Исламдық ұйымдарға деген кері көзқарасты қайта қарауда Қазақстан өз сөзін айтуы керек

Исламдық ұйымдарға деген кері көзқарасты қайта қарауда Қазақстан өз сөзін айтуы керек

Сейфулла Сапанов, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Қазіргі таңда халықаралық ұйымдардың әлемдік қауым­дас­тықтағы рөлі әлсіреп кеткені туралы жиі айтылады. Алдағы уақытта халықаралық ұйым­дар­дың маңыздылығы арта түсе ме, әлде осы ұйымдардың рөлін ірі державалар иеленіп кете ме?
– Халықаралық саясатта халықара­лық ұйымдардың рөлі, негізінен алған­да, өте маңызды. Тарихи тұрғыдан ал­ған­да, халықаралық ұйымдар әлемдік саясатты реттеуде шешуші рөл атқарған кездер болды. Мысалы, өткен ғасырда 1919 жылы құрылған «Ұлттар лигасы» Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында халықа­ралық қатынастарды реттеп отырды десек болады. Мәселен, 1934 жылы «Ұлттар лигасына» КСРО-ның кіруін, ұйымның Жапонияға байланысты ұста­нымын, бұл елдің Қиыр Шығыстағы агрес­сиялық саясатын тежеуін атап өтуге болады. Әрине, сол кездегі фашистік тәртіп орнаған Италия мен Германия мемлекеттері бұл ұйымның шешімдері­мен санаспады, дегенмен жалпы халықаралық саясаттағы белгілі дәреже­дегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамта­масыз етудегі «Ұлттар лигасының» рөлін жоққа шығаруға болмайды. «Ұлттар лигасы» сол кездегі ұжымдық қауіпсіздік­тің бірінші тәжірибесі болды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған халықаралық ұйымдар «биполярлық жүйе» кезінде халықаралық саясатта шешуші рөл атқарды. БҰҰ сияқты универсалды ұйымдар АҚШ пен КСРО арасындағы үшінші дүниежүзілік соғыс­ты болдырмауда, аймақтық қақтығыс­тарды реттеуде орасан зор қызмет жаса­ды. Жалпы, халықаралық тәжірибеде бейбітшілік пен тұрақтылықты және ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде халықаралық ұйымдарға арқа сүйеу саяси либерализм теориясының негізгі қағидасы болып табылады. Саяси либе­рализм теориясы бойынша, халы­қара­лық қатынастардағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі факторлары – халықаралық ұйымдарға арқа сүйеу, ұжымдық қауіпсіздік және халықаралық саясаттағы мораль. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, саяси либерализмді негізі­нен орта және кіші мемлекеттер өздері­нің сыртқы саясатының негізгі концеп­ция­сы деп қарастырады. Ал алпауыт мемлекеттер саяси либерализм тәжіри­бесін өте сирек қолданады. Соңғы уа­қыт­та алпауыт мемлекеттер халықаралық ұйымдарды өздерінің геосаяси мақ­сат­тары үшін жиі пайдалануда. Мысалы, АҚШ, РФ мен ЕО тәжірибесі соған ай­қын дәлел бола алады. Меніңше, халық­аралық қауымдастық қандай да бір мемлекеттің монополиясына жол бер­мейді. Сондықтан халықаралық ұйым­дар өз маңыздылығын жоймайды.
– Былтыр Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етіп, халықаралық ұйыммен қарым-қатынаста біраз тәжіри­бе жинадық. ЕҚЫҰ-дағы төраға­лығымызды қорытын­дыласақ. Қазақстан ұйымға, ұйым Қазақстанға не берді?
– ЕҚЫҰ – құрамына 56 қатысушы мемлекет кіретін жалпыеуропалық ұйым. БҰҰ Жарғысының 8-тарауына сәйкес, Еуропадағы дағдарыстық ахуал­дардың ерте алдын алу және оларды болдырмау, Еуропадағы қазіргі бар жанжалды және жанжалдан кейін қалыпқа келтіруді реттейді. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – халықаралық ұйымдарға мүшелікті стратегиялық басымдық ретінде анықта­ған болатын. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасы халықаралық әмбебап ұйымдармен бірге, аймақтық беделді ұйымдарға мүше болуды мақсат етті. Оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, Ислам конфе­рен­циясы ұйымы және т.б. бар. Сонымен бірге Қазақстан бірнеше аймақтық ин­те­грациялық ұйымды құрудың баста­машысы болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа жету жолы оңай болған жоқ. 1996 жылы-ақ еліміз ТМД мемле­кеттері тарапынан төрағалыққа ұсыныл­ған болатын. Әлемдік қауымдас­тық Қазақстандағы демократиялық рефор­маларға басты назар аудара бастады. «Қазақстан деген қандай мемлекет, оның сыртқы саяси ұстанымдары қан­дай, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қандай тұлға» деген сауалдар «ныса­наға» алынды. Төрағалық елдің саяси жүйесін демократияландыруда бірнеше батыл реформаға баруда және саяси жүйені реформалауда кезек күттірмейтін шараларды қолға алуды талап етті. Мә­селен, Қазақстан президенттік республи­кадан президенттік-парламенттік республикаға өтуді, саяси партиялардың парламенттік партияларға ұласуының алғышарттарын айқындауда, тәуелсіз БАҚ қалыптастыруда батыл қадамдар жасауды шындап қолға алды. Бұл тұрғы­дан Қазақстан Орталық Азия мемлекет­терінен көш ілгері кетті. Мұның бәрі әлемдік қауымдастық тарапынан дұрыс бағалануда. Әрине, демократия жолы оңай емес, бірақ қоғам демократияға дайын емес, қазақ халқына демократия жат деген жаңсақ пікірлер келмеске кетті. Қазақстан азаматтық қоғам құру жолында өзіндік жолды таңдауда. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы аясында көптеген саяси мәні бар шара өтті. Төра­ғалықтың басты қорытындыларына келетін болсақ, біріншіден, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның назарын Орталық Азияға аударды. Осылайша, Қазақстан еуропа­лық ынтымақтастықтың Азия бағытына қарай кеңеюіне мүдделілік танытуда. Екіншіден, еліміздің халықаралық қауіп­сіздікке қатысты бастамалары Шығыс пен Батыс арасындағы қарым-қатынас­тардың жаһандық үйлесімінде шешуші рөл атқарады. Алдағы жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық ететін Қазақстанның бірнеше халық­аралық ұйымның басын біріктіретіні даусыз. Үшіншіден, Астана Саммиті лаңкестік пен экологиялық тәуекелдер – адамзат баласының басына төнген ортақ қатерлерге назар аудартты. Бұл ұлт, нәсіл таңдамайды. Бұларға халық­аралық қауымдастық мүшелері күш-жігерін біріктіргенде ғана қарсы шыға алады деген негізделген шешімдері маңызды болды. Төртіншіден, Астана Саммитінде ғаламды шарпыған қаржы­лық дағдарыстан шығу жолдары талқы­ланып, алпауыт мемлекеттердің эконо­ми­калық көрсеткіштерін кері айналдыр­ған бұл дағдарыстың табиғаты бұрынғы­ларға қарағанда бөлек екендігі айтыла келіп, күллі әлем мемлекеттері ендігі жерде тұтқиылдан тап беретін қиындық­тарды алдын ала болжауға және басқаруға болатын жаңа әлемдік тәртіпті орнатуды мақұлдады.
– Биыл Ислам конференция­сы ұйымының СІМК-ке төраға­лық етпекпіз. Бұл ұйым туралы ақпараттар жеткіліксіз. Әлемде көлемі жағынан екінші ірі ұйым болып табылатын ИКҰ туралы айтып өтсеңіз...
– Ислам конференциясы ұйымы Иеруса­лимде әл-Ақса мешіті өртенген­нен кейін 1969 жылы ресми түрде құрылды. Енді бір айдан астам уақыттан соң Қазақстан осы Ислам конференциясы ұйымының Сыртқы істер министрлер кеңесіне төрағалыққа кіріседі. ИКҰ – 57 мемлекет мүше болып табылатын, 1,5 млрд халқы бар ұйым. Ұйымға мүше мемлекеттер негізінен Солтүстік Африка, Таяу және Орта Шығыс мемлекеттерін біріктіреді. Бұл аймақ өте күрделі геосаяси және әскери-саяси жағдаймен ерекшеленеді. Мынаған назар аудары­ңыз, Ауғанстан, Кашмир, Ирак, Палес­тина және Судандағы қақтығыстар мен қайшылықтардың өзі неге тұрады?! Бұл аймақ сонымен бірге АҚШ мен Батыс әлемінің басты назарында екенін ұмыт­пағанымыз жөн. Сонымен бірге атал­мыш аймақ соңғы кезде халықаралық лаңкестік пен радикалды исламның негізгі қайнар көзі болып отыр. Ислам конференциясы ұйымының аумағы ядролық қаруды тарату аймағы болып есептеледі. Пәкістан, Иран, Ирак, Сирия, Ливия, Мысыр, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттер ядролық қаруы бар және ядролық қаруға ұмтылуға мүмкіндігі бар мемлекеттер деп есептеледі. Жалпы, ИКҰ-ға мүше мемлекеттер, әсіресе Африкадағы мемлекеттер экономикалық дамуы жағынан артта қалған болса, кейбір мемлекеттер керісінше, дамушы мемлекеттер қатарына ұмтылуда. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің көпшілігі демо­графиялық, экологиялық және күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелері бар мемлекеттер қатарына жатады. Көріп отырғанымыздай, ИКҰ аймағы тұрақсыз саяси аймақ болып табылады. Осындай жағдайда Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалығы бірнеше саяси мәні бар қиыншылыққа апаруы мүмкін. Сон­дықтан да Қазақстанның өз төрағалығы кезінде саяси дағдарыстарға тартылып және ислам әлемімен, оның геосаяси қарсыластарымен қақтығысқа ұшырап қалмауы өте маңызды. Қазіргі жағдайда мұндай қақтығыстар тарапына Араб-Израиль қақтығысын, Ирак мәселесін, халықаралық лаңкестікті, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселелерді, ислам әлеміндегі шииттік ағымның күшеюін, Ауғанстан мен Пәкістандағы тұрақсыздықты, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қатынастарды және соңғы кездегі Ливан, Мысыр, Ливия, Алжир, Йемендегі ішкі тұрақсыз­дықтарды жатқызуға болады. Біз үшін ең маңыздысы аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке әсер ететін қақтығыс­тардың географиясын тежеу және ҚР геосаяси мүдделері бар аймақтарда тұрақтылықты сақтау болып отыр. Оның ішінде Орталық Азия, Ауғанстан, ШҰАО, Иран, Каспий және Кавказ аймақтарын атауға болады.
– Қазақстанның ислам әлеміндегі рөлі қандай? Осы сұраққа түрлі ғылыми конфе­ренциялар ұйымдас­тырылса да, нақты жауап, объективті баға берілмей келеді.
– Соңғы уақытта ислам мемлекет­терінде саясилану үрдісі күшті жүріп жатыр. Соған байланысты мемлекет пен діннің рөлі, адам құқығы мен діни радикализм мәселелері өте өзекті болып отыр. Осы орайда Қазақстанның зайыр­лы саясатына деген көзқарас сарапшы­лар мен саясаткерлер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр. Қазақ­стандағы дін мен билік арасындағы қатынастар, діни институттардың рөлі ерекше. Осыған орай Қазақстанның ислам әлемімен саяси қатынастары жаңа сипат алуда. Біздің ұстаным бойын­ша, этникалық ұлтшылдық пен діни экстремизм мемлекеттің негізіне кері әсерін тигізеді, сондықтан да ИКҰ төрінде исламдық ұйымдарға деген кері көзқарасты қайта қарауда Қазақстан өз сөзін айтуы керек деп есептеймін.
– Көптеген ғалым Қазақстан ИКҰ-ға төрағалығы кезінде кейбір батыстық институттарды енгізу керектігін алға тартып жүр. Бірақ мәдениеті, діні бөлек өзге бір әлем оны қабылдай қоя ма?
– Ислам мемлекеттеріне батыстық идеология мен батыстық институттарды енгізу мәселесіне үлкен жауапкерші­лікпен қарау керек. Менің ойымша, жалпы қандай да бір идеологияны немесе революцияны экспорттау қауіпті. Тарихта ондай тәжірибелер болған және оның немен аяқталғанын біз жақсы білеміз. Қарапайым ғана ерлер мен әйелдердің қоғамдағы теңдігі, гендерлік саясат, адам құқығы деген құндылық­тардың ислам елдеріндегі өлшемі басқаша. Ислам әлеміндегі қоғамдық қатынастарды тек шариғат қана реттеп отырады. Батыс құндылық деп есептейтін кейбір институттарды араб елдері қабылдамайды. Қазақстан ИКҰ-ға төра­ға бола отырып, біз ондай радикалды қадамдарға бармаймыз деп ойлай­мын.
– Жұмысы қожырап кеткен ЕҚЫҰ-ны бір серпілткен Қазақстан Ислам конферен­циясы ұйымына қандай жаңа леп әкелуі мүмкін?
– Жалпы, өркениеттері екі түрлі, құндылықтары бір-бірімен қабыспайтын ЕҚЫҰ мен Ислам конференциясы ұйымын салыстыруға болмайды. Біздің
ЕҚЫҰ-ға төрағалық саясатымыз және ондағы ұстанымымыз негізінен ақталды. Ал Ислам конференциясы ұйымына басшылық ету ерекшеліктеріне біз жоғарыда тоқталдық. Меніңше, бұрын­ғы төрағалардың бастаған бас­тама­ларын жалғастырып, ұйымның да­муына септік болу керекпіз. Осы прин­цип­тер­ден ауытқымауымыз қажет.
– Бізде Батыстың, Ресейдің ықпалы туралы жиі айтылады. Бірақ осы араб әлемінің ықпалы туралы айтыла бермейді. Осы ислам әлемінің ықпалы қаншалықты? Қауіп бар ма?
– Ислам әлемінен қауіптенбеу керек. Меніңше, бұл бұрынғы идеологиялық кертартпа саясаттан қалған мұра сияқ­танады. Бір жағынан, ислам мемлекет­тері қазіргі кезде дамудың үлгісін көрсетіп жатқанын ұмытпаған дұрыс. Араб немесе ислам ренессансы дейміз бе, әйтеуір, қазір ислам әлеміне деген көзқарас бүкіл әлемде өзгеруде. Тіпті бұрындары дамыған Батыс мемлекет­терінің өзінде бұрын мұсылмандарға жабайы көзқарас болғаны рас. Ал қазір Батыстың жаңа технологиясын, мәде­ние­тін меңгергендер – мұсылмандар. Егер де бұрын Батыста және АҚШ-та болсын мұсылмандардың мансабы өсе бермейтін болса, қазір керісінше, меди­ци­на, микробиология т.б. ғылым сала­ларында мұсылмандардың саны көп. «Өнерді үйрен де, жирен» деген ғой. Қандай өркениеттен болсын пайдалы нәрселер алуға болады. Біз қоғамға пай­далысын алып, қауіптісінен дер кезінде бас тартып отыруымыз қажет. Мұндайда орыстың «ақысыз ірімшік – тек қақпанда ғана» деген тәмсілін естен шығармауымыз қажет. Қандай мемлекет болсын тегін көмек көрсете бермейді. «Судың да сұрауы бар» демекші, қай елдің қандай пиғылы бар екенін дер кезінде бағамдап отырған дұрыс.

Алашқа айтар датым...
Қандай өркениеттен болсын пайдалы нәрселер алуға болады. Біз қоғамға пайдалысын алып, қауіптісінен дер кезінде бас тартып отыруымыз қажет. Мұндайда орыстың «ақысыз ірімшік – тек қақпанда ғана» деген тәмсілін естен шығармауымыз қажет. Қандай мемлекет болсын тегін көмек көрсете бермейді. «Судың да сұрауы бар» демекші, қай елдің қандай пиғылы бар екенін дер кезінде бағамдап отырған артықтық етпейді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста