеше мем­лекеттік органдардың базалары ақпарат алмасып, тиісті мәліметтерді анықтап жатады. Осылайша бірыңғай жүйе кәсіпкердің енгізген деректерін тексе­реді. Аталған қызмет ағымдағы жылы қаңтар айында іске қосылды. Содан бері 8,5 мыңнан астам кәсіпкер өз бизнесін он-лайн әдіспен тіркеп шықты.
Бүгінгі таңда «электронды үкімет» пор­та­лына 190-нан астам қызмет енгі­зіл­ген. Оның ішінде айыппұлдар, са­лым­­дар, коммуналдық және тағы басқа төлемдер бар. Соңғы жылдары осы элек­т­ронды қызметтерге деген сұраныс­тың артып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Егер 2011 жылы портал арқылы 8,3 млн рет қызмет көрсетілсе, 2012 жылда бұл көрсеткіш 10,7 млн-ды құрады. Бұдан басқа, Қаржы министрлігінің салық төлеушінің жеке кабинеті және электронды сатып алулар порталында 10 млн-нан астам опера­ция­лар жасалды. Ал ағымдағы жылдың соңғы алты айында ғана ел азаматтары электронды қызметтерді 32,1 млн рет қолданды. Соның ішінде мекенжай, жылжымайтын мүлік, зейнетақы төлем­дері, адамның істі болған-болмағаны туралы анықтамаларға, сондай-ақ биз­несті тіркеу бойынша электронды қыз­мет­ке деген сұраныс жоғары. Соңғы кездері неке қию және балабақша кезе­гін алу сияқты қызметтерге ғаламтор арқылы арыз беру көрсеткіші де өсіп келеді. Өткен жылдың тамыз айынан бастап елімізде барлық лицензиялар тек электронды нұсқада ғана беріледі. Ал биыл мамыр айында Қазақстанның осы жүйесі WSIS Project Prizes 2013 конкурсында үздік деп табылды. Біз е-вusiness аталымында бас жүлдені жеңіп алдық. 
– Сонда «электронды үкіметті» халық пен биліктің арасын жақындататын басты құрал деп айтуға бола ма?           
– Әлбетте, «электронды үкімет» бұл жалғыз электронды қызметтер ғана емес. Ол ведомство басшылары, министрлер, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерімен тікелей байланыс орнатуға да мүмкіндік береді. Бүгін портал арқылы кез келген адам интернет-конференцияға қаты­сып, министрдің қабылдауына жазыла алады. Ведомство басшысының блогы­на хат жіберіп, оның әлеуметтік желідегі жеке парақшасына шығуға да болады. Осының барлығы Біріккен Ұлттар Ұйы­мы тарапынан да жоғары бағаланды. Өткен жылы аталған ұйымның «е-қаты­су», яғни электронды жүйеге қатысу ин­дексі бойынша Қазақстан 190 елдің іші­нен 2-орынға шықты. Ал «электрон­ды үкіметті» дамыту жағынан біз тағы сегіз сатыға көтеріліп, 38-орыннан көріндік.
Биыл біз «электронды үкіметтің» қазақ және орыс тіліндегі мобильді нұс­қасын дайындап таныстырдық. Ондай қосым­ша iOS және Android жүйесі негізінде істейтін ұялы телефондарға арналған. Демек, енді ұялы телефон арқылы әрбір қазақстандық азамат балабақша кезегіне тұрып қана қоймай, оның қа­лай өзгеріп жатқанын бақылай алады. Бұдан басқа, мекенжай туралы анықта­ма алып, жылжымайтын мүлік пен көлік салығын, коммуналдық қызметтер мен айыппұлдарды төлеуге болады. Жол жүру ережесін бұзғаны үшін де төлем жасауға мүмкіндік бар. Сосын дәрі-дәрмектің атауы бойынша жақын жердегі дәріхананы да іздеп табуға болады. Жоспарға сәйкес, осы жылдың аяғына дейін барлық рұқсат беру құжаттарын электронды нұсқаға көшіру көзделген.    
– Оған қоса, 2014 жылға дейін барлық әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді электронды нұсқаға көшіру міндеті бар ғой. Осы жылдың аяғына дейін бұл міндетті орындай аламыз ба?
– Біз үшін бұл – маңызды міндет­тердің бірі. Себебі ол – Мемлекет басшысының белгілеп берген межесі. Бүгінде әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй қатынастары және кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік қыз­меттер әлеуметтік маңызға ие. Сондай-ақ егер қандай да бір қызметке қатысты жеке тұлғалар тарапынан 350 мыңнан астам өтініш, ал заңды тұлғалардан 10 мыңнан астам арыз түссе, онда ол да әлеуметтік қызмет болып саналады. Бүгінде республика бойынша әлеуметтік маңызы бар 31 қызмет анықталып отыр. Қазірдің өзінде соның 25-сі «элек­т­ронды үкімет» порталына шығарылды. Жылдың аяғына дейін қалғанын элект­ронды форматқа көшіріп, жоспарды толығымен орындап шығуды көздеп отырмыз.    
– Жақында сіз мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша Бірыңғай байланыс орталығы­ның ашылғанын жариялады­ңыз. Қазақстан азаматына 1414 телефон нөміріне қоңырау шалып, кез келген мемлекеттік қызмет түрі туралы біліп, қажет­ті құжаттар жайында ақпарат алуға болады екен. Байқап қарасақ, осы байланыс орталығына күніне 6 мыңға жуық қоңырау түседі. Ал электронды пошта арқылы түсетін өтініштердің саны аз. Демек, бізде әлі күнге дейін компьютерлік сауатсыздық бар ма? Жоқ, әлде Қазақстан халқы телефонды ақпарат алмасудың жедел құралы ретінде қарастыра ма? Жалпы, бүгінде «электронды үкіметті» қолдануға үйрету бойынша қандай шаралар атқарылуда?
– Телефон арқылы өз ісін білетін ма­ман­ның кәсіби кеңес бергеніне ештеңе жетпейді ғой. Бірыңғай байланыс орталығының негізгі мақсаты да сол– жедел қызмет көрсету. Бүгінде порталда жан-жақты түсініктеме беретін анықта­маларға қарамастан, азаматтардың басым бөлігі телефон арқылы тілдесіп алғанды жөн көреді. Ол рас. Дегенмен  ел азаматтары электронды пошта, әлеу­меттік желілер, www.1414.kz сайты, он­лайн чаттар сияқты байланыс арна­ла­рын қолданбайды десек, әбестік бо­лар. Оның барлығына сұраныс күн сайын артып келеді. Сол себепті бұрын­ғы Call center бүгінде Бірыңғай байла­ныс орталығы деп аталады. Ол Қа­зақстан­дағы барлық мемлекеттік қыз­меттер бойынша жедел жәрдем көрсетіп отырады.   
Ал компьютерлік сауаттылықты көтеру мәселесіне келер болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 62,6 пайызды құраған. Демек, Қазақстан халқын компьютерге үйрету жолында әлі біраз шаруаның басын қа­йыру қажет. Біз өз кезегімізде «элект­рон­­ды үкіметті» жан-жақты насихатау мақсатында тегін білім беру курстарын өткізіп тұрамыз. Биыл ондай курстар шілденің 9-ынан бастап республиканың 100-ге жуық елді мекенінде ашылды. Ол жерде мамандар қала мен ауыл тұрғындарына жеке электронды қол­таң­баны қалай алу қажеттігін түсіндіріп, ол арқылы мемлекеттік қызметтерді қолдану жолдарын көрсетеді. Үш сағат­тық сабақтарда ел азаматтары теория­мен қатар практиканы да меңгеріп, электронды қызметтерді қолдануды өздігімен үйренеді. Білім беру бағдар­ламасының соңында олардың барлы­ғына арнайы куәліктер беріледі. Жос­парға сәйкес, қараша айына дейін 61 мыңнан астам адам осы іспетті дайын­дықтан өтеді. Бұған дейін «электронды үкімет» курстарына 142 мыңнан астам қазақстандық азамат қатысып шықты.      
Жалпы, осы бағдарлама аясында сан алуан компанияларға барып, ұжым­дық білім беру курстарын да ұйым­дастыруға болады. Осыған байла­нысты тиісті өтініштер қабылданып жатыр. Барлық қосымша ақпаратты 1414 телефон нөмірі бойынша Бірың­ғай байланыс орталығынан алуға мүм­кіндік бар. Айта кетейін, ұялы және үй телефондарынан қоңырау шалу тегін. Сондай-ақ қажетті ақпарат жергілікті атқарушы органдарда да болуы тиіс. 
– «Электронды үкіметке» үйрету халыққа қызмет көрсету орталықтарының да құзыретіне кірмей ме?
– Иә, ондайда кеңес беруші маман­дар келіп-кетіп жүрген азаматтарға жан-жақты түсініктеме беріп, қайсыбір мемлекеттік қызметті үйде де отырып  алуға болатындығын айтып тұруы тиіс. Сосын халыққа қызмет көрсету орталы­ғында орналасқан «электронды үкімет» бұрышына жіберуі шарт. Онда жеке электронды қолтаңбаны алып, е-үкімет­ті қолдану ережелерін меңгеруге бола­ды. Орталықта өз кезегін күтіп отырған азаматтар арасында да жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Олай болмаса, ұзын сонар кезектер азаймайды.  
– Халық арасында мынадай бір пікір бар. «Электронды үкімет» жобасын дамыту ісіне мемлекеттік қызметкерлердің өздері кедергі болып отыр. Себебі олар ертең өз қызметінің электронды нұсқасы енгізілген­нен кейін жұмыссыз қаламын деп қорқады. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз?
–  Біздің қызметіміз жұмыс орын­дарын қысқартуды көздемейді. Негізгі мақсат – жұмыс процестерін автомати­зациялап оңтайландыру, яғни халыққа барынша қолжетімді ету. Бүгінде қыз­меттің бір түрі электронды нұсқаға көшірілген кезде, барлық жұмысты ро­боттар атқарады деп ойлауға бол­майды. Халық тарапынан өтініш түс­кенде, онымен құзыретті органдардың мамандары айналысады. Бірақ ол жұмыс бұрынғыдан жылдам жасалады. Енді мекенжай туралы анықтама авто­матты түрде беріледі. Оған мамандар қатыспайды. Себебі барлық ақпарат мәліметтер базасына енгізілген. Басқа жағдайларда құжаттарды арнайы мамандар дайындайды. Электронды құжат айналымы арқасында қағаз аз жұмсалады. Соның арқасында бюджет ақшасы да үнемделеді. Ал, ең бастысы, ондай жүйе мемлекеттік органдарға бір-бірінің жұмысын қайталауына жол бермейді.       
Шынымды айтсам, бас кезінде мем­ле­кеттік қызметкерлердің «электронды үкіметті» енгізу бастамасына деген қар­сылығы қатты болған. Сол кезде ше­неуніктердің көбісі біздің жұмысымызды жете түсінбей, онымен олардың қызметі қиындап қалады деп ойлаған. Қазір бұл жұмысқа қызу қолдау білдіріп жатқан­дардың арасында біздің бұрынғы қарсыластармыз да аз емес. Уақыт өте келе, олардың барлығы электронды жүйенің тиімділігін түсінді. Ол арқылы күнделікті жұмысты жеңілдетіп, нақты нәтижеге жылдам жетуге болатынды­ғына көз жеткізді.
Өкінішке қарай, бүгінде жергілікті жерде «электронды үкіметке» қарсы ше­неуніктер мен коммерциялық ұйымдар­дың өкілдері бар. Мәселен, банк қыз­меткерлері мен нотариустар өз жұ­­мы­­сында бұндай жаңалықтарды көп қабылдай бермейді. Ол жағынан түсініспеушіліктер жиі болып тұрады. Ақырында олар электронды құжат айналымының маңыздылығын түсінеді деп сенеміз.          
– Бүгінде Қазақстан ақпа­рат­тық технологияларға барынша басымдық беріп келеді. Алайда аға буын өкілдері, әсіресе кітапханашы мамандар көне жазбаларды электронды нұсқаға көшіруге қатысты алаңдаушылық білдіріп жатыр. Олар біздің жүйемізге бір вирус кірген жағдайда бүкіл мәдени-рухани мұрамыз жойылып кетеді деп үрейленіп отыр. Шынымен де, біздің ақпараттық жүйеміз қаншалықты қорғалған? Қазір антивирустардың барлығы шетелден келіп жатыр. Оларға сенім бар ма? Қазақстан өзінің вирусқа қарсы бағдарламасын шығара ала ма?
– Бүгінде мемлекеттік органдардың сервер орталығында орналасқан ақпа­раттық жүйелері жан-жақты қорғалған. Ол үшін ұйымдастыру саласында ғана емес, техникалық жағынан да барлық қауіпсіздік шаралары қолға алынды. Бұл дегеніміз, жеке ақпараттың құпия­сын сақтауға қатысты күнделікті жұ­мыс­тан бөлек, техникалық шаралар да атқарылады. Ол ақпараттық жүйелерді сан алуан қауіп-қатерлерден қорғайтын тұтас бір операциялардың кешенін қамтиды. Оған қоса, ішкі қорғаныс бағ­дарламалары қолданылады.
Негізі, ақпараттық жүйелер жұмы­сы­ның бірнеше деңгейі бар ғой. Бірін­шісі ақпарат алмасу желілері мен бай­ланыс арналарының транспорттық деңгейі болса, екіншісі – ғаламтор сияқты қоғамдық желі. Онда барлық ақпараттар ашық әрі қолжетімді бола­ды. Ал «электронды үкіметке» кіретін мем­лекеттік органдардың жүйелері үшін бірыңғай транспорттық желі жа­сал­ған. Бұл – жоғары жылдамдығы бар желі. Оның өзіндік қорғаныс жүйесі болады. Сондай-ақ аталған желіде шифр­леу және тағы басқа технология­лар қолданылады. Мемлекеттік орган­дардың әрбір жүйесі арнайы аттеста­циядан өтеді. Ол кезде оның қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай екендігі тексеріледі. Ондайда қауіп-қатерлердің барлық түрлері бойынша сынақтар өткізіледі.      
Сервер орталығында орналасқан барлық ақпараттық жүйелер сыртқы қауіп-қатер факторларынан да барын­ша қорғалған. Орталықта резервтік электр энергия көздері бар. Өрт сөндіру және тағы басқа шаралар қарасты­рыл­ған. Ал деректер жоғалып кетпес үшін біздің мамандар барлық мәліметтер базаларының көшірмелерін жасап отырады.  Сондықтан аға буын өкілдері, оның ішінде кітапханашы мамандарға айтарым, көне жазбалардың электрон­ды нұсқасы жақсы қорғалған.  Сосын олардың өздерінде ол құжаттардың түпнұсқасы да бар ғой. Сондықтан мәдени-рухани мұрамыз жойылып кетеді деп үрейленудің керегі жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет!
– Сізге де рақмет, «Алаш айнасы» газетінің барлық оқырмандарына сәт­тілік тілеймін!

АЛАШҚА АЙТАР ДАТЫМ...
Біз жаппай ақпараттандыру заманында өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғыдай хат-хабарларды айлап күтпей, қас қағымда аламыз. Қазір таңертеңгі асты компьютерлік басқару жүйесі бар қазандарда да жасауға мүмкіндік бар. Осының барлығы тұрмысымызға етене еніп жатқан ІТ-технологияларының жемісі. Сол себепті осы ақпараттық технология бойынша білім беруді күшейту керек. Меніңше, оны мектеп жасынан бастап жоғары оқу орнына дейінгі кезеңде үздіксіз жүргізген жөн. Себебі Қазақстанға кәсіби IT технология мамандары ауадай қажет. Әрине, елімізде ақпараттық технологияларға қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмысын да ұмытпаған жөн. Өйткені осы қызметтерді тұтынатын адамдар көп болса, мамандар үшін де жұмыс табылады. Отандық компаниялар болса, дарынды жастарды назардан тыс қалдырмай, жұмысқа көптеп тартса екен деген тілек бар.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста