Ер адамдар үшін ұялы телефон темекі мен арақтан екі есе зиян

Ер адамдар үшін ұялы телефон темекі мен арақтан екі есе зиян

Салтанат Байқошқарова, биология ғылымының кандидаты, эмбриолог-ғалым:

– Соңғы кездері еліміздегі бала туу көрсеткішінің өскені бай­қалады. Бұған репродуктивтік техно­ло­гиялардың да көмегі тиіп жатқаны рас. Осы орайда «Экомед» емханасының жұмыс істеп жатқанына қанша уақыт болды?
– Жалпы, денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ)  әдісінің өмірге келгеніне биыл 32 жыл болды. Осы әдіспен Англияда өмір­ге келген алғашқы сәби қазір 31 жаста. Әлем бойынша осы уақытқа дейін 3 мил­лиондай бала ДТҰ әдісімен өмірге келді. Ал елімізде аталмыш әдісті ең алғаш қол­да­нысқа енгізген біздің емханамыз 1995 жылы ашылды.  Тұңғыш сәбиіміз қазір 13 жаста. Осы уақытқа дейін Қазақ­станда 5-6 мыңдай бала осы әдістің кө­­мегі­мен дүние есігін ашты. Астана, Тараз қалаларында бөлімшелеріміз бар. Қазіргі таңда Қазақстан ғана емес, шетел­ден де көмек сұрап келетіндер көбеюде. Жақында ғана Германиядан кел­ген екі келіншек құрсақ (біреуі – егіз, екіншісі – бір бала) көтеріп қайтты. ДТҰ әдісі дегеніміз – аналық безден өсім бе­ре­тін аналық жасушаны алып, әйел организмінен тыс лабораториялық ыдыста ұрықтандырып, белгілі бір мер­зімнен кейін әйел жатырына енгізу. Бұрын бедеулікті әйелге ғана тән ауру деп ойлап келсек, соңғы кездері әйел мен еркектің бедеулігі теңбе-тең, 50 де 50 пайыз деуге болады. Атап ай­тарлығы, бедеулік жылдан-жылға кө­беймесе, азаймай отыр.
– Бедеуліктің көбеюіне не себеп болуда?
– Бұл – жер бетіндегі барлық елдерге тән ауру. Қазақстандағы отбасылардың 15-20 пайызы бедеулікке ұшырағаны анықталған. Әйелдер көбінесе гормон­дық препараттарды көп қолдану, жасанды түсік жасату, жұқпалы жыныс аурулары секілді факторлардың әсерінен бедеу­лікке ұшырайды.  Бізге көмек сұрап ке­летін әйелдердің 70-80 пайызы – бұрын жасанды түсік жасатқандар. Соң­ғы кез­дері ер адамдардың да ұрығының сапасы өте төмендеп кетті. Осы­дан он шақты жыл бұрын біз зерт­теу жүргізе бастаған кезде ерлердің ұры­ғының белсенділігі жоғары болатын. 10 жыл ішінде 30 па­йыз­ға төмендеген. Мұ­ның себебі өте көп. Экологияның бұзылуы, ғылыми-тех­­­ни­калық револю­ция­ның «жемісі», арақ пен темекі, тіпті адамзаттың барлық жеткен жетіс­тік­терінің зиянды жағы әсер етіп жатыр деу­ге болады.
Жақында шетелде өткен конференцияда «ұялы телефон ер адамның ұрығына арақ пен темекіден екі есе көп зиян келтіреді» деген тұжырымдар жасалды. Қазір шет мемлекеттердің кейбірінде 16 жасқа дейінгі балаларға ұялы телефонды ұстауға тыйым салынған. Және «әр адам ұялы телефонды өзінен кем дегенде 1 метр қашықтықта қоюы керек» деген тәртіп енгізуде. Олар ұялы телефонды алыстан басқару тетіктері немесе құлаққап (наушник) арқылы пайдалануға көшіп жатыр. Ал  бізде телефонын басына жастап ұйықтап, таңертең соның шырылымен оянатындар аз емес. Бұл баста ісік тудыруға «көмектесетінін» ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Енді ұялы телефонның ер адамдар­дың репродукциялық  (бала туғызу) қызметіне айрықша зиян екені айтылуда.
Біздің ер адамдарымыздың көбі теле­­фонын беліне жақын жерге, бел­бе­уіне қыстырып жүретіні жасырын емес. Мен ерлердің белсізденуіне ұялы теле­­фон айрықша әсерін тигізіп жатыр деп қадап айтқым келеді. Сондықтан біздің елімізде де мемлекет тарапынан белгілі бір деңгейде ұялы телефон ұстау­ға шек­теулер қойылғаны жөн.
– ДТҰ әдісі қаншалықты нәти­желі?
– Барлығы әйелдің бала көтеру қа­бі­­лет­тілігіне тікелей байланысты. Егер эм­бриондары жақсы болса, айына кел­ген әйелдердің 30-40 пайызы бала кө­те­реді. Бұл сырттай қараған адамға аз көрінуі мүмкін. Алайда адамдардың ұрық­­тану мүмкіншілігі жан-жануарларға қарағанда төмен. Жаңадан үйленген 20-ға келген жастарда бала көтеру мүмкіндігі бір айда – 15-20 пайыз, 30 жастан ас­қан­­дар­да 10 пайыз көлемінде болса, 40 жастан асқандарда 5-ақ пайыздық мүм­кіншілікті көрсетеді. 
– Жалпы, медицина саласында «шетелдіктер алға озып кеткен» деп жатамыз. Осы орайда шетелдегі денеден тыс ұрықтандыру медици­налық орталықтарының бізден гөрі артықшылықтары бар ма?
– Шетел медицинасының барлығы бірдей деп айта алмаймын, бірақ біразы бізден әлдеқайда алға озып кеткені рас. Өзім Германия медицинасының да­­­муын жоғары бағалаймын. Алайда ара­дағы алыс-беріс тәжірибе алмасу ар­қылы бүгінде біздің медицинамыз да дамып келеді. Бізде, мысалы, сто­матология саласы жақсы дамыған. Ең бірінші мемлекеттік жүйеден бөлі­ніп, жеке­шеленіп, стоматологиялық ем­­­ха­­­на­ларды аша бастаған да осы сала болатын.  Сондықтан медицина сала­сын­­­да шетелдіктермен бірдей дәрежеде дамыған сала стоматология саласы деп айтуға болады. Жақсы дамыған сала­лардың ішінде біздің ре­про­дуктология саласын  атауға болады. Біз ұдайы ізденіс үстіндеміз. Жиі-жиі тәжірибе алмасу үшін шетелге ісса­пар­ларға шығып тұрамыз. Бір анығы, біздің сала шетелмен бірдей дәрежеде дамыған. Бүгін бізге іші кернеп ауырып бір жас келіншек келді. Құрсақ көтеру үшін Израильге барып, ДТҰ әдісін жа­сатқан. Бірақ жатырының іші  сұйыққа  то­лып, қабыну процесі басталып, салып бер­­ген эмбрионы өнбей қалған. Енді біз­дің қызметімізге жүгініп отыр. Осы күндері бізде итальян отбасы да ем­делуде. Шетелдің емханаларының бәрі бірдей керемет деп айтуға бол­май­ды. Бірақ көпшіліктің көкейінде «ше­телде бәрі керемет» деген түсінік қа­лыптасқан. 
Біздің медицина саламыздың даму жүйесі баяғы кеңестік кезеңнен қалған жүйе болғандықтан,  бәрін бірден өзгерту киынға соғып отыр. Уақыт ағымымен за­манға сай бейімделіп отыру керек. Қазір дә­­рі­герлерді тоғыз жыл оқыту керек де­ген бастама көтеріліп жатыр. Өз басым мұ­ны қолдаймын. Бірде Израильдің дә­рі­­­герімен пікір алысып қалдық. Ол: «Сіздерде медицинаны қанша жыл оқы­тады?» – деп сұрады. Мен: «Алты жыл жал­­­пы білім беріп, бір жыл белгілі бір са­ла бойынша оқытады», – дедім. Ол қат­­ты таң­ғалып: «Бір жыл оқып, ол қалай гине­колог болады? Бізде дәрігер болу үшін 13 жыл оқытады. Ал­­ты жыл жалпы білім алып, бір жыл медициналық орталықтарда тә­жі­ри­беден өтіп, мамандық таңдайды. Содан соң таңдаған саласы бойынша тағы алты жыл оқиды. Бәрін бітірген соң, үш пән бойынша емтихан тапсырады. Егер бір пәннен құласа, қосымша қайта оқуға мәжбүр болады. Қашан сол саланы то­лық біліп шықпайынша, оқи береді», – деді. Менің көзім жеткені, Израиль ма­мандары өте білімді. Әрине, 13 жыл оқыған адам өз мамандығын жіліктей шақпағанда қайтеді? Өз мамандығына жан-тәнімен берілген адам ғана 13 жыл оқуға шыдап, науқастарды да шын кө­ңіл­ден беріліп емдейді. Мамандығына бе­рілген адам үшін бірінші орында ақша ғана емес, науқастың өмірі тұрады.
– Бізде «бала сүю» қанша тұрады?
– Мемлекеттік лаборатория болсын, жеке­меншік лаборатория болсын, елі­міздегі ДТҰ-ның орташа бағасы 170-190 мың теңге тұрады.
– Бізде суррогат ана мен донорлық ұрық жиі қолданыла ма?
– Донорлық ұрықтардың ішінде ер­кек­тердің донорлығы өте қиын. Оның құ­­рамында ВИЧ, гепатит В, С, сифилис се­­кілді аурулардың болмауын қатаң қа­да­ғалаймыз. Донор  болуға ниет білдірген адамды тапқан соң, ұрығы жарамды бол­са, қатырып қоямыз. Алты айдан соң қайтадан әлгі еркекті тауып, қанын алып, тексереміз. Себебі адам бойында қауіпті індет болса, ол алты ай ішінде қылаң беруі керек. Егер дені сау болса, әрі қарай тексеруге жібереміз. Алайда ұрықтың кө­бі қатырып қоюға келмейді. Қатырып қоюға келгеннің өзінде, еріткенде, біразы өліп қалады. Онда бүкіл еңбегің еш кетеді. Бұл бізді шығынға ұшыратады. Бір донорлық ұрықтың  жарамдылығын тексеруге 70-80 мың теңге ақша кетеді. Қатыру кезеңінде күніне 3-4 литр азот құя­мыз. Себебі ол ауаға ұшып кетеді. Азот­тың литрі – 350-500 теңге. Жақында Петер­бордағы әріптестеріміздің айтқан әңгімесін тыңдадым. Олар жарнама ар­қылы донор ұрық тапсыратындарға сұрау салған. Нәтижесінде 400-дей адам қоңырау шалған. Арнайы тексеруден өт­кізген соң, соңында 400 адамның ішін­­де  екі-ақ адамның ұрығы және ден­сау­­­лығы жарамды болып, қалған 398 адамның тексерілуіне жұмсалған ақша желге ұшқан. Сондықтан алдағы уақытта алдын ала донор ұрығын дайындау тиімсіз, тек тапсырыспен ғана дайындау жүйесіне көшпекпіз.
– Осы саланы жетік меңгерген маман ретінде биліктегілерге қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Үкіметке айтарым, жаңа репро­дуктивтік әдістердің көмегімен ұрпақ са­нының көбеюін өз қамқорлығына алса екен. Израильде өмірге екі бала әкелу мемлекет тарапынан міндетті болып саналады. Еврейлер дүркін-дүркін бо­лып жатқан соғыстардың әсерінен азай­ған адам басын қалыпқа келтіру үшін осындай қадамға барып отыр. Мемлекет денеден тыс ұрықтандыру әдісін 30-40 рет жасатса да, әр әйелге алғашқы екі баласын туғанға дейін тегін жасайды екен. Үшінші рет құрсақ көтеруге ғана өз қалтаңнан ақша шығарасың. Бізде де талай отбасы қаражаттың тап­шы­лы­ғынан  бала сүйе алмай жүр. Сон­дықтан осындай әлеуметтік жағдайы нашар отбасылардың бала сүюіне жағ­дай жа­сап, қамқорлығына алса, нұр үстіне нұр болар еді.  

Естен кетпес оқиға:
Бірнеше жыл бұрын Шымкент қа­ла­сынан 47 жастағы әйел тексерілуге кел­ді. Осы уақытқа дейін жүкті болып көр­­­меген. Біз жасаған денеден тыс ұрық­­тандыру әдісімен бірден құрсақ көтерді. Шамалы уақыт бақылауда ұстап, күнделікті ішетін дәрілерін белгілеп, Шым­кентке қайтардым. Содан маған қо­ңырау шалып: «Мен шынымен құр­сақ көтердім бе, қан кетіп жатыр?» – деді. «Иә, көтердіңіз. Сіздің жасыңыз ұл­ғай­ғандықтан, іштегі балаға гормондар жет­пейді. Содан қан кетуде. Дәрілеріңізді ішіп жатырсыз ба?» – деп сұрадым. «Жоқ», – дейді. «Ішу керек міндетті түрде», – деп бәрін тү­сін­діріп айтып, трубканы қоям. Тағы қо­ңырау шалады. Дәл осы жағдай 13 күн жалғасты. Өмірінде бала көтермеген әйел өзінің құрсақ көтергеніне сенбей жүр. Айта-айта сөзім қор болды.  Сосын: «Азанда пойызға мін де, тез жет немесе мүлдем келме, телефон да соқпа», – деп трубканы қойдым. Ертеңіне жетіп кепті. Ультрадыбыстық тексеруден өткіздік. Іштегі баланың жүрегі соғып тұр. Бірақ қан кетіп жатыр. Содан ауруханаға жат­­­қызып қойдым. Үш күннен кейін құрсақтағы баланың жүрегі тоқтап қалды. Он үш күн бойына іштегі балаға гормон (яғни тамақ) бермеген соң, өлмегенде қайтеді?! Құрсақтағы бала анасы ар­қылы берілетін гормондармен өмір сү­реді. Өз қатысуыңмен пайда болған баладан айырылу маған ауырға соқты. Еккен егіні күйіп кеткен егіншінің халінде бол­дым. Ішім удай ашыды. Еңбегімді еш ке­тір­геніне ол әйелге қатты ренжідім. Бізде қатырылған эмбриондары қал­ған. Содан арада уақыт өткен соң: «Екін­ші қайтара көтерейін деп едім», – деп қоңырау шалады. Алғашында  қа­был­да­­май, күнде қоңырау шалған соң, амал­­сыз көндім. Бірақ қатаң тәртіппен «айт­қанымды орындамасаң, келме» деген шартпен қабылдадым. Содан 50 жасында екінші рет құрсақ көтеріп, 51 жасында өмірінде тұңғыш рет босанып, төрт келіден асатын ұл тапты. Қазір ба­ласы үш жаста. Сондағы алғашқы баланы түсіріп алғандағы өкінішім, екінші рет 51 жасында ұл туып алғандағы қуанышым есімнен кетпейді.

Датым!
– Соңғы кездері адамдардың бойында мемлекеттік мүддеден гөрі, жеке басының мүддесінің жоғары тұратынын жиі байқаймын. Бұл біздің келешегіміз үшін қауіпті. Мемлекеттің меншігін аш қасқырша талап, жаудың мүлкіндей нем­құрайды көзқараспен қараудың соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – мемлекетін ғана емес, елін, жерін, тілін, ділін сүймеудің көрінісі. Сондықтан адамдарға бойындағы ұлттық рухты көтеруді, мемлекеттік мүддені жоғары қоюды үйретуіміз керек. Қазір ел сенген басшылар мен шенеуніктердің үсті-үстіне тұтқындалуының өзі халықтың оларға деген сенімін азайтты. Жемқорлық пен қызмет бабын өз ісіне асыра пайдалануы – мемлекеттік мүддеден жеке басының мүддесін жоғары қоятынының көрінісі. Сондықтан мемлекет үшін бұл қаншалықты қымбатқа түссе де, азаматтарына  мемлекеттік мүддені жоғары қоюды қатаң тәртіппен болсын, мықты идеологиямен болсын үйретуді қолға алатын кез жетті.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста