Ғаламдану үрдісінен ұлттық экономика қауіпсіздігін қамтамасыз етуде кедендік одақтың тарихи маңызы зор
Тоқтар ЕСІРКЕПОВ, экономика ғылымының докторы, профессор:
– 1 шілдеден бастап Кеден одағы мемлекеттері кеден бекеттерін алып, сыртқы сауда-саттық қарым-қатынасын ашық режимге көшірді. Бұл Тәуелсіздік алғалы бергі экономикалық дамуымыздың тағы бір жаңа белесі деп айтсақ та болады. Жаңашылдықтың өзімен мәні өзгеше өзгеріс алып келері сөзсіз. Кеден одағы еліміздің экономикасына қандай серпіліс әкеледі деп ойлайсыз?
– Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан дүниежүзілік экономиканың құрамдас бөлігіне айнала алды. Негізі, кезінде КСРО құрамында жабық ел, жабық экономика болған мемлекеттің бүкіләлемдік ашық экономиканың құрамдас бөлігіне кіруі оңай шаруа емес. Сондықтан мұны еліміздің жетістігі деп санауымыз қажет.
Қазір әлемдік экономикада ғаламдастыру үрдістері жүріп жатыр. Қарап отырсаңыз, әлемдік тауарлар мен қызметтер экспортының үштен бір бөлігін бүгіндері үлкен ғаламдық ойыншылар – трансұлттық компаниялар, трансұлттық банктер құрайды. Оның үстіне соңғы жылдары жоғарғы қарқынмен дамып келе жатқан Қытай, Үндістан, Бразилия, Ресей, яғни БРИК мемлекеттері секілді басқа да үлкен алпауыт елдер бар. Бұлар басқалармен салыстырғанда жаһандық экономиканың басты ойыншысы рөлін компания емес, мемлекеттік квазикомпаниялар, тіпті бүтін мемлекет ретінде атқарады. Яғни бұл елдерде мемлекеттің экономикаға қатысуы, субъект ретіндегі нарықтағы рөлі өте жоғары. Әрине, бұл экономикасы шағын және әлсіз мемлекеттер үшін қауіпті. Осыған байланысты соңғы кездері Ресейде мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту туралы мәселе көтеріліп жатыр. Ал Қытай экономикасында 1979 жылы Дэн Сяопин бастаған реформалар бойынша мемлекеттік меншіктің, мемлекеттік кәсіпорындардың рөлі ерекше болды. Осы кезге дейін Қытай экономикасының тең жартысы мемлекеттік басқаруға жатады. Демек, олардың компанияларының басым бөлігі – мемлекеттік компаниялар. Міне, ғаламдастыру кезінде ұлттық экономика осындай жолмен әлемдік экономиканың құрамдас бөлігі болып отыр. Соның салдарынан ғаламдық экономика пайда болуда. Мұндай жағдайда ғаламдастыруға, ғаламдық ойыншыларға әр мемлекеттің төтеп беруі, олармен бәсекеге түсуі, бәсекеге қабілетті экономика құру, сапасы жоғары тауар өндіру өзектілік танытады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, ғаламдастыру кезінде осындай үлкен ғаламдық ойыншыларға төтеп бере алатын бір-бір субъект бәсекеге қабілеттілік мүмкіндігі бар аймақтық бірлестіктер болып табылады. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басқосуындағы Кеден одағы былтыр жұмысқа кіріскен болатын. 1 шілдеден бастап осы одаққа мүше мемлекеттер кедендік бекеттерін толықтай алып тастап, біржола бірыңғай бағытта экономикалық қадамға көшті. Әрине, бұл Тәуелсіздік алғалы бергі экономикалық дамуымыздың тағы бір жаңа белесі деп айта аламыз.
Кеден одағының арғы жағында келесі жылы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістік іске қосылады, одан кейінгі үшінші саты – бірыңғай валюталық жүйе құру. Әзірге оның мерзімі әлі нақты белгіленген жоқ, дегенмен санаулы уақытта осындай жоспарымыз бар. Кеден одағының құрылуы арқылы түбінде үш мемлекеттің шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақ пайда болады. Осы жағынан алғанда, ғаламдастыру процестеріне қарсы тұру, ғаламдық экономикадан ұлттық экономиканың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағынан бұл басқосудың үлкен тарихи маңызы бар деп айтуға болады.
– Бұл – сыртқы факторлар, ал ішкі экономикалық қарым-қатынаста жүргізілетін біріздендіру саясаты аталған одаққа мүше мемлекеттердің өзара бәсекелес болуына әкеліп соқпай ма?
– Әрине, одақ болғаннан кейін әр мемлекеттің алдында ортақ проблемалары болады. Бастысы, бұл арадағы мақсат – әлемдік шаруашылықтан, әлемдік нарықтан аталған одақтың өзіне лайықты орнын алуына қол жеткізу. Ол үшін Кеден одағына енген елдердің алдында тұрған жалпы ортақ проблемалар бар. Ол – ең алдымен, экономиканы диверсификациялау, өйткені үш мемлекеттің екеуінің экономикасы (Ресей, Қазақстан) шикізаттан түсетін табысқа байланып тұр, осыны өзгерту тұрғысынан бәріміз бірлесе іс-қимылға көшуіміз керек. Одан кейінгісі – ұлттық мүддені сақтап, отандық кәсіпорындарды, өз тауарларымыздың бәсекеге қабілеттілігін, экономикамыздың потенциалын дамыту арқылы шетелдік трансұлттық корпорациялар мен тағы басқа ғаламдық ойыншылардың экспанциясына төтеп беру, өзіндік өнім мен табыс арқылы халқымыздың әл-ауқатын арттыруға тырысу. Яғни бұл арада біз бірге дамуды көздейміз. Ол үшін әр мемлекет өзінің ұлттық экономикасын өзара көкпарға салады. Өзіңіз айтқандай, үш мемлекеттің өзара бәсекелестігінің көрсеткішін барлау үшін әр мемлекеттің ұлттық экономикасы толықтай қалыптасты ма, әлде жоқ па – соны анықтасақ, жетіп жатыр.
– Ал біздің ұлттық экономикамыздың деңгейі қандай? Одақ арасындағы бәсекеге қабілетті ме?
– Биыл еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлайын деп жатырмыз. Бір қарағанда, бұл көп мерзім болып көрінгенімен, мемлекеттік құрылыстың даму процесі үшін соншалықты ауқымды уақыт емес. Менің ойымша, осы 20 жыл барысында біз ұлттық экономикамызды толықтай қалыптастырып үлгерген жоқпыз. Оның өзіндік себептері де бар. 90-жылдары нарыққа өту кезеңі болды, нарықтық экономиканың негіздері қаланды, соған сәйкес жаңа құрылымдар іске қосылды. Тек 2000 жылдың басынан бастап экономикамыз өсе бастады. Яғни жыл сайын жалпы ішкі өнім шамамен 10 пайызбен өсіп келді. Бұл кезде негізінен шикізат секторына арқа сүйедік. Ал шикізат секторы шетелдің капиталы, солардың инвестициялары мен технологиялары, білікті мамандары үшін қызмет жасады. Мәселен, мамандардың есептеуі бойынша, мұнай және газ секторындағы меншіктік құрылымды алып қарастыратын болсақ, оның 88-90 пайызы шетелдік инвесторлардың қолында екен. Шетелдің капиталын нарыққа жегіп отырған кезде біздің ұлттық капиталымыз толық дәрежеде дамыған жоқ, дамып үлгере алмады. Өйткені біз бәрін тақырдан бастадық қой. Сондықтан мемлекетті аяғынан тік тұрғызып жіберу үшін бізге көп қаржы керек болды. Ал өз қолымызда ол кезде ондай мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті шетелдік инвесторлардың, солардың инвестициясының келуіне мүдделі болдық.
– Дегенмен билікті шетелдіктердің қолына бермеген бізде секторлар бар емес пе?
– Иә, мемлекет белгілі бір деңгейде ұлттық капиталдың дамуына қолдау көрсетіп отырды. Сондағы ұлттық капиталдың еншісіне бұйырғаны – өңдеуші сала, құрылыс, банк, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылымдар және бірден табыс бере алмайтын өсімі баяу, әлемдік үлкен сұранысқа ие емес секторлар. Дегенмен бұл салалар бүгіндері аяғынан тік тұрып кете алды деп айта алмаймыз.
– Әлемдік қаржылық дағдарысқа дейін банк секторы қарыштап дамыды емес пе?
– Ұлттық капиталды айтқан кезде, шынымен де, дамыған сектор ретінде банк саласын атауға болады. Сол банк секторы арқылы 2000 жылдары (әлемдік қаржы дағдарысына дейін) елімізге сырттан үлкен инвестиция, қаржы келді. Соның арқасында елімізде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілді, тұрғын үйлер салынды, сауда және басқа да қызмет ету секторлары дамыды. Өтпелі кезеңнен кейінгі экономикамызға жан бітіп, жұмыс беруші салалар көбейді. Алайда әлемдік қаржылық дағдарыс орын алғанда бұл сектор есеңгіреп қалды. Оның үстіне мұндай дағдарысты бұрын басымыздан өткермегенбіз, тәжірибеміз жоқ, сондықтан бұл бағытта біршама қиындықтар туындады. Бірақ мемлекеттің көмегінің арқасында қазір банк секторы қайтадан жандана бастады. Бұл – көз қуантарлық жағдай. Мұндайда осы секторды да шетелдіктерге беріп жібермесе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ табысты сала ретінде өзін-өзі танытуы тиіс – агроөнеркәсіп кешені.
Соңғы жылдары бұл секторға мемлекеттен көп қаржы бөліне бастады. Әсіресе дағдарыс жылдарында ұлттық қордан арнайы 1 млрд доллар бөлініп, оған мал бордақылау кешені салынып, мал-тауарлық фермалар құрылды. Бірақ бұл нысандар бүгіндері қаңырап бос тұр.
– Неге?
– Себебі бұл салада алға қойылған істер аяғына дейін жеткізілмей жатыр. Яғни мемлекет тарапынан көрсетілген көмек болмашы дүние болып қалуда. Ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі ретінде агроөнеркәсіпке мемлекет қажетті деңгейде жағдай жасауы тиіс. Соған мүдделі болуы керек. Мысалы, Кеден одағына мүше елдерді алалық, Ресейдің ауыл шаруашылығына жұмсалған мемлекет қаржысы ауылшаруашылық өнімдердің жалпы құнының 6 пайызын құраса, Белоруссияда 18 пайызын мемлекеттің ақшасы құрайды. Ал біздің ауыл шаруашылығына құйылған мемлекет қаражаты ауылшаруашылық өнімдердің жалпы құнының бар-жоғы 4 пайызын құрайды. Оның үстіне мемлекет қолдауы негізінен үлкен шаруашылықтарды ғана қамтыған. Яғни «ҚазАгро» АҚ арқылы берілетін мемлекет көмегінен орта және шағын ауыл шаруашылық құралымдар құралақан қалып жатыр. Оған бұл қаржының біздің шаруаның қолына жетуіне дейінгі былық-шылықты қосыңыз. Ал Белоруссия мен Ресейде Ауылшаруашылығы банкі құрылған. Бұл банк мемлекеттен бөлінген ақшаны шаруаның қолына тікелей ұстатады. Ал бізде бұл қаржы салалық министрлік, одан кейін «ҚазАгро» АҚ, оның еншілес компаниялары, коммерциялық банктер және тағы басқа құрылымдар арқылы ауылға жетемін дегенше, олардың пайыздары ондаған есеге қымбаттап кетеді. Әрине, одан кейін көршілердің ауылшаруашылық тауарлары біздің нарықты жаулайды. Ал біздікі ішкі нарықтың сұранысын да қамтамасыз етуге жарамай жатыр. Осыдан шығатын қорытынды, біріншіден, Ресей мен әсіресе Беларусьтің ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Екіншіден, бізбен салыстырғанда олардың экспорттық әлеуеті өте жоғары. Үшіншіден, жоғарыда цифрмен көрсеткенімдей, ауыл шаруашылығы кешеніне мемлекеттік деңгейде бұл мемлекеттерде жоғары көңіл бөлінеді.
Сондықтан Кеден одағына енген екенбіз, бәсекеге қабілеттілікті арттыру өзектілік танытып тұр екен, онда басқа салалармен қоса, ауыл шаруашылығына да бөлінетін мемлекеттік көмектің көлемін міндетті түрде арттыру керек деп есептейміз. Оған мемлекетіміздің мүмкіндігі жеткілікті деп ойлаймын. Таяуда Парламентте Бірыңғай экономикалық кеңістіктің кезіндегі аграрлық нарықта бірыңғай саясат жүргізу туралы құжат қабылданбақшы. Осы заңнамалық нормативті талқылау кезінде мемлекеттен агросекторға бөлінетін қаржыны 10 пайызға көтеру жөнінде мәселе қозғалған болатын. Меніңше, осы көлем біздің ауыл шаруашылығымызға ауадай қажет. Әйтпесе ауылға мемлекеттен бөлінетін несібе өте төмен. Бұл – біріншіден. Екіншіден, осыдан екі жыл бұрын агрокешен стратегиялық сала ретінде танылып, арнайы заңға өзгеріс енгізілді. Оның алдында Елбасы: «Агрокешен – басымдық берілетін сала», – деп атап өткен өз сөзінде. Сондықтан ауылға енді көптеп қаржы бөлінуі тиіс. Ал бұл қаржыны тікелей ауылға апаратын жол банк болуы керек. Мұндай банктер ауылшаруашылығы дамыған елдердің бәрінде дерлік бар (АҚШ, Ресей, Қытай және т.б.) Бұл ұсынысты вице-премьер Ө.Шөкеев, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі А.Күрішбаев, қазіргі министр А.Мамытбеков секілді биліктегі адамдардың өзі қолдап, көтеріп жүр. Бірақ солардың қаржыгерлерге шамасы жетпей жатыр. Екінші деңгейдегі банктер, Қаржылық қадағалау агенттігі, Ұлттық банк «бізге арнайы банктің керегі жоқ, оның тәуекелі жоғары болады» деп қорқытады. Ал, шындығында, олар осы бағыттағы транштан, яғни ауыл шаруашылығына берілетін қаржыдан айырылғысы келмейді. Сондықтан бұл бағытта мемлекет саяси шешім қабылдауы қажет.
– Қалай дегенмен де, Кеден одағының іске қосылғанына бір жылдан астам уақыт өтті. Осыдан қандай да бір нәтиже шығаруға бола ма?
– 2010 жылы Кеден одағы өз жұмысын бастады. Меніңше, бір жылдың ішінде сауда-саттық қарым-қатынасында анау айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Мысалы, осы бір жылдағы нәтижелерге қарасаңыз, 2010 жылы ҚР сыртқы сауда айналымы 26,6 пайызға, яғни 19,1 млрд долларға өсіпті. Егер бұл арада экспорт пен импортты бөліп алатын болсақ, экспорттың өсімі – 38,4 пайыз, ал импорттікі – 8,4 пайыз.
Жалпы, экономикалық өсімге екі фактор – шығарылған тауардың физикалық көлемінің өсуі және оның бағасының өсуі әсер етеді. Бұл арада өсімге әсер етіп отырғаны, негізінен, тауардың көлемі емес, оның бағасы болып тұр. Егер экспорттың өсімін алып қарасаңыз, 2010 жылы әлемдік бағаның өсуінің арқасында мұнайдың бағасы – 38,8%-ға, мырыш пен болат – 24%-ға, болат қорытпасы 31,8%-ға өсті. Ал натуралдық түрдегі өсім – 7%. Яғни экспорттың құрылымында онша үлкен өзгеріс жоқ. Мысалы, отын энергетикалық тауарларының экспорты – 69,8% (40,8 млрд $), металдар мен одан жасалатын бұйымдар – 13,5% (8,1 млрд $), химиялық өнімдер үлесіне 5,1% тиесілі (3 млрд $). Жалпы алғанда, экспорттың 84 пайызын шикізат құрайды.
Импорттың негізгі құрылымы – мұнай өнімдері, машина құрал-жабдықтары, азық-түлік тауарлары, электромашиналар, қара металдан шығарылған бұйымдар.
Ал саудадағы әріптестеріміздің тауармен қамту көлемі экономиканы диверсификациялау бағытында қолға алған жұмыстарды жеделдетуді талап етеді.
Мысалы, Қазақстанның басты экспорттық саудадағы әріптестері – Еуропалық одақ, Ресей және Қытай. Яғни Қазақстан тауарларын сатып алатындар – Еуропалық одақ елдері, олардың үлесінде – 50,4% (30,8 млрд $), Қытай – 16,9% (10,1 млрд $), Ресей – 9% немесе 5,4 млрд $. Қазақстанға ең көп өнім Ресейден келеді. Импорттың 39 пайызы осы елге тиесілі. Ал Еуропалық одақ – 23,5%-ды, Қытай – 12,9%-ды құрайды. Біздің Ресейге тасымалдайтын экспортымыз 9-ақ пайызды қамтиды. Ал бұл көршімізбен арадағы импорттық үлес – 39%. Міне, осыдан-ақ біздің экономикамыздың шикізаттық екенін анық байқауға болады. Тағы бір жағынан, бұл цифрлардан біздің өңдеуші саланың дамымағаны, дайын өнімдерді аз шығаратындығымыз, оны көбінесе Ресейден және тағы басқа елдерден алатындығымыз көрініп тұр. Әсіресе сырттан келетін тауардың 39 пайызын Ресейдің құрауы біз үшін жақсы нәрсе емес. Өйткені Кеден одағында бұл көрсеткіш өздігінен көбейе түсері анық. Сондықтан Үкімет қолға алған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды тезірек жүзеге асырып, дайын өнімдердің көлемін көбейтіп, шикізаттық емес тауарларды молынан шығарып, етек-жеңімізді тезірек жинамасақ, Ресей Кеден одағы шеңберіндегі өзінің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, біздің нарығымызды жаулай береді.
– Жоғарыда ұлттық экономикамыз толықтай қалыптасып үлгермеді дедіңіз. Онда, шынымен де, Кеден одағы аясындағы өзара бәсекеден бізге қауіптену керек қой...
– Жалпылай алғанда, одаққа кіру қажетті процесс сияқты. Солай дегенмен де, ұлттық капиталымыз толықтай қалыптаспағандықтан, бізге, ең алдымен, ұлттық мүдделерді дамытуға басымдық беру керек деп ойлаймын. Мысалы, Еуропалық одақтың негізі 1951 жылы Париж декларациясымен қаланған болатын. Алдында ол Құрыш-болат қауымдастығы болып құрылды. Одан кейін Кеден одағынан бастап саяси одаққа айналғанша олар көптеген даму сатысынан өтті. Бәрінен бұрын олардың саяси одақ болатындығы әу бастан белгілі еді. Ал біздің жағдайымызда саяси одақ туралы айтылмайды. Бірақ алдын ала құрылған процестер сол саяси одақтың құрамдастары екенін анық аңғартып отыр. Ендеше, бізге осы мәселені талқылап алу қажет. Бертінге дейін Кеден одағы туралы сөз жүзінде айтып, оны орындалмайтын нәрсе секілді көрдік. Сондай жағдайда осы одаққа еніп те кеттік. Бірақ ұлттық мүддені ұмытпауымыз керек қой. Сол маңда талқылау жүргізуіміз тиіс. Сондықтан ғалым ретінде Еуразиялық экономикалық одақты құрғанымызға дейінгі даму сатылары арасындағы уақытты біршама керіге шегере тұрса деген тілегім бар. «Асықпаған арбамен қоян алады» деген қазақта жақсы сөз бар. Ата-бабамыздың осындай ұлағатты сөздеріне құлақ салсақ, одан ұтылмаймыз деп ойлаймын. Оның үстіне бұл одақ экономикалық одақтан саяси одаққа айналып кетпеуі біздің еліміз үшін аса маңызы бар. Өйткені ол – Қазақ елі Тәуелсіздігінің кепілі.
– Басында Кеден одағына мүше мемлекеттер Дүниежүзілік сауда ұйымына бірге кіреміз, одан кейін бөлек енеміз деп мәлімдеді. Сіздіңше, бізге осының қайсысы тиімді?
– Қазақстан 1996 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық жасап келеді. Бұл бағытта көптеген елмен келіссөздер жүргізіп, соңғы жылдары әне-міне кіреміз деп те жүрдік. Одан кейін Кеден одағына енетін болған соң, сондағы позицияларға жалтақтай бастадық. Осы одақ құрылатын кезде, одан кейінгі кезеңде де ДСҰ-ға бірге кіреміз деген әңгіме айтылды.
Негізі, ДСҰ-ға мүше 150-ден астам ел бар. Осы күнге дейін бұл одаққа мемлекеттердің бірігіп кіргені туралы факт тіркелмепті. Сондықтан болар, ДСҰ басшылығы Кеден одағының бұл ұсынысын қабылдамады. Меніңше, біздің елімізге ДСҰ-ға жеке-дара енген әлдеқайда тиімді. Шикізатты ел ретінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің ұқсастығы бар шығар, бірақ жоғарыдағы цифрдан-ақ өңдеуші сала бойынша олқылығымызды қорғау жағынан позициямыз әртүрлі болады. Сондықтан ДСҰ-ға түбінде жеке кіргеніміз дұрыс деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Бір кеңес
Биыл бірінші рет ел тарихында өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілерге арналып мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарлама аясында бөлінген қаржыны шағын несие беру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуші азаматтардың өз бизнесін ашуына мүмкіндік жасау қарастырылған. Бұл арада өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың 57 пайызы ауыл азаматтары екенін баса айта кетейін. Бұл – елең етер жаңалықтардың бірі. Сонымен қатар таяуда ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков «Жеке қосалқы шаруашылықтағы малдарды ұрықтандыруды мемлекеттің қаржысымен жүзеге асырамыз», – деп мәлімдеді. Негізі, осыған дейін мемлекет бұл мәселеге мойын бұрған емес. Бірақ әлгі күнге дейін ауылшаруашылық өнімдердің негізгі бөлігін (70-80 %) үй шаруашылығы мен шаруа қожалықтары өндіріп келеді. Осының ішіндегі үй шаруашылығы осыған дейін бірде-бір рет мемлекеттен көмек алып көрген жоқ. Парламентке төрт-бес жыл бұрын Үкімет осыған қатысты арнайы заң жобасын алып келген, бірақ оны сол күйі халық қалаулылары мақұлдамады. Егер сол заң жобасы қабылданса, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандардың құқығы жеткілікті деңгейде қорғалып, олар өз шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алар еді. Сол кезде Кеден одағы аясында Ресей мен Беларусь сияқты ауыл шаруашылығы саласында бәсекеге қабілеттілігіміз артады. Ал бұл мемлекеттер аталған заңды баяғыда айналымға енгізіп қойған.