ЕХРО-2017 көрмесінен қалатын ғимараттың бірі қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка орталығына айналса...

ЕХРО-2017 көрмесінен қалатын ғимараттың бірі қазақтың ұлттық дәстүрлі музыка орталығына айналса...

Еркiн ШҮКIМАНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші:

– Еркiн аға, бiздегi бұқаралық ақпарат құралдарының (газеттi қоспағанда) эст­радаға көбірек бүйрек бұруы сiздi және осы саланың iшiнде жүргендердi алаң­дат­пай ма? Ұлттық құндылық, дәстүр сабақтастығы жолындағы бұл өнердiң тәрбиелiк рөлi қандай?
– Бiзге белгiлiсi жыраулар поэзиясы Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбеттен берi қарайғы сал-серiлер заманынан Ақан серi, Бiржан сал, Үкiлi Ыбырай, Мәди, Иман Жүсiп, Әсет Найманбай, Естайлардың iзiмен, қаймағы бұзылмаған халық ауыз әдебиетiмен, ағаның жолын iнi жалғап, шәкiрт тәрбиелеумен жеткен. Бертiндегi Әмiре, одан кейiн Жүсiп­бек, Мәдениет Ешекеев, одан кейiн эстрада-цирк колледжiн ашқан Гүлжиһан Ғалиева, Жәнiбек Кәрменов, Ғарифоллалардың мұра­сы Қайрат Байбосыновқа, Бекболат Тiлеу­хан­ға өтiп, қалпын бұзбай бiзге келдi. Дегенмен соңғы кездерi Батыстан афро-америкалық, еуропалық мәдениеттер лебi есуде. Мұның өзi дәстүрлi өнерге салқынын тигiзiп отырған­дығын көзiмiз көруде. Сонау 1980 жылдары дәстүрлi музыканың көтерiле бастаған кезi болған. Бүгiнде сол мәселе қайта жандануда. Жылына кем дегенде он бала халық әндерi кафедрасын бiтiрiп шығады. Бiрақ олардың көбi жұмыссыз. Той қуалайды. Қыздар тұр­мысқа шығып, өнерiн дамыта алмай қалады. Сосын өнер өледi. Өнердiң насихатшысы жастарға қамқорлық жоқ. «Телқоңыр», «Дала думан», «Сегiз қырлы», бiр кездердегi «Алтыбақан» сияқты дәстүрлi өнердiң дәмiн келтiрер бағдарла­малар болды. Мiне, солар тек «Қазақстан» мен «Хабар» телеарнасына ғана керек сияқ­ты. Ал басқа арналар басын ауыртпайды. «Мә­дениет» арнасы спутниктiк арна болған­дықтан, жаппай таралып жатыр деп айта алмаймыз. Әйтсе де ұлттық өнерге ұлттық арнадан бөлiнiп отырған уақыт аз-ақ.
Телеарналарға да кiнә арта беруге болмайды. Аптадағы эфир уақытының 168 сағатының 40-ақ минутын ұлттық өнерге ар­нау өте аз көрсеткiш. Күнi кеше ғана Қар­шыға Ахмедияров, Санақ Әбуов ағалар дүниеден өттi. Ән-күйi тұрмақ, өздерi туралы жеке бiр хабарлар беруге боларлықтай. Ұрпақ сана­сына осыны жеткiзу керек. Жалғыз «Телқо­ңыр» жеткiлiксiз деп ойлаймын.
– Жастардың жаппай эстрадаға ұм­ты­луы, дәстүрлi мұраның кем насихат­талуы сiздердi алаңдатпай ма?
– Эстрада бiзге керек емес деп айта ал­май­мын. Бiрақ оның бағыты бөлек. Эстрада мен дәстүрлi әншiлердiң арасында бiтiспес дау пайда болды. Оларға сын айтсақ жеккө­рiнiштi көрiнемiз, қырын қабақ танытады. Дұрыс айтылып жүрген әуендi өздерiнше «Бояу­шы, бояушы дегенге сақалын бояйды­ның» күйiн кешiп, бұзып, бұрмалап жүр. Ол бабадан қалған аманат қой, аманатқа қиянат жасамау керек.
90-ыншы жылдары «Битлз» тобы әндерi­нiң адам санасына әсерi туралы зерттеу жүр­гiзiлдi. Сабақ үстiнде бiр топ балаға «Бит­лз­дiң» әндерiн, ал екiншi топқа классикалық әндер тыңдатқан. Сонда жеткiншектер сана­сының даму деңгейi екiге жарылған. Класси­калық музыка тыңдаған баланың ойлау жүйесi кең, мәдениетi жоғары, оқу үлгерiмi жақсы болған. Ал «рок» тыңдаған балалар оқу үлгерiмi нашар, мiнез-құлқы ашушаңдар­дың тобына қосылды. Заманымызда эстрада­ның насихаты зор болып тұр. Бұрын дауысы барлар ән салатын, қазiр аузы қыбырлаған­ның барлығы әншi. Кеңестер кезiнде көркем­дiк кеңес деген жүйе бар едi. Бiзге де дәл қазiр сол керек. Өйткенi тәуiр деген әншiлер түкке тұрмайтын ән айтатын болып барады. Жалпы, музыка деген өте керемет жаулаушы құрал. Сондықтан сөз зергерi Ғ.Мүсiрепов айтпақшы, «Естi ән естi тыңдаушы, ессiз ән ессiз тыңдаушы тудыратындығын» естен шығармаған жөн.
– Біздің газетте «Еркiн дауысты Еркiн» деген сұхбатыңыз шыққан едi. Оқыр­манға қызығы да осы шығар, Алматыда оқуға түсе алмай ауылға қайтып, бiраз уақыт қой соңында болғаныңыз туралы айтқан екенсiз. Осыған аз-кем тоқталып өтсеңiз...
– Өзiм бұрынғы Семей облысы Мақаншы бұлақ ауылында туғанмын. 5 жасқа дейiн сонда тұрып, кейiн нағашы жұртқа қоныс ау­дардық. Менiң тәрбиемнiң бәрi – Ақсуаттың тәрбиесi. Тарбағатай ауданындағы отыз үйлi ауылда өстiм. Ол жер Кенесарыдан бұрын «орыстарға бодан болмаймын» деп қарсы бас көтерген Қожагелдi атамыздың атымен аталады. 1990 жылы мектеп бiтiрген соң Ал­матыға, ҚазМУ-ге келдiм. Жолым болмаған соң, қарап отырмастан АГУ-ге тапсырып, одан да құладым. Сосын ауылға қайттым. Қайырбек деген ағамыз бар едi. Өзi малдә­рi­герлiк институтын бiтiрген. Сол кiсiге кө­мекшi болып қой бақтым. Сөйтiп, Семейдегi Шәкәрiм атындағы институттың қазақ тiлi мен әдебиетi мамандығын бiтiрдiм де, отба­сылы болуыма байланысты өнер саласында таңдаған оқуымды жартысынан үзiп алдым. Бiр жарым жыл құрылыста жұмыс iстедiм. Алматыдағы Шевченко көшесiнiң қиылысын­да ұзын темiр құрылысты қоршау бар, соны бiз салған едiк. Ж.Елебеков атындағы бай­қау­ға осы құрылыста iстеп жүрiп қатыстым. Жүлделi орын иелендiм де қайта құрылысыма кiрiстiм. Кейiн өнер саласы мамандарының көзiне түсiп, «Қазақконцертке» жұмысқа шақырылдым. Мен бала кезiмнен бастап ән салған жоқпын. Мектептi бiтiрген соң бiр жылдан кейiн қолыма домбыра ұстадым. Бiрақ небiр өнер майталмандарынан сабақ алдым. Бiрде Семейге құрамында әншi Рамазан Стамғазиев бар «Тамаша» ойын-сауық театры келдi. Сонда Рамазан аға өзiне шақырып алып менiң «Қазақконцертке» жұмысқа баруым керектiгiн айтты. Бiрақ ол кезде мүмкiндiк болмады. Кейiн араға жылдар салып Рамазан аға айтқан жұмысқа ойламаған жерден Есмұқан Обаев аға қа­был­дады. Сөйтiп, он екi жыл жұмыс iстедiм. Қазiр консерваторияның оқытушысымын.
– Қазақтың тойларын эстрада басып барады. Оның жартысы шетелдiкi. Дәс­түрлi әншiлерде тойға шығу үрдiсi бар ма? Эстрада әншiлерi секiлдi еңбектерi­ңiзге ақы аласыздар ма?
– Бiр пiкiрдi айта кеткiм келедi. Эстрада ешқандай даму үстiнде емес, сол күйiнде әлi, белгiлi бiр орында тұр. Өйткенi фонограмма бар жерде өнер дамымақ емес. Эстраданы көтеру үшiн фонограмманы құрту қажет. Оны жою үшiн сахнаны тазалау керек. Көңiлдерiне келсе де айтамын, фонограмма деген арам әншiлiк, халықты алдау. Мен баяғыда бiр сұхбатымда да: «әншiлер халықты алдап фонограммамен ән айтқан екен, олай болса ондай әншiге ақшаны да ксерокстен өткiзiп беру керек» деп айтқанмын. Өсiп келе жатқан балалардың көбi эстрада әншiсi болғысы келедi. Олар бiр рет жазып алған әндi онда­ған жыл шiмiрiкпестен, қиналмай-ақ айтып жүре бередi. Осылайша жасөскiндi алдамшы­лыққа тәрбиелеп жатырмыз. Қазақтың кез келген өнерпазының несiбесi халықтан бол­ған. Олар бай болмаған. Әнiн айтып, жырын жырлап жүрген. Кеңестiк кезең бiзге үйрет­кен­дей, байлардың бәрi ақымақ болған жоқ. Қытайда Мелшiбек сияқты байлар Әсеттей әншiнi алақанына салып ұстаған. Сондай Атым­тайлар бiзде де көп болған. Ал қазiр тойларға домбырамен ән айтуға шақырады, бiрақ өте сирек. Өйткенi талғам бұзылған.  Филипп Киркоровты, Юрий Антоновты шақырған тойларды көр­дiм. Бiрақ бес саусақ бiрдей емес. Қазақтың жаны, қаны бар, әндi түсiнетiн жiгiттер жетер­лiк. Оралбек Ботбай, Амангелдi Ермегияев, Нұртай Сабильянов, Өмiрзақ Сәрсенов сияқ­ты санаулы қалталы ағаларымыз бар. Тойдан қорқудың керегi жоқ, кейде сол арқылы ән­шi­нi шыңдауға да болады. Шәкiрттерден байқаймыз, шикi тұс­тарын тойда пiсiрiп, жетiл­дiрiп келiп жатады. Бiрақ бiржолата тойға қарай ыңғайлануға болмайды. Той мен сахна – бөлек әлем. Сах­на­ға шыққан соң сах­на сенiкi, оған қожайын­дық жасай алмасаң, әншiлiгiң көк тиын.
– Дәстүрлi ән өнерiнiң облыс, қала, аудандардағы тағанын қалыптастыру үшiн арнайы дәстүрлi ән өнерi мектебi керек пе?
– Бұл мәселе жөнiнде жалғыз мен емес, өнерге шын жанашыр аға-iнi, әпке-қарын­дас­тарымыз айтып та, жазып та жүр. Кез кел­ген облыс орталығында шағын қалаларда қолына домбыра ұстаған бiр-бiр өнерпаз жоқ емес. Мысалы, Арқалық, Аягөз секiлдi кiшкене қалаларда саз мектептерi бар. Мiне, осындай мектептерде халық әндерi бөлiмi ашылуы керек. Бiзде кейбiр қалаларда музы­калық колледж бар да, ән бөлiмi жоқ. Өске­менде былтыр Қайрат Байбосынов ағамыз­дың шәкiртi Әдiл Тұрғанбаев деген бауы­­ры­мыз неше жылдан берi шапқылап жүрiп, Бердiбек Сапарбаев әкiм болып барған­нан кейiн осындай бөлiм ашуға мүмкіндік туды. Бұл қалада бiрнеше жыл бойы өтiп келе жатқан Әсет Найманбаев атындағы конкурс бар едi. Ол анау Алакөлдiң жағасында, Жалаңаштың арасында сондай бiр мамыражай мезгiлде өтетiн. Кейiннен Өскеменнiң орталығына келдi. Бiрақ аймақтық деңгейде қалып қой­ған болатын. Дегенмен Бердiбек Сапар­баев ағаның ықпалымен былтырғы жылдың ая­ғын­да бiрiншi рет Әсет Найманбаев атындағы республикалық байқау болды. Бұл туралы «Қазақ әдебиетi» газетiне жазған мақаламда айтылған едi. Жергiлiктi атқарушы органдар­дың осындай дүниелерге көптеп көңiл ауда­рулары керек. Өйткенi Әсет әндерi бiр шетi Арқа, бiр шетi Жетiсу, ендi бiр шетi Қытайдың үш аймағына, арғы жағы Моңғолияға өтiп кеттi. Сол байқауға Қытайдан әншiлер келдi. Әсеттiң мектебi үлкен болғандықтан деңгейi өсу үстiнде, 40-50-дей әншi қатысты. Мынау Қызылжарда Астанадан оқу бiтiрiп қайтқан Жанат Айтбаев деген азамат колледждiң iшiнен дәстүрлi ән өнерiнiң мектебiн ашып, ғажап-ғажап әншi қыз-жiгiттер тәрбиеледi. Олардың алды Астанада, Алматыда бiлiмiн толықтыруда. Осыдан бiраз күн бұрын Талды­қо­рғанға бардым. Жетiсу өңiрi – Дәнештiң мек­тебi қалыптасқан жер. Онда Дәкеңнiң шәкiртi Абылай Қармысов ағамыз, Арқа мектебiн Қайрат Байбосыновтан бiтiрiп келген Төлетай Серiков бар. Қаншама Жетiсу ән өнерi мектебiнiң әншiлерi сонда жүрсе де сондағы кол­лед­ждiң iшiнде әншiлiк класс жоқ екен. Бұл өте ұят. Алматы iргемiзде деп ойлайтын болуы керек. Мысалы, Шымкентте, Таразда осындай мектеп бар екендiгiн бiлмеймiн. Сондықтан мұндай мектептердi кез келген жерде ашып, қалыптастырып, насихатын жүргiзу керек. Аграрлық универ­си­тет­тiң iшiн­де үйiрме, қолына қара домбы­расын ұстап қазақ ақындарының жырына, бабадан қал­ған халық әндерiне қызығып жүрген қыз-жiгiттер бар екен. Арман Әубәкiр деген жур­на­лист жiгiт «Адырна» этногра­фия­лық бiр­ле­стiгiн ашқан, Жоламан Қожманов аға­мыз­дың идеясымен басталған. Мұның өзi сол жоғары оқу орнындағы басшылықтың дұрыс­тығы десек, қателеспеймiз. Өнер бiр жерден емес, жан-жақтан даму керек. Сонда ғана бiрiн-бiрi толықтырып, бәсекелесiп, толыса түседi.
– Бiздегi жоғары оқу орындарындағы дәстүрлi өнер бөлiмдерiне арналған оқу­лық мәселесi қалай? Бiрiздiлiк, жүйелiлiк бар ма?
– Осы жағдай бiзде ең өзектi мәселе болып тұр. Бiләл Ысқақов «Домбыра үйрену мектебi» деген ең алғашқы әдiстемелiк оқулық құрастырған. Ал бiз «Ән үйрену мектебi» оқулығын жасай алмай отырмыз. Бұл – ағаларымыздың, жалпы осы салада жүрген жандардың көкейiндегi дүние. Әннiң өзiндiк қыр-сыры, ықпыл-жықпылы бар, қа­йырымы, мақамы бар. Егер мен оқулық жа­зар болсам, Арқа мектебiнiң ән орындаушы­лығы жайлы жазамын. Ал батыс өңірінің ән үйрену мектебiнiң әдiсiн сол жердегi сол саланың нағыз бiлгiрi жазғанды жөн санар едiм. Аға­лармен кеңе­се отырып, жас талапқа, балаға, ән үйре­нем деген адамға лайықтап жазып шығуымыз керек. Дегенмен әлi жүйелi пiсiп-жетiлмесе де, ойда жүрген дүниенiң бiр күнi жарыққа шығары хақ.
Әндi сөзбен өрнектеген бiр-ақ адамды айтар едiм. Ол — Жәнiбек Кәрменов. Жазушы, сөзге шешен, бiлмейтiнi жоқ едi. Бiзге осы жағы жетiспейдi. Жыршылық, әншiлiк өнердi ғылымға ұштастырған тағы бiр адам – Қызы­лорда облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы бастығы (қазiр Астанада оқытушы болып iстейдi) Берiк Жүсiпов. Бiзде баланың түсiнбей қалған жерiн сөзбен суреттеп жiберу кемшiн. Бұрындары ауылдағы шежiре қарт­тарды көрушi едiк. Шешендiк, әңгiмешiлдiк жағымыз әлсiз. Ән оқулығына байланысты бұрын-соңды мұндай кiтап болмаған едi. Домбыра нотасына лайықтап түсiрiлген тұңғыш кiтап – «Сарыарқа әндерi». 250-дей ән топтастырылған. Авторы – Мұрат Айбоқас деген күйшi. Қазақтың ән өнерiне арнап ең­бек жазғандар саусақпен санарлық. Бiз, дәс­түр­лi өнердiң ортасында жүргендер Мұратқа қарыздармыз десек, артық болмас. Қошқар­бек Тасбергенов деген ағамыз да осы салада еңбектенiп жүр.
– Жастардың әншiлiкке ықыласы қалай? Жүрегiмен орындайтын шәкiрт­терiңiз көп пе?
– Бiз халық әнiмен сусындап келдiк, заман­ға лайық эстрада әндерiн де тыңдадық. Бiздiң Қожагелдi ауылында Ақан, Бейсен деген қариялар болған. Ақан деген арғы-бергi шежiренi бiлетiн шал едi. Оның үстiне апам өлеңшi адам болды. Сол кiсiнiң орындауында ән, қисса-дастан­дар­­ды тыңдап өстiм. Бiздiң ермегiмiз ертегi, батыр­лар жыры болды. Ал қазiргi балалар кон­­сер­ва­торияға түсiп, халық әнiн ендi-ендi түсiнiп, орындай бастағанда екi жыл аяқта­лып, оқу бiтiп қалады. Бүгiнгi кейбiр жастар өркениеттiк ынсап дiлдерiне енiп алған. Маралтайша айтсақ, «Келмейдi менi мойын­да­ғысы, өр­ке­ниеттiк тiлдегi ынсап» болып тұр. Бұл үшiн олар­ды сөге алмаймыз. Бiрақ қалай дегенде де iшiнара балалар бар, әсiресе орыстiлдi ор­та­дан келгендер. Мәсе­лен, Қос­та­най, Қызыл­жардан келгендер қиналады. Кейбiр балалар­ға Тәңiрiм ой, жүрек, түсiнiк берген. Бiрақ та­биғи әншiлiк кем, кейбiреуiнде керi­сiнше. Жастардағы тағы бiр кемшiлiк, кiтап, газет оқы­майды. Ал рухани дүниесi жұтаң болып өскен жастың ән салуы да жеткiлiксiз болып тұрады. Интеллек­тiсi төмен. Сондықтан әншi­лiгi де анау айт­қан­дай емес. Үмiт күтпей­тiн ба­лалар өмiрдiң үйретуi арқасында ғажап әншi болып кетуi мүмкiн. Оған талмай iзденiс керек.
– Шығыстағы Тұрсынғазы Рахимов деген ағаңыздың өнері мемлекеттiк дең­гейде бағаланбағандығы туралы айтып жүрсiз. Тағы қандай жандар бар?
– Әрине, өнер адамына ең жаманы – iздеусiз, ескерусiз қалу. Ол адамды күйзелтiп, құлазытады. Бұл кiсiлер iздеусiз емес, ескеру­сiз қалып қойып жатыр. Бұлардың қатарында Италияда оқып, қазақты аузына қаратқан, жуырда қайтыс болған Амангелдi Сембин ағамыз бар. Қазақ өтiрiк қолпаштап-қолпаш­тап, ақыр соңында қолдан өлтiремiз. Әскер­бек Еңкебаев ағамыз қайтыс болғанда жер­леуiне жиналғандар елу адамға да жетпедi. Сондай үлкен тұлғалар бүгiн халықтың сана­сынан өшiп кеттi. Шәкәрiм әнiн насихаттаған, Қазақстанды 15 жылда екi рет жаяу аралап шыққан, өнерде де, өмiрде де қызық көрмей кеткен Келденбай не жазып едi? Осыны еске­ру керек едi ғой. «Сәби болғым келедiден» бастап, «Қазағым-айға» дейiн қаншама ән жазған Тұрсынғазы ағаның бiр атаққа қолы жетпеуi ұят емей немене? Кешегi қазақ эстрадасының көш басында жүрген Сембек Жұмағалиевтың неге лайықты атағын ала алмай жүргенiне таңғаламын. Өнерде әйгiлi әкелерiмдей осы кiсiлердiң атаққа қолы неге жетпей жүр? Сол кiсiлердiң алдын­да Қазақ­стан­ның еңбек сi­ңiр­ген мәдениет қайраткерi болып жүргенiме өзiм ұяламын. Қайрат ағаның iзiн басқан Жоламан Құжыма­нов неге еленбейдi? Семейдiң Қасқабұла­ғында жатқан Амангелдi Жiкенов деген ағамыз бар. Шәкiр Әбеновтiң әндерiн жазып алып қал­ған, сол ауылдағы Мұқаметжанның, Шың­ғыс­тау өңiрiнiң естiл­ме­ген әндерiн бiзге жеткiзген ағамызға қан­дай атақ берсек те жарасар едi. Қазақ әнiнiң соңғы могиканын­дай болған Санақ Әбеуов деген ағамыз да ешбiр құрмет, марапатсыз кеттi.
Еленбей, ескерiлмей жүрген көзi тiрi аға­ларымыз да аз емес қазiрдiң өзiнде. «Сарыар­қа» әнiнiң авторы Мұрат Әбуғазының таланты неге бағаланбайды? Кәсiби сыбыз­ғы­шылықты арнайы Башқұрт елiнен оқып келген, жалғыз сыбызғышы Талғат Мұқышов неге ештеңеге ұсынылмайды? Консервато­риядағы шертпе күйдiң құлағын ұстап отырған Бiләл Ысқақов атаққа лайық емес пе? Мiне, осы ағалармыздың қайсыбiрi де кез келген атаққа лайық жандар. Бұл мен бiле­тiндерi, ал санай берсек жетедi. Биыл атақ­тың бәрi ылғи жастарға берiлдi. Мен қарсы емеспiн, дегенмен Мәдениет министрлiгi өнер адамдарының тiзiмiн алуы керек. Теледи­дар­дан жылт етiп, бес-алты рет көрiнiп, атақ алып жатқандарды көргенде құй­қаң шымыр­лайды. Жастар атақсыз қал­май­ды, оларға тиiстi «Дарын», «Серпер» секiлдi сыйлықтар бар. Қырықтан асып, елiне елеулi қызмет етсе, әрине, алуға болады. 39 жасымда берiл­ген атаққа аздап таңырқадым, дегенмен құжат өткiзiп ала саламын деп ойламағанмын. Жоламан ағалар секiлдi үл­кен­дер алар деген едiм. Әйтсе де елеп, ескерiп бергендерiне алғыс айтамын. Бiрақ бiр нәрсенi түсiнген абзал. Атақ өмiрiңдi анау айтқандай өзгертiп жiбере алмайды. Әрине, символ ретiнде со­дан шабыт алып, жақсы iзденiстерге жете­лей­тiн шығар. Дегенмен бес жасар болса да нағыз еңбегi бар адамдарға берсе жарасар едi.
— Аға, дәстүрлi ән әлемiнiң естi тың­дармандарының қатары сиреп бара ма, қалай? Осыдан екі-үш жыл бұрын Аста­надағы Әмiре Қашаубаев атындағы VII дәстүрлi әншiлер сайысында залда тек қатысушылардан тыс туыс-туған, дос-жарандары, үркердей болған әдiл-қазы­лардан басқа ешкiм келiп ән тыңдамаған.  Бұл қасiрет емес пе?
– Бұл бiр өкiнiштi жайт. 2002 жылы Бек­болат ағамыз Мәдениет департаментiнде басшылықта болған кезде, қазақтың кiлең жезтаңдай, күмiс көмей әншiлерi Бибiгүл Төлегенова, Қайрат Байбосынов, Ермек Сер­кебаев қатысқан жиынға сабақта отырған жерiмнен менi де шақыртты. Әмiре Қашау­баев атындағы байқаудың арада жетi жыл өткеннен кейiнгi өткiзiлуiн ақылдасып отыр­ған кеңес екен. Ең алғаш 1980 жылы бастал­ған байқаудың тiзгiнiн Келденбай Өлмесеков, Мырзахмет ағаларымыз алған. Кейiн Бекбо­лат Тiлеухан ағамыз, үшiншiсiнде Рамазан Стамғазиев, төртiншiсiнде Толғанбай Сен­баев, Ербол Айтбай, Айгүл Қосанова, бесiн­шiсiне бiз қатысайық деп тұр екенбiз. Ол кезде төрт жылда бiр рет болатын едi. Сол байқаулардың үшiншiсi Семейде өттi. Зал толы адам, ине шаншар жер жоқ. Төртiншiсi Шымкентте өтедi деген болатын. 1995 жылы экономикалық қиын кезең еді. Осыған тұспа-тұс Құрманбек Жандарбековтің 90 жылдығы Шымкентте өтетiн болды да, соның iшiне кiрiстiрiп жiбердi. Сонда тыңдарман жоқ, зал­да жалғыз қасқа бас орыстың шалы отыр­ды. Бiз оны Затаевич деп қоямыз. Әрине, ол кезде жұрттың барлығы базарда жүрген. Руханияттың байлығын емес, қарынның байлығын ойлап кеткен қиын заман бола-тұғын. Онан кейiн Алматыда өттi. Экономика түзелгесiн, араға жыл салып өтетiн болды. Егер ойлап қарасақ, мұндай байқауды жыл сайын өткiзуге болмайды. Неге? Төрт жылда әншiлер өседi. Сосын жылдар өткен соң жарысқа толысқан, өскен әншiлер келедi де, додалы, тартысты, бiр-бiрiмен иық тiрестiре, ауыздық тiстесе шабады. Осылардың iшiнен шын жүйрiк анықталар едi. Ал қазiр жыл сайын өткiзiп, бәйгенiң қадiрiн қашырып жi­бердiк. Әнге жаңа келген, қалыптасып үлгер­меген жас­тар бiр рет қатысып жүлдегер ата­на­ды да, өзiнiң атына өзi масаттанып, мен мықтымын деп жүрiп айналасы бiр-екi жыл­дың iшiнде өзiнде барды жоғалтып алады.
Әмiре мен Күләштiң ән байқауынан асқан республикалық конкурс жоқ. Сондықтан оның деңгейiн төмендетпеген абзал. Бүгiнде иттiң итақайы конкурс өткiзiп жатыр. Өтсiн, дегенмен, қатысушыларды iрiктеп, талдап, саралап барып қатыстырған жөн. Ендi көрер­меннiң аздығына келер болсақ, ол бiрiншiден, ұлттық өнердiң насихатының мардымсыз­дығы. Екiншiден, жарнаманың жанды жүр­гiзiлмеуi. Осыдан бiраз жыл бұрын Астанаға барғанда бiр келеңсiздiктi көзiммен көрдiм. Дәстүрлi ән байқауы туралы жарна­маны ақ матаға бояумен жазып, iлiп қойыпты. «Жас қанатты», «Азия дауысын» теледидардан айлар бұрын насихаттап жатады. Қазiр «Х фактор» дегендi көрсетiп жатыр. Сонда көзiм шалғаны, бiр қазақтың жiгiтi байқаудан ұшып кеткен-ау шамасы, көзiнің сорасы ағып, жылап тұр. Мұнда қатысушыларының күрсiн­генiн, сахнаға қалай шығатынын көрсетедi. Ал бiздiң дәстүрлi өнердiң жарнамасына келгенде мылқау болып қалады. Көрсетсiн жарнаманы. Әуелi Жәнiбектiң, Қайраттың ән салғанын бiр-бiр көрсетсiн, естi, құлағы бар жұрт өзi-ақ келедi. Алматыда трамплин орналасқан жерде керемет бiр концерт болыпты. Бiрде-бiр қазақ әнi орындалмапты. Бiздiң әншiлер де қазақша ән орындамапты. Бұл – барып тұрған сорлылық. Бiздiң әкiмдер фортепиано ойнапты. Алла Пугачева­ның бiр сөзi бар, «көмектi таланттарға жасау керек, талантсыздар өздерi-ақ шығып ала­ды» деген. Мен Қарағандының халқына риза болдым. Жүсiпбек Елебеков атындағы кон­курс бар едi. Кезiнде аймақтық болып келген, бiз қатысқан жылы республикалыққа айнал­ды. Сондағы әншiлердiң екпiнi «жаман», 50-ден астам үмiткер қатысты. Бiрiнен-бiрi оза­ды. Қазылар алқасындағы Бекболат аға­лар­дың басы қатты. Кiмдi жүлдегер ету туралы. Мiне, жарыс деп осыны айт.
– Тағылымды әңгiмеңiзге рақмет!

Алашқа айтар датым...
Ендiгi бiр арманым, 2017 жылы ЕХРО Халықаралық көрмесi өтедi. Халықаралық көрменiң мемлекетке тигiзер пайдасы мол. Өзiм Жапония­дағы көрмеде 15 күндей жүргенмiн. Көрме қарсаңында Астанада алып құрылыстар салынады. ЕХРО өткесiн сол дүниенiң барлығы Қазақстанға қалады. Шiркiн, қаншама ғимарат салынады, соның бiреуi бiзге берiлсе. Арада үш-төрт жыл уақыт бар ғой, мейлi, қазақтың ұлттық дәстүрлi музыка орталығы сол кезде ашылса да арманым орындалды деп есептер едiм. Алматыда «Президенттiк шәкiртақы» иегерлерiмен кездесуде Тұңғыш Президентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында да дәстүрлi өнердiң насихаты туралы айтқан болатынмын. Қазақтың дәстүрлi ән өнерiнiң қанаты кеңге жайылып, тұғыры биiктей түссе, ұлтымыздың уығы бекемделер едi.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста